Соңғы жылдары Қазақстан отқа да түсті, суға да түсті. Бір жылы орманы өртенсе, бір жылы қаласы мен даласы суға кетіп, тал қармап қалды. Амал жоқ, осыған байланысты төтенше жағдайларды жоюға арналған бюджетті қазынадан көптеп бөлуге тура келіп отыр. Бірақ бұған тек климат пен табиғат емес, қазақстандық шенеуніктер де өз үлесін қосуда. Қалауын тапса қар жанады дегендей, бюджетті сауын сиырға айналдырған кейбір шенеуніктер алтын шыққан жерді белден қазып, әйтеуір бір сылтау тауып ТЖ жариялауға даяр тұрады. Бұл туралы толығырақ Ulysmedia.kz материалында.
Пойызы кешіксе де, ТЖ-сы кешікпей келетін Қазақстан
Ресми мәлімет бойынша, 2024 жылы Қазақстан табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою шараларына республикалық бюджеттен шамамен 118,6 млрд теңге бөлген. Былтыр еліміз су тасқынымен алысты. Табиғат апаты салдарынан суға ағып кеткен миллиардтардың үңірейіп қалған орнын толтыру үшін мемлекет түрлі имидждік шаралар мен форумдарға арналған шығындарды қысқартуға мәжбүр болды.
2025 жыл ел үшін салыстырмалы түрде тыныш өтіп жатыр. Өйткнеі ірі өрт те, су тасқыны да жоқ. Қылышын сүйреткен қыс алда болғанмен, әзірге 2023 жылы Екібастұзда болғандай техногендік апаттардан да аманбыз.
ТЖ-ға бөлінген қаржы
Қаржы министрлігінің жергілікті бюджеттердің орындалуы туралы соңғы есебіне сәйкес, «жергілікті атқарушы органдардың төтенше резерві есебінен әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою шараларына» 13,3 млрд теңге жұмсалған.
Ал республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері осы мақсаттарға тағы 4,4 млрд теңге шығарған. Облыс әкімдіктері әзірге бұл мақсатқа бір тиын да жұмсамаған, бірақ бастапқыда оларға 240 млн теңге қарастырылған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2023 жылы Екібастұз бен Риддер тоңып отырған кезде «апат» бюджеті 51,4 млрд теңге болған.
Мектептегі жөндеу де табиғи апат секілді
Биыл ТЖ-ға жұмсалған ақшаның бір бөлігіне жергілікті билік «себеп» тауып қойғандай. Бірақ жағдайдың қаншалықты төтенше болғанын өңір тұрғындары өздері бағалай жатар. Мысал келтірейік:
• Ақпан – «Шет-Энерго» желілеріндегі апатқа байланысты Шет ауданында ТЖ режимі енгізілді;
• Маусым – күшті дауыл салдарынан Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында ТЖ жарияланды;
• Шілде – Атырау облысының Құрманғазы ауданында Кичаг пен Шора өзендерінің тартылуына байланысты ТЖ енгізілді;
• Қыркүйек – Абай облысының Мақаншы ауданында Алакөл көлінің жағалауы шайылу қаупіне байланысты ТЖ жарияланды;
• Қыркүйек – Алматы қаласының Алатау ауданында қоқыс полигонындағы өртке байланысты ТЖ жарияланды.
Ал жуырда «Ашық НҚА» порталында Жезқазғанда ТЖ режимін енгізу туралы ұсыныс пайда болды. Қала әкімдігінің ресми сайтына арнайы кіріп тексергенімізде, ешқандай апаттың болмағаны анықталды. Бұл шешімнің себебі түсініксіз еді. Ұлытау облысы әкімдігінен де нақты жауап бірден табылмады, алайда кейін мынадай түсініктеме берілді:
– 2025 жылғы 9 қыркүйекте сағат 17:00 шамасында Жезқазған қаласындағы «Білім-инновация №3» облыстық лицей-интернатында электр қуатын беру кезінде ақау тіркелді. Оқиғаның себебі – 0,4 кВ кернеулі электр кабелінің зақымдануы. Апат тек осы оқу орны аумағына әсер етті. Осы жағдайға байланысты Жезқазған қаласы әкімдігі нысандық сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Бұл шешім оқиғаға жедел әрекет етуге және қажетті шараларды уақытында қабылдауға мүмкіндік берді, – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қаланың энергетиктері сол кабельді келіп, ешқандай төтенше шешімсіз-ақ жөндей алмас ма еді, ол жағы белгісіз. Айтпақшы, әкімдік сайты бұл «ерлік» туралы ештеңе жазбаған.
«Қателікті» рәсімсіз жабу тәсілі
Бұл – шенеуніктердің өз қателіктерін ТЖ режимі арқылы жабуға тырысқан алғашқы жағдай емес. Мысалы, жуырда Қосшыда ТЖ енгізу жоспарланған, себебі қала қалыпты жағдайда өрт сөндіру депосын салып бітіруге және кәріз жүйесін жөндеуге қауқарсыз болған. Соңғы жылдары елімізде көптеген су құбырлары тек ТЖ режимінің арқасында салынып бітті. Әрдайым төтенше жағдай енгізуге «негіз бар» сияқты: жағдайдан қарапайым халық зардап шегеді. Бірақ сол инфрақұрылымды осындай халге жеткізген дәл сол шенеуніктер. Кейін солар «ерлікпен» ТЖ жариялап, мәселені шешуші кейіп танытады.
Экономист, «TALAP» орталығының директоры Асқар Қысықов бұл жағдайды былай түсіндіреді:
– ТЖ режимі – әкімдікке тендерлік құжаттарды ұзақ рәсімдемей-ақ жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Бір жағынан, бұл ыңғайлы: егер жағдай шынымен шұғыл болса, әкім конкурс өткізбей-ақ мердігер таба алады. Бірақ, екінші жағынан, конкурссыз сатып алу кезінде баға көтеріліп кетуі мүмкін, әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелі де жоғары, – дейді ол.
Оның айтуынша, соңғы уақытта әкімдіктер ТЖ режимін тым жиі қолдана бастаған.
– Мәселенің бірі – «Ашық НҚА» порталында күн сайын пайда болатын нормативтік актілердің көптігі. Мұндай «ерекше» ТЖ режимдерін не тұрақты түрде бақылап отыру қажет, не болмаса, біреу кездейсоқ байқап қалуына үміттенуден басқа амал жоқ. Мысалы, мектептегі жағдай сияқты, – дейді ол.
Сонымен қатар, экономист әкімдерді толық кінәлауға болмайтынын да атап өтті. Өйткені көп нысандар жылдар бойы қаржыландырудың жеткіліксіздігінен аяқталмай келеді. Көбіне бұл республикалық бюджетке тәуелді.
2024 жылғы бюджет орындалуы туралы Есеп комитетінің дерегіне сәйкес, жағдай өзгермеген. Қазақстан өңірлерінде жоспарланған 449 жобаның жартысынан азы ғана уақытында аяқталған. Ал олардың көбі – халық үшін аса маңызды нысандар.