Түн ортасы. Ташкент. Ескі қорым. Есті деп жүрген ессіз ұл. Уақыт, кеңістік және пенде. Осы үш-ақ ауыз сөзге сыяр оқиғада өмірдің ащы сабағы жатыр. Бір адамға немесе бір ұлтқа қатысты сабақ емес, бүкіл ұлт пен ұлысқа қажет сабақ. Қазақ «Шалқайғанға шалқай, пайғамбардан ұлы емес, Еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес» деп бекер айтпапты. Соның куәсі болдық. Біз дейтініміз қазақ, өзбек, қырғыз – жалпы бауырлас елдер халқы соның куәсі болды.
«Осы оқиға бәрімізге сабақ болуы тиіс. Асыңды ішіп, аяғыңды теуіп кеткендерге өре түрегелетін кез келді». Безруков сапарынан кейін осындай ой айтылуда. Есіктен кіріп, төр менікі дейтіндерге шаңыраққа қара дейтін уақыт жетті деп жатыр өзбек ағайын. Ал қазақ арасы бұған қандай пікір қосуда? Ел не дейді? Бізге де дандайсығандарды орнына қоятын шақ келмеді ме? Бұл туралы Ulysmedia.kz зерттеп көрді.
Ревизор
Гогольдің «Ревизор» шығармасындағы оқиға есіңізде ме? Апақ-сапақ уақытта, астанадан ревизор келіпті, бізді тексереді екен деп шабылып қалушы еді ғой губернияның шенді-шекпендісі. Ташкентте де сол оқиғаға ұқсас жағдай болды.
Сегіз актер бір төбе, Сергейім бір төбе деп төбемізге көтеретін Сергей Безруков мақтаған қыз тойда бүлдіреді дегендей, өте ұят әрекет жасап кетті. Мүмкін оны өзі түсінбеген де шығар. Бірақ «ардақты актердің, зиялы жанның» келуін асыға күткен ала шапанды ағайынның көңілі құлазып, жүрегіне шоқ түсті. Неге? Сиыр сипағанды, жаман сыйлағанды білмейді, Сергейіміз сергелдеңге салып кетті. Оның әрекетін көрген жұрт налып кетті.
Зираттағы увертюра
Увертюраны Гоголь не Салтыков-Щедриннің қаламына лайық жерден бастайық. Актерлік жолында бандитті де, ақынды да, тіпті Иса пайғамбарды да сомдап үлгерген халық әртісі Сергей Безруков Ташкентке келеді. Алайда өнерлі жанның күндізгі уақыты біраз ойлаған ісіне жетпей қалғанға ұқсайды. Түнгі бірде, қарапайым адамдар ұйықтап жатқан, ал аруақтар тыныштық іздейтін кезде, «Ресейдің Есенині» ақын қызы Татьяна Есенинаның қабіріне барғысы келеді. Зиратқа келсе, қақпа жабық. Күзетші қарапайым өзбек жігіті екен, мұны танымапты. Түнгі қонақтың жүзінен зиялылықты көрмеген соң да, бандит деп ойлаған шығар. Сол себепті қақпаны ашудан бас тартады. Бар «айыбы» ол ғана емес,одан «сорақысы» күзетшіміз орыс тілінде дұрыс жауап бере алмапты.
«Мырзаның» ренішке толы диссонансы
Безруков дереу әлеуметтік желіге видео жүктеп, бар ренішін төгіп салған. Қызметшісі үзеңгі ұсынбағанына ашуланған дворянның үнімен: «Бұл қалай? Өзбекстанда орыс тілін білмейтіндер бар ма? Бір өтініш айта қойып едім, соны орындау үшін заңды бір рет бұзса болмай ма?» депті.
Бұл жай ғана шағым емес, бұл отарлық тәкаппарлықтың манифесті еді. Аллегориясы да анық: бұл эпизодта Безруков – бұрынғы республикаларға әмір етуге тиіс «аға» бейнесінің жиынтық символы. Ал тәуелсіз елде күзетшінің туристің емес, өз мемлекетінің тілін білуі тиіс екенін «мырзаның» миы қабылдай алмай, шынайы когнитивті диссонансқа тап болған.
«Ақ нәсілді»
Кейбір өзбек парақшалары мен қызмет басындағы жекелеген тұлғалар, соның ішінде Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон Құдратходжа «Бандит Белыйға» жауап берді:
– Біріншіден, Шығыста тәртіпті адам түнде мазарларды, яғни зираттарды кезбейді. Екіншіден, сізге адамдар шын ниетімен сыйлаған гүлдерді зиратқа алып келгенсіз. Зиратқа қояр гүлді сатып алуға шамаңыз жетпеді ме? Сол шынайы сыйды қадірлеудің орнына, оларды өзіңіздің «рухани тебіренісіңіз» туралы жаңа бейнесахнаға тегін реквизит ретінде пайдаландыңыз. Кейін зират күзетшісінің түнде ұйықтағанын, орыс тілін білмегенін айтып шағымдандыңыз. Оның айтқаны жалғыз сөз – «Белий» еді, – деп жазды ректор.
Оның айтуынша, орыс мәдениетінің ондаған жылдар бойы чукчалар, хохолдар – жалпы «ұсақ халықтарды» мазақ ету үшін анекдоттар шығаруы төбеден қараудың белгісі. Бұл менсінбеушілікті көрсетеді.
– Сіз осы елде тұрып-ақ сол ескі көзқарасты қайталап тұрсыз: тітіркену, таңдану, өзіңізді «биік» ұстау, өзін «ақ адам» сезіну, ал қалғанымыз абориген немесе үндіс секілдіміз, – деп қынжылды Құдратходжа.
Керней, сырнай
Өзбекстанның «Элтуз» телеграм-арнасында журналист Навбахор Имомованың осы оқиғаға қатысты жазбасы жарық көрді.
– Шақырғанның бәрін құшақ жая қарсы алатын, тегін тамақ беретін, қымбат сыйлықтар тарту ететін, әр келген қонаққа иіле салатын халық ешқашан құрметке ие болмайды. Тек Өзбекстанда ғана емес, шетелдегі өз отандастарымыз арасында да. Біреу күлімдесе болды, сіздер оны төбеге көтеріп, «бізді таныды», «бізге сүйсінді» деп ойлайсыздар да, дереу оған доппи, чапан, атлас кигізесіздер. Өзбек халқына осылай жағынатындар бар ма? Тіпті көршілер де бұлай жасамайды, – деп жазды журналист.
Ол көптеген адамның Өзбекстанға өзбектердің қаржысы есебінен келетінін еске салды:
– Сіздер форумдар мен конференциялардың ондаған қатысушыларының шығындарын төлейсіздер (тікелей не жанама түрде). Ұлттық киімдегі қыз-жігіттер кернейлетіп, сырнайлатып, қақаған аязда тоңып тұрады... Иә, сіздерге «жарайсыңдар» деп айтатын шығар. Көрнекілікке, ысырапшыл дәстүрлерге, мақтанға толы әдеттен бас тартатын кез келді. Дәл осыны, дөрекі жолмен болса да, сіздерге сол Безруков еске салып отыр, – дейді Имомова.
«Оларға қой бағу керек»
Мәселе тек бір актерде емес. Оны кешіре салуға да, гастрольден шаршады деп ақтауға да болады. Мәселе әлдеқайда тереңде жатыр. Көптеген ресейлік қайраткерлер бұрынғы ұлттық республикаларды кемсітуге арналған сөздерді жиі айтып жүр.
Оғал дәлеліміз де жоқ емес:
– Жазушы Захар Прилепин бір жолы: «Орта Азияда жабайыларға әріп үйретуден басқа орыс адамына істейтін ештеңе жоқ» деген.
– Тележүргізуші Андрей Караулов: «Қазақстан – бұл Ресей, тек уақытша бөлініп кеткен» деген.
– Владимир Жириновскийдің «қазақстандықтар қырғыздармен бірдей, ал қырғыздар – таулықтар, оларға қой бағу керек, мемлекет олардың не сәні» деген сөзі бар.
– Тағы басқа «мәдениет өкілдері»: «Өзбекстан – ресейліктің өзін патшадай сезінетін ел» деген пікірлер айтқан.
Мұрнын шүйіру
Бұл жай қателік не орынсыз сөйлеу емес. Бұл әдетке айналған тәкаппарлық. Бейнелеп айтқанда, олар бізді өздеріне тең көрмейді, қызметшісі есебінде қабылдайды. Уақыт өтсе де, бұлар сол ескі иерархияның тот баспайтын шегелерін әлсін-әлсін жаңартып отырады.
«Халықтар достығы»
Навбахор Имомованың мақаласы кикілжіңді өршіту үшін емес, ол Орталық Азия халқы қонаққа барынша жағынатыны туралы. Біз қонақ десе, оның асты-үстіне түсеміз. Шайымызды қайнатып, дастарханымызды жайнатып, ет асып, палау пісіреміз және мұны халықтар достығы деген ұранмен жасаймыз. Олар – мырза, біз – құл секілді, алдына түсіп, жүгіреміз. Бұл – Безруков сияқты адамдарға «зират түнде де ашық болуы керек» деп ойлауға қолайлы орта.
Кэнселдеу мәдениеті
Енді басты сұрақ: мұндай жағдайда кэнселдеу мәдениеті қажет пе?
Батыстық түсінікте cancel culture – токсикалық мінез-құлық үшін қоғамдық санкция. Қоғамдық артықшылықтардан айыру, аудиториядан шеттету. Ал Орталық Азияда бұл мәдениет басқаша болуы керек. Көшірме емес, біздің менталитетімізге бейімделген нұсқа.
Қалай болуы мүмкін (ең жұмсақ үлгіде):
Құрмет – ол шекара
Құрмет – бұл дастархан жаю емес, шекараны белгілеу. Құрмет құлша жорғалаудан пайда болмайды. Құрмет палау беру арқылы болмайды. Құрмет шапан жауып, ат мінгізумен өлшенбейді.
Құрмет қонаққа «иә, сен бүгін қонағымсың, бірақ осы шаңырақты сыйла, заңды бұзба, дәстүрімізге күлме» дегенді ұғындырудан басталады.
Бұл жерде кэнселдеу кек не өшпенділік емес. Бұл – позицияларды жұмсақ, бірақ нық теңестіру. Онжылдықтар бойы құрметті қызмет етумен шатастырып келген аймақ үшін бұл – есеюдің басы.
Жалған сән-салтанаттың анатомиясы
Орталық Азияда қонақ – қасиетті тұлға. Оған төр, ең тәтті ас, алтын жіппен әдіптелген шапан ұсынылады. Бірақ қонақ қонақжайлықты құлдықпен шатастырса, не болады?
Шындыққа тура қарайық: патша жалаңаш, бірақ нөкерлері оны киінді деп көрсетеді. Бізде «күзетші синдромы» қалыптасқан. 90-жылдардағы ұмытылған жұлдыз келсе, шапан жапқымыз келеді. Қонақ тұтас халыққа тіл тигізсе, күзетшінің Пушкинді не Есенинді білмегені үшін өзіміз кешірім сұраймыз.
Имомова дұрыс айтып отыр, ешкім бізге дәл осылай жағынбайды. Сіз Мәскеуде Безруковтың өзбек делегациясын түнгі үште нан-тұзбен қарсы алғанын көрдіңіз бе?
Өзін құрметтеу мәдениеті
Сөз соңында кэнселдеу мәдениетіне қайта оралайық. Ол сөзсіз қажет. Бірақ айқай-шумен емес, байыппен, ақылмен жасау керек. Біздің жағдайда кэнселдеу мәдениеті – өзін құрметтеу мәдениеті.
Ал Безруковтың әрекеті бізге, керісінше, пайдалы болды. Ол, дөрекі болса да, бір шындықты ашып көрсетті. Өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін дейді қазақ. Өзіңді өзің құрметтемесең, оны ешкім де құрметтемейді.