Қазақстан экономикасы доллар бағамы мен мұнай бағасына көбірек тәуелді. Бірі қымбаттаса, отандық өндірісі аз елге шеттен келетін тауарлардың бәрінің бағасы өсіп шыға келеді. Мұның бәрі жалпы қымбатшылыққа әсер етіп, кедейлікті күшейте түспек. Ал мұнай қымбаттаса, оның ұлттық экономикаға оң әсері мол. Бюджет қампайып, үкімет әлеуметтік міндеттемелерді орындап, Ұлттық қорға да молырақ ақша түседі. Дәл қазір байқалып тұрған екі фактор қаншалықты ұзақ мерзімді сипатқа ие? Қазақстан экономикасына ықтимал сценарийлер алда тағы қалай әсер етпек? Ulysmedia бұл мәселенің мәнісін отандық экономистерден сұрап көрді.
ӘУЕЛІ ДОЛЛАР ЖАЙЛЫ
Қазақстан қор биржасындағы сауда қорытындысы бойынша кейінгі күндері доллар бағамы өсіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, АҚШ валютасы 17 маусымда бірден 5 теңгеге қымбаттаған. Иран мен Израиль қақтығысынан кейін Brent маркалы мұнай қымбаттап жатқандықтан, экономикасы «қара алтынға» тәуелді Қазақстанның ұлттық валютасы да күшеюі тиіс еді. Бірақ таблолар керісінше санды көрсетеді. Тіпті кейбір БАҚ мұны «парадокс» деп те жазып жатыр.
19 маусым күні сенат кулуарында журналистер ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке осы сұрақты қойған. Оның айтуынша, доллар бағамы 520 теңгеге жақындағанымен, пайыздық тұрғыдан алғанда бұл өсім айтарлықтай көп емес.
Негізгі факторлар – жақында басталған демалыс маусымы, сондай-ақ бюджет пен квазимемлекеттік бағдарламалардың іске аса бастауы. Бюджеттік рәсімдерге байланысты қаражат маусым айына қарай бюджет әкімшілеріне жете бастайды. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды іске асырудың белсенді кезеңі басталды. Көп жоба жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді импорттаумен байланысты. Соған сәйкес, сауда көлемі де артты. Кейінгі күндері сауда айтарлықтай көбейді, – деді ол.
Алдағы жағдай қалай болады деген сұраққа Сүлейменов «доллар бағамының ары қарай өсуіне себеп көріп отырған жоқпыз» деп жауап берді. Сөзінше, болашақты болжау қиын болса да, ішкі экономика тұрақты, өсіп келеді.
ӘЛЕМДІК МҰНАЙ НАРЫҒЫНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР
Иран мен Израиль арасындағы геосаяси қақтығыс әлемдегі мұнай нарығына тікелей әсер етті. Таяу Шығыстағы тұрақсыздық шикізат тасымалына қауіп төндіріп, Brent маркалы мұнайдың бағасын кейінгі бірнеше жылда болмаған деңгейде қымбаттатты. Маусым айының басынан бері Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 20% өсті. Reuters мәліметінше, 19 маусымда бір баррель $78,85 болса, 20 маусымда $77,28 деңгейінде саудаланған. Бұл – нарықтың құбылмалы жағдайға берген жедел реакциясы. Осыдан тура бір ай бұрын Brent маркалы мұнайдың баррелі $65–66 шамасында болған еді.
Сарапшылардың айтуынша, Ормуз бұғазының жабылу қаупі – мұнай нарығына әсер еткен бірден-бір фактор. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың үштен бірі тасымалданады. Егер тасымалға тосқауыл қойылса, мұнай бағасы $100/баррель шегіне дейін баруы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр.
Израильдің Ираннан мұнай экспортталатын инфрақұрылымға соққы жасалуы мүмкін деген алаңдаушылық күшейе түсті. ОПЕК+ ұйымына мүше елдер өндірісті шектеп, нарықты реттеуге тырысып баққанымен, бұл да ұсыныс көлемін азайтып, бағаның өсуіне ықпал етті. Оған қоса әлемдік экономикадағы қалпына келу процесі мұнайға деген сұранысты арттыра түсті. Бұл әсіресе жаз мезгілінде айқын байқалады. Қазір Brent мұнайының баррелі 77–78 доллар шамасында. Егер Иран-Израиль қақтығыс ушықса, әлемдік нарықта мұнай тағы да қымбаттап, инфляциялық қысым күшеюі мүмкін.
«ТЕҢГЕМІЗ КҮШТІ БОЛЫП КЕТПЕЙДІ»
Экономист Мақсат Халық Қазақстанда доллардың қымбаттауын маусымдық кезең деп атайды. Айтуынша, жыл да жаз мезгілінде долларға деген сұраныс артады. Ал бұл фактор доллардың «күш-қуаттын» арттырады.
«Жазда шетелде демалатындар, балаларын шетелге оқуға дайындайтындар бар. Сол себепті мен мұны маусымдық қайталау үдерісі деп айтар едім. Ал Иран мен Израиль қақтығысы мұнай бағасын қымбаттатып отыр. Мұнай бағасының өсімі бірден көрініс таппайды. Егер осы өсім сақталса, күзге қарай теңгемізге белгілі бір деңгейде қуат береді деген үміттенуге болады. Оның өзінде теңгеміз күшті болып кетеді деп айтпаймын. Бірақ тұрақтылығын сақтайды», - дейді ол.
Экономистің сөзінше, әлемде доллар құнсыздану керек болған. Себебі АҚШ федералды жүйесі бір жылда доллардың кредиттік пайыздық мөлшерлемесін 4 мәрте түсіреміз деп жоспарлаған. Бүкіл әлем сол сценарийді күткен. Бірақ АҚШ тарапы ойлана келе пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырған. Осылайша, ел билігі Америкадан инвесторлардың кетуінің, құнды қағаздары арзандауының алдын алуға тырысады.
Мақсат Халық/Caravan.kz
«Оның үстіне Трамп та әлемде ойран салып отыр. Оның жүргізіп отырған саясатын ешкім болжап айта алмай отыр. Соңғы шешіміне қарасаңыз, әлемдік инвесторлардың Трампқа өкпесі бар. Өйткені жалпы қор нарығы мен валюта нарығында тұрақсыздық туған. Оның үстіне әр аймақта геосаяси жағдайдың ушығып тұрғаны – әлемде қалыптасқан қаржылық экономикалық заңдылықтарын бұзып жатыр. Әрине, бұл қосымша үлкен тәуекел. Мұнай бағасының бірден өсіп кеткені – әлем экономикасына жақсы әсер етеді деп айта алмаймыз. Ондай жағдайда Қытай экономикасы да бәсеңдейді. Өйткені мұнай шикізат ретінде қымбаттаса, Қытай да тауар өндіру үдерісін, көлемін азайтады. Ол да Қытайда экономикалық өсімді тежейді. Ал түптеп келгенде ол тағы да мұнайға деген сұраныста азайтады. Әлемде осындай алмағайып кезеңдер өтіп жатқанда доллар мен теңге бағамы осындай болады деп кесіп айтуға болмайды. Бірақ макроэкономикалық факторларға қарап отырып, қандай фактор теңгеге әсер етуі мүмкін екенін айтып бере аламыз», - дейді Мақсат Халық.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАҒАНЫ БІЗГЕ ТИІМСІЗ
Қазақстан экономикасы үшін АҚШ долларының қымбаттағаны да, арзандағаны да өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Бірақ қай сценарий ұлттық экономикаға оң әсер ететінін Мақсат Халықтан сұрап көргенбіз. Сарапшы мұнай бағасының қатты арзандағаны Қазақстан нарығына керек емес деп есептейді.
«Мұнай қымбаттаса, ол теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ал теңгенің әлсіреуі жақсы үдеріске алып келмейді. Теңге әлсіресе, импорт тауарлары қымбаттайды. Тұтынушылар үшін импорт тауарлары қымбаттаса, ол үрдіс жалпы инфляцияға өзіндік әсерін тигізеді. Халықтың төлем қабілеттілігінің, өмір сүру сапасының нашарлауы, кедей халықтың көбеюі сияқты үдеріске апарады. Доллардың қымбаттағаны бізге тиімсіз», - дейді Мақсат Халық.
ҮКІМЕТ ҮДЕДЕН ШЫҒЫП ОТЫР МА
Үкімет пен Ұлттық банк өкілдері ресми жиындарда баяндама жасаған «геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты» деп, өсімге жете алмаудың себебін содан бастайды. Сол сыртқы сындарға Қазақстан үкіметі қаншалықты сауатты жауап беріп, ұлттық экономиканы қорғап отыр? Бұл сұраққа жауабында Мақсат Халық сыртқы факторлардан гөрі сол үкіметтегілердің өздерінің әрекеттері халыққа көбірек әсер етіп отырғанын айтады.
«Былтырдан бастап тарифтер қымбаттады. Екіншіден, жанар-жағармай бағасы өсті. Үшіншіден, қосымша құн салығын өсірді. Мұның барлығы біздегі тұтынатын тауарларды қымбаттатады. Кәсіпкерлер тауарларының бағасына баға қосты. Инфляция қайтадан қарқынды сипат алды. Бұл жақсы үдеріс емес, сондықтан үкімет осы болып жатқан дүниелерді сыртқа жапса, мен қателеседі деп айтқым келеді. Иә, сыртқы факторлар бар, бірақ дәл осының бәрін жасап отырған – үкіметтің өзі. Қазіргі қымбатшылықтың негізгі себебі үкіметтің өзінде бар», - дейді экономист.
ТЕҢГЕ ҚҰНСЫЗДАНЫП, ДОЛЛАРҒА СҰРАНЫС ӨСІП КЕЛЕДІ
Public Policy Research Center директоры, экономист Меруерт Махмұтова мұнай бағасы қымбаттағанда ұлттық валюта әдетте қуаттана түсетінін, бірақ дәл қазір мұндай байланыс болмай тұрғанын айтады. Сөзінше, әуелі ішкі нарықтағы жағдайға, содан кейін Ресей тарапының сұранысына қарау керек.
Меруерт Махмұтова/qogam-media.kz
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке қаражатты трансферттеу кезінде валютаны нарыққа ұлттық банк сатады. Оны интервенция деп атамаса да, соған ұқсас әсері бар. Теңге тұрақталады. Өзім теңгенің құнсызданып жатқанын қысқа мерзімді тренд деп бағалар едім, бірақ әрине, жалпы логиканы, арғы жағында не тұрғанын түсіну қиын. Шілде айының басында конвертация жүргізгенде теңге тұрақталуы мүмкін», - дейді ол.
Меруерт Махмұтованың сөзінше, Ресейдің ресми билігі «доллардан бас тартамыз» деп қаншама рет мәлімдеме жасаса да, ол жақта долларға деген сұраныс бар. Сарапшы сол сұраныстың орнын ресейліктер Қазақстанның нарығы арқылы толтырып отыруы мүмкін, долларға деген сұраныстың өсіп жатқанын сол көрші елдің сұранысы болуы мүмкін деп болжайды. Десе де, сарапшы ол есептің тура статистикасы үш айдан кейін шығатынын атап өтеді. Бірақ кім сатып алғанын статистика белгіоемейді.
«Израиль Иранға шабуыл жасағалы бері Brent маркалы мұнай 77-78 долларға дейін өсті. Сондықтан, мұнайдың қымбаттағаны республикалық бюджетке де, ұлттық қорға да жақсы. Себебі қордан биыл 5,25 трлн теңгені трансферт ретінде аламыз деп жоспарлап қойған. Жалпы мұнайдың қымбаттағаны ұлттық экономикаға жақсы әсер етпек. Бірақ бұл ұзақ мерзімге бара ма? Осының бәріне геосаяси оқиғалар қалай әсер ететіні белгісіз. Сондықтан, болжам айту да қиын», - дейді Меруерт Махмұтова.