Палестинаны мойындау: Еуропа АҚШ ықпалынан шығып жатыр ма

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Палестинаны мойындау легі Еуропаға теңіз тасқыны сияқты лап қойып, саяси ландшафттың үйреншікті пішінін өзгертіп жатыр. Норвегия, Испания және Ирландия палестиналық мемлекетті ресми түрде мойындаған елдер мәртебесін заңды түрде бекітті. Ал Франция, Ұлыбритания және Скандинавия елдері сынды алыптар қатарындағы басқа мемлекеттер де бұл бағытты қолдауға дайындалып жатыр. Бұл толқындардың артында не тұрғанын Ulysmedia.kz анықтап көруге тырысты.

Палестина тарихи таңдаудың алдында

Палестинаны мойындау мәселесі ұзақ уақыт бойы күрделі әрі аса сақтықты талап ететін тақырып. Көптеген еуропалық ел бұл "миналы алқапта" жүріп өтуден барынша тартынатын. Алайда аймақтағы соңғы оқиғалар шегіне жеткен шиеленіспен ерекшеленіп, кейбір мемлекеттерді батыл қадамдарға итермелегендей. Соңғы айларда Еуропа ұзақ ұйқыдан оянған жанартаудай бұл мәселеге қатысты белсенділік таныта бастады.

Норвегия, Испания және Ирландия Палестина мемлекетін мойындау жөнінде нақты қадам жасады. Норвегия мен Испания 1967 жылғы шекараны, соның ішінде Шығыс Иерусалимді, Иордан өзенінің Батыс жағалауын және Газа секторын нақты атап өтті. Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясында 2025 жылдың қыркүйегінде осы жолды ұстану ниетін жариялады. Андоррадан Жаңа Зеландияға дейінгі тағы тоғыз мемлекет бұл бастамаға қосылуға дайын екендерін білдірді.

Алайда бұл шешімдердің астарында не жатыр? Бұл әділдікке деген шынайы ұмтылыс па, әлде Еуропаның АҚШ ықпалынан шығуға тырысқан саяси риторикасы ма? Ең бастысы – Палестинаны мойындау оған не береді, ал әлем үшін оның мәні қандай?

Сөзден іске көшкен сәт

Испания премьер-министрі Педро Санчес Палестинаны мойындау туралы мәлімдеме жасағанда былай деп атап өтті:

– Енді сөзден іске көшетін кез келді, миллиондаған палестиналықтарға біз олардың жанында екенімізді және үміттің бар екенін айтуымыз керек.

Бұл мәлімдеме жай риторика емес, ол Еуропада палестиналық мемлекетті мойындамайынша Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес деген сенімнің күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Палестинаны 1967 жылғы Алты күндік соғыстан бұрынғы шекаралар аясында мойындайтынын нақтылаған Норвегия бұл қозғалысқа салмақ қосты. Елдің премьер-министрі Йонас Гар Стере:

– Палестинаны мойындау – бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы болып саналатын екі мемлекет шешімін қолдау қадамы, – деді.

Ирландия да бұл қадамды ХАМАС сияқты радикалды топтарға балама ретінде қарастырады. Елдің сыртқы істер министрі Михол Мартин бұған дейін:

– Палестинаны мойындау – палестиналықтарға зорлық-зомбылықсыз болашаққа үміт сыйлаудың жолы, – деген болатын.

Дирижер кім? 

Франция бұл еуропалық оркестрдің дирижері болуға ұмтылып тұрғандай.

– Франция Таяу Шығыста әділетті әрі берік бейбітшілікті қолдау үшін Палестина Мемлекетін мойындайды, – деп мәлімдеді Макрон, бұл туралы ресми мәлімдеме БҰҰ Бас Ассамблеясында жасалатынын нақтылап.

Париждің бұл қадамы Францияның халықаралық саясаттағы рөлін күшейту талпынысы ғана емес, сонымен қатар Еуропаның АҚШ ұстанымына тәуелділігін қайта қарау әрекеті ретінде қабылдануда.

Айта кетейік, АҚШ дәстүрлі түрде Палестинаны біржақты мойындауға қарсы шығып, Израиль мен Палестина ұлттық әкімшілігі арасындағы тікелей келіссөздерді қолдайды.

Франция – Палестинаны мойындаған БҰҰ-ның 193 мүшесінің ішінде 148-ші мемлекет болмақ.

Ұлыбританияның жоспары

Telegraph басылымының хабарлауынша, жоғарыда аталған елдерден бөлек, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер алдағы күндері АҚШ, Еуропа және араб елдеріндегі одақтастарына Газадағы соғысты тоқтатуға бағытталған жоспарды ұсынбақ. Бұл жоспар Палестина мемлекетін мойындауды да қамтиды. Премьер-министрдің айтуынша, егер Израиль үкіметі Газа секторындағы сұмдық жағдайды тоқтату үшін маңызды қадамдар жасамаса, Ұлыбритания бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қыркүйектегі сессиясында жария етпек.

Риторика ма, әлде стратегиялық бетбұрыс па?

Палестинаны мойындау толқыны шынайы бейбітшілікке ұмтылыс па, әлде саяси айла ма деген сұрақ құмды дауылда көкжиекті анық көруге тырысқанмен бірдей. Бір жағынан, Францияны қоса алғанда, көптеген еуропалық елдің Палестинаны мойындауы Таяу Шығыстағы қақтығыста тепе-теңдікті қалпына келтіруге жасалған қадам ретінде қабылдануы мүмкін. Ұдайы сырттан бақылаушы рөлінен шаршаған Еуропа бұл жолы бастама көтеруге ниетті сияқты. Алайда скептиктер мұндай әрекеттерді нақты нәтиже беретін емес, символдық қадам деп бағалайды. Екі мемлекет негізіндегі шешімді жүзеге асыру жоспары жоқ жағдайда Палестинаны мойындау ешқайда апармайтын көпір салумен тең. Палестина аумағының едәуір бөлігін бақылауда ұстап отырған Израиль бұл әрекеттерді қатты сынға алды. Израиль сыртқы істер министрі Исраэль Кац Норвегия, Испания және Ирландияның шешімін «терроризм ақталатын кезең басталды» деген белгі деп атады. Тель-Авив мұндай қадамдар Израильдің егемендігін әлсіретіп, Газадағы атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге кедергі келтіреді деп есептейді.

Ойын ережесі

Палестинаға қатысты дипломатиялық мәлімдемелер легін Ulysmedia.kz-ке Central Asia Due Diligence ұйымының басшысы, саясаттанушы Алишер Илхамов былайша түсіндірді:

– Егер Франция Палестинаны мемлекет ретінде мойындаса, бұл Газа секторы мен жалпы Палестинаға қатысты жағдайды түбегейлі өзгертеді. Себебі Испания, Ирландия және Норвегияны қоспағанда, Еуропа әлі күнге дейін Израильді одақтасы ретінде қарап, қару-жарақ жеткізіп келді әрі Палестинаның егемендігін мойындаған жоқ, – деп еске салды сарапшы.

Саясаттанушының айтуынша, Еуропалық Одақтағы екі жетекші елдің бірі ретінде Франция бұл мәселе бойынша басқа мемлекеттерге ықпалын күшейтіп, ойын ережесін өзгертіп жатыр. Қазірдің өзінде Британия Макронның ықпалымен Палестина егемендігін мойындауға дайындалып жатыр. Алайда Париж бен Лондонның мұндай шешімі қандай салдарға әкелуі мүмкін? – деген сауал тастайды сарапшы.

– Ең алдымен, бұл шешім Газа секторы халқының жағдайын жеңілдету мақсатында Израильге қосымша қысым жасайды және Нетаньяху режимінің халықаралық оқшаулануын күшейтеді. Дәл осы қысымның әсерінен Израиль гуманитарлық көмекті Газаға жеткізуге аз да болса рұқсат берді, – деп санайды Илхамов.

Жағдай өзгере ме?

Алайда саясаттанушы Алишер Илхамовтың пікірінше, бұл мойындау жағдайды түбегейлі өзгертпейді. Палестиналық аумақтар әлі де іс жүзінде толықтай Израильдің бақылауында қалып отыр. Ал Палестинаның егемен мемлекет ретіндегі құқықтық мәртебеге ие болуы үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі қажет. Алайда АҚШ бұл резолюцияға міндетті түрде вето қоятыны анық.

– Сондықтан Палестина белгісіз уақытқа дейін БҰҰ жанындағы дауыс беру құқығы жоқ байқаушы мемлекет мәртебесінде қала береді. Яғни, өз егемендігін қорғау үшін халықаралық құқық механизмдеріне жүгіне алмайды. Қазіргі жағдайда ең басты мәселе – Нетаньяху режимі өзін-өзі қорғау сылтауымен бастап кеткен Газа халқын жою әрекетін тоқтату, – дейді саясаттанушы.

Еуропада да бірлік жоқ…

Сонымен қатар, Еуропа елдерінің бұл мәселеге қатысты ұстанымдары біркелкі емес. Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Палестинаны мойындауға қарсы шығып, қақтығысты шешудің жалғыз жолы — келіссөздер екенін атап өтті. Әлемнің көптеген елдері палестиналық мемлекетті мойындағанына қарамастан, Батыстың біраз елдері, соның ішінде Германия, мұндай қадамға тек Израильмен жан-жақты бейбіт келісім аясында ғана баратынын мәлімдеді.

Францияның шешімін Израиль мен АҚШ қатты сынады. Олардың айтуынша, бұл ХАМАС-ты заңдастыруға жол ашады. Айта кетейік, ХАМАС — Израиль, АҚШ, Еуроодақ және көптеген Батыс елдері тарапынан террористік ұйым ретінде танылған.

…араб әлемінде де бірлік жоқ

Бірлік араб әлемінің өз ішінде де байқалмай отыр. 30 шілдеде БҰҰ-ның Израиль мен Палестинаға қатысты екі мемлекет шешіміне арналған конференциясында араб елдері, оның ішінде Катар, Сауд Арабиясы мен Мысыр, ХАМАС-ты қарусыздандыруға және Газа секторындағы билігін тоқтатуға шақырған құжатқа қол қойды.

Іс-шараға 17 мемлекет, Араб мемлекеттері лигасы мен Еуроодақ өкілдері қатысты. Барлығы декларацияға қол қойды. Конференцияның Сауд Арабиясымен бірге тең төрағасы болған Франция бұл құжатты «тарихи және бұрын-соңды болмаған» деп бағалады.

– Араб және Таяу Шығыс елдері алғаш рет ХАМАС-ты айыптап отыр. 7 қазандағы оқиғаларды айыптап, ХАМАС-ты қарусыздандыруға, оны палестиналық басқару құрылымынан шығаруға шақырып отыр. Сонымен қатар болашақта Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге ниетті екенін анық білдіруде, – деді Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро.

Құжатты БҰҰ қабылдауы тиіс

Конференцияда қол қойылған құжатты БҰҰ қыркүйек айына дейін ресми түрде қабылдауы тиіс. Сол уақытқа дейін оған тағы бірнеше мемлекет қолдау білдіреді деп күтілуде.

“Біз өз алдымызға дербеспіз”

Осы жағдай аясында мынадай сұрақ туындайды: Палестинаны мойындау толқыны Еуропа елдерінің АҚШ-тан тәуелсіз екендігін көрсетуге талпынысы емес пе? Бұл жерде бір жайтты нақтылап өткен жөн: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде вето құқығына ие АҚШ Палестинаның БҰҰ-дағы толыққанды мүшелігін дәстүрлі түрде бұғаттап келеді. Вашингтон бұл мәселенің тек келіссөздер нәтижесінде шешілуі керек екенін алға тартады. Ал Франция, керісінше, Еуропаның тәуелсіз ойыншы бола алатынын көрсетуге тырысып отыр, теңіз арғы жағынан ескерту дабылы естіліп тұрса да, бағытын өзгерткен кеме іспеттес.

Танымал ұран

АҚШ Мемлекеттік департаментінің бұрынғы қызметкері, Peace Through Strength Institute атты консервативті зерттеу орталығының кеңесшісі Алексей Собченко бұл мәселеге қатысты пікірінде әлдеқайда қатаң көзқарас танытты:

– Еуропаның бірқатар мемлекеттері тарапынан Палестинаны мойындау – күштер тепе-теңдігінің өзгеруі немесе ЕО мен АҚШ арасында басталған елеулі жанжалдың көрінісі емес. Палестиналықтардың құқықтарын қорғау – бүгінде еуропалық, сондай-ақ ішінара америкалық солшылдар арасында танымал ұстанымға айналды. Бұл үрдіс алдағы уақытта кеңейе түседі. Көп ұзамай «бұзылған Батыстың» құрбаны ретінде басқа елдерге де назар аударыла бастайды, – дейді сарапшы.

Солшыл зиялылар

Сөзін жалғастырған Алексей Собченко былай дейді:

– Өз уақытында Батыстың «бұзылған» қоғамының құрбандарының қатарында еврейлер де болған, сондықтан сол кезеңде еврейлерді қорғау да маңызды тақырыпқа айналды. Мәселен, 1967 жылы өткен алты күндік соғыс кезінде солшыл зиялылар Израильді бірауыздан қолдаған еді. Ал бүгінде олар Израильді Батыстың бір бөлігі ретінде қабылдап, оған қарсы шығуда, өйткені ол – "жаман" мемлекет.

Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда Палестина – мемлекеттік аппарат, полиция және БҰҰ жанындағы өкілдігі бар жартылай танылған квазимемлекеттер қатарына жатады.

– Болашақта мұндай квазимемлекеттердің тізімі көбейіп, бұл халықаралық құқық пен тұрақтылықтың орнауына кері әсерін тигізе ме деп қорқамын, – деп ескертеді Собченко.

Палестинаны мойындаудан пайда бар ма? 

Еуропа елдері тарапынан мойындалу — Палестина үшін тек символдық қадам емес, сонымен қатар оның халықаралық легитимдігін нығайту жолындағы маңызды белес. 2012 жылы БҰҰ-да байқаушы-мемлекет мәртебесін алғаннан кейін, Палестина халықаралық процестерге қатыса алатын мүмкіндікке ие болды. Енді Франция сияқты ықпалды елдердің мойындауы басқа мемлекеттер үшін де қозғаушы күшке айналуы мүмкін.

Бұл дипломатия лабиринтіндегі жаңа есіктердің ашылуына ұқсайды: Палестина халықаралық ұйымдарға кеңірек қатыса алады, гуманитарлық көмекке және экономикалық ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігі артады.

Айта кетейік, қазіргі таңда БҰҰ резолюциясы Палестина мемлекетінің Бас Ассамблеядағы құқықтарын кеңейтеді, бірақ оған дауыс беру немесе БҰҰ органдарына өз кандидатурасын ұсыну құқығын бермейді. Дауыс беру құқығы — Палестинаның БҰҰ-дағы толыққанды мүше болуына жетпей тұрған жалғыз шарт. Алайда БҰҰ Жарғысына сәйкес, мұндай мәртебені Бас Ассамблея бере алмайды — ол үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы қажет.

Мойындауға қатысты күрделі сұрақтар

Бұл арада Палестинаны мойындау әлемнің қалған елдері үшін Израильге екі мемлекет шешімі жөніндегі келіссөздерге қайта оралуға қысым жасаудың құралына айналуда. 2024 жылдың қыркүйегінде қабылданған резолюцияны қоса алғанда, БҰҰ қабылдаған бірқатар қарарлар Израильді оккупацияланған аумақтардан кетуге шақырады. Онда 1967 жылдан кейін басып алынған жерлерден шығу қажеттілігі ерекше атап өтілген. Алайда бұл шешімдердің нақты ықпалы шектеулі, өйткені Бас Ассамблея резолюцияларының заңды күші жоқ, ал Израиль халықаралық қауымдастық заңсыз деп есептейтін қоныс салу саясатын жалғастырып отыр.

Мойындау сонымен бірге бірқатар күрделі сұрақтарды күн тәртібіне шығарады. 1967 жылғы шекаралар, соның ішінде Шығыс Иерусалим – даулы мәселе. Палестиналықтар үшін Шығыс Иерусалим болашақ мемлекеттің астанасы саналса, Израиль бүкіл Иерусалимді өзінің «бөлінбейтін» астанасы деп есептейді. Бұған қоса, Батыс жағалауды бақылауда ұстап отырған ФАТХ пен Газада билікке ие ХАМАС арасындағы ішкі алауыздықтар біртұтас палестиналық мемлекетті құруды қиындата түседі. Бұл мәселелер шешілмейінше, Палестинаны мойындау — қираған ғимараттың сыртына ілінген әдемі тақтайшадан аспауы мүмкін.

Декларативтік сипат

Бұл жағдайға байланысты біз израильдік саясаттанушы Марина Пикулинаның пікірін білдік.

– Еуропа елдерінің Палестина мемлекетін мойындауы бұл мемлекеттің шынымен өмірге келетініне кепілдік бермейді. Мемлекетті құру үшін оның шекарасы, мәртебесі, басқару формасы, басшылығы, астанасы және басқа да көптеген мәселелер нақты анықталуы тиіс. Қазіргі мойындаулар — декларативті сипаттағы мәлімдемелер. Олар Израильге Газа халқы үшін гуманитарлық көмек көрсету мәселесінде қысым жасау мақсатында жасалып отыр, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Франция мен Ұлыбритания Палестинаны мойындау шешімін Газа секторындағы жағдай өзгеретін болса, қайта қарауға дайын екенін мәлімдеген.

Сайлаушыларға берілген белгі

– Норвегия, Испания, Бельгия сияқты елдерде прогрессивті және солшыл күштер ықпалды. Олардың саяси өзін-өзі анықтауында Палестинаны қолдау маңызды орын алады. Сондықтан мойындау сол елдердің сайлаушыларына берілген белгі іспеттес. Қазіргі кезде әлемнің 147 елі палестиналық мемлекетті мойындаған, бірақ бұл оның құрылуына қатысты келіссөздердің басталуына да әкеп соққан жоқ, – деп қорытындылайды Марина Пикулина.

Қақтығыс қаупі бар

Осы тұста қақтығыс қаупі әлі де сейілмеген. Израиль бұл әрекеттерді біржақты әрі дұшпандық деп бағалап, мұның шиеленістің одан әрі ушығуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар, бұл мойындау Батыс елдерінің ішінде де жіктелуге себеп болуы мүмкін, өйткені олардың ұстанымдары арасында қайшылықтар бар.

Ақырында, Еуропадағы Палестинаны мойындау толқыны – тек жекелеген дипломатиялық актілер жиынтығы емес. Бұл халықаралық тәртіпке түбегейлі өзгеріс әкелуі мүмкін сейсмикалық белсенділік. Ол бұрынғы одақтарға сын-тегеурін тудырып, жаңа геосаяси бағыттардың пайда болуына жол ашуы мүмкін.

Бұл жаңа еуропалық стратегия Таяу Шығыстағы бейбітшілікке апарар кілтке айнала ма, әлде күтпеген жаңа қиындықтарға себеп бола ма – оны уақыт көрсетеді.

Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Әл Сауд айтқандай:

– Таяу Шығыста бейбітшілікке апарар жол – тәуелсіз Палестина мемлекетін құру.

Алайда бұл кілтті құлыпқа айналдыру үшін символикалық қимылдар мен ниеттен бөлек, әлдеқайда нақты әрі пәрменді әрекет қажет болады.