Никотин өнімдеріне шектеу: билік халықты ойлай ма, әлде түсетін салықты ойлай ма?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстан темекі шегуге қарсы белсенді күрес жүргізіп келеді. Күрестің өзі тыйымдар мен шектеулерге негізделген. Яғни, темекі шегуге арналған арнайы оқшауланған орындар белгіленді, кей өнім түрлерін елге әкелуге тыйым салынды, ал сатуға рұқсат етілгендері тым қымбат бағада ұсынылады.

Алайда, әлеуметтанушылардың айтуынша, мұндай шаралардың әсері шамалы. Себебі темекі шегушілердің үлесі жыл сайын өзгеріп отырған жоқ. Керісінше, абсолютті сандармен алғанда, барлық тыйымға қарамастан, елде шылым шегетіндердің қатары артып келеді. Ulysmedia.kz темекіге қарсы күрес неге өз жемісін бермей тұрғанын анықтауға тырысты.

Тыйымдар қалай әсер етті?

2020 жылы Қазақстанда қорқорға, ал 2024 жылы вейп пен электронды темекілерге тыйым салынды. Бұл шара қоғамдағы «шылымқорлық» деңгейін азайтады деп болжанған. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. 2025 жылғы әлеуметтік зерттеулер соған дәлел.

- Біздің зерттеуіміз бойынша, вейп пен электронды темекілердің жеткізілуіне, сатылуына және таралуына тыйым салынғаннан кейін олардың тұтынуы ересектер арасында артқан. 2022 жылы темекі өнімдері ішіндегі үлесі 0,8% болса, 2025 жылы 10,1%-ға жетті. Бұрыннан осындай өнім тұтынғандардың 52%-ы оларды әлі де пайдаланып жүр, 28% басқа құрылғыларға ауысқан, 10% кәдімгі темекіге оралған, ал тек 5% ғана темекіні толық тастаған, - дейді әлеуметтанушы, «Стратегия» орталығының жобалар үйлестірушісі Азат Мұхамедиев.

Ең қызығы, кәдімгі темекіге қайта оралғандардың көбі табысы төмен азаматтар. Олар вейптерді «көлеңкелі нарықтан» сатып алуға шамалары келмегенін айтады. Ал кейбір респонденттер керісінше, вейп пен электронды темекіні шылымға балама деп есептейді.

- Респонденттерден вейп пен қыздырылатын темекіге ауысқан соң өздерін қалай сезінетінін сұрадық. 40% денсаулығы жақсарғанын айтты, 33% еш айырмашылық байқамаған, ал 27% нақты жауап бере алмады. Көпшілігі жөтелдің азайғанын, ентігудің басылғанын және жағымсыз иістің жоғалғанын атап өтті, - дейді Мұхамедиев.

«Алайда тыйымдар көбейген сайын адамдар бұл өнімдердің зияндылығын түсінуден қалып барады», дейді әлеуметтанушылар.

- Соңғы екі жылда қорқордың зиянды екенін білетіндердің үлесі шамамен 10%-ға азайды. Бұл кальян зиянсыз болып қалды деген сөз емес, тек адамдардың өнімнің бұл түрі зиянды екенін білмейтіндігін көрсетеді, — дейді ол.

Зияны аз десе, ол пайдалы дегенді білдірмейді

Сарапшылардың пікірінше, никотині бар өнімдердің зияны туралы ашық әрі шынайы ақпарат қажет. Мұндай тәсілді бірқатар мемлекет қолдануда.

Мысалы, Швеция снюс атты темекіге балама өнімді тек рұқсат етіп қана қоймай, дәріханаларда сатады. Нәтижесінде елде темекі шегушілердің үлесі бар болғаны 5% ғана. Бұл 60 жыл бұрынғы көрсеткіштен бірнеше есе аз. Жапония да 2015 жылы қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салып, қыздырылатын темекіге акциз мөлшерін төмендетті. Соның арқасында елде шылым шегушілер саны үштен бірге азайды.

Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) кейін өз ұстанымын өзгертті. 1985 жылға дейін Швецияның тәжірибесін оң деп бағаласа, кейінгі зерттеулерде снюсте де никотин болатындықтан, оны да шектеу ұсынылған.

- ДДҰ логикасына сәйкес, кез келген никотин зиян. Ал оның қай өнімде көбірек, қайсында азырақ екеніне талдау жасаудың қажеті жоқ. Бәріне тыйым салып, жоғары акциз енгізу керек, - дейді әлеуметтанушылар.

Алайда көптеген ел, соның ішінде Швеция, АҚШ және Ұлыбритания, соңғы жылдары ДДҰ ұсынып отырған шектеу саясатын елемей келеді. Себебі басты мақсат – никотинді толық жою емес, оның зиянын азайту жолын табу.

Ақша мен саясаттың арасы

Ал Қазақстан бұл тұрғыда керісінше бағыт ұстануда. Ел билігі ДДҰ ұсынымдарын бұлжытпай орындап келеді.

2020 жылы түтінсіз өнімдер заң жүзінде кәдімгі темекімен теңестірілді. 2022 жылы қыздырылатын темекіге салынатын акциз мөлшері кәдімгі темекінің 80%-на дейін көтерілді. Оны сату ережесі де темекіге ұқсас: ашық көрсетуге болмайды, қоғамдық орындарда тек арнайы белгіленген жерде қолдануға рұқсат етіледі.

2023 жылы белсенді Жәмилә Садықованың бастамасымен вейп саудасына тыйым салу мәселесі көтеріліп, 2024 жылы бұл тыйым күшіне енді. Қазір ол ЕАЭО аясында никотині бар өнімдерге ортақ регламент қабылдауға қарсы науқан жүргізіп жүр.

- Қазақстандағы белсенділер көбіне халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын қолдайды, бірақ тек қаржылай жағынан пайдасы болған жағдайда. Елде темекі өндірушілерінің де, оған қарсы лоббидің де мүдделері бар. Темекіге қарсы күрестен фармацевтика саласы, коучтар мен психологтар, түрлі тренинг авторлары пайда табады. Мемлекет те салауатты өмір салтын насихаттауға қаражат бөледі, халықаралық гранттар да бар. Нәтижесінде қоғамда темекі ең үлкен әлеуметтік дерт сияқты көрініс тапқан. Бірақ шын мәнінде ешкім темекінің кесірінен қылмыс жасаған адамды көрген жоқ, ал ішімдік пен есірткінің салдарынан болған қылмыстарды бәрі біледі, - дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Оның айтуынша, ДДҰ – дамушы елдерге, соның ішінде Қазақстанға да қаржылай көмек беретін ірі ұйым. Мәселен, 2024 жылдың ақпанында Қазақстан ұйымнан 46 млн доллар алған. Пандемия кезінде де көп мөлшерде қаржы аударылған.

- Бұл жерде түрлі құрылымдардың бизнес мүдделері тоғысқан. Мемлекет қазынасын акциздер есебінен толтырады, халықаралық фармацевтикалық компаниялар өз дәрілерін ұсынады, ал белсенділер грант алады. Яғни темекіге қарсы күрес нағыз табыс көзіне айналған, — дейді Әшімбаев.

Темекіге қарсы күрестің басында кімдер жүр?

Қазақстанда темекіге қарсы саясат десе, көпшілік ең әуелі Жәмилә Садықованы еске алады. Ол осы тақырыптағы барлық жиынға қатысып, ДДҰ конференцияларында үнемі белсенділік танытады. Кей сарапшылар оны ұйым мен Қазақстан билігінің арасындағы негізгі көпір деп санайды.

Журналистік зерттеулерде Садықованың «Темекісіз» қоры Bloomberg қорларымен байланысы бар ұйымдардан қаржы алғанын айтады. Бір сот процесінде ол 106 мың доллар алғанын мойындаған, бірақ сарапшылар бұл сома әлдеқайда көп болуы мүмкін деп болжайды.

Айта кетсек, Майкл Блумберг тек осы қорлар арқылы ғана емес, ДДҰ-ның өзіне де қаржылай көмек көрсетеді. Сол себепті ұйым оны «инфекциялық емес аурулар жөніндегі жаһандық елші» етіп тағайындаған.

- Майкл Блумберг ДДҰ үшін маңызды серіктес. Ол темекіге қарсы күрес, денсаулық сақтау деректерін жетілдіру, жол қауіпсіздігі және суға кету жағдайларын азайту бағытында ұйымға қолдау көрсетіп келеді, - деп түсіндірген ДДҰ өкілдері.

Дегенмен халықаралық зерттеушілердің пікірінше, Блумбергтің басты мақсаты – өзіне адал шенеуніктерді қалыптастыру және фармацевтикалық корпорациялар мен классикалық темекі нарығының мүдделерін ілгерілету. Яғни, оның әрекеті қоғамды темекіден қорғаудан гөрі саяси және экономикалық ықпал етуге көбірек ұқсайды.