Елімізде кейінгі бір жылда әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің ішінде сиыр еті, күнбағыс майы және сәбіз ең көп қымбаттады. Сиыр еті – 3 247 теңге/кг (26,6%), май – 855 теңге/л (24,7%), сәбіз – 178 теңге/келі (19%). Баға өзгерісі тарифтер, жем-шөп, экспорт сұранысы мен делдалдарға байланысты. Қазан айында инфляция 12,9%-дан 12,6%-ға төмендеді. Дегенмен, нарықта өзгеріс байқалмайды. Халық азық-түлік бағасының тұрақты өсуіне шағымданып жатыр. Қымбатшылықтың себебі не? Онымен күресудің қандай жолдары бар? Ulysmedia.kz осы және өзгеде сұрақтарға жауап іздеп көрді.
АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНА БАЗЫНА КӨП
Қазақстандағы қымбатшылыққа қатысты халық базынасы күшейді. Әлеуметтік желіде дәл осы мәселе қызу талқыланып жатыр. Көпшілігі бүгінгі көріністі үлкен дағдарысқа теңеп, 1990 жылдардағы жоқшылық қайталана ма деп алаңдаулы.
Әлеуметтік желіде жазба қалдырған janjakshy есімді оқырман өздерінде азық-түлік дүкені барын айтып, бағаның шарықтауы рекордтық деңгейге жеткенін жазды.
“Күнделікті тауар дүкенінің иесінің әйелі ретінде айтамын: біз одан бетер аң-таңбыз. Мен бұрынғы бағаларды жақсы білемін. Инфляция 100% емес, 400%. Ең жан ауыртатыны — ата-аналард балаларына тәтті алу үшін, өздеріне ұнаған затты алмайды. Үнемдегені ғой” — дейді janjakshy.
Кей адамдар кейінгі уақытта қымбатшылық қатты сезіле бастағанын айтуда. Азық-түлік, мал-мүлік пен бензин бағасының шарықтап кеткеніне шағымдануда.
«Мал-мүліктің бағасы қалай көтерілгенін көрдіңіз бе? Еттің де, барлық өнімдердің де бағасы өсіп жатыр. Жалақы көпшілікте сол күйі өспеген», — дейді aida_askarova04 есімді желі қолданушысы.
Кей отбасылар күнделікті тұтынатын азық-түлікке 4–5 мың теңге жұмсаса. Енді бірі айына кем дегенде 60–70 мың теңге тек тамаққа жұмсайтынын жазуда.
«Жігіттер, мен ғана ма азық-түлік бағасына шок болып жүрген? Күнделікті көп жұмсамайтын сияқтысың, бірақ күніне тұрақты түрде 4–5 мың кетеді. Одан бөлек әр ай сайын 60–70 мың теңгеге азық-түлік аламыз. Ақша тек тамаққа кететіндей» — дейді nargiza.amangalieva есімді желі қолданушысы.
Көпшілік биліктен нақты қадам жасап, жалақыны сәйкесінше көтеруді талап етуде.
«Үкіметтен бүкіл халықтың жалақысын көтеруді талап ету керек. Баға 500 есе өссе де, жалақы сол күйі!», — дейді symbat_09090 есімді қолданушы.
Базар мен дүкен сөрелеріндегі бағаларды меңзеп, 90-жылдардағы қиындықтарды еске салатынын айтып жатқандар да бар.
«Біздің ата-аналарымыздың уақытынан да қиын болады. Әлдеқайда қиын…»— дейді sulya1605.
«Қазақстанда өмір сүру қиын болатын сияқты. 90-шы жылдар еске түседі. Бағалар қатты өскен. Ең қажеттілерін ғана алдым — 30 мың тг кетті. Емін-еркін өмір сүруге ешқандай жалақы жетпейді. Бензин де күнде қымбаттап жатыр», — деп жазады m1vzletaem.
ФЕРМЕРЛЕР: БАҒАНЫҢ УӘЖІ
Қазақстанда ет, ұн, сүт өнімдерінің қымбаттауы халық қалтасын қаққанымен, шаруа қожалықтары бұл өсімнен пайда көріп отырған жоқ. Бұл туралы «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов мәлімдеді.
Әбуовтың айтуынша, мәселен, солтүстік өңірлерде фермерлер сиыр етінің келісін небәрі 2 500 теңгеге, жас малдың етін 3000–3500 теңгеге бағалайды. Ал дүкен сөрелеріндегі баға бірнеше есеге қымбат. Тіпті 5000-6000 теңгеге дейін шарықтап кеткен.
Жалпы ас өнімдерінің шарықтауына сыртқы экономикалық саясат әсер етсе де, ішкі жағдайлар да оған ықпал етіп отыр. Абуовтың сөзінше, қымбатшылықтың басты себептердің бірі – делдалдардың көптігі.
«Фермер өнімін тікелей дүкенге өткізе алмайды. Әр аралықта өз үстемесін қоса беретін делдалдар еттің бағасын өсіріп жібереді. Егер фермер мен дүкен арасында тікелей жеткізу тетігі болса, баға айтарлықтай төмендер еді», – деді ол.
Абуовтың пікірінше, бұл тек әкімдіктердің міндеті емес. Сауда министрлігі, орталық органдар мен өңірлер бірлесіп бақылауды күшейтуі тиіс. Оның айтуынша, бағаны тұрақтандыру үшін мемлекет фермер өнімін тікелей сауда орындарына жеткізу механизмін жасауы керек. Сонымен қатар ол ішкі нарықта импорттық тауарлардың үлесі жоғары екенін атап өтті.
БАҒАНЫ БАҚЫЛАУ ЕМЕС, ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУ КЕРЕК
Нарықтағы бағаны қалыпқа келтірудің бірден-бір механизмі – фермерлердің өнімділігін арттыру. Кенжебаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсенбековтің айтуынша, қазіргі қымбатшылықтың түпкі себебі тереңде жатыр.
«Фермер 10 гектар, 100 гектар немесе 1000 гектар игерсін – егер ол өнім көлемін бірнеше есе көбейтсе, өзіндік құны төмендейді. Өзіндік құн төмендесе, баға да арзандайды», – дейді ол.
Яғни, ғалымның айтпағы, фермердің шығыны көп болған сайын баға қымбаттай береді.
Сарапшы шығынға ұшырататын бірнеше проблеманы атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы – кез келген елде дотацияға тәуелді сала. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы мен зиянкестердің көбеюі фермердің шығынын көбейтеді, ал шығын артқан сайын баға да өседі.
Сондай ақ, шығынның үштен бірі зиянкестерден келеді дейді маман.
«100% өнім аламын деген шаруаның кемі 30–35%-ын зиянды организмдер жеп қояды. Себебі қорғану шаралары уақытылы жүргізілмейді», – дейді ол.
Сондықтан, сарапшы фермерлер жаңа технологиямен қамтылып, өнімді халыққа жеткізгенше сапасын сақтайтын тәселдерді қолдану керек деп есептейді.
БАҒА ҚАЙ КЕЗДЕ ТҰРАҚТАЛАДЫ?
Қыс–көктем маусымында әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке сұраныс артып, баға көтеріліп кету қаупі жоғары. Осындай кезеңдерде жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар нарықты тұрақтандыру үшін арнайы тетіктерді іске қосады. «Көкше» ӘКК департаментінің директоры Алма Әбдірахманованың айтуынша, қымбатшылық кезде сақталған көкөніс, жеміс-жидек өнімдері нарыққа шығару – бағаны тежеуге көмектеседі
«Әр өңірде корпорация бөлімдері ең арзан маусымда, яғни, егін жинау кезінде көкөніс өнімдерін көп мөлшерде сатып алып, қоймаларда сақтайды. Қажет кезеңде, әсіресе ақпан айынан бастап, сол қор нарыққа шығарылады. Бұл механизм тауар тапшылығын жұмсартуға және бағаның күрт өсуіне жол бермеуге арналған. Сұраныс артқан қыс пен көктемде интервенция ерекше маңызды», — дейді Әбдірахманова.
Маманның сөзінше, егіннен жиналған өнімдердің бағасы ақпан айында тұрақталуы мүмкін. Ал өндіріліп шығарылатын тауарлардың құнын тұрақтандыру басқа әдіспен іске асады. Кәсіпкерлерге 12 айға дейін 0,1% мөлшерлемемен несие береді. Мұндай қолдауды алған бизнес сол уақыт ішінде негізгі әлеуметтік тауарлардың бағасын белгіленген деңгейде ұстап тұруға міндетті.
«Мысалы, біз «Горный» сүт зауытының сауда үйін қаржыландырсақ, олар сүт, айран, сүзбе, сары май секілді тауарлардың бағасын төмендетіп немесе бекітіп қояды», — дейді корпорация өкілі.
ҮСТЕМЕ 15%-ДАН АСПАУҒА ТИІС
Баға мониторингін Сауда және интеграция министрлігінің өңірлік департаменттері жүргізеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке кәсіпкерлердің сауда үстемесі 15%-дан жоғары болмауы керек.
Тексеру электронды шот-фактуралар арқылы жүргізіледі. Егер кәсіпкер бағаны негізсіз көтерсе, айыппұл салынады.
«ЖАҚЫН АРАДА БАҒА ТӨМЕНДЕМЕЙДІ»
Экономист Бекнұр Сейітжанұлы Қазақстанда азық-түлік бағасының жақын арада түспейтініне сенімді. Оның сөзінше, бағаның қымбат болуы бірнеше жүйелі факторға байланысты. Елге келетін импорттың басым бөлігі Ресей арқылы өтеді. Қазір Ресей санкция астында, сондықтан логистика мен жеткізу тізбегіндегі қиындықтар еліміздің нарығына тікелей әсер етеді.
Сондай ақ, ішкі инфрақұрылым әлсіз. Жылдар бойы шағын бизнес пен ауыл шаруашылығын дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбей келді. Салдарынан импортқа тәуелділік жоғары. Жол, қойма, өңдеу зауыттары толық дамымағандықтан, қарапайым тауарлар да импортқа тәуелді.
«Мысалы, кофе толық импортқа тәуелді болса, жұмыртқа сияқты өзіміз өндіретін азық-түлік бағасы биыл 10–20% ғана өсті, ал импорттық өнімдер екі есеге дейін қымбаттады», – дейді экономист.
Бекнұр Сейітжанұлы фермерлер қауымдастығының тұжырымымен келіседі. Ауылдағы фермердің өнімі қалаға жеткенше бірнеше делдалдан өтеді, олардың әрқайсысы бағаны өсіреді. Ал, бұл ретте тағы да өзімізден шыққан шикілік – сақтау қоймаларының жоқтығы. Бұл да бүгінгі жағдайға әсерін тигізіп отыр.
Сарапшы макроэкономикалық қысым, яғни, мұнай бағасының төмендеуі бюджетке әсер етіп, доллардың қымбаттауы – басым себептер екенін жасырмады. Десе де, жоғарыда аталған мәселелер ең алдымен қолға алынуы керек дейді.