Турлов төңірегіндегі жанжал: брокерлер зейнеткерлердің ақшасын қалай жымқырған

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Миллиардер Тимур Турловқа тиесілі компанияның еншілес құрылымындағы брокерлік қызметтерге қатысты жанжал күшейіп барады. Зардап шеккендердің айтуынша, «Фридом Финанстың» бірнеше арам пиғылды брокері кемінде 30 қазақстандықты алдап, олардың шоттарынан жалпы сомасы шамамен 2,5 миллиард теңге ұрлап кеткен. Жәбірленушілердің арасында 84 жастағы әже де бар – ол қызметкердің сөзіне сеніп, бар жинағын берген.

Ulysmedia.kz осы мәселеге қатысты бас кеңседен пікір алуға тырысты. Алайда зейнеткердің жағдайына нақты жауап болмады, ал редакция жолдаған сұрақтарға мүлде түсініктеме берілмеді.

КІМДЕР КӨП ЖАПА ШЕКТІ

Мұндай алаяқтықтар туралы ақпараттар алғаш рет қыста тарай бастады. Содан бері «Фридом Финанс» қызметкерлерінің бірқатары азаматтарды ірі сомалардан айырғаны туралы шағымдар БАҚ бетінде жария болды. Наурыз айында компания өз сайтында ресми мәлімдеме жариялап, жағдайға түсініктеме беруге тырысты.

Онда компания да зардап шекті деген ой айтылады, себебі бұл жағдай оның іскерлік беделіне нұқсан келтірген. Ал алданған азаматтардың нақты қанша қаржы жоғалтқаны – оларға беймәлім екен.

– Зардап шеккен адамдардың бір бөлігі тіпті біздің ресми клиенттеріміз де болмаған. Олар күдіктімен жеке байланыс орнатып, ақша аударған. Бұл – компания аясынан тыс жеке қарым-қатынас, – деп түсіндірді олар.

ҚОРҚЫТУ МА, ЕСКЕРТУ МЕ

Мәлімдемеде сондай-ақ компания тарапынан егер бұл мәселені жариялауды жалғастырса, сотқа тартылуы мүмкін деп БАҚ пен азаматтарға ескерту де жасалған.

– Бірқатар теріс сипаттағы жарияланымдар жарық көрмей тұрып-ақ, түрлі тұлғалар бізге хабарласып, "жағдайды ақшамен реттеуді" ұсынды. Яғни, ақшамен БАҚ-тағы теріс пікірдің алдын алмақ болды. Бірақ біз мұндай ұсыныстарды шантаж және корпоративтік қысым деп бағалап, бас тарттық, – делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, инвестиция арқылы тез байып кетуге болатыны туралы жарнамалар әлі күнге дейін қазақстандықтардың мобильді қосымшаларында көрсетіліп жатыр. Ал сол жарнамаға сеніп қалған 84 жастағы Аида Лукьянова бүгін сол ақшасынан айырылып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан әкесін еске алу үшін Мәскеуге бара алмай отыр. Мұндай жарнаманың өзі — тым жадағай және орынсыз.

УӘДЕГЕ СЕНГЕН ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР

Ulysmedia.kz редакциясы «Фридом Финанс» басшылығынан:
• Клиенттердің ақшасын қорғау үшін не істеліп жатыр?
• Брокерлерге бақылау күшейтілді ме?
• Қызметкерлерді іріктеу тәртібі өзгерді ме?
деген сұрақтарға жауап алуға тырысты. Алайда ешқандай нақты жауап болмады. Тек бұрынғыдай бір ғана ресми сілтеме жолданды.

Зардап шеккендердің көпшілігі – үлкен кісілер. Олар брокерлердің өткір шешен, сенімді сөйлейтін болғанын айтып отыр. Сол себепті зейнеткерлер шоттарының логині мен құпиясөзін өз еркімен беріп жіберген.

Осыдан кейін “қаржы ұйымы зейнет жасындағы немесе тым жас клиенттерге қатысты қауіпсіздікті күшейтуі керек емес пе?” деген логикалық сұрақ туындайды. Бірақ бұл сұраққа да нақты жауап болмады.

КІМ КӨБІРЕК ЗАРДАП ШЕКТІ: ХАЛЫҚ ПА, КОМПАНИЯ МА

«Фридом Финанс» бұл оқиғадан өздері де жапа шекті деп отыр – олар беделінен айырылса, халық ақшасынан айырылды. Ал бұл мәселенің нақты бағасын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен полиция береді.

Компания болса, клиенттеріне мынадай кеңес ұсынады:

Ақша тек ресми реквизиттер бойынша аударылуы керек;

Инвестицияны тек жеке шот арқылы жасаңыз;

Логин мен құпиясөзді ешкімге бермеңіз (тіпті компания қызметкеріне де);

Авторизация үшін басқа адамның телефон нөмірін пайдаланбаңыз;

Егер компания қызметкері немесе бөтен адам жоғарыда көрсетілген әрекеттерді ұсынса — қатаң түрде бас тартыңыз.

Алайда бұл кеңестер жарнамада емес, тек сайттағы ресми мәтінде ғана көрсетілген. Ал ресми сайтты оқитындар саны өте аз.

БҰҒАН ДЕЙІН

Бұған дейін Астанадағы 84 жастағы әже 9 мамырдағы парадқа бару арманым еді, бірақ барлық жинағымды "Фридом Финанс" брокері ұрлап кетті деп шағымданған. Оның айтуынша, бұл брокер тек өзі емес, өзге де зейнеткерлердің ақшасын иемденген. Зейнеткер бұл әрекеттің артында бүкіл Freedom Holding Corp. басшылығы тұр деп есептейді.

Freedom Holding Corp. холдингін басқаратын – Қазақстандағы ең бай азаматтардың бірі Тимур Турлов. 2022 жылы Ресей мен Украина арасында соғыс басталған соң, ол Қазақстан азаматтығын алып, отандық банктер мен брокерлік ұйымдарды, МҚҰ, БАҚ, онлайн-дүкендер және өзге де активтерді сатып ала бастады.