Көлеңкедегі миллиардер: Қайрат Итемгенов офшорларда байлықты қалай жинады

Ulysmedia

Қазақстанның бизнес кеңістігінде жақында жаңа ойыншы пайда болды. Есімі – Қайрат Итемгенов. Оның дәулеті көз ілеспес жылдамдықпен өсіп келеді.

Итемгеновті жалпы нағыз құпия тұлға деуге болады, өйткені активтері офшорлық лабиринттерде еселеніп жатыр. Оның келісімдері неге сұрақтан гөрі күдік туғызады? Ulysmedia.kz бұл мақалада осы мәселеге үңіліп көрді.

Ulysmedia.kz коллажы

ЖАҢА ОЛИГАРХ ИТЕМГЕНОВ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ

Қазақстанның Forbes тізіміндегі олигархтарды ашық тұлғалар деп атау қиын. Олардың басым бөлігі медиа кеңістікте сирек көрінеді, тек өз қалауымен немесе даулы оқиғаларға байланысты ғана – кәсіпорындардағы жұмысшылар өлімі, сот істері, ереуілдер және тағы басқа мәселелерде аты аталады. Дегенмен, елдегі ең бай бизнесмендер туралы белгілі бір ақпарат бар – кем дегенде, олардың қайда туып-өскені, оқығаны, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан экономикасының дамуына қалай қатысқаны жөнінде деректер кездеседі.

Алайда бұл қатардан Қайрат Итемгенов ерекше бөлініп тұр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ол Forbes Kazakhstan рейтингінде 518 миллион долларлық байлығымен 18-орынға тұрақтаған. Бірақ, ол туралы ашық дерек көздерінде ақпарат өте аз.

Белгілісі – 2010 жылдардың басында ол «Самұрық-Энерго» АҚ-ның аппарат басшысы қызметін атқарған. Бұл дерек те тек Қазақстан қор биржасының архивінен ғана табылады. Ал оның бастапқы капиталының қайдан пайда болғаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Мүмкін, оның артында мүлде басқа тұлғалар – «ескі Қазақстанның» өкілдері тұрған болар?

ҚҰПИЯ ҚАРЖЫ

Қайрат Итемгеновтің бизнесі туралы ақпарат көп сұрақ туындатады. Оның негізгі табыс көзі – фармацевтика саласы деп айтылады. 2018 жылы ол «Ақ Ниет» ЖШС-нің жалғыз иесі атанды. Бұл компания Қазақстандағы ең ірі дәріхана желілері Europharma мен ArzanPharm-ға иелік етеді. Итемгенов Forbes тізіміне де пандемиядан кейін осы фармацевтикалық бизнестің арқасында енген.

COVID-19 кезінде дәрі-дәрмек бағасы шарықтап, фармацевтикалық бизнестің табысы еселеп өскені есте. Бірақ басты сұрақ – Итемгенов бұл бизнесті сатып алуға қаражатты қайдан тапты?

Ол бастапқы капиталын энергетика саласында тапқан деген болжам бар. Оның қолында KBI Energy Group атты жоба-монтаждық компания бар, ол 2006 жылдан бері жұмыс істейтіні жазылады. Бірақ салық төлемдерін компания тек 2023 жылдан бастап қана төлей бастаған.

Тағы бір қызықты дерек – KBI Energy атты басқа компания 2002 жылдан бері энергетикалық нарықта жұмыс істеп, мемлекеттік тендерлерден айтарлықтай пайда көрген. 2020 жылы Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында Итемгенов бұл компанияны Павлодардағы бір жобалау институтының негізінде құрғанын айтып қалған.

Итемгеновтің соңғы ірі келісімі – Ресейдегі ең ірі теміржол компанияларының бірінің 30%-ын сатып алуы. Бұл келісімнің сомасы жарияланбаған, бірақ ресейлік сарапшылар бұл акциялар пакеті шамамен 25-30 миллиард рубльге (сол кездегі бағаммен Итемгеновтің бүкіл активтеріне тең сома) бағаланғанын айтады. Егер ол бұл активтерден айырылмаса, онда тағы да сұрақ туындайды: Итемгенов мұндай ақшаны қайдан алды?

КҮМӘНДІ БИЗНЕС

Қайрат Итемгеновтің артында белгісіз «сұр кардинал» тұрған болуы мүмкін деген болжамды растайтын басқа да фактілер бар. Біріншіден, Итемгенов өзін ең қиын жағдайлардан да аман алып шығуымен ерекшеленеді. Бұл әсіресе құқық қорғау немесе салық органдары міндетті түрде сұрақ қоюға тиіс келісімдерде ерекше байқалады.

Мысалы, KBI Energy компаниясы Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясының (МРЭК) 45%-дан астам үлесіне иелік еткен. Бұл компания аймақтағы мұнай кәсіпорындарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. 2023 жылы KBI Energy бұл үлесті өзінің GBI Management FZE атты бас компаниясына сатты. Ал 2024 жылы бұл үлес АСТ-Энерго Инвест ЖШС-ге өтті. Бірақ бұл компанияның нақты иелері белгісіз, себебі оның құрылтайшысы офшорда тіркелген. Айта кетерлігі, МРЭК-тің директорлар кеңесінің құрамында Қайрат Итемгеновтің жиені – Дастан Шәкірт те бар. Қазір бизнес-ортада Итемгенов өзінің активтерін қайтадан өзіне сатуға дайындалып жатқаны туралы сыбыс тарап жатыр. Жақын арада «Ақ Ниет» компаниясының жаңа иесі Руслан Берденов атануы мүмкін. Мәжілістің бұрынғы депутаты, «Республика» партиясының мүшесі, қазіргі уақытта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Итемгеновтің сенімді серігі болып келеді.

Оның атына Aqniet Group құрамына кіретін бірнеше компания тіркелген. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы төрт жұлдызды қонақүй және тері бұйымдарын өндірумен айналысатын «Jide» ЖШС-дегі үлесі. Әрине, Шымкент қаласы әкімдігінің жоғары лауазымды шенеунігінің дәл осы қалада жеке бизнесінің болуы мүдделер қақтығысына әкелуі мүмкін. Алайда Итемгеновтің елдегі олигархиялық топтармен ғана емес, билік құрылымдарымен де тығыз байланысы бұл мәселеге тосқауыл болар деген болжам бар.

«Ақ Ниет» компаниясының құрылтайшыларының қатарында кезінде қазақстандық олигарх Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы Жармұхаммед Аппаз және бұрынғы министр, сондай-ақ президент әкімшілігінің экс-басшысы Әсет Исекешевтің бауыры Ерлан Исекешев болған.

Сонымен қатар, 2023 жылы америкалық The Village Voice басылымы қазақстандық олигархтардың Владимир Путинге қарсы санкцияларды айналып өтуге көмектесіп жатқанын мәлімдеген мақала жариялады. Онда:

Қазақстан Республикасының энергетика министрі Сәтқалиев пен оның серіктесі Итемгенов ресейлік “Интер РАО” компаниясының мүдделерін ашық түрде қорғап, электр энергиясын күмәнді жолдармен сатып, оның пайдасына жұмыс істеп отыр, – делінген.

Министрмен арадағы ықтимал іскерлік серіктестік Итемгеновтің энергетикалық активтеріне ешкімнің қол сұқпай отырғанын түсіндіретін басты себеп болуы мүмкін.

ГРЭС-2, МАЙНИҢ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

KBI Energy – ширек ғасырдан астам уақыт бойы аяқталмай келе жатқан Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогының құрылысына қатысушы мердігерлердің бірі. 2023 жылдың ақпанында Павлодар облысының прокуратурасы ГРЭС-2-де 1 млрд теңгеге жуық қаражаттың жымқырылғанын мәлімдеген болатын. Тергеу әлі жалғасып жатқанымен, «Самұрық-Қазына» KBI Energy Group компаниясымен 1,2 млрд теңгенің жаңа келісімшартын бекітті. Оның үстіне, бұл келісім «бір көзден» жасалып, басқа бәсекелестердің қатысуына жол берілмеді.

Осы KBI Energy 2017 жылдан бері бюджет қаражаты есебінен Ақсу қаласында жаңа қазандық салумен айналысқан. Жобаның жалпы құны 11 млрд теңге деп бағаланды. Қазір қазандық іске қосылған күннің өзінде түрлі «техникалық себептерге» байланысты тұрақсыз жұмыс істеп тұр.

2022 жылы Қаржы мониторингі агенттігі Кайрат Итемгеновке тиесілі жылыжай кешені Екібастұз ГРЭС аумағында заңсыз майниңмен айналысқанын хабарлады. Бірақ, көп ұзамай оның есімі агенттіктің баспасөз хабарламасынан түсіп қалды, ал деректер орталығына арзан электр энергиясын қайта сатып отырған жылыжай басшысы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Сондай-ақ, 2023 жылы сот шешімі бойынша Кайрат Итемгенов «DSFK» арнайы қаржы компаниясына (Bank RBK-нің күмәнді активтерімен жұмыс істейтін ұйым) 4 млрд теңгеден астам қаражат қайтаруға міндеттелген. Алайда, сот құжаттарында бұл талап-арызға қатысты ешқандай мәлімет жоқ, бұл өз кезегінде күмән тудырады.

Осы дау-дамац шеңберінде «Ақ Ниет» ЖШС-нің 2023 жылдан бастап Шымкент қаласы әкімдігіне аудандық әкімдік орналасуы үшін ғимараттарын жалға беруі ұсақ мәселе болып көрінуі мүмкін.

Итемгеновтің активтерінің құрылымы да күмәнді. Adata порталының мәліметінше, оған әртүрлі салада жұмыс істейтін 20-ға жуық компания тиесілі. Олардың шамамен үштен бірі әрекетсіз деп көрсетілген. Ал ең табысты активтерін басқаратын компаниялардың басым бөлігі оффшорлық аймақтарда тіркелген. Бұл бір жағынан салық ауыртпалығын азайтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан Итемгенов бизнесінің шынайы иелерін анықтауға кедергі келтіреді.