Салық жыры, биліктегі ауыс-түйіс пен геосаяси оқиғалар – аптаның басты жаңалықтарына шолу

Сырым Қаржас

Ulysmedia.kz порталы аптаның басты оқиғалары мен жаңалықтарына шолу жасады. Мұндай жаңалықтар легін порталымыз енді апта сайын оқырманға назарына ұсынады.

Ulysmedia коллажы

САЛЫҚ ЖЫРЫ

Ақыры, Қазақстан үкіметі қосымша құн салығын 16% деп белгілеуді ұсынды. Қаржы министрі Мәди Такиев пен ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бизнес өкілдерімен салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі .кімет ұсыныстарын талқылағанда осы ұсыныс айтылған. 

Премьер-министр Олжас Бектенов осы аптадағы үкімет отырысында салық кодексі жобасын халыққа түсіндіруді тапсырды. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосылған құн салығын саралап қалыптастырудағы жаңа ұсыныстарды атап шықты. Сондай-ақ, ол Үкімет Салық кодексінің жаңа редакциясын талқылау үшін 6 жұмыс тобы құрылғанын, бүгіннен бастап өңірлерді аралайтынын айтты. Жұманғариннің айтуынша, айналымы 15 млн теңгеге дейін компаниялар ҚҚС төлеуі керек.

Ulysmedia.kz. бас редакторы Самал Ибраева салық, экономикаға қатысты сұрақтарды қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетке қойып, талқылады. Сарапшы жаңа салық реформасының мәнін түсіндіріп, бюджет қаржысының қайда жұмсалып жатқанын және мемлекет неге кенеттен үнемдеуге кіріскенін талдап берді.

СОТТАР

Ulysmedia.kz осы аптада оқырман назарына Мәскеу соттарында ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы Азамат Қапеновтың есімімен байланысты көп талап-арызды тауып алды. Ол Мәсімовтің қызы – Тамилла Кәріммен мүлікке байланысты соттасып жатқанын екі жыл болды. Қапеновтың туған анасы оны Мәскеу орталығындағы қымбат пәтерден қуып жіберген, ал Ресейдің құқық қорғау органдары кәсіпкерді алаяқтығы үшін халықаралық іздеуге жариялаған.

Жалпы Мәсімовтің есімі осы аптада біршама БАҚ-та аталды. Атап айтқанда, басылымдар оның Астанада 1,8 млрд теңгеге зәулім үйі сатылып жатқанын жарыса жазды. Аукцион аясында Астана қаласы Нұра ауданы Қараөткел шағын ауданы Ерейментау көшесі, 1-құрылыс мекенжайында орналасқан жертөлесі бар тұрғын үй сатылымға қойылған.

«Мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану» бабымен 2023 жылы 18 жылға сотталған «жоғары лауазымды» тұтқын тар қапастан шығудың амал-әдісін табуға барын салып жатқан сыңайлы. Ulysmedia.kz порталына оның денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босап шығуға үш рет өтініш түсіргені белгілі болды. 

Бас прокурор Берік Асыловтың хабарлауынша, Қазақстанда 93 ата-анаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 11 мың ата-ана мен заңды өкілдер бала тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 342 бала аса ауыр жағдайға тап болғандықтан, қолайсыз отбасылардан мемлекет қамқорлығына алынған.

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының парақшасында осы аптада аштық жариялайтыны туралы жазба жазған еді. “Мен аштық жарияладым, себебі әу бастан мен өзімді кінәсізбін деп есептеймін” делінген постта. “Арыстанбек Мұхамедиұлының аштық жариялағаны өтірік, тамағын ішіп жүр” делінген жауап келді ҚАЖК-дан. Мұхамедиұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін тексеру басталған.

Сот шешімі негізінде 700 млрд теңгеден астам қаражатты мемлекетке қайтарған Қайрат Сатыбалдының активтерін мемлекет қайда жұмсады? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты антикор төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловқа қойды. 

Атбасар түрмесінде белсенді Тимур Дәнебаевті азаптағандарды ақталып кетті. Сотталушы ретінде істен өткен 12 адам ақталып шықты.

ҚОҒАМ ЖӘНЕ БИЛІК

Осы аптада Жылыой ауданы Құлсары қаласының жұмыссыз азаматтары наразылығын білдіріп, жұмысқа орналастыруды талап етті. Құлсарылықтардың билік өкілдеріне айтқан талабы түсірілген бір емес, бірнеше видео жергілікті пабликтерге тарап кетті. Ulysmedia.kz тілшісі Атырау облысы әкімдігіне хабарласып, ресми ақпарат алды. Жауап Жылыой ауданы әкімдігінен келді.

11 ақпанда есі ауысқан жасөспірім Астанада баланың бетін пышақпен тілгілеп тастады. Жарақат алған бала Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханаға жеткізді. Травматолог пен жақ-бет хирургі баланы тексерген. Бала жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған. Жәбірленуші небәрі 5 жаста. Бұл оқиға апта ішінде қоғамда көп талқыланды.

Ермұхамет Ертісбаевтің партиясы Қазақстанда «шетел агенті» ұғымын енгізгісі келеді. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаты Ирина Смирнова Қазақстанда "шетелдік агент" ұғымын енгізуді ұсынды. Үкіметке сауал жолдаған соң мәжіліс кулуарында ол "бұл фракциясы атынан бастама" екенін айтады. 

Мемлекеттік қызмет саласында бір-біріне тікелей бағынысты болатын орында туысыңның отыруына заңмен тыйым салынған. Бұл мәселе этикалық тұрғыдан да құпталатын іс емес. Елдің бірінші басшысының өзі жақындарына саяси лауазымдарды иеленуге қатаң тыйым салып отырғанда, өзгеге не жорық? Ulysmedia.kz тілшісі биліктегі осы мәселеге ой жүгіртіп, зерттеу мақала жариялады.

Ulysmedia.kz сонымен бірге USAID-тің бүкіл әлем бойынша өз қызметін тоқтатуынан кейін Қазақстандағы үкіметтік емес сектордың жағдайы не болатынын зерттеп көрді.

Астанада «Сергек» камералары алынып тасталып, оның орнына жаңа жүйе орнатылады. Астана мәслихаты "Сергек" бейнебақылау жүйесімен шартты ұзартпау туралы шешім қабылдады. Оның орнына қалалық инфрақұрылымды басқару Біріккен Араб Әмірліктерінің жаңа инвесторына беріледі.

ГЕОСАЯСАТ

Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы бір жарым сағат бойы сөйлесті. Бұл жолы Кремльдің баспасөз қызметі әңгіменің болғанын ресми түрде растады. Трамп кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлескен. Путинмен Сауд Арабиясында кездесетінін мәлім еткен.

АҚШ президенті Дональд Трамптың кейінгі күндердегі белсенділігі бүкіл әлемнің назарын аудартып отыр. Әуелі Ресей президенті, кейін Украина президентімен сөйлескен ол "соғысты тоқтатам" деген уәдесін орындауға бекінген сыңайлы. Келіссөз басталса соғысып жатқан Ресей мен Украина қандай шарттар бойынша бейбіт келісімге келуі мүмкін? Қазақстанға осы геосаяси оқиғалардың әсері қандай болады? Кремльдің өктем саясаты Орталық Азияға бұрылып кетпей ме? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты белгілі саясаттанушы Жанат Момынқұловқа қойып көрді.

БИЛІКТЕГІ АУЫС-ТҮЙІС

Осы аптада Болат Ақшолақов президенттің кеңесшісі лауазымынан босатылып, оның орнына Мағзұм Мырзағалиев келді. Екеуі де кезінде энергетика министрі қызметін атқарған.  Ал Ақшолақов KAZENERGY төрағасы болып тағайындалды.

Тамара Дүйсенова Тоқаевтың көмекшісі болып тағайындалды. Оған дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған. 

Ермек Көшербаев ШҚО әкімі қызметінен босатылып, премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ал Нұрлан Ұранхаев Абай облысы әкімі қызметінен кетті.