Қазақ киносында культке айналған «Менің атым – Қожа» фильмінің жаңаша интерпретациясы 13 наурызда көрерменге жол тартты. «Қожа: Жаңа саяхат» фильмі бірден қызығушылық тудырғанымен, оны көрерменнің қабылдауы әртүрлі болды. Бірі оны классиканы жаңғыртқан тамаша туынды деп бағаласа, енді бірі күрделі әрі түсініксіз драмалық шығарма ретінде қабылдады. Сонымен, бұл фильм қандай жаңалық әкелді? Ол көрермен күткен үмітті ақтай алды ма? Ulysmedia.kz тілшісі фильм тұсаукесерінде болып, көркем туындының бәсін саралап қайтты.
СЮЖЕТ ЖӘНЕ ТАҚЫРЫП
Фильмнің мазмұнын сараптай келе, оның бір арнаға түспегені байқалады. Ол балалық шақтың романтикасы, әке мен бала қарым-қатынасы, қоғамдағы өзгерістер, достық пен сатқындық, дәстүр мен жаңашылдықтың тартысы сынды бірнеше тақырыпты қамтыған. Бірақ бұл идеялардың нақты қайсысы фильмнің өзегі екенін анықтау қиын. Фильм аяқталған соң көрерменде көптеген сұрақ жауапсыз қалғандай көрінеді:
Осы көпқырлылық кей көрерменді шатастырып, фильмге деген пікірді екіге жарды.
КЕЙІПКЕРЛЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ДАМУЫ
Фильмдегі Қожа бейнесі бұрынғысынша тентек, ізденімпаз, арманы асқақ бала ретінде көрсетілген. Оның әке рөлін өз мойнына алуға ұмтылуы, өмірдегі өзгерістерге бейімделуге тырысуы кейіпкердің жаңаша қырын аша түседі.
Жантас образы мүлдем басқа қырынан көрінді. Алдыңғы фильмде ол тек бұзық бала ретінде көрсетілсе, бұл жолы оның қатыгездігі шектен тыс күшейген. «Қолына қару тисе, Қожаны атып тастар еді» деген ойға қалдыратын суық бейнесі кей көрерменге тым әсіреленгендей көрінді. Осыдан Жантасты үнді фильмдеріндегі антагонист деңгейіне дейін жеткізу қажет болды ма деген сұрақ туындайды.
Сұлтанның трансформациясы да айқын. Ол бұл фильмде бұрынғыдай бейғам, әзілқой емес, жауапкершілікті сезінетін кейіпкерге айналған. Соңында қателігін мойындап, кешірім сұрауы оның бейнесін бір деңгей жоғары көтерген.
АКТЕРЛІК ШЕБЕРЛІК
Фильмнің ең мықты тұстарының бірі – актерлік құрам. Дулыға Ақмолда, Бекжан Тұрыс, Еркебұлан Дайыров сынды тәжірибелі актерлер өз рөлдерін жоғары деңгейде орындаған. Қожа рөлін сомдаған Айқын Елубай да ерекше есте қалатын образ жасады. Дегенмен кейбір актерлердің диалогтары мен эмоциясы табиғилықтан алшақтау көрінді.
РЕЖИССУРА ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ТӘСІЛДЕР
Фильмдегі визуалды стиль, түстер палитрасы, кадр композициясы өте жоғары деңгейде жасалған. Бояу жағынан мықты кадрлардың қолтаңбасы байқалады. Соңғы кадр, әсіресе, көрерменге ерекше әсер қалдырғаны сөзсіз.
Бірақ сюжет желісі кей көрерменге түсініксіз болып көрінді. Оқиға тым күрделі өрбіп, бір арнаға түспегендіктен, көрермен фильм аяқталған соң ұзақ ойлануға мәжбүр болды. Бұл фильмнің артықшылығы ма, әлде кемшілігі ме, оны әр көрермен өзі шешеді.
ДИАЛОГТАР ЖӘНЕ СЦЕНАРИЙ
Фильмдегі диалогтар мен кейіпкерлердің сөз саптауы таза, әдеби тілде берілген. Бұл – отандық кино үшін маңызды қадам. Бірақ кейбір диалогтар тым жасанды немесе шынайылықтан алшақ естілуі мүмкін.
Сценарийге келер болсақ, оның құрылымында кейбір сәйкессіздіктер байқалады. Фильмнің атауы мен сюжетінің сәйкессіздігі көрермен ретінде көңілімнен шықпады. «Қожа: Жаңа саяхат» дегенде көрермен заманауи интерпретация немесе Қожаның ХХІ ғасырдағы іс-әрекеті сияқты жаңа бағыт күткен. Бірақ фильм ескі оқиғаның жалғасы ретінде ұсынылды.
МУЗЫКА ЖӘНЕ ДЫБЫСТЫҚ ШЕШІМДЕР
Бұл фильмнің ең әлсіз тұстарының бірі – дыбыс сапасы. Дыбыстаудағы техникалық қателіктер, сапасыз дубляж, логикалық сәйкессіздіктер кей көрермендерді мазаламай қоймады. Мысалы, күн күркіреген дыбыс тек артқы сол жақ колонкадан ғана естілуі сынды монтаждық кемшіліктер бар. Мұндай техникалық ақаулар фильмнің жалпы әсерін аз да болса әлсіреткен деп топшыладық.
ЭМОЦИОНАЛДЫ ӘСЕР ЖӘНЕ КӨРЕРМЕНГЕ ЫҚПАЛЫ
Фильм аяқталған соң көрермен әртүрлі көңіл-күйде шықты. Кейбіреулер үшін бұл балалық шаққа саяхат болса, енді біреулер үшін астары тым ауыр драма болды. Бірақ соңғы кадр ерекше әсерлі шыққанын мойындау керек – ол көрермен жүрегінде ұзақ сақталады.
«Әке, мен өмір бойы сені іздеумен болдым. Осы жасымда ойланып қарасам, сен дегенім ол менің өзім екен ғой» дейді Қожаның жасы егде тартқан шақтағы рөлін сомдаған Н.Сегізбаев өз өмірі туралы романды аяқтай келе. Режиссер А.Қарсақбаев тапқан Қожа-Қожаберген Қадіровтің егделеу шағын көргеннің өзіне мәз болдық. Өйткені ол бала күнімізден санаға сіңген бейне-тұғын. Жүрекке әжім түспейді деген бар, эпизодтық рөлге түскен Нұрлан ағамыздың бойынан сол баяғы қара көже – Қара Қожаны айна-қатесіз тапқан едік. Фильмнің арқауы да осы – әке мен бала арасындағы үнсіз диалог па деген ойға келдік. Өйткені Қожа соғысқа кетіп оралмаған әкесін аңсап, аман-есен оралса, айтсам деген арзуы фильмнің өне бойынан байқалып тұрады. Сотқар, үйінен қашып кеткен, қолының сұғанағы бар Сұлтанның өзі бұл фильмде әкесімен табысып, одан кешірім сұрайды.
Сонымен, қорыта айтқанда, «Қожа. Жаңа саяхат» фильмі бізге не берді? Артықшылықтары: Кәсіби актерлік құрам; Визуалды стильдің жоғары деңгейі; Диалогтардың әдеби тілде берілуі; Соңғы кадрдың эмоционалды әсері.
Ал кемшіліктері: Оқиғаның шашыраңқы желісі; Жантас образының тым әсіреленуі; Дыбыс сапасындағы кемшіліктер; Фильмнің атауы мен идеясының сәйкессіздігі.
«Қожа: Жаңа саяхат» – эксперименталды жоба. Ол классиканы жаңғырту немесе заманауи стильде қайта өңдеу емес, өзіндік бір бөлек туынды. Бұл фильм алдыңғы Қожаны мың рет көргендерге емес, шығарманы оқыған жаңа буынға арналған секілді.
Көрерменнің басты міндеті – сыни көзбен бағалау. Қайсысы сәтті шықты, қайсысы толықтыруды қажет етеді – бұл көрермен талабына сай қалыптасатын үрдіс. Қазақ киноиндустриясының комедиядан драмаға ауысуы, ұлттық құндылықтарды жаңаша қарастыруы, эксперименттерге баруы – өте маңызды қадам деп ойлаймын.