Бизнес, билік пен салық: люкс брендтері мен Түркістан облысы әкімін не байланыстырады

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Бюджет тапшылығы мемлекеттің кадр саясатына түбегейлі өзгерістерді енгізіп жатқан сыңайлы. Аудан, қала, тіпті облыс әкімдерінің орынтағына мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері бірінен кейін бірі тағайындалып жатыр. Ulysmedia.kz зерттеуінше, жаңа саяси элитаны біріктіретін тағы бір ортақ белгі бар – олардың жүріп өткен қызмет жолы туралы айқын әрі ашық ақпараттың жоқтығы да назар аудартады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ

Нұралхан Көшеров Түркістан облысын 2025 жылдың қаңтарынан бері басқарады. Оның тағайындалуы қоғамда елең еткіздік деу қиын – бұқаралық ақпарат құралдары ресми қысқаша өмірбаянын ғана жариялап, оның облыс деңгейіндегі ең жас басшылардың бірі екенін атап өтті. Жаңа әкімнің тұлғасына деген мардымсыз қызығушылықтың бір себебі – Нұралхан Көшеров жөнінде айтылар мәліметтің тым аздығы. Есепші-инспектордан облыс әкіміне дейінгі 20 жылдық мансабында оның есімі ешқандай дау-шарға ілікпеген. Алайда бұл – таң қаларлық жайт емес. Оның еңбек жолының басым бөлігі мемлекеттік кірістер комитетімен байланысты. Ал салық қызметкерлері де, жемқорлыққа қарсы органдардағы мамандар секілді, көпшілік алдына жиі шыға бермейтін, көлеңкеде жүретін мамандар.

Соған қарамастан, оның өмірбаянында назар аударарлық бір жайт бар – Көшеров мемлекеттік қызметке 2007-2008 жылдары депутаттың көмекшісі ретінде келген. Бұл – сол кезде ұсыныссыз және қолдаусыз кіру мүмкін болмайтын, әсіресе кәсіби біліктіліктен гөрі адалдық пен бейілділік жоғары бағаланған кезең. Уақыттың озуына байланысты болашақ әкім нақты қай депутаттың портфелін ұстап, тапсырмасын орындағаны анықталмай отыр. Дегенмен, бір нәрсе анық – Мәжілісте бір жыл жұмыс істегеннен кейін 2009 жылы Нұралхан Көшеров қаржы министрлігіне қызметке қабылданған. Салық саласындағы қызметтік өсімі де жылдам өтті: 2010 жылы Астанадағы Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары болса, 2014 жылы аудандық басқарманың тізгінін толық өзі ұстады.

Алайда Көшеров 2015 жылы күтпеген жерден Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Ол кезде қаланы атышулы Ғабидолла Әбдірахымов басқаратын. Көшеров бұл қызметте 2018 жылға дейін жұмыс істейді. Осы аралықта оның есімі президенттік кадрлық резерв – «А» корпусына үміткерлер тізімінде кездеседі. Ол кезде министрліктердегі комитет төрағалығы мен аудан әкімдеріне лайықты мамандар іріктелетін. Соның нәтижесінде 2018-2023 жылдар аралығында Көшеров Атырау қаласы, Шымкент және Атырау облысындағы мемлекеттік кірістер департаменттерін басқарды. Одан кейін екі жыл бойы Түркістан облысы әкімінің орынбасары болды. Ал 2025 жылдың қаңтарында Дархан Сатыбалды Президент әкімшілігіне шақыртылғаннан кейін, оның орнына облыс әкімі болып қалды.

САЛЫҚШЫЛАР НЕГЕ БИЛІККЕ БАРЫП ЖАТЫР

Нұралхан Көшеров – салық жүйесінен шыққан және Президент мемлекеттік басқаруға шақырған кезекті тұлға. Бүгінде кемінде бес өңірде аудан, қала әкімдері немесе облыс әкімінің орынбасарлары арасында салық қызметінен келгендер бар. Айтпақшы, бұрынғы салықшылардың барлығына ортақ тағы бір жайт – олардың ата-анасы туралы деректердің мүлде болмауы немесе тым мардымсыздығы.

Мәселен, Нұралхан Оралбайұлы Көшеровтің әкесі кім, немен айналысатыны туралы мәлімет тек жанама жолмен, мысалы, «Есіл Премиум» ЖШС иелері туралы ақпарат іздегенде ғана кездейсоқ табылуы мүмкін. Қалай болғанда да, Оралбай Көшеров компанияның құрылтайшысы ретінде тіркелген. Айта кетейік, бұл ЖШС 2013 жылы Астанадағы Есіл ауданында құрылған. Бұл – Нұралхан Көшеров сол кезде дәл осы ауданда алдымен салық басқармасы басшысының орынбасары, кейін басшысы болып тұрған уақыт. Компания брендтік киім сатумен айналысады. Ресми сайтына қарағанда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Argymaq маркасымен бутиктері бар.

Салық төлемдеріне қарағанда Түркістан облысы әкімінің әкесінің бизнесі табысты жүріп жатыр. 2015 жылдан бері «Есіл Премиум» ЖШС 1 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Айтарлықтай өсім 2022 жылдан басталады – сол жылы компания 110 миллионнан астам, 2023 жылы одан 2,5 есе көп төлеген. Ал былтыр салық төлемдері 450 миллион теңгеден асып түскен. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында ғана төленген салық 93 миллион теңгеден асады. Демек, үш қаладағы бутикте футболка мен жейде саудасы қызу жүріп жатыр.

«Есіл Премиум» ЖШС-нің табысты болуы – Argymaq брендіне тиесілі киім мен аксессуарлардың шенеуніктер арасында танымалдылығымен де байланысты болуы мүмкін. Argymaq өзін «қазақстандық премиум бренд» ретінде паш етеді. Астанадағы бутигі – «Керуен» сауда орталығының люкс аймағында орналасқан. Брендтің әлеуметтік желідегі парақшаларында танымал әрі медиа тұлғалардың қатысуымен жарнама белсенді түрде жүргізіледі. Бір кездері Астанадағы бутик «бірінші президент таққан» сағаттарды сатуды да ұсынған. Ал жақында, нақтырақ айтсақ екі ай бұрын, Ұлттық олимпиада комитеті осы брендпен әріптестікті бастағанын хабарлады. Геннадий Головкиннің бір сәтте бокстан алыстап, ҰОК төрағасы ретінде люкстік бутиктің жарнамасына шығуы – кездейсоқ қадам деу қиын. Бұл жағдай, шын мәнінде, Argymaq-тың жаңа топтамасының жарнамасына айналды. Ол топтама «ҰОК-пен бірлескен жоба» деп көрсетілді.

Жергілікті билікке негізгі еңбек жолы салық жинауға қатысты мамандардың жиі келуі – уақыт талабы десе болады. Ал Нұралхан Көшеровтің өзі әзірге мемлекеттік басқару саласында төрт жыл ғана жұмыс істеген, оның өзінде үзіліспен және тек облыс әкімінің орынбасары ретінде болған. Облыс тізгінін ұстауға оның дайын не дайын еместігін уақыт көрсетеді. Әзірге Астанадағылар оның жұмысынан дән риза сияқты. 2025 жылдың басынан бері Түркістан облысының жергілікті бюджетіне 30,2 миллиард теңге салық түскен. Бұл – жоспарланған көлемнен шамамен 30 пайызға көп. Наурыз айындағы кеңесте Көшеров бюджет кірісін ұлғайту, шығыстарды оңтайландыру және көлеңкелі экономиканы азайту бағытындағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді. Ал бұл бағыттардың толық бақылауда болуын қамтамасыз ету үшін жуырда оның жаңа орынбасары болып Талғат Көзбеков тағайындалды. Айта кетейік, ол 1999 жылдан бері салық қызметінен өзге жерде еңбек етпеген маман.

ОРЫНБАСАРЛАРЫ КІМ

Түркістан облысының жаңа әкімі Нұралхан Көшеров командаға әзірге тек бір ғана адамды – Талғат Көзбековті өзі тартты. Қалған орынбасарлар бұрынғы әкім Дархан Сатыбалдыдан «мұра» болып қалған. Қазір Сатыбалды Ақордаға ауысып, бүкіл өңірлерді үйлестірумен айналысады.

Зұлфұхар Жолдасов

Заңгерлік және экологиялық екі жоғары білімі бар. 2000 жылдардың басында еңбек жолын прокуратурада бастаған. 2008 жылдан бастап экология саласына ауысып, экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасына дейін өскен. 2023 жылдың тамызында облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сәулет саласынан бастап азаматтық қорғауға дейінгі бес басқарманың жұмысын үйлестіреді. Оған қойылған басты міндет – облыстағы жақсы жағдайда тұрған жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу және 2025 жылдың соңына дейін халықты толық таза ауызсумен қамту.

Бейсенбай Тәжібаев

Тәжібаев 15 жылдан астам уақыт медиасалада еңбек еткен. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің баспасөз қызметінде істеген. 2018-2019 жылдары Түркістан облысының ішкі саясат басқармасын басқарған. Содан соң AMANAT партиясының облыстық мәслихаттағы фракциясын басқарды. 2022 жылы облыс әкімінің орынбасары қызметіне келді. Білім беру саласын қадағалайды.

Ертай Алтаев

«Туризм» және «құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. 2006-2011 жылдары туризм және спорт министрлігінде түрлі қызметтер атқарып, министрдің кеңесшісі де болған. 2011 жылдан бастап 2024 жылға дейін Президент әкімшілігінде жұмыс істеді, негізінен спортты дамыту мәселелерімен айналысқан. Облыс әкімінің орынбасары болып 2024 жылдың шілдесінде тағайындалды. Қызығы, оны таныстырғанда Дархан Сатыбалды нақты қандай салаға жауапты екенін айтпады, тек «өңірдің дамуына қатысты маңызды міндеттер жүктеліп отыр» деп шектелді. Алайда әлеуметтік желідегі ақпараттарға қарағанда, Алтаев негізінен әлеуметтік, мәдениет және спорт салаларын қадағалайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы нысандарын да аралап жүр. Бірақ агросектор басқа орынбасардың құзырында.

Нұрбол Тұрашбеков

«Инженер-экономист» және «жерге орналастыру инженері» мамандықтары бойынша білім алған. Барлық еңбек жолы жер қатынастары саласымен байланысты. Алғашында Оңтүстік Қазақстан облысындағы кадастр бюросында, кейін Астанада еңбек еткен. 2016 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрамындағы жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығында түрлі лауазымдар атқарған. 2017-2021 жылдары Түлкібас және Ордабасы аудандарының әкімі болды. 2021 жылдың маусымынан бастап Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарды. Қазір облыс әкімінің орынбасары ретінде ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және табиғи ресурстар саласына жауап береді.

Нұралхан Көшеровтің облысты басқаруға кіріскеніне небары төрт ай болды. Рас, қорытынды жасауға аз мерзім. Сол себепті әзірге басты сұрақ – Көшеров еліміздегі ең кедей аймақтың экономикасын көтере ала ма, әлде бұл қызмет ол үшін сол жағалауға өтуге арналған кезекті өткел ғана ма? Ulysmedia.kz Түркістан облысындағы жағдайды жаңа әкім тұсында да жіті бақылауда ұстайды.