Кейінгі бірнеше күнде Әзербайжан мен Ресей қарым-қатынасы шиеленісе түсті. Мәскеу әзербайжандықтарға рейд жүргізіп, «қылмыс жасады» деген күдікпен қамауға алса, Баку «Ресей агенттерін ұстадық» деп мәлімдеп, Ресейдің пропагандалық «Sputnik Әзербайжан» агенттігіне тінту жүргізді. Бұған қоса Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Ресейді айыптайтын инсайдерлік ақпарат та жарияланды. Бұл ненің көрінісі? Дау неден басталды? Баку мен Мәскеу қарым-қатынасы неге суыды?
ЕКАТЕРИНБУРГТЕГІ РЕЙД
Әзербайжан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қақтығыс 27 маусымда Екатеринбург қаласында рейд кезінде қаза тапқан ағайынды Зиаддин және Гусейн Сафаровтардың өлімінен кейін ушықты. Ресей полициясы Зиаддин жүрек талмасынан қайтыс болды деген. Ал Гусейннің қазасы туралы үнсіз қалған. Ресей құқық қорғау органдары олардың 2001, 2010 және 2011 жылғы адам өлтіру қылмыстарына қатысы барын айтқан.
Әзербайжан бас прокуратурасы «60 жастағы Гусейн Сафаров шағын кәсіппен айналысқан, Екатеринбург полиция бөлімінде азапталып өлтірілген. Ал оның інісі, көлік жүргізушісі болып істейтін Зиаддин Сафаровты полиция қызмет көлігінде таңертең өлтірген» деп мәлімдеді.
Әзербайжан бас прокуратурасы «асқан қатыгездікпен топ болып адам өлтіру», «қызмет өкілеттігін асыра пайдалану», «азаптау» сияқты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Ресейде мигранттарды жаппай ұстау көптен бері жалғасып келеді. Ол Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін тіпті күшейген. Екатеринбургтегі рейд кезінде Әзербайжан диаспорасының басшысы Шахин Шахлинский де ұсталған. Құқық қорғау органдары одан қылмыстық істе куәгер ретінде жауап алып, уақытша босатқан.
“РЕСЕЙ АГЕНТТЕРІНІҢ” ҰСТАЛУЫ ЖӘНЕ МӘСКЕУ РЕАКЦИЯСЫ
Осыдан кейін Бакуде Ресейдің «Sputnik Әзербайжан» ақпарат агенттігінің кеңсесіне тінту жүргізіп, екі адамды ұстады. Кейіннен олардың агенттік бас редакторы Игорь Картавых пен шеф-редакторы Евгений Белоусов екені белгілі болды. Баку соты оларды төрт айға қамауға санкция берді. Ресми ұсталғандар «Ресейдің федералдық қызметінде істейтін агенттер» деп айтылды. Мәскеу оларды журналистер деп атап, дереу босатуды талап етті. Ресейлік пропагандалық журналист, «Россия сегодня» медиатобының бас редакторы Маргарита Симоньян тағылған айыпты «мүлдем ойдан шығарылған» деп атады. «Sputnik Әзербайжан» осы медиатоптың құрамына кіреді.
Ақпан айында Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айхан Гаджизаде «Sputnik Әзербайжан» агенттігі жабылғанын мәлімдеп, бұл медиа ұйымның тек бір тілшіге аккредитация алуға мүмкіндігі барын айтқан. Әзербайжан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, агенттіктің аккредитациясы тоқтатылғанына қарамастан, редакция «заңсыз қаржыландырылып», жұмысын жалғастыра берген.
Бұған қоса, Әзербайжан елде өтуі тиіс Ресейге қатысы бар мәдени шараларды да тоқтатып тастады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Бакудың бұл әрекетін айыптады.
«Екатеринбургте азаматтардың ұсталуы тек ғана құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысына қатысты. Оған әлгіндей реакция тудыратындай жөні жоқ. Біз Әзербайжанмен қарым-қатынасымызды одан сайын дамытуға мүдделіміз», – деді ол.
1 шілдеде Әзербайжан ел аумағында жүрген ресейліктерге рейд жүргізді. Оны «кибер қылмыс жасағандар мен есірткі саудасымен күрес» деп атады. Ресейлік басылымдар ұсталғандар арасында Мәскеу Украинаға басып кіргенде елден кеткен программистер бар деді. Олардың азапталып жатқанын жазды.
ҰШАҚ АПАТЫНА ҚАТЫСТЫ ИНСАЙДЕРЛІК АҚПАРАТ
Баку мен Мәскеу қарым-қатынасы ушыққан тұста Әзербайжанның «Minval politika» сайты Ақтау маңында құлаған AZAL Embraer E190 ұшақ апатына қатысты инсайдерлік ақпарат жариялады. Онда ұшақты атып түсіруге Ресей қорғаныс министрлігінің капитаны Дмитрий Паладичук бұйрық бергені баяндалған хатта бар.
The Insider басылымы капитан Дмитрий Паладичуктің расында да Ресейдің түрлі әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдерінде, оның ішінде Новосібірдегі Әуе күштері мен ӘШҚҚ 14-армиясында қызмет еткенін анықтаған. The Insider мәліметінше, Паладичук редакциямен телефон арқылы сөйлесу барысында түсіндірме хаттың шынайылығын растаған.
Былтыр 27 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына Әзербайжанға тиесілі жолаушы ұшағы құлап, 38 адам қаза тапқан. Сол уақытта Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақ апатына Ресейді айыптаған. Ол Мәскеуден кінәсін мойындауды және оқиғаға кінәлілерді жазалауды талап етті. Бірақ Ресей президенті Владимир Путин ұшақтың апатқа ұшыруына кешірім сұрағанымен, жауапкершілікті мойнына алмаған.
ҚАРАБАҚ ҚАҚТЫҒЫСЫ
Екатеринбургте болған оқиғаға ұқсас жағдайлар бұған дейін де болған. Мысалы, 2021 жылы Новосібір облысында 19 жастағы Векил Абдуллаевты полиция қызметкері атып өлтірген. Сот инспекторды «адамды кездейсоқ атып алды» деп, ақтаған. Ол кезде болған жағдайды диаспорасы өкілдері мен Әзербайжан парламенті ғана сынаған.
Сарапшылар Мәскеу мен Баку арасындағы текетірес Армения мен Әзербайжан арасындағы Қарабақ қақтығысынан кейін ушықты дейді. Әзербайжан 2020 жылы Арменияны жеңіп, Қарабақты қайтарып алғанан кейін, өзін аймақтық көшбасшы сезіне бастаған. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Мәскеудің Оңтүстік Кавказдағы ықпалы әлсіреген. Баку Ресей оккупациялап алған Украина аймақтарын мойындамайды. Киевке гуманитарлық көмек те беріп отыр.
ЫҚПАЛЫНАН АЙЫРЫЛҒАН РЕСЕЙ
Әзербайжан мен Ресей қарым-қатынасы ушыққан тұста ұлыбританиялық тарихшы Том де Ваал «Ресей бұдан былай Оңтүстік Кавказда қатал күш позициясын көрсете алмайды», – деп жазды.
Ал Берлиндегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Заур Шириев ВВС-дің орыс қызметіне берген сұхбатында «Әзербайжан Ресеймен тікелей бәсекелеспейді, бірақ Оңтүстік Кавказда көшбасшылыққа таласуға мүдделі» деді.
– Баку Ресейдің Грузияда бұрынғыдай ықпалын қалпына келтіргенін қаламайды. Себебі ол арқылы негізгі энергетикалық және көлік маршруттары өтеді. Әзербайжан Арменияда билік басына ресейшіл күштердің келгенін де қаламайды. Өйткені олар Қарабақтан толықтай бас тарту позициясын қолдамайды, – дейді Шириев.
Санкция жағдайында Ресейдің Әзербайжанға тәуелділігі де артқан. Әзербайжан арқылы өтіп жатқан газ құбырларын айтпағанда, Ресей үшін Азияға шығатын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі өте маңызды.