Айгүл Байбек өзінің адамға деген адалдығына сенгені үшін кезінде табысты болған бизнесі дерлік күйрегенін айтады. Қызметкерлерге жалақы төлеу үшін ол әкесінен сыйға алған жылжымайтын мүлікті сатуға мәжбүр болған. Бұл туралы және туыстары журналистерге «Байбек әулетінің құрбаны» деп таныстырған әйелдің 280 млн теңгеден астам қаржыны қалай ұрлағаны жөнінде ол Ulysmedia.kz-ке жолдаған хатында баяндады.
Кім кімді алдады?
Еске салайық, тамыз айының соңында астаналық Ризагүл Махметованың туыстары журналистерге сұхбат беріп, екі баланың анасын елдің ықпалды тұлғаларының бірі саналатын адамның әпкесінің жала жабуымен соттағанын айтқан еді. Олардың айтуынша, әйелді істемеген қылмысы үшін 7 жылға соттап жіберген. Туыстарының сөзіне сенсек, Махметова өзінің кінәсіздігін растайтын дәлелдерді сотқа ұсынған, алайда процесс біржақты жүрген. Өйткені істің жәбірленушісі кезінде ықпалды шенеунік болған Бауыржан Байбектің әпкесі Айгүл Байбек болатын. Сол кезде Ulysmedia «Aray Media Group» ЖШС-нің құрылтайшысы Айгүл Байбектен пікір алуға тырысқан, алайда интернеттен табылған телефон байланысқа шықпаған, ал компанияның сайты жұмыс істемеген. Біраз уақыттан кейін редакцияға Айгүл Байбектің хаты келген. Онда ол Ризагүл Махметованың әрекеті оның бизнесін өте қиын жағдайға қойғанын айтады.
– Мен, Айгүл Байбек, өнертану кандидаты, педагог және көп жылдық тәжірибесі бар ғалыммын, 50-ден астам ғылыми мақалалар мен еңбектердің авторымын. 2014 жылы әкем Байбек Қыдырғалидың қаржылық және ұйымдастырушылық қолдауымен «нөлден бастап» Астанада жеке студия – Aray Media Group-ты құрдым. Ол 10 жыл ішінде ұлттық киноөндірістің жетекшілерінің біріне айналды. Компания Disney және Sony секілді халықаралық компаниялардың ресми серіктесі болып, фильмдерді қазақ тіліне дубляждаумен айналысты, ондаған телесериалдар мен фильмдер түсірді. Олардың ішінде еліміз тарихындағы алғашқы мюзикл фильмі – «Дос-Мұқасан» бар. Бұл – мәдени құбылыс әрі Қазақстандағы ең табысты жобалардың бірі. Студия ашық түрде, ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп, бюджетке 400 млн теңгеден астам салық төлеп, саланың ең ірі салық төлеушілерінің біріне айналды, – деп жазады Бауыржан Байбектің әпкесі өз бизнесі туралы.
Ол ешқашан әкімшілік мәселелерге араласпағанын, шығармашылыққа көңіл бөлгенін айтады. Осы жағдайды ЖШС-нің бас бухгалтері Ризагүл Махметова пайдаланған. Айгүл Байбектің айтуынша, компанияның барлық ЭЦҚ-лары, банк шоттарына жалғыз өзі қол жеткізу мүмкіндігі және барлық бухгалтерлік құжаттар соның қолында болған.
– Сотталған Махметова банк үзінді-көшірмелері мен қолтаңбаларды қолдан жасаған, бастапқы құжаттарды жойып, ақпаратты басшылықтан жасырған. Ал бұл деректер әшкере болғанда, ол құжаттарды кеңседен алып кетіп, қылмыстық әрекетінің «ізін жасырмақ» болған. Тергеу мен сот дәлелдегендей, бұл бухгалтерия жүргізудегі қателік емес, цинизмге толы, мұқият ойластырылған алаяқтық пен қаражат жымқыру сызбасы болған, – деп атап өтеді Айгүл Байбек.
Алтынға малынған бухгалтер
«Aray Media Group» ЖШС-нің құрылтайшысы бізге Ризагүл Махметованың компаниядан ақшаны қалай шығарғанын баяндайтын сот құжаттарын да жолдады. Сот нұсқасына сәйкес, іс жүзінде барлық транзакциялар оның жеке шоттарына, сондай-ақ бұрынғы күйеуінің, туыстары мен жақын достарының шоттарына аударылған. Барлығы Айгүл Байбектің компаниясынан Ризагүл Махметова 281 млн теңгені шығарып алған.
– Тергеу барысында сотталған Ризагүл Махметова өзіне және жақындарына «бай өмірді» жолға қойғаны анықталды. Мәселен, 2023 жылдың 30 желтоқсанында ол өзінің шотына 2,7 млн теңге аударып, оның 1,5 млн-ын бірден «Мәскеу зергерлік зауыты» бутигінде алтын әшекейлер сатып алуға жұмсаған. Көптеген жомарт сатып алуларының арқасында ол бұл дүкенде «платина клиенті» мәртебесін алып, тиісті жеңілдікке ие болды, – деп жазады Айгүл Байбек.
Бұдан бөлек, 2019–2023 жылдары Aray Media Group-та жұмыс істеген уақытында Махметова Астанадан пәтер, сондай-ақ екі автокөлік – 2021 жылғы Volkswagen Tiguan және 2023 жылғы Hyundai Tucson сатып алып, бүкіл отбасымен бірге Әмірліктер мен Вьетнамға ұшып барған. Бұл кезде оның ресми айлығы 280 мың теңге болған, ал бұл компанияға келгенге дейін оның шоттары қарыздары үшін бұғатталған еді.
Өнертанушыны кім күйретті?
Айгүл Байбек бухгалтеріне тым сеніп қалғанын мойындайды. Жалпы адамдарға өте сенгіш екенін де жасырмайды.
– 2017–2021 жылдары студия директоры Алмас Әлімжанов болған, ол да қаржы жымқырған. Оның кінәсін кәсіби форензик-мамандар дәлелдеді. Сол себепті ол олардың қорытындыларын мойындап, процестік келісімге отырып, компанияға 90 млн теңгені қайтарды. Осыған байланысты оған қатысты қозғалған қылмыстық іс тараптардың бітімімен тоқтатылды. Бұл мысал менің және компанияның шығынды өтеу жолында әрқашан заң аясында ғана емес, қазақтың дәстүрлі отбасыларында бала кезден бойға сіңірілетін моральдық-этикалық әрі адами қағидаттарға сай әрекет еткенімізді айқын көрсетеді, – деп жазады ол.
Сондай-ақ ол сол кезде-ақ ірі транзакциялар бухгалтерден тыс өтуі мүмкін емес деген ескертулер болғанын айтады. Бірақ Айгүл Байбек Ризагүл Махметоваға «тағдыры қиын әйел» ретінде сеніп қалған. Ал кейін бухгалтерияға үңілуге уақыты болмағанын жазады, өйткені «Дос-Мұқасан» мен «Қаныш» фильмдерінің жұмысын аяқтау керек болған.
– Компания дағдарысқа тап болған кезде студияны сақтау үшін жеке мүлкімді сатуға мәжбүр болдым: 2021 жылдың 20 тамызында Алматыдағы 3 бөлмелі пәтерімді 50 млн теңгеге саттым, ал 2024 жылдың 9 тамызында әкем маған көмек ретінде тегін берген Астанадағы коммерциялық нысанды өткіздім. Жалпы алғанда, қаржылай көмек ретінде компанияға 200 млн теңгеден астам қаржы қостым. Ол қаражат жалақы, салық және бюджетке төленетін басқа төлемдерге, сондай-ақ жобаларды аяқтауға жұмсалды. Осылайша, мен студияны, жұмыс орындарын сақтап қалу және барлық міндеттемелерді орындау үшін өзімнің әл-ауқатымнан бас тартқан кезде, бас бухгалтер, тергеу мен сот көрсеткендей, аса ірі көлемдегі ұрлықпен айналысқан, – деп Ризагүл Махметоваға негізгі шағымдарының бірін бөліседі ол.
Айгүл Байбек бұрынғы бухгалтерінің кінәсін мойындаудың орнына, «масс-медиадағы пиар-кампанияларды қаржыландыру арқылы өзін «ақтап алуға» және өзін «Байбек әулетінің құрбаны» етіп көрсетуге тырысқанына» да ашулы.
– Сотталған Махметова шығынды өтеген жоқ, ұрланған қаражатты туыстары мен аффилиирленген тұлғаларда жасырды. Егер 281 млн теңге ұрланған соманы шартты түрде 7 жыл жаза мерзіміне бөлсек, оның әр айдағы отыруы шамамен 3,5 млн теңгеге «тұрады». Сонымен бірге, баспасөз конференциясында айтылғандай, сотталған Махметова амнистияға ілігуді және шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуды көздейді, ұрланған қаржыны сақтап, кейін жайлы өмір сүру үшін пайдаланбақ, – деп жазады Айгүл Байбек.
Ол «Байбек әулетінің құрбаны» атанған адамның 6 адвокаттың еңбекақысын төлеуге, жеке сараптамаларға және баспасөз конференцияларын ұйымдастыруға қаржыны қайдан алғанына таңданысын білдіреді.
Бауыржан Байбектің әпкесінің тағдырындағы рөлі
Әсіресе Айгүл Байбекті бұл істің ішінде оның туған ағасы – «Нұр Отан» партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасарын араластыру қатты ренжіткен.
– Менің бауырым, Бауыржан Байбек, саясаттан толық кеткен (сотқа дейін 3,5 жыл бұрын) және тергеуге, әсіресе сот шешіміне ешқандай ықпал ете алмады. Бұл істің тергеуі 2 жылдан астам уақыт жүргізілгені және соттың осы жылдың сәуірінен маусымына дейін өткендігімен де расталады, – дейді Айгүл Байбек.
Оның айтуынша, 2022 жылғы 2 ақпанда өзінің қалауымен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кеткен Бауыржан Байбек Қасым-Жомарт Тоқаевтан алғыс алып, бизнеске ден қойған.
– Мемлекеттік және қоғамдық жұмыстан бос адам ретінде ол 2 жылдан астам уақыт бойы Араб Әмірліктерінде оқып, жұмыс істеді, Қазақстандағы жобаларға шетелдік инвестиция тартумен айналысты. Соңғы 1,5 жылда ол Жапонияда жұмыс істеп жүр, онда Қазақстанға енгізу үшін жапондық капитал мен ноу-хауды тарта отырып, инновациялық жобаларды дамытып жатыр. 2022 жылдың наурызынан бастап ол «онлайн» форматта Ақмола облысында немістің озық технологиясы бойынша өңдеу өндірісін құруға инвестиция салып жатқан Qazaq Kaolin компаниясының кеңесшісі, – деп әпкесі кезінде ықпалды болған ағасының қазіргі жұмысы туралы айтып берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін біз сотталған Ризагүл Махметованың туыстарының нұсқасын жариялаған болатынбыз. Олар компания шоттарынан ақша Айгүл Байбектің және «Aray Media Group» ЖШС-нің тағы бір қызметкерінің тікелей нұсқауымен шығарылды деп сендіреді. Алайда ақырында ұрлық үшін тек Ризагүл Махметова ғана сотталған.