Алматылық қоғам белсенділері ЖЭО-ларды жаңғырту жұмыстары ашық және мөлдір жүргізілуі керек екенін талап етті. Баспасөз мәслихатында «Энергетикалық ауысым» қорының директоры Олжас Әбілқайыр мен қоғам қайраткері Жарқын Құрентаев ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 және Түркістандағы БГҚ секілді нысандарды үстіртін бақылаудың өзімен-ақ ұрлық схемаларының белгілері байқалғанын айтты. Халық белсенділерінің уәжін Ulysmedia.kz тілшісі тыңдады.
БІРЖАҚТЫ ТӘРТІП
Қоғам белсенділерінің назарын ең ауқымды әрі қымбат жобалардың бірі – ЖЭО-2 жаңғыртуына қатысты басқару тетіктері туралы ашық дереккөздерде жарияланған ақпарат аударды. Кейін жобаны басқарушы инженер ретінде жергілікті компаниямен бірге америкалық Hill International N.V. консалтингтік компаниясы да тартылғаны белгілі болды.
– Бұл Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қаржыландыру ережелерінде көрсетілген және бас мердігер – үш қытайлық компаниядан құралған консорциуммен жасалған келісімшарт талаптарына сай келеді. 2022 жылғы 18 шілдеде «АлЭС» АҚ, америкалық Hill International N.V. компаниясының филиалы – «Hill International N.V.» ЖШС және «East-West Company» ЖШС арасында жобаны басқару қызметі бойынша келісім жасалды, – деді Жарқын Күрентаев.
Оның айтуынша, әлемде жобаларды басқаруға тәуелсіз инженер тарту кеңінен тараған тәжірибе. Бұл тәсіл жобада қабылданатын шешімдер мен барлық процестердің негізділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді, жеке мүдделерді лоббилауға жол бермейді, сапалы іске асыруға жағдай жасайды және ең бастысы – жемқорлық пен бюджет қаржысын ұрлау тәуекелдерін жояды.
– Алайда келісімшартты іске асыру барысында «АлЭС» басшылығы жобаны басқару инженері қажет емес деген шешімге келген. «АлЭС» АҚ бастапқы кезеңнен-ақ инженер жұмысына жасанды кедергілер келтірген болуы мүмкін. Ал 2024 жылдың соңында компания келісімді заңсыз түрде, біржақты тәртіппен бұзып тастаған. Бұл әрекетті «Самұрық-Энерго» да толығымен қолдаған, – дейді Жарқын Күрентаев.
Қоғам белсенділері мұның салдары ретінде қаржы институттары тарапынан техникалық дефолт жариялануы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
– Біздің ойымызша, бұл әрекет жобаның ашық жүргізілуіне толық мүдделі болған жалғыз тарап – проджект-менеджерді шеттету үшін жасалған, – деп түйіндеді Күрентаев.
ҮМІТ ПРОКУРАТУРАДА
Қоғам белсенділерінің айтуынша, «Астана LRT»-дан жымқырылған шамамен 1 миллиард доллар көлеміндегі қаржы ЖЭО-ларды жаңғырту жобаларында болуы мүмкін ұрлықтармен салыстырғанда «баланың ойынындай» көрінуі мүмкін.
– Өйткені ЖЭО-ларды жаңғырту, қайта құру және салуға миллиардтаған доллар бөлінген. Егер бұл жұмыстардың ашықтығына қол жеткізе алмасақ, экономикалық шығын орасан болуы мүмкін, – деді Жарқын Күрентаев.
Белсенділердің айтуынша, ЖЭО жобаларына жасалған үстірт мониторингтің өзі қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану белгілерін және халықаралық қаржы ұйымдары алдындағы ел беделінің төмендеу қаупін байқауға жеткілікті болған.
– Біз асығыс қорытынды жасағымыз келмейді, бірақ кейбір шенеуніктердің әрекеті Жаңа Қазақстан құру идеясын жоққа шығарып жатыр деп есептейміз, – деді қоғам белсенділері баспасөз мәслихатында.
Мысал ретінде олар «Алматы электр станциялары» АҚ қазіргі басшысы Ерік Машировтың өмірбаянын келтірді.
– Ашық дереккөздерде Ерік Қанышбекұлы энергетика саласына қаржы полициясынан келгені жазылған. Бұған қоса, ол Қайрат Қожамжаровтың көмекшісі болған. Басқаша айтқанда, ол – «Ескі Қазақстанның» типтік өкілі, – деді олар.
Сондай-ақ белсенділер бас прокуратураға жүгініп, ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 және Түркістандағы БГҚ-ны жаңғыртуға жауапты «АлЭС» АҚ мен «Самұрық-Энерго» АҚ қызметін тексеруді сұрағанын мәлімдеді.
Тексеру қажеттілігін растайтын бірқатар деректер келтірілді:
ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жобаларының жобалық-сметалық құжаттамасы қазіргі күнге дейін РМК «Мемсараптама» тарапынан бекітілмеген болуы мүмкін;
ЖЭО-2 нысаны бойынша түзетілген ТЭН сметалық құны «АлЭС» АҚ тарапынан 480 млрд теңге көлемінде келісілген – бұл ЕРС-мердігермен жасалған 330 млрд теңгелік қолданыстағы келісіммен салыстырғанда айтарлықтай көп. Бұл жобаны «Мемсараптама» мақұлдамаған;
ЖЭО-3 нысанының жобалық кезеңі бойынша сметалық құны 505 млрд теңге деп ұсынылған – бұл 2021 жылы жасалған 290 млрд теңгелік ТЭН-нен әлдеқайда жоғары. Жоба Мемсараптаманың ескертулеріне байланысты кері қайтарылған.
ҚҰРЫЛЫС МЕРЗІМІ
Олжас Әбілқайырдың айтуынша, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде орындалуы да маңызды аспектілердің бірі.
Олжас Әбілқайырдың айтуынша, жобаны жүзеге асыру мерзімінің ұзаруы бюджет шығындарының да артуына әкеледі.
– Жобаны жүзеге асыру мерзімі 6 айға ұзарса, бұл жалпы құнының шамамен 15–20 пайызына тең. Ал бұл қосымша шығын ақыр соңында халықтың мойнына жүктеледі. Сонымен қатар, «АлЭС» АҚ жариялаған жұмыс кестесіне қарасақ, жобаның іске асу мерзімі алдын ала 6 айға ұзартылған. Оның үстіне, қазіргі уақытқа дейін бұл жоба бойынша РМК «Мемсараптаманың» оң қорытындысы алынбаған сияқты, демек, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы айту әлі ерте, – деді сарапшы.
Қоғам белсенділері ұқсас жобалардың жүзеге асу мерзімі 60–74 айды құрайтынын атап өтті. Алайда «АлЭС» ЖЭО-2 жобасына небәрі 36 айлық құрылыс мерзімін бекіткен, бұл құрылыс сапасына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
– Іс жүзінде, қолданыстағы нормалар мен стандарттарға сәйкес, БГҚ мен екі когенерациялық қондырғыны 2026 жылдың қыркүйегіне дейін ешқандай жағдайда іске қосу мүмкін емес, – деді қоғам белсенділері.
Сонымен қатар, Жарқын Күрентаев «АлЭС» басшылығы ЖЭО-2 жобасында «Сименс» жабдықтарын қолдануды негізсіз түрде лоббилеп отырғанына назар аударды.
– Алғашқы техникалық-экономикалық негіздемеде (ТЭН) «Сименс» жалғыз қолайлы жабдықтаушы ретінде көрсетілген. Алайда, егер техникалық көрсеткіштер мен баламалы өндірушілерді мұқият және кәсіби сараптап қарасақ, бұл жерде біржақты көзқарастың болғаны байқалады. Мұны растайтын тағы бір мысал – өзге ұқсас жобаларда да дәл осы «Сименс» мүддесі белсенді түрде ілгерілетіліп келеді. Осы арқылы «АлЭС» басшылығы «Сименс» компаниясының сервистік қызметін, АСУ ТП жүйесін, сервистік орталықтарының құрылысын және басқа да өнімдерін лоббилеп отыр. Бұл өз кезегінде жобаның жалпы құнын арттырады, – деді Құрентаев.
Қоғам белсенділері жобаларды кімнің қадағалайтынына аса мән бермейтінін айтты:
– Бұл америкалық компания ма, әлде азаматтық қоғам ба – маңызды емес. Бастысы – Ескі Қазақстанның қаражат жымқыру схемалары Жаңа Қазақстанға өтіп кетпесін. Өйткені бұл тұтас идеологияны жоққа шығарады, – деп түйіндеді олар.