Басты мәселе туралы неге тіс жармайды немесе ұлттық компания шығын мен ұлттық мүддені қалай шатастырып алған

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда бір тауар түрі қымбаттаймын десе, дегенін жасамай қоймайды. Бейне байдың баласы секілді қитығып, әйтеуір қымбаттап қана тынышталады. Оған тіпті мораторийлер мен тыйымдар да қарсы келе алмайды. Бірақ бұл процесте әр жолы баға қалай құбылар екен деген күтпеген жайттар бар. Қазақстанда газ қашан және қалай қымбаттайтынын түсіну үшін Ulysmedia.kz тілшілері мемлекеттік органдарға хаттар жолдады, сарапшылармен сөйлесті, жақында тіпті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қоғамдық кеңесінің отырысына да барды. Расында бұл шара аясында газ бағасы туралы сөз болды. Бірақ бұл жолы да нақты дерексіз жиын өтті. Табандылығымыздың арқасында ғана біраз мәліметті іннен суырған суырдай қылып, алып шықтық.

Қазақстандықтар қалай «шетелдіктерге қарыз» болып қалды?

Сұйытылған газдың алдағы уақытта қымбаттайтынына күмән жоқ. Себебі QazaqGaz басқарма төрағасы Әлібек Жамауов өз сөзінде қазақстандықтарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету қызметінің компания үшін қаншалықты шығын әкелетінін айтты. Ішкі нарыққа газ сату бойынша 9 айдағы шығын 160 млрд теңгеден асып кеткен. Сонымен қатар ұлттық компания табысы бір басына жетеді, осы кезеңде ол 220 млрд теңгеден астам пайда тапқан. Ақша ағыны газ экспорты, оның транзиті және басқа жобалар арқылы қалыптасады. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақстандықтардың үйлеріне газ шетелдіктер оның нарықтық бағасын төлегендіктен жеткізіліп отыр. Және бұл көптеген ел үшін әдеттегі жұмыс істейтін схема. Бірақ QazaqGaz баға саясаты департаментінің директоры Нұрсұлтан Ешмұханның сөзінше, сұйытылған газдың төмен бағасы салдарынан 2014 жылдан бері компанияның жинақталған шығыны 2,8 млрд долларға жеткен.

«Бірақ басты нәрсе туралы тіс жармайды»

Бұл шығындардың барлығы көтерме баға деңгейінде қалыптасады.

- Біз бөлшек сауда туралы айтқанда, бұл жерде шығын емес, қаржыландырудың жеткіліксіздігі туралы айтамыз. Яғни қызмет көрсету шығындары ГРО тарифтеріне есептеледі, бірақ желілерді жаңғырту, техника сатып алу және жалақыға жұмсалатын шығындар барынша шектелген. Тағы да дебиторлық қарыз бар, - деп бағаны қайта қарау себептерін атап өтті Ешмұхан.

Енді ең маңыздысы ғана қалғандай, сонда тариф алдағы уақытта қаншаға көтерілмек? Бірақ ұлттық компания өкілі бұл туралы айтпады. Оның басшысы Әлібек Жамауов та жұмған аузын ашпады. Бірақ ол ішкі нарықтағы бағаны, ең болмаса жалпы газдың 80%-ын тұтынатын өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін өзіндік құн деңгейіне дейін көтеру керектігін айтты.

- Соңғы жылдары газ бағасының өсімі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың көпшілігіне қарағанда әлдеқайда төмен болды. Бұдан бөлек, газдың коммуналдық шығындардағы үлесі соңғы он жылда 6,4%-дан 5,2%-ға дейін төмендеді. Газдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және инфрақұрылымды дамыту үшін көтерме бағаны біртіндеп өзіндік құнға дейін жеткізу қажет. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, Қазақстанның барлық өңірі үшін газбен қамтуға  кепілдік береді, - деді Жамауов.

Оның пікірінше, жақында сұйытылған газдың 33%-ға қымбаттауы мәселені шешкен жоқ.

Халық мүддесі мен шығындар

Алайда оған түсініктеме үшін жауап беруге тура келді:

- Газ – бұл ұлттық байлық және ол халыққа тиесілі. Мемлекет оны халық атынан ғана басқарады. Ал ұлттық компанияның басты міндеті – пайданың максимумын емес, энергетикалық қауіпсіздікті, газдың қолжетімділігін және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, - деп еске салды мәжілісмен Ерлан Абдиев.

Ол QazaqGaz өкілдерінен халық игілігіне салынған ақшаны «шығын» деп атауды доғаруды талап етті.

Анықтамалардағы мәселелер

Әлібек Жамауов компанияның қаржы есептерінен мұндай жағымсыз сөзді алып тастауға қуана келіседі, сондықтан «шығын» сөзін «субсидия» сөзіне ауыстыруға асығады. Бірақ бұл күтпеген «реформаны» қоғамдық кеңес төрағасы, белгілі қаржыгер Болат Жәмішев тоқтатты.

- Қаржылық адалдықта Қазақстан ойлап таппаған терминдер бар және олар қолданылады. Шығындарды жабу субсидиялау деп аталады. Әрине, сөздермен ойнауға болады, бірақ мағына өзгермейді. Мен мәнін айту қажет деген ұстанымдамын. QazaqGaz жұмысының әлеуметтік маңызы өте жоғары екені түсінікті, тарифтерді үкімет белгілейтіні түсінікті. Мұндай саясат сөзсіз жалғасады, - деді ол.

Ол ұлттық компания басшылығын халықпен ашық сөйлесуге және елдегі әрі шетелдегі газ бағасының қалай қалыптасатынын түсінікті түрде түсіндіруге шақырды. Сонымен қатар Жәмішевтің және қоғамдық кеңестің кейбір мүшелерінің пікірінше, QazaqGaz өзінің шығынды және табысты бөлімдерін дұрысырақ бөліп, әрқайсысына өз KPI белгілеуі керек.

Газ бағасын көтеру мәселесін Болат Жәмішев өте сезімтал мәселе екенін айтып, сондықтан да компаниядан нақты цифрларды талап етпеген болуы мүмкін.

Ал мұнай-газ нарығы бойынша сарапшы Олжас Байділдинов QazaqGaz шығындары тек ішкі тарифтердің төмендігімен ғана емес, шетелдік инвесторлардың жоғары талаптарымен де байланысты екенін айтады.

- Өндірілетін газдың 85%-ы – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан алынады. QazaqGaz олардан газды формула бойынша сатып алады. Егер бұл процесті шығынсыз еткіміз келсе, алпауыт компанияларға сұрақ қоюымыз, олардың бағасын төмендетуді талап етуіміз керек, - деді ол.

Оның да кейбір түзетулерге қарсы екені анық.

- Рұқсат етсеңіздер, «табиғи газ» демейік. «Тауарлық газ» дейік, себебі табиғи газдың, колонкадағы су секілді, өзіндік құны болмайды, - деп атап өтті ол.

Егер журналистерді қоғамдық кеңес залына кіргізсе, біз де, мүмкін, сарапшылардан және өзге қатысушылардан статистикамен ойнамауды, нақты сөйлеуді сұрар едік. Бірақ кеңес отырысын репортерлерге соңғы уақытта әдетке айналғандай, бөлек залда теледидар арқылы көрсетеді.

Газ бухгалтериясы

Соған қарамастан біз QazaqGaz өкілдерімен сөйлесе алдық. Және бұл ұйымның бухгалтериясын түсінуге барынша тырыстық. Спойлер аса сәтті болмады. Дегенмен біраз ақпарат алдық.

- Ақпарат ашық: әр текше метр тауарлық газдан біз 11 теңге шығын көреміз. Бұл көтерме бағаға қатысты және ол газды газ таратушы ұйымдарға сататын баға. Ал олар бөлшек бағаны реттеуші алдында қорғайды. Бұл баға әр санатқа бөлек белгіленеді. Магистральдық желіден алатын өнеркәсіптік тұтынушылар бар, тарату желісінен алатын ұсақ тұтынушылар бар. Әр топқа және әр өңірге бөлек баға. Ел бойынша орташа есеппен – 31 теңге. Тарату желісі тарифі – 5 теңге, жеткізу үстемақысы – 1 теңге. Ал нақты топтың бөлшек бағасы қалай анықталады,оған реттеуші жауап бере алады, - деп болжамды болашақ қымбаттаудың шамасын атады Нұрсұлтан Ешмұхан.

Бірақ ол жыл соңына дейін газ бағасы көтерілмейтінін айтты. Жыл соңына бір ай қалғанын ескерсек, одан кейін қайта қарала ма, қаншаға өседі, оны үкімет шешеді. Бұл ретте ол компанияның бүкіл бухгалтериясын ашудан бас тартты. Ал оны халыққа да, кәсіпорындарға да бағаны көтеру алдында білу маңызды еді. Себебі кәсіпкерлердің көтерілген тарифтері түпкі өнімнің бағасына еніп, оны бәрібір халық төлейді.

Сондықтан журналистерді QazaqGaz-дың қандай бағаны нарықтық деп есептейтіні қатты қызықтырды.

- Экспорттық баға нарықпен анықталады және ол құбылмалы. Газ – маусымдық өнім, қыста сұраныс жоғары, жазда маусымдық жеңілдіктер бар. Қандай да бір нақты цифр айта алмаймын, - деп жауап беруден жалтарды Нұрсұлтан Ешмұхан.

Журналистер ұлттық компания өкілінен, кемінде 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына, не басқа кез келген кезеңге қатысты нарықтық бағаларды нақтылауға қанша тырысса да, ішкі нарыққа газ жеткізуден туындайтын шығындармен салыстыра алатындай деректерге қол жеткізе алмады. Енді тек тарифке жауапты мемлекеттік органдармен диалогта ұлттық компания ашығырақ болар деп үміттенуден басқа амал жоқ. Бірақ жақында мемлекеттік органдардың да жағдайды әрқашан бақылауда ұстай бермейтіні белгілі болды.