Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Владимир Путин Кремльде АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен шамамен бес сағатқа созылған кездесу өткізген. Ол сұхбаттың мазмұнды әрі ілгерілеуге бағытталған сипатта өткенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ушаковтың мәліметінше, тараптар АҚШ тарапы бұған дейін Мәскеуге жолдаған материалдарды талқылаған. Алғашқы бейбіт жоспар жобасынан бөлек, Ресейге тағы төрт құжат ұсынылған.
– Біз нақты тұжырымдар мен дайын ұсыныстарды талқылаған жоқпыз. Америкалық құжаттарда көрініс тапқан мән-маңызға назар аудардық. Кей тұстарымен келістік, оны президент әңгімелесушілеріне жеткізді. Ал кей ұсыныстар сынға ұшырады, президент бұл жөнінде де ашық айтып, бірқатар тармақтарға қатысты біздің теріс пікірімізді жасырған жоқ, – деді Ушаков.
Ол орталық тақырып – аумақтық мәселелер болғанын айтты. Президент көмекшісінің сөзінше, бұл түйткіл шешілмейінше, соғысты тоқтату мүмкін емес.
ШЕШІМ ЖОҚ
Ушаковтың айтуынша, әзірге екіжақты бейбіт келісімге қатысты «ортақ шешім» қалыптаспаған. АҚШ ұсынған кей ұсыныстар қолайлы деп танылғанымен, оларды әлі де пысықтау қажет. Ал басқа тармақтарды Мәскеу қолдамайды.
– Жұмыс жалғаса береді, – деп түйіндеді ол.
«Келіссөздер тараптарды бейбітшілікке жақындатты ма?» деген сұраққа Ушаков: «Әлбетте, алыстатқан жоқ» деп жауап берді. Сондай-ақ ол Путин Стив Уиткофф арқылы Дональд Трампқа амандық-саулық тілегенін және бірнеше саяси ұстанымдарын жеткізгенін мәлімдеді. Бұған қоса, Ресей мен АҚШ келіссөздердің егжей-тегжейін жарияламауға келіскен.