Қырғызстан 12 жылдық мектеп білім беру жүйесін енгізуді жеделдетті, бірақ алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталды. Қазақстанның үлгісімен Қырғыз билігі балаларды әлемнің 140 еліндегідей – 12 жыл оқытуға көшетін уақыт келді деп шешті. Көршілес елдегі білім беру жүйесінде не өзгертінін және олардың 12 жылдық жүйеге тез әрі ауыртпалықсыз өте ала ма? Ulysmedia.kz зерттеп көрді.
Қазақстан 12 жылдық жүйеге қалай көшті
Қазақстанда балаларды 12 жылдық оқу жүйесіне көшіру талпыныстары жиырма жылға созылғаны белгілі. Жүйе бүкіл ел бойынша көп әрі сапалы білім беруге дайын болмай шықты. Мектептердің, мұғалімдердің, оқулықтардың жетіспеушілігі, әдістемелердің жоқтығы – бұлар өткен жылдардағы мектеп білімінің жағымсыз белгілері болғанымен, шынайы әрі объективті жайттар еді. Дегенмен, таңдау жасалды және баяу болса да, Қазақстан біртіндеп алғашқы қоңырау мен соңғы қоңырау арасындағы уақыт 12 жыл болатын жүйеге көшті.
Алға, Қырғызстан!
Қырғызстан – географиялық тұрғыда әлдеқайда шағын ел. Ара қашықтықтың ішкі процестерге әсері өзгеше деп айту қиын, бірақ сырт көзге қарағанда, бұл ел Қазақстанның барлық тәжірибесін өз көлеміне ықшамдап, 12 жылдық жүйеге көшуді екі жылда жүзеге асыруды ұйғарғандай көрінеді.
2024 жылы келесі жылдан бастап балалар мектепке 6 жастан баратыны жарияланған кезде, көптеген ата-ана, жұмсақ айтқанда, аң-таң болды. Бұл олардың балаларын мектепке бергісі келмегендіктен емес, оларды 12 жыл бойы оқыту идеясынан шошынғандықтан да емес еді. Көпшіліктің пікірінше, елдегі орта білім беру жүйесі әлі де көптеген мәселеге тап болып отыр. Бұл проблемалар ТМД елдеріне ортақ әрі көп жылдан бері өзгермей келе жатқан түйткілдер: мектеп жетіспеушілігі, кадр тапшылығы және оқулықтың жоқтығы.
Әртүрлі бағалаулар бойынша, бүгінде Қырғызстанда шамамен 650 мектеп пен мыңға жуық мұғалім жетіспейді. Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Умутхан Тыналиева жаңа мектеп жүйесі туралы айтпас бұрын, қазіргі жүйенің өзекті мәселелерін шешу қажет деп санайды.
– Ата-аналар 12 жылдық жүйеге сыни көзқараспен қарайды. Мұның да себебі жоқ емес. Қазіргі мектепке көп ата-ана разы емес: оқыту сапасы төмен, берілетін білім мазмұнсыз, балаға шамадан тыс жүк түседі, ал ол бағдарламалық материалды меңгеріп үлгермейді. Осындай мектепте тағы бір жыл артық оқу ешбір ата-анаға ұнамайтыны анық. Олар үшін 11 жыл – көп, ал 12 жыл – бұл тіпті трагедияға айналғандай, – дейді ол.
Сонымен қатар, бұл мәселеде қоғам пікірі екіге жарылғанын түсіну керек: жаңа өзгерістерді қолдаушылар мен қарсы шыққандар бар. Кертартпалар балаларды оқытуға Кеңес Одағы кезіндегідей 10 жыл жеткілікті деп есептейді. Айта кету керек, сол кезеңдегі білім сапасы әлі күнге дейін өз әсерін көрсетіп келеді. Айтпақшы, сол жылдары мектеп бітіргендердің бірі – Жогорку Кенеш депутаты Камила Талиева.
Дәл осы депутат Жогорку Кенештегі бір отырыста білім министрлігінің жұмысына «екі» деген баға қойып, ведомствоның жаңа мектеп жүйесіне көшуге дайын емес екенін мәлімдеді. Депутаттың өткенді сағынатыны «Тіпті Ұлыбританияның өзі кеңестік 10 жылдық білім беру жүйесін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр» деген сөзінен кейін белгілі болды. Талиева көтерген бұл мәселеге кейіннен Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Камчыбек Ташиев те қолдау білдірді. Қырғызстандағы саяси ерекшелікті ескерсек, бұл пікір биліктің шешімімен теңестірілді. Нәтижесінде 12 жылдық жүйеге көшу уақытша тоқтатылды. Оның бір себебін Умутхан Тыналиева атады.
– Мұндағы мәселе – халықтың өз білім министрлігіне деген терең сенімсіздігінде. Соңғы 30 жылда қанша реформа жасалғанын санап та шаршадым. Әр министр келген сайын өз реформасын алып келеді: бірі оқулық басуды өзгертеді, бірі мұғалім даярлауға басымдық береді, үшіншісі келіп, бірден бұйрықпен 12 жылдық жүйені енгізіп жібереді. Мұндай жағдайда мұғалімдердің өзі бұл өзгерістерге сенбейді. Ең бастысы – бұл жүйені қалай жүзеге асыратыны жөнінде нақты жоспар мен тұжырымдама жоқ, – деді ол.
Министрліктің тек бұйрықпен бұл реформаны енгізуі шын мәнінде, мүмкін емес.
Кезең-кезеңімен енгізу шешімі қабылданды
Жоспар – асықпай, бірақ тоқтамай алға жылжу. Қырғыз билігі 12 жылдық мектеп жүйесінен толық бас тартқан жоқ, бірақ бұл өзгерісті біртіндеп іске асыру керек деген тоқтамға келді. Статистикалық деректер жағдайдың күрделілігін көрсетті. 2023 жылы Білім министрлігі білім сапасына талдау жүргізді. Оның нәтижесі бойынша балалардың шамамен 64 пайызы математиканы білмейді әрі оны қолдана алмайды, ал 42 пайызы оқығанын түсінбейді. Оларда жасанды интеллектпен шығармашылық жұмыс істеу қабілеті, еңбек нарығына сай базалық дағдылар жетіспейді. Бұл Қырғызстанның келешекте бәсекеге қабілетсіз елге айналу қаупін арттырады.
Министрліктің қорытындысы: жағдайды тек 12 жылдық білім беру бағдарламасы ғана құтқара алады. Бұл бастапқы шешім ретінде қабылданды. Алайда сын күшейгеннен кейін және тек салалық ведомствоның бұйрығы жеткіліксіз деп танылған соң, көшу процесі кезең-кезеңімен іске асырыла бастады.
Бастапқыда барлық оқушы келесі сыныпқа бірден көшеді деп жоспарланған болатын – мысалы, 4-сыныптан бірден 6-сыныпқа немесе 9-дан 11-сыныпқа. Бірақ кейін бұл «мини-экстерн» тек бірінші сыныпқа баратындарға қатысты болады деп шешілді.
Бесінші және жетінші сыныптар қыркүйектен бастап жаңа оқулықтармен оқуға көшеді. Бұл ретте бағдарламалар біріктірілген түрде болады. Мысалы, бесінші сыныптарда бесінші және алтыншы сыныптардың материалдары қамтылады, ал биылғы оқу жылының бағдарламалары мен пәндік стандарттарының басым бөлігі «өту кезеңі» деген белгімен енгізіледі.
– Менің ойымша, 12 жылдық жүйе қажет, себебі бүгінде шамамен 160–165 ел осы үлгімен жұмыс істеп келеді. Бірақ біз өзімізді олармен, тіпті көрші Қазақстанмен де салыстыра алмаймыз. Қазақстан бұл жүйені кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. 12 жылдыққа нақты қаржылық ресурспен, нақты әрі кәсіби орындаушылармен кіру керек. Білім беру жүйесінің инфрақұрылымы дайын болуы тиіс, ең бастысы мұғалімдер болуы қажет, өйткені оларсыз 12 жылдықты іске асыру мүмкін емес, – дейді Умутхан Тыналиева.
Мұғалімдер туралы
Мұғалімдерге бұл үдеріс барысында қайта даярлықтан өтуге тура келеді. Себебі жаңа 12 жылдық мектепте пәндер біріктірілген форматта оқытылады. Мысалы, дәстүрлі химия пәнінің орнына оқушылар химия, физика және биологияны қатар өтетін сабақтарға қатысады. Бұл үшін мұғалімдерге қосымша білім қажет болады. Кәсіби қайта даярлау курсы бір жылдан бір жарым жылға дейін созылады. Тек «Жаратылыстану ғылымдарының мұғалімі» біліктілігін алғаннан кейін ғана педагог интеграцияланған пәндерді жүргізуге рұқсат алады. Айта кету керек, бұл қайта даярлау курстарын мұғалімдер өз қаражаты есебінен өтеді.
Ал қосымша дағдыны меңгеру әлі реттелетін үдеріс болса, алты жастан бастап оқуға кірісетін бірінші сынып оқушылары мәселесі шешілген шаруа. Жоспар бойынша, осы оқу жылында тек Бішкектің өзінде 23 мың жаңа оқушы мектепке барады. Алайда қалалық білім басқармасының мәліметінше, мектептерде тек 9 мың баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Қалған 14 мың бала алғашқы мұғалімімен балабақшада танысады. Бастапқыда сыныптар мектепке дейінгі мекемелер базасында жабдықталады. Өйткені бұл жүйе алғашқы «емтиханын» әлі тапсырған жоқ. Ал мұндай сынақтар болары сөзсіз, дейді бұрынғы білім министрінің орынбасары Умутхан Тыналиева.
– Ең күрделі жағдай Бішкекте болады деп жатыр. Мүмкін, Ошта және тағы басқа қалаларда да жағдай қиын шығар, онда мектептер мен балабақшалар лық толы. Ендеше, оларға дербестік беріңіздер, жергілікті билік, әкімдік, білім басқармалары бұл мәселені өз деңгейінде шешсін. Қай жерде олар бұл өзгерісті жүргізуге дайын, қай жерде дайын емес, соны өздері анықтасын. Мектепке дайын емес баланы балабақшадан жай ғана мектепке ауыстыру ма, әлде даярлық топты балабақшада қалдыру ма – осыны шешу керек.
Алғашқы сұрақтар, тіпті оқушылардан бұрын, 1 қыркүйекте ата-аналар тарапынан туындайды. Бұл мезгілде Қырғызстанда орташа ауа температурасы 30 градус. Бірақ жаңа оқу жылында нағыз «ыстық» ауа-райы қыркүйектің күнінен емес, білім жүйесіндегі қызу пікірталастан болады. Себебі бірінші сыныпқа барған балалардың ата-аналарынан келетін барлық сұраққа Білім министрлігінің нақты жауабы табыла бермейді. Әзірге уақыт барда шенеуніктер 11-ді 12-ге айналдыруға тырысып жатыр. Бұл – көптеген «белгісіздері» бар шешім. Сондықтан да бейресми түрде айтсақ, егер салалық ведомство уайымдаған оқушы секілді емтиханда жауаптарын «жорамалмен» толтырып жіберсе, ешкім таңданбайды.