Блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базарханның қазасына қатысты клиника мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Smart Beauty Clinic» өкілдері оқиғаға байланысты заң бойынша барлық рәсім жүріп жатқанын хабарлады.
- Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, пациент отбасыға деген құрметке, сондай-ақ жүргізіліп жатқан шаралардың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында клиника ресми рәсімдер аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық деректеріне қатысты жария түрде пікір білдіруді мүмкін емес деп санайды, - делінген мәлімдемеде.
Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат клиниканың ресми ресурстарында жарияланатынын ескерткен.
Блогердің қазасы
Әлеуметтік желіде блогер Сәуле Базарханның пластикалық ота кезінде көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Кейінірек 2GIS платформасындағы пікірлерде де желі қолданушылары оның Алматыдағы «Smart Beauty Clinic» клиникасында абдоминопластика кезінде қайтыс болғанын жазды.
Марқұмның қызының айтуынша, анасы 2026 жылғы 15 мамырда аталған жеке клиникада көз жұмған. Дәрігерлер ота шамамен бір жарым сағатқа созылатынын және жергілікті анестезиямен жасалатынын айтқан.
Алайда бірнеше сағат өтсе де отбасы ешқандай ақпарат ала алмаған.
- Бір сағат. Екі сағат. Үш сағат. Ешкім ештеңе түсіндірмеді, – дейді қызы.
Оның сөзінше, Сәуле Ермаханованың қайтыс болғанын туыстарына тек кешкі сағат алты шамасында хабарлаған. Ал жедел жәрдем шамамен кешкі жетілерде келген.
- Үш сағат бойы анам жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Біз ештеңе білмедік, – дейді ол.
Марқұмның қызы клиника жұмысының әлі тоқтатылмағанына да наразылық білдірді. Айтуынша, қайғылы жағдайдан бірнеше күн өткен соң таныстары клиникаға клиент ретінде хабарласқан. Мекеме операцияға жазылуға шақырған. Ақылы онлайн-консультация ұсынған.
Отбасы оқиғаны әділ тергеуді, ал клиника қызметін уақытша тоқтатуды талап ететінін айтты.
53 жастағы Сәуле Базархан әлеуметтік желіде кең танымал болған. Жақындарының айтуынша, ол өмірге құштар, қамқор ана әрі әже болған.