Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары бал алу үшін қанша төлеу керек? Білім мен біліктен басқа сынақты үздік тапсырудың басқа да жолдары бар ма? Бұл сұрақтарға Ulysmedia.kz тілшісіне арнайы сұхбат берген адвокат Абзал Құспан жауап берді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Заңгердің айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеуді басқа адамдар арқылы сәтті тапсыру үшін 2 миллион теңгеден артық ақша төлеу керек. Не үшін әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы ҰБТ тапсырмай, өзіне қажетті балды алмақ болғаны бұған дейін қоғамдық резонанс туғызған болатын. Жалған абитуриенттер туралы ақпаратты бірінші болып Абзал Құспан Fb парақшасында жариялаған.
ҰБТ ДЕГЕН ТАБЫСТЫ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫ МА?
Абзал Құспанның айтуынша, шынында да, ҰБТ қазір табысты бизнеске айналып кеткен. Сұраныс бар жерде ұсыныс та табыла кететіні белгілі.
Өңірлерге қарай кепілдігі бар ҰБТ тапсыру құны 1-2 миллион теңге аралығында тұрады. Әйтсе де ол үшін балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескеріле бермейді.
«Түлектердің орнына басқа адамдарды кіргізу жағдайлары былтыр да, биыл да тіркелген. Белгілі бір такса да бар. Ол аралық – 1-2 миллион теңге. Аймақтарға қарай баға осыдан басталады. Осы соманы төлесеңіз болғаны, қызыңыз немесе ұлыңыз білім деңгейіне қарамастан, ҰБТ-дан сүрінбей өтеді. Бұл мәселе шынын айтқанда, жыл сайын министрліктің алдына кесе көлденең шығып отыр. Өкінішті-ақ, бірақ полиция бұған қарсы еш әрекет жасап жатқан жоқ. Ал бұл өте өткір мәселе. Балалар бұл үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер белгілі бір адам жеке куәлікті заңсыз пайдаланса, оны жалдаған адам анықталса, ол да жазаға тартылады. Бұл – Қылмыстық кодекстің 385-бабында жазылған. Жалған құжаттарды әзірлеу, өткізу, пайдалану заңмен қудаланады».
ЖАЛҒАН ҚҰЖАТПЕН ҰБТ ТАПСЫРУ
Биыл он сегіз адам ұлттық бірыңғай тестілеуді басқа адамдар арқылы тапсыруға тырысыпты. Бұл тізімде Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан облыстары - алдыңғы қатарда тұр. Жалған құжаттар бойынша емтиханға келгендердің ішінде елорданың жоғары оқу орындарының сегіз түлегі болған. Бірақ олар тіпті тіркеуден өтіп, залға кіре де алған жоқ. FACE ID тексеру сатысында тоқтатылған.
Олардың қатарында жеке куәлікпен шоумен Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін тест тапсыруға тырысқан астаналық ЖОО студенті де бар болып шықты. Егер адвокат Абзал Құспан әлеуметтік желілерде жарияламағанда оның есімі қылмыстық іс материалдарының арасында көміліп кетер еді:
«Дәл қазір осы істің барысы туралы хабарым жоқ. Себебі ресми түрде тараптардың екі жағында да жоқпын. Менің бұл мәселені көтеруімнің себебі: қолыма осыған қатысты құжаттар түсті де, полиция оны көпке жариялауымды өтінді. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Жүгінген адамдардың сұрағанын кейде жариялаймын».
Прокуратура осы оқиға әлеуметтік желілерге жарияланғаннан кейін ғана істі сотқа дейінгі тергеуге қайтарыпты.
«Мен осы жағдайды жариялағаннан кейін ғана Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы істі жалған жеке куәліктің жасаушысын ғана емес, сонымен қатар тапсырыс берген және қолданған басқа адамдарды да жауапқа тарту үшін тексеруге қайтарды».
Жалпы 2021 жылы ҰБТ-ны 145 мың адам тапсырған. 745 түлек ережені бұзғаны үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Балалар тыйым салынған заттарды алып жүруге тырысқан көрінеді. Шпаргалкалар, электрондық гаджеттер... Осылардың салдарынан 1305 нәтиже жойылған. Шекті балды 88 101 түлек жинаса, ең жоғары балды тек бір адам алған.
ҰБТ-2022 тапсыруға тіркеу күннен күнге бастала береді. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап барлық мектеп түлектеріне ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға төрт рет мүмкіндік беріледі (қаңтар, наурыз, сәуір және қорытынды маусым-шілде айларында). Жазғы жанжалдан кейін жалған жалған құжаттар арқылы өткізуге қарсы шаралар күшейтілетіні анық. Алайда бұл кейбір «бастамашыл» түлектерге өз орнына «ақылды әріптесін» кіргізуге кедергі болмауы мүмкін.
БҒМ ҰСТАНЫМЫ
Бұл мәселе жөнінде жауапты орган тарапынан Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Дидар Смағұлов пікір білдірді.
«Жауапкершілік туралы және оны түлек немесе жалған «түлек», болмаса жалған құжат жасаған адам кім көтереді деген сұраққа келер болсақ, барлық тарап тартылуы керек деп есептеймін. Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша! Бірақ, менің ойымша, бұл балаларға қатысты болғандықтан, жазаны айыппұлмен шектеу керек».
Дәл осындай пікірді адвокат Абзал Құспан да қолдайды. Алайда бұл жерде айыппұлдан бұрын ата-ананың жауапсыздығы бәрінен қауіпті екенін айтады. Дәл сол ата-ана сайып келгенде балаларды қылмысқа итермелейді:
«Әр ата-ана өз баласына қылмыстық жауапкершілік кейбір жағдайларда 14 жастан басталатынын түсіндіруі керек. Бұл жағдайда жауапкершілік 16 жастан басталады. Кез-келген ата-ана балаларының бұл заңбұзушылық үшін өздері жауап беретінін білуі тиіс. Жалған құжаттарды қолданғаны үшін 160 АЕК дейін айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалады. Қылмыстың сәл ауыр түрі. Мәселе құқықтық сананың төмендігінде! Бұл туралы көп айтып, талқылау керек. Мұғалімдер мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Балаға ҰБТ-мен өмір бітпейтінін ұқтыру қажет. Қараңызшы, психологиялық қысым жүріп жатыр. Ал ата-аналар мен мектептер нәтиженің соңынан жүгіреді. Ақыр соңында іс осыған келіп тірелді».
Дидар Смағұлов заңгердің сөзін мақұлдап, бұл жанжал көпшілікке сабақ болатынын айтады.
«Адамдардың кейбірі әлі күнге дейін бәрін ақшамен немесе таныстар арқылы шешуге болады деп ойлайды. Бірақ осындай фактілермен біз керісінше бұл түсініктің теріс екенін дәлелдейміз. ЖОО-ға әр адам тек өз ақылымен, білімімен түсуі керек. Ал Білім министрлігі өз кезегінде бұл істі ерекше бақылауда ұстайды. Құқық қорғау органдары мен прокуратураға хаттар жібереді. Біз бұл мәселеге бей-жай қарамаймыз. Әділдік үшін соңына дейін барамыз».
Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ тапсырумен болған жанжалдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовтың қызының «Алтын белгі» алғанына күмән келтірген болатын. Алайда аталған түлек шетелдік жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген көрінеді.
Қабатовтың өзінің айтуынша, ҰБТ-ға қатысты жанжалдың себепкері – қызының репетиторы. Әзілкештің сөзіне сенсек, репетитор өз ниетімен бастама көтеріп, ешкімге хабар бермей, тест тапсырудың осындай әккі жолын ойлап тапқан.
Қазір бұл іс әлі тергеліп жатыр. Осы оқиғаның барысы Ulysmedia.kz порталының назарында болады.