Мемлекет басшысы салық төлеушілердің ақшасын тиімді жұмсауға шақырып жатқанда, Ulysmedia.kz бюджеттен түрлі мерекелік шараларға жүздеген миллион теңге еш кедергісіз бөлініп жатқанын анықтады. Одан бөлек, бұл қаражаттың көп бөлігі конкурс өткізілместен жұмсалуда.
КОСПЛЕЙ ФЕНОМЕНІ
2025 жылдың сәуір айында елордалық әкімдік құрған Astana Tourism туризмді дамыту орталығы халықаралық заманауи поп-мәдениет шарасын өткізуге конкурс жариялаған. Жобаның жоспарлы сомасы 357 миллион теңге.
Мердігер келесі қызметтерді көрсетуі керек болған: жарнамалық жұмыстарды жүргізу, 30 бейнеролик түсіру, тапсырыс берушінің логотиптері мен принттері бар өнімдер әзірлеу, атап айтқанда: 500 сөмке, 800 футболка, 500 брелок, 500 бейсболка (панама), 500 телефон қаптамасы, 500 чемодан қаптамасы.
Техникалық сипаттамада бұдан бөлек, мердігер косплей байқауына қатысуға өтінімдер қабылдауға міндеттелгені көрсетілген. Сонымен қатар ол бес қазылар алқасының мүшесін (кәсіби косплей әртістері, бұрынғы қатысушылар, сала өкілдері) және он танымал шетелдік блогерді шақыруы тиіс. Қатысу құнын да нақты көрсетуі қажет.
Сондай-ақ мердігер 300 волонтердің қатысуын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйыммен келісімшарт жасауы керек. Алайда жобаның жалпы бюджеті орасан болғанымен, косплей байқауына бөлінген сыйлық қоры небәрі 15 миллион теңге ғана болған.
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ҚҰПИЯСЫ
Еске салайық, Astana Tourism туризмді дамыту орталығы конкурсқа: «357 142 857,14 теңге» бөлген. Оған екі компания қатысқан: «Tau Innovative Solutions» ЖШС ұсынылған бағасы: «357 142 857 теңге», тапсырыс беруші көрсеткен сомамен шамалас. Екінші компания – жеңімпаз атанған «United Kingdom» ЖШС бұл қызметті: «356 977 000 теңгеге» орындауға келіскен. Тіпті 165 857 теңге жеңілдік жасаған. Adata.kz сервисінің мәліметінше, «United Kingdom» ЖШС 2014 жылдың шілдесінде Алматыда тіркелген. Құрылтайшысы – Наталья Абрашкина, қызмет түрі – конференциялар мен көрмелерді ұйымдастыру. Қызығы, компания тек 2023 жылдың қарашасынан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатыса бастаған. Барлық салық төлемі – 338,9 млн теңге.
СІЗ КІМСІЗ, АБРАШКИНА
Әлеуметтік желілерде кәсіпкер әйел Наталья Абрашкинаның жекелеген аккаунттарын табу мүмкін болмады. Әйел адам блог жүргізбейтін сияқты, ол шоу-индустрияда белсенді жұмыс істейтінін ескерсек, бұл тосын жағдай. Мысалы, БАҚ-тағы сұхбатында ол COMIC CON Astana фестивалінің бас продюсері Наталина Абрашкина ретінде көрсетілген. Ашық деректерге сүйенсек, 2017 жылы ол Астанада Lexus NX кроссоверін жүргізіп келе жатып жол-көлік оқиғасына түскен. Сот оны жол жүру ережесін бұзды деп танып, айыппұл салған. Мемлекеттік сатып алуға қайта оралсақ, Абрашкина мұндай тиімді тендерді алғаш алып отырған жоқ. 2023 жылы елорда әкімдігіне қарасты Astana Development Center ЖШС COMIC CON Astana фестивалін (билет сату арқылы) өткізу үшін «United Kingdom» ЖШС-мен бір көзден тікелей келісім арқылы 400 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Мердігер танымал шетелдік бір әртісті шақырып, оған қаламақы төлеуі керек болған. 2024 жылы Astana Development Center COMIC CON Astana фестиваліне 800 млн теңге бөліп, ешқандай конкурссыз «United Kingdom» компаниясымен тікелей келісімшарт жасаған. Мердігер 20 шетелдік блогердің, 5 белгілі шетелдік студия мен брендтің, шетелдік сериалдарда ойнаған 2 актердің қатысуын қамтамасыз етуі тиіс болған. Бұдан бөлек, имидждік өнімдер дайындау, сыйлық қоры мен жарнама жүргізу міндеттелген. Техникалық сипаттамада келісімшартқа қол қойылғаннан кейін жеткізушіге 30 пайыз көлемінде алдын ала төлем қарастырылған – бұл 240 млн теңге. Осы екі келісім бойынша да «Мемлекеттік сатып алулар» порталында конкурс нәтижесіне тек электронды актілер тіркелген. Ал ережеге сәйкес, мемлекеттік сатып алу шартының орындалуы нақты атқарылған жұмыстар актісімен, көрсетілген қызметтерді қабылдап алу рәсімімен ресімделуі тиіс.
COMIC CON ТАРИХЫ
Қазақстан астанасында заманауи поп-мәдениетке арналған алғашқы халықаралық Comic Con Astana фестивалі 2019 жылы өткен. Сол кезде елорда әкімдігіне қарасты «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС наурыз айында «Композит Медиа» ЖШС-мен 200 миллион теңгеге тікелей келісімшарт жасаған. Мердігер фестивальдің сценарийін, тұжырымдамасын, ресми сайт пен мобильді қосымшасын әзірлеуге міндеттелген.
Мамыр айында «Астана Конвеншн Бюро» «Композит Медиа» компаниясына 253 миллион теңгеге тағы бір мемлекеттік тапсырысты бір көзден орналастырған. Техникалық сипаттамада тапсырыс беруші қатысушыларға берілетін жүлделер мен шығындарды егжей-тегжейлі көрсеткен. Мысалы, 10 блогердің жазбасын ілгерілету үшін әрқайсысына 1 миллион теңгеден, ал бас жүлдеге 1,5 миллион теңге қарастырылған.
Adata.kz сервисінің мәліметінше, «Композит Медиа» ЖШС 2012 жылы Семейде Абдымурат Уразбековтың бастамасымен құрылған. Қазір бұл кәсіпорынның жағдайы мәз емес: салық қарызы – 222 миллион теңге, ал бюджетке аударылған сома 87 миллион теңге ғана. Фестиваль өткен кезде компанияның құрылтайшысы әрі басшысы – Айдос Жүсіпов болған. Айта кету керек, компания «Comic Con» деген тауар белгісін өз атына тіркеген. Алайда, 2024 жылдың наурызында мерзімі аяқталған соң, бұл құқық күшін жойған.
ЭПИЛОГ ОРНЫНА
Фестивальді өткізуге қомақты бюджет бөлінгенімен, ұйымдастырушылар билет сату арқылы да табыс табады. Мәселен, 2023 жылы фестивальге 100 мыңнан астам адам келген. Үш күндік акция бойынша билет бағасы ересектер үшін – 7500 теңге, балалар үшін – 5500 теңге болған.
2024 жылы фестивальге 50 мыңнан аса адам қатысқан. Бұл жылы бір билет сатылым басында – 4000, конкурсқа жақындағанда 7000 теңге, ал үш күндік билет 14 000-нан 23 000 теңгеге дейін өскен. VIP-билет бағасы 100-ден 250 мың теңгеге дейін жеткен.
Comic Con Astana фестиваліндегі гик-мәдениет жеңімпаздарына да жеке тоқталу керек. 2023 жылы 3,5 миллион теңге көлеміндегі гран-при Воронежден келген 23 жастағы ресейлік Келлер деген есімді қызға бұйырған. Ол Харима атты ойын кейіпкерінің образында өнер көрсеткен. Ал 1-орын мен 1,6 миллион теңге сыйлықты Якутиядан келген 28 жастағы РФ азаматы жеңіп алған.
2024 жылы 3,6 миллион теңге көлеміндегі гран-приді Ресейдің Красноярск қаласынан келген Роман Любимцев пен жары видеойын кейіпкерлерінің бейнесі арқылы иеленген. Ал 1-орынды және 1,7 миллион теңге жүлдені Новосібірден келген Ольга Придорогина жеңіп алған.
Айта кетейік, 2019 жылғы алғашқы фестивальде негізгі жүлделер Қазақстан қатысушыларына әділ түрде берілген еді.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін аймақтық бюджеттердің балалар үйірмелері мен секцияларынан үнемдейтіні, бірақ концерттерге бөлінетін шығынды қысқартпайтыны туралы жазған едік.