Гитлердің өз-өзіне қол салуына қатысты құпия мәліметтер жарияланды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Ресейдің ФСБ қызметі Адольф Гитлердің аға жеке көмекшісі – СС штурмбаннфюрері Хайнц Лингенің тергеу кезіндегі жауаптары туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Коммерсантъ" басылымының жазуынша, 1945 жылы Линге Мәскеуге тергеуге жеткізіліп, Германияның тізе бүгуінің алдында болған соңғы күндер жайлы баяндаған. Әсіресе, ол фюрердің өліміне қатысты жайттарды сипаттап берген.

30 сәуір күні сағат төртке он бес минут қалғанда Гитлер Геббельстің қабылдау бөлмесіне кіріп, қоштасуға келгенін айтты. Мен дәл сол кезде қабылдау бөлмесінде отырғанмын. Геббельс оны ішке шақырғысы келді, бірақ Гитлер одан бас тартып, шешімі өзгермейтінін айтты. Ол Геббельс ханыммен және доктор Геббельспен қоштасып, өз кабинетіне қайта кетті. Кейін мен және Крюгер кабинеттен шықтық... Арада бес минут өтпей жатып, оқ атылған дыбыс естілді. Мен бұл жайында бірден күтуші залда отырған Борманға хабар бердім, — делінген архив құжаттарында.

Алайда кейінірек Линге алғашқы көрсетілімін өзгертіп, өзі оқ дауысын естімегенін, тек оқ атылғаннан кейінгі күйік иісін сезгенін айтқан. Ол өлген адамның фюрердің сыңары болуы мүмкін емес екенін алға тартқан, себебі Гитлердің сыңары болмағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, бөлмеде тек бір ғана есік болған, сондықтан шынайы фюрердің байқалмай қашып шығуы мүмкін емес.

Айта кетейік, 2017 жылы француз антропологы Филипп Шарлье Адольф Гитлер мен оның жұбайының цианидпен уланғаны туралы нұсқаны растаған болатын.

Бұған дейін Германияда Гитлердің орынбасарының вилласы сатылымға шыққаны хабарланған еді.