Алматы облысындағы Жалпақсай ауылында 10 жастағы жасөспірімді ит өлімші етіп талап, қазір ол ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Туыстары мен ауыл тұрғындары баланы футбол алаңында ойнап жүрген жерінде үш ит талаған дейді. Олар адам көрсе шабатын иттерді ауылдағы «Бостандық» реабелитациялық орталығы асырап отыр дейді. Сөздерінше, орталыққа жат діни ағым өкілдері иелік етеді.
«БАЛАМНЫҢ БЕТІНІҢ ЖАРТЫСЫ ЖОҚ»
10 жастағы Максим 30 маусымда достарымен бірге Жалпақсай ауылындағы футбол алаңында ойнауға кеткен. Оның үйінің дуалы алаңға жапсарласып тұр. Сәл әріректе «Бостандық» реабелитациялық орталығы орналасқан.
Максимнің анасы Екатерина Бормистрова ұлымды иттердің қалай талағанын көрмеген. Тек ер адамның екі итті өлтіріп, баласын аман алып қалғанын ғана біледі. Бірақ ұлы отадан кейін есін жиғанда, жүгірген иттерден қашып үлгермегенін айтқан.
– Баланың жағдайы өте ауыр. Бетінің жартысы жоқ. Қолы, беті... Аяғының етін жұлып алған. 4 сағат ота жасалды. Олар оны толықтай тазалады. Жараны тікпекші болды. Бір ғана отамен бітпейтінін айтты. Әлі ота мен реабелитация болады, – дейді ол.
«БАЛАНЫҢ ӨЗІН КІНӘЛІ ЕТІП КӨРСЕТКІСІ КЕЛЕДІ»
Екатерина баламды ит талағаны аздай, енді оның өзін кінәлі етіп көрсеткісі келеді дейді. Сөзінше, реабелитациялық орталық Максимнің өзі иттер тұрған аулаға кірді деген.
– Иттер жүгіріп шыққан. Олар [реабелитациялық орталық] жала жауып отыр. Олар баланың өзі аулағы секіріп кірді дейді. Менің балам ешуақытта өзгенің дуалға шықпаған. Ол тіпті талға да шықпайды. Мен оларды жауып, жұмысын тоқтату үшін барлық инстанцияға барамын. Бүгін менің баламды талап тастады. Ертең басқа баланы да талайды. Өлтіруі де мүмкін ғой, – дейді Екатерина Бормистрова.
«БАЛАНЫ ҚҰТҚАРУ ҮШІН ИТТІ ӨЛТІРДІМ»
Максимді иттердің талауынан құтқарып қалған такси жүргізушісі Серікбек Алдабергенұлы сол күнгі оқиғаны былай деп баяндайды:
– Мен жұмыстан қайтып бара жатқанымда мына жерден балалар қашып, шығып жатыр екен. Кейбіреуі «аға, ана жерде баланы ит талап жатыр, құтқарыңызшы» деді. Мен көлікте болғанмын... Есіме машинамда кішкентай жиналмалы пышақ бер екені есіме түсті. Соны алдым да жүгірдім. Келсем, мына жерде екі ит баланы талап жатыр екен. Құлағын жұлып алыпты. Бір құлағы жоқ. Үстінде қан ағып жатты. Мені көрді де айтты, «дядя, выручи» деп. Орыс бала екен. Қарасам, анау питбуль машонкасынан жұлып жатыр екен. Бірінші содан құтқаруым керек болды. Мен оны бірінші ұрдым. Ол қисалаңдап қашып барып құлады. Ал анау овчарка баланы тиістеп алып ары-бері сүйреді. Маған баланы құтаруға мүмкіндік бермеді. Сол кезде мен баладан аттап, секіріп өттім де итті бірден өлтіріп тастадым, – дейді ол.
Максимді ит талады деген футбол алаңының орта тұсында әлі де қан іздері жатыр. Алаң маңында ойнаған балалар мен отбасын қыдыртқан ата-ананың қарасы көп.
Реабелитациялық орталық дуалының сыртында “Абайлаңыз қабаған ит” деп үлкен әріппен жазылған жазу мен қолдан салынған иттің суреті байқалады.Тұрғындардың бірі жазу баяғыдан бар десе, енді бірі оны оқиғадан кейін ғана жазып қойды дейді.
«ТУЫСТАРЫМНЫҢ ЖАРТЫСЫ ОСЫ СЕКТАДА»
Тұрғындар реабелитациялық орталық аумағында жат ағымдағы діни секта жұмыс істейді дейді. Сөздерінше, олар бұған дейін қабаған иттер жөнінде де, секта жөнінде де әкімдікке айтқан. Бірақ ешқандай шара қабылданбаған. Олар бұл жолы да «жабулы қазан, жабулы күйінде қала ма» деп алаңдайды.
– Менің жасым 14-15 жаста болғанда жиен әпкем мен жездем сол жерде тұрған. Мен ол жерде кісенмен, жер сыпырып жүрген еркектерді өз көзіммен көргенмін. Олар сол жерде жер сыпырады, жұмыс істейді, тегін құл сияқты. Ал мына иттер солардың артында жүреді. Оларды нашақорларды қарап жүру үшін әдейі үйретеді. Қаңғыбас иттерге тас немесе таяқ лақтырсаң қашады ғой. Мыналар керсінше, саған қарай жүгіреді. Бұл секта. Ол туралы барлығы біледі. Мен ес білгелі бұл орталық болған. Менің туған ағам осы сектада. Туыстарымның жартысы осы сектада. Олар сол жерде сыйынады. Өздерінің кітаптары бар, – дейді Әлия есімді ауыл тұрғыны.
«ИТ АСЫРАУ – ХОББИ»
Ulysmedia тілшісі «Бостандық» реабелитациялық орталығына барды. Есік, темір дуалмен қоршалған ғимарат қақпасына жақындаған тұста, ауладан иттердің үріп жатқаны естілді. Қақпа сыртында бұл ғимаратта қандай да бір реабелитациялық орталық орналасқаны туралы тақтайша қойылмаған. Бұрғынғы мәдениет үйі болғандықтан ба, әйтеуір кіреберіс қақпасы бес қабатты тұрғын үйдің ауласына шығады. Орталықтың дәл алдында екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған түр-түсі көне тартқан ескерткіш орналасқан.
Қақпада ілулі тұрған қоңырауды бірнеше рет басқаннан кейін іштен бір адам шықты. Ол өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Аты-жөнін атаудан да бас тартты. «Реабелитациялық орталықта ерікті болып жұмыс істеймін» деді. Орталық директоры оқиғаға байланысты полицияға кеткенін, телефонын бере алмаймын айтты. Ол оқиға болған күнді «бір топ бала ауланың иттер тұрған жағындағы дуалға шығып, қамауда тұрған иттерді ызаландырып ойнаған, сосын, бір бала екіншісін ішке қарай итеріп жіберген» деп түсіндірді.
– [Ит асырауға] тыйым салынған ба? Бұл хобби. Біздің директор кинолог, ол оның хоббиі, – деді ол.
«25 ЖЫЛДАН БЕРІ ОСЫНДАМЫЗ»
Ол «орталықта діни жоралғылар жасала ма?» деген сұрақты жоққа да шығармады, терістемеді де.
– Оған тыйым салынған ба? Біз 25 жылдан бері осындамыз. Барлық ауыл біледі. Бұнымен құзырлы органдар айналысып жатыр. Біз құдайға сенеміз. Сіздер де құдайға сенесіздер. Жол жалғыз, дұрыс қой? Біз христиандық дінді ұстанамыз. Протестанттық... Бұл наркологиялық орталық. Тәуелділікпен күресетін «Бостандық» қоғамдық қоры, – деді ол.
ҚАБАҒАН ИТТЕР МЕН СЕКТА ТУРАЛЫ ЕСТІМЕГЕН ӘКІМ
Ауылдық округ әкімі Ислам Бауыржанұлы тұрғындар бұған дейін діни секта туралы да, қабаған иттер туралы да шағым айтып келген жоқ дейді. 20 күн бұрын сол футбол алаңында ашық аспан астындағы кинотеатр кешін өткізген. Бірақ ол кезде ешқандай қабаған иттерді көрмеген.
– Сол кезде бір иіс шыққан. Сол кезде барып қарасам, екі ит және бір сиыр байланып тұрды. Мен ештеңе етпейді, тазалықтың санитарлық нормаларын сақтаса, ауылдық аймақ қой, мал ұстаса бола береді деп ойладым. Ал мынандай мөлшерде ит ұстап, оны дрессировать ететіні туралы шағым болған жоқ, – дейді ол.
Әкімнің айтуынша, діни жат ағымдарға байланысты тексеру жұмыстары жүргізілетін болады. Оқиғадан кейін ауданда арнайы жиын өткен.
– 1999 жылы бұрынғы мәдениет үйі жеке меншкітің қолына өтеді. 2000 жылдан бастап «Бостандық» деген нашақорларға реабелитация жасайтын орталық ашылады. Содан бері ол жұмыс істеп келе жатыр. Бұл кісілердің нысаналық мақсаты – мәдениет үйі. Мәдениет үйі болғандықтан бұлар ол жерде мал шаруашылығын жүргізуге, мынандай көлемде ит ұстауға болмайды. Ауылды жерде болған соң тамақтың жуындысын төккенге бір-екі ит ұстаса, сүтін ішкенге бір сиыр ұстаса түсінеміз. Үлкен көлемде ит ұстау заң бұзушылық болып саналады. Сондықтан біздің тарапымыздан ветстанцияға, СЭС-қа және құзырлы мекемелерге хат жолданды. Енді олардың назарында бар. Иттер енді ол жерде ұсталынбайтын болады. Бұл орталықтың қаншалықты заңды екеніне байланысты... Ішінде басқаша ағымдағы, діни көзқарастағы адамдар жүр дейді. Ол бойынша таңғы 7-де жиналыс болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бар, прокуратура бар, аудан әкімі бар тиісті тапсырмалар берілді. Осы жұмыстар жүргізілетін болады. Ол бойынша мен қосымша тағы да хабарлайтын шығармын. Қазір ешнәрсе айта алмаймын ол туралы, – дейді әкім.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полиция мәліметінше, іс «Кәмелетке толмаған азаматтыңденсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру фактісі» бойынша қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.