"Ұшақ бар, жауап жоқ": Жақсылықов Қазақстанның бейбіт аспанын қорғай ала ма

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан армиясының әскери қуаты – қарапайым азаматтарға құпия болып қала беретін тақырып. Елдің ұлттық қауіпсіздігі қалай және немен қорғалатынын біз тек сирек өтетін парадтар мен қорғаныс ведомствосының отандық немесе көбіне шетелдік өндірушілермен әріптестік жайлы ресми мәлімдемелері арқылы ғана біле аламыз. Салада кейде жанжалдар да болып жатады. Мәселен, мамыр айының басында украиналық БАҚ Қазақстандағы ангарлардан 30 жылдан астам уақыт бұрын жойғыш ұшақтар ұрланғанын хабарлады. Бұл ұрлық шын мәнінде болды ма? Осы уақыттан бері Қазақстанның бейбіт аспанын қандай техника күзетіп келеді? Осы сұрақтарға Ulysmedia.kz редакциясы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтан жауап алуға тырысты. Сонымен қатар, әскери авиацияны дамыту жоспарларын да білуге ниеттендік. Міне, сол сұхбаттан шыққан қорытынды.

ҚАЖЕТСІЗДІ БЕРІП ЖІБЕРГЕН

1992 жылы Ресей Қазақстаннан әскери ұшақтарды ұрлап кеткен деген жаңалық 2025 жылғы мамыр айының басында украиналық БАҚ-та пайда болды. Ресей бұл ақпаратты дереу жоққа шығарды, бірақ ол ұшақтар расында болған ба – нақты түсініктеме берілген жоқ. Олар Қазақстан ангарларынан Ресейге қандай негізде және қалай жеткізілді? Мұндай оқиғалар тағы болған ба?

Ақыры Қазақстанның қорғаныс министрлігі Ulysmedia.kz редакциясына сол бұрынғы оқиғаға қатысты егжей-тегжейлі ақпарат беруге келісті.

– Қазақстан қарулы күштерінің қару-жарағында стратегиялық Ту-95МС бомбалаушы ұшақтары болған. Бұл ұшақтар алыс қашықтыққа зымыран жеткізуге арналған, яғни ядролық үштіктің құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан ядролық қарудан және оны жеткізудің стратегиялық құралдарынан бас тартуына байланысты, бұл бомбалаушылардың көп бөлігі Қазақстан аумағында халықаралық бақылаушылардың қатысуымен жойылды. Қалған бөлігі Ресей Федерациясына басқа авиациялық техникаға айырбастау негізінде берілді, – деп жауап берді редакция сұрауына қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.

Алайда қорғаныс министрлігі «Ту-95МС» ұшақтарының орнына Ресей Қазақстанға нақты қандай ұшақтар бергенін нақтыламады. Дегенмен, министрлік Қазақстан әскери техникасының жоғалып кеткені туралы жалған ақпарат таратқандар заңмен қудаланады деп сендірді.

Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, Қазақстан армиясының тарихында әскери техниканың жоғалуы бірде-бір рет тіркелмеген. Бірақ соған қарамастан, ҚР Қылмыстық кодексінде «Әскери мүлікті жоғалту» деген 461-бап бар. Онда әскери мүлікті жоғалтқандарға қатысты жауапкершілік қарастырылған. Ал егер тәуелсіздік алғалы бері бірде-бір әскери техника жоғалмаған болса, бұл бап не үшін керек?

Айта кету керек, бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза – 2 жыл. Ал әскери техника Қазақстанда кейде әскердің балансына ресми алынбай тұрып-ақ жоғалып отырған. Бұл туралы Ulysmedia.kz бұған дейін де жазған болатын.

ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРІНІҢ “ҚАНАТЫ”

Қазіргі таңда Қазақстан әскери-әуе күштерінің қару-жарағында нақты қандай ұшақтар, тікұшақтар, жойғыштар мен ұшқышсыз аппараттар бар екені – мемлекеттік құпия. Бұл туралы қорғаныс министрлігі нақты ақпарат беруден бас тартты. Алайда соңғы жаңалықтарға қарағанда, армиядағы "қанаттар" көбірек аспанға көтерілуге үмітті.

Мысалы, мамыр айының басында қорғаныс министрлігі мәжіліс депутаттарына 2026 жылдың наурызына дейін авиация заңнамасына өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл өзгерістер әскери ұшақтарға жүк тасымалдау бойынша коммерциялық қызметпен айналысуға мүмкіндік бермек. Ведомствоның пікірінше, бұл тәсіл қосымша табыс табуға, тіпті Қазақстандағы кейбір азық-түлік бағасын арзандатуға мүмкіндік береді.

Алайда мұнда бір мәселе туындайды: егер кәсіпкер жүк жібергісі келсе, ол ұшақтың техникалық жағдайын растайтын құжаттарды көруі қажет. Бұл жағдай әскери құпияға жататын нормалармен қалай үйлеседі? Әлде бұл құпия тек журналистер үшін ғана ма?

Дегенмен, ресми деректерге қарап, елдегі әскери авиацияның жалпы жағдайы туралы белгілі бір көзқарас қалыптастыруға болады.

Сарапшылардың басты байқағаны – Қазақстанның әскери техника сатып алуы армияның нақты қажеттіліктерімен тікелей байланысты емес. Көбіне бұл стратегиялық әріптестерге тәуелділіктің көрінісі. Мәселен:

  • Түркиядан – ANKA ұшқышсыз аппараттары,
  • Еуроодақтан – аса ауыр және аса қымбат Airbus ұшақтары,
  • Ресейден – жойғыш ұшақтар сатып алынған.

Егер нақты қызығушылық танытса, Қазақстанның әскери техникасын ашық көздер арқылы түгендеп шығуға болады. Осыдан келіп, кей сарапшылар: "құпиялықтың басты мақсаты – сатып алынған техниканың нақты құнын жасыру" деген пікір айтады. Себебі, техника бағасы жиі сұрақ тудырады. Мәселен, 2021 жылы сарапшылар Airbus C-295MW ұшақтарын Қазақстан басқа елдерге қарағанда бірнеше есе қымбатқа сатып алғанын жазған. 

Тіпті Түркиядан сатып алынған жерүсті техникаға да сұрақтар болған. Себебі соған ұқсас брондалған көліктерді отандық өндірушілер де шығара алады.

ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ

Әскери техниканы қай елден, қанша ақшаға сатып алғаннан оның елді қорғауда қаншалықты тиімді қолданылатыны маңызды. Көптеген халықаралық сарапшылардың айтуынша, адам басқаратын техника – әуе болсын, жерүсті немесе теңізде – өткен күннің құралы, ал болашақта соғыстарда негізгі рөлді ұшқышсыз аппараттар атқарады.

Қазақстанда бүгінде осы салада ғылыми және практикалық зерттеулермен айналысатын бірнеше компания пайда болды. Алайда Taharqa Technologies әскери дрон өндіретін қазақстандық стартаптың негізін қалаушы Таир Балбаевтың пікірінше, еліміз бұл бағытты дамытуға тиімсіз тәсілмен ресурстарын жұмсап отыр.

– Қазір дрондар – заманауи соғыстың негізгі қаруына айналды. Мұны Ресей мен Украина арасындағы соғыс анық көрсетті. Сонымен бірге бұл салаға әр елдің әртүрлі көзқараспен келгені де көрінді. Украина ұзақ уақыт бойы қорғаныс өнеркәсібіне тек ірі ойыншыларды ғана кіргізіп, шағын отандық өндірушілерді нарыққа жібермей келді. Соның салдарынан соғыс басында олар үлкен шығынға ұшырады. Кейін процестерді жеңілдетіп, стартаптар мен шағын өндірушілерге жол ашты. Бірақ көп нәрсе кеш қалды. Қазір, керісінше, тым көп өндіріс болғаны соншалық, дрондардың шеберханалық, бірізсіз жасалуы жаңа мәселе туғызып отыр. Мұндай дрондар партизан соғысына келсе де, тұрақты армия үшін жарамсыз – оларда басқару мен пайдалану біріздендірілмеген.

Ресей бұл салаға кешенді түрде кірісті. Онда көп жылдық тәжірибесі бар, фундаменталды білімі бар сенімді кәсіпорындар жұмыс істеді. Алайда олар тым баяу қимылдады. Содан соң Ресей стартаптар мен инноваторларға жол ашты, бұл қайта жарақтану үдерісін едәуір жылдамдатты, – дейді Балбаев.

Балбаевтың айтуынша, Қазақстан қазіргі жағдайды жақсы түсінсе де, уақыт болса да, Ресей емес, Украина жолымен кетіп бара жатыр. Елде қорғаныс-өнеркәсіп кешені (ҚӨК) лицензиясын алу өте қиын, ал онсыз әскери тапсырыстарға қатысу мүмкін емес. Бұл салада орнығу – одан да қиын.

– Қорғаныс министрлігі жаңа жобаларды қолдауға тырысып жатыр, бірақ әзірге не ұсынылса, соның бәріне жабысып отыр. Мысалы, оларға ұялы байланыс арқылы басқарылатын дрон жобасы ұсынылды. Олар қабылдап, оған 600 миллион теңге бөлді. Бірақ бұл не үшін керек? Нақты қандай пайда әкеледі? Біздің әскери қызметкерлердің дрон басқару жарыстарына қатысуынан не пайда? Бұл – кеше қалған бағыт, – дейді ол.

Балбаевтың пікірінше, әскери құрылымдар отандық дрон өндірушілерге даму үшін жағдай жасауға тиіс.

– Біз өзіміз кезінде Әскери ғылым академиясының басшылығына шетелдік дрондарды зерттеуге мүмкіндік беруді ұсындық. Яғни, оларды сатып алып, ішін ашып, бағыттау жүйелері қандай, қандай чиптер қолданылады – соны зерделеу. Бұған қоса, сынақ жүргізуге арналған полигондар, ең бастысы – қажеттіліктерін нақты айтатын әскери құрылымдармен тікелей байланыс қажет. Сонда біз сұранысқа сай өнім әзірлей аламыз, – дейді Балбаев.

Қазіргі таңда бұл тәсілді ҰҚК шекара қызметі қолдана бастаған, алайда қорғаныс министрлігіне қарасты құрылымдар әлі де баяу қимылдап отыр. Стартап негізін қалаушының үміті – әскери құрылымдар «жәй жиналып жатыр», өйткені оларды тек кәсіпкерлер емес, депутаттар да асықтырып жатыр.

Жақында сенатор Геннадий Шиповских премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, ҚӨК-ке қаржының жетіспеуі, нақты талаптардың болмауы және сынақ жүргізуге жарамды полигондардың жоқтығы туралы мәселе көтерді.

Оған жауап берген премьер-министр Олжас Бектенов қорғаныс өнеркәсібіндегі жүйелі мәселелер 2026 жылы шешіледі деп уәде берді.