Ереуіл, компромат, Лондондағы пәтерлер: «Қазақмыс» иесі Ким деген кім

Сырым Қаржас

Шахтер әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі саналады. Жер қойнауынан кен іздеп талай адам опат болған, әлі де талай апат болуы әбден мүмкін. Жақында «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» шахтасында төтенше жағдай орын алып, 7 азамат көз жұмды. Қоғамда осы оқиғадан кейін дүрбелең болып, «Қазақмыс» тақырыбы талқыға салынды. Көпшілік шахтадағы жұмыс жағдайы, адамдардың өліміне әкелген ықтимал себептерді талқылай ма деп едік, алайда әңгіме ауаны осы компанияның негізгі акционері Владимир Кимнің төңірегінде болды. Ulysmedia.kz осы төңірекке шолу жасап көрді.

Ulysmedia коллажы

Владимир Ким – «Қазақмыс» корпорациясының негізгі иесі (70%). Ол жыл сайын Forbes тізіміне еніп, елдегі ең бай әрі ықпалды бес бизнесменнің қатарынан орын алады. Кимді халыққа ашық әрі көпшілікке жақын тұлға деп айту қиын, оның есімі ақпарат кеңістігінде түрлі жанжалдармен белгілі.

«ҚАЗАҚМЫСҚА» НАРАЗЫЛАР

2007 жылы берген сұқбаттарының бірінде Владимир Ким «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» дегенді қалай түсінетінін және бұл қағидаларды бизнес жүргізуде қалай қолданатынын айтып берген еді.

– Корпорация – Қазақстандағы санаулы қала құраушы кәсіпорындардың бірі ретінде экономикалық дағдарыс кезінде барлық әлеуметтік нысандарды сақтап қалды. «Қазақмыс» еңбек ұжымының әлеуметтік мәселелерін шешуге, әлеуметтік нысандарды күтіп ұстауға және салуға бөлетін қаражат көлемін жыл сайын ұлғайтып келеді.

Республикадағы ең үздік медициналық орталықтардың бірі саналатын Жезқазғандағы аурухана, Германияның атақты Фрайбург университеттік клиникасымен ынтымақтастық, ТМД елдерінде теңдесі жоқ Сәтбаев қаласындағы спорт-сауықтыру кешені, Қырымдағы «Лучезарный» сауықтыру орталығы, Ресейдің Железноводск қаласындағы «Лесной» санаторийі, «Ақ-Бұлақ» шипажайы, 36 балабақша – бұлар тек бастамасы ғана. Жалпы 150-ден астам әлеуметтік нысан корпорация тарапынан қаржыландырылады, – деген еді Владимир Ким.

Алайда 15 жылдан астам уақыт өткен соң, Кимнің ұстанымы өзгерген болуы мүмкін. Иә, корпорация былтыр су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруды жалғастыруда. Бірақ бұл көз алдау емес пе, ал «Қазақмыс» қызметкерлері өздерін әлеуметтік тұрғыдан қорғалған деп есептей ме екен?

2024 жылдың күзінде өндірісте зардап шеккен бұрынғы «Қазақмыс» жұмысшылары өз құқықтарының бұзылғаны және өтемақы төлеудегі әділетсіздік туралы ашық мәлімдеді. Олар алған жарақаттары үшін әділ өтемақы талап етті, қолдарына тиген өтемақы көлемі аз екенін айтты. Сонымен қатар олар кеншілердің құқықтарының бұзылуын тексеруді және компания басшылығына санкция қолдануды талап етті, себебі олардың айтуынша, «Қазақмыстағы» жұмыс жағдайы азап лагерімен пара-пар. Ал 2024 жылдың желтоқсанында ереуілге корпорацияның қызметкерлері де қосылды. Олар басшылықтан жалақыларын көтеруді талап етті.

Бұл – «Қазақмыс» жұмысшыларының жалақы мен жұмыс жағдайына байланысты наразылықтарының бір көрінісі ғана. Ереуілдер корпорацияда жиі болып тұрады. 2011 жылы «Қазақмыс» көлік кәсіпорындарының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, ереуіл өткізді. 2012 жылы кеншілер тағы да жалақыларын арттыру үшін ереуілге шықты. 2017 жылы шахтерлер алты талап қойып, оның ішінде жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. 2020 жылы «Қазақмыс» мердігерлік ұйымдарының көлік қызметкерлері тағы да төмен жалақыға байланысты ереуіл өткізді. 2023 жылы түнгі ауысымдағы шахтерлер жұмысты тоқтатып, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етті.

Айта кету керек, корпорация басшылығы проблемаларды көбінесе бейбіт жолмен шешуге тырысады – жұмысшылардың талаптарын толық немесе ішінара қанағаттандырады. Бірақ бұл реакция тек жағдай ушыққан соң ғана жасалады. Қызметкерлер өз мәселелерін қоғам талқысына шығаруға мәжбүр болғанда ғана шешім қабылданады, ал бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаларына қаншалықты сәйкес келеді?

ҚАРЖЫ ЖӘНЕ САЯСАТ

Мүмкін, ереуілдер мұншалықты үлкен резонанс тудырмас па еді, егер Владимир Кимнің есімі көпшілікке жеке немесе «корпоративтік» миллиондаған долларлық шығындармен байланысты болмағанда. 2021 жылы қазақстандық интернет кеңістігінде олигархтың 18 жастағы қызы бірден Лондондағы үш пәтердің иесі атанғаны туралы ақпарат тарады. Бұл пәтерлердің жалпы құны 60 миллион долларды құрады, ал олардың бірі «әлемдегі ең қымбат үйдің» ішінде орналасқан.

2023 жылы Владимир Кимнің Hitech Grand Prix жарыс командасының 25% акциясын сатып алғаны белгілі болды. Қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз, алайда «Формула-1» – өте қымбат спорт түрі және жарыс командасын ұстау аз қаржыға түспейтіні анық. Оның үстіне, бұл команда «Формула-1»-дің төменгі лигаларында өнер көрсетіп жүргенімен, элиталық жарыстарға қатысуға өтініш берген. Шетелдік БАҚ жазғандай, қазақстандық миллиардердің келуі командаға қаржылық қолдау табуға мүмкіндік берген, бұл оларға элитаға кіру жолын ашқан.

«Қазақмыс» компаниясы 2024 жылы 80 миллион долларға бизнес-джет сатып алды. Бұл әуе кемесі 10 000 шақырым қашықтыққа қосымша жанармай құюсыз ұша алады. Компания өкілдері бұл сатып алуды «өндірістік қажеттіліктермен» түсіндірді. Алайда корпорация жұмысшылары үшін бұл ақшаны сыйақы мен бонустарға жұмсаған әлдеқайда әділетті болар еді, әсіресе тұрмыс шығындары артқан шақта оның орны бөлек.

Владимир Кимнің аты шыққан кейбір даулар саяси реңкке ие. 2007 жылы ол үлкен дау-дамайға тап болды – ғаламторда дауысы олигархтың дауысына ұқсайтын адамның жоғары лауазымды шенеуніктермен, соның ішінде елдің бірінші президентімен телефон арқылы сөйлескен жазбасы тарады. Бұл әңгімелерде аттары аталған тұлғаларға ауыр айыптар тағылған. 2020 жылы, бірінші президенттің немересі Айсұлтан Назарбаев қайтыс боларынан бір ай бұрын, әлеуметтік желіде Владимир Кимге қарсы сынға толы жазбалар жариялады.

– Келесі құлайтын – «Қазақмыс» және оның бүкіл бригадасы. Уәде беремін, – деп жазды ол.

Кейінгі жазбаларында Айсұлтан «Қазақмыс» акционерлеріне дивиденд төлемегенін және Абрамовичтен кен орнын сатып алу кезінде артық төлем жасағанын айтып, Кимді айыптады. Ол (Айсұлтан)  «зұлымдықты жоюға» уәде берді.

ЖҰМЫС ОРНЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК

«Қазақмыс» корпорациясының ресми сайтындағы жарияланымдарға сүйенсек, еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік қауіп-қатерлерді азайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Еңбекті қорғау бойынша түрлі іс-шара өткізіліп, «өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласындағы кешенді мәселелерді шешуге бағытталған стратегиялар» қабылданады және іске асырылады. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз болуы мүмкін немесе олардың тиімділігі тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Себебі өткен жылы Мәжіліс депутаттары соңғы үш жылда «Қазақмыс» кәсіпорындарында 122 адамның түрлі жарақат алғанын, ал 6 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл қайғылы статистика соңғы апаттың салдарынан тағы да артып отыр.

Әділдік үшін айта кету керек, өндірістегі қауіпсіздік мәселесі елдегі жалпы ахуалдың бір бөлігі ғана. 2024 жылы Қазақстанда 202 жұмысшы қаза тапқан, 1 408 адам өндірісте жарақат алған.

Экономикалық салалар бойынша ең көп жарақат алғандар: Тау-кен металлургия саласында – 18,3%, Құрылыс саласында – 10,1%. Бұл жағдайлардың үштен бірі өндірістегі жұмысты нашар ұйымдастырумен байланысты.