Қазақстанда шариғат талаптарына сай исламдық ипотека қашан іске қосылады?

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда баспана алу үшін банктердегі дәстүрлі ипотекадан бөлек ислам ипотекасы бар.  Ulysmedia.kz тілшісі оның артықшылығы мен қайдан алуға болатынын зерделеп көрді.    

Ислам ипотекасында пайыздық мөлшерлеме қосылмайды

Бұл шариғат негізінде жұмыс істейтін қаржыландыру түрі. Дәстүрлі ипотекадан айырмашылығы халал ипотекада пайыздық мөлшерлеме қосылмайды. Яғни пайызсыз ипотека деуге болады. Себебі ислам дінінде өсімқорлыққа тыйым салған. Ислам банктері пайызға несие бермейді, бірақ табыс табу үшін басқа механизмдерді қолданады.

Ислам қаржы жүйесінде ипотеканың иджара, мурабаха және мушарака атты үш түрі бар. Атауы ұқсас болғанымен, талабы әртүрлі. 

1) Мурабаха
Банк үйді өзі сатып алып, клиентке үстеме бағамен қайта сатады.
Үйдің бастапқы бағасы және банктің үстемесі ашық көрсетіледі.
Төлем әдетте бөліп төлеу арқылы жүзеге асады.
Пайыз емес, нақты тауарды қайта сату шарты қолданылады.
Қазақстанда бұл модельді, соның ішінде Al Hilal Bank сияқты ислам банктері ұсынады.
Ерекшелігі: барлық сома алдын ала белгілі, төлем кестесі өзгермейді.

2) Иджара
Банк үйді сатып алып, оны клиентке жалға береді.
Клиент ай сайын жалдау ақысын төлейді.
Төлемнің бір бөлігі үйді кейін сатып алуға бағытталады.
Мерзім соңында барлық төлем өтелген соң, меншік клиентке өтеді.
Ерекшелігі: бастапқы кезеңде меншік банкке тиесілі, клиент жалға алушы ретінде тұрады.

3) Мушарака (азая беретін серіктестік)
Банк пен клиент үйді бірге сатып алады (мысалы, 50/50).
Клиент банктің үлесін біртіндеп сатып алады.

Әр төлемнен кейін банктің үлесі азая береді. Соңында толық меншік клиентке өтеді. Мысалы: 100 000 долларлық үйді банк пен клиент тең бөліп алады. Клиент уақыт өте келе банктің 50% үлесін бөліп төлеу арқылы толық иелікке өтеді.

Қазақстанда халал ипотеканы қайдан алуға болады?

Қазіргі таңда Қазақстанда шариғат қағидаттарына сай жұмыс істейтін жалғыз банк – Al Hilal Bank. Банк халал ипотеканы исламдық қаржыландыру тетіктері (мурабаха, иджара, мушарака ) арқылы ұсынады.

Негізгі шарттары:

Қаржыландыру нысаны: Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларындағы пайдалануға берілген тұрғын үйлер
Қаржыландыру сомасы: 3 000 000 – 200 000 000 теңге
Бастапқы жарна: кемінде 30%
Мерзімі: 3 жылдан 15 жылға дейін
Расталған табыс: кемінде 200 000 теңге айлық жалақы
Жасы: 23 жастан бастап зейнет жасына дейін
Комиссия: қаржыландыру сомасының 0,5%-ы
(кемінде 150 000 теңге, ең көбі 300 000 теңге)

Қосымша мүмкіндіктер:
Қарызды мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеуге болады
Дәстүрлі ипотеканы халал ипотекаға қайта қаржыландыруға рұқсат етіледі.

Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, 2025 жылдан бері Қазақстанда «Заман Банк» Ислам банкі» және Al Safi Bank атты екі банкте ислам ипотекасын беруге дайындық жүргізіліп жатыр. 

- Қазіргі таңда бұл банктерде ислам ипотекасы әлі де іске қосылған жоқ. Қазақстанның дәстүрлі банктерінде исламдық терезе ашып, шариғатқа сай қаржыландыру қызметін ұсыну, заңнамалық рұқсат беру жоспарланып жатыр. Егер сіз діни себептермен пайызсыз ипотека іздесеңіз, исламдық ипотека сол талаптарға сай келеді. Исламдық қаржыландыруда барлық төлеп алдын ала келісілген, жасырын пайыздар жоқ, бұл әлеуметтік әділеттікке әкеледі. Инвесторлар мен клиенттерді нақты активтерге байланысты қаржыландырады,  - дейді ол. 

«Отбасы банктен» халал ипотека беріле ме?

Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банкте исламдық қаржыландыруды енгізу бойынша жұмыс тобы құрылып, тиісті өнімдердің тұжырымдамасы әзірленген. Қазіргі уақытта ислам банкингі тетіктерін қолданыстағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне бейімдеу бағытында сараптамалық және талдамалық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар салалық бірлестіктермен және нарық қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасалып жатыр.

- Біз күн сайын діни себептерге байланысты дәстүрлі ипотеканы пайдалана алмайтын азаматтардан өтініштер аламыз. Бұл отбасылардың баспаналы болып, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізгісі келеді. Исламдық ипотека олар үшін қолжетімді шешім бола алады. Біз үшін бұл тек жаңа өнім емес, сонымен қатар қаржыландыруға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі. Біз заңнамалық бастамалар бойынша жұмысты бастап кеттік және бұл жобаны кезең-кезеңімен ілгерілетуді жоспарлап отырмыз,- деді ол жақында Қазақстан құрылысшылар одағының өкілдерімен және елдегі ірі құрылыс компанияларымен жұмыс кездесуінде. 

Халал ипотека бәріне бірдей тиімді ме?

Халал ипотека әр адамға бірдей қолайлы бола бермейді. Бұл көбіне адамның қаржылық жағдайына, жинағына және таңдаған ұстанымына байланысты.
Ислам ипотекасында бастапқы жарна көлемі дәстүрлі ипотекаға қарағанда жоғары болады. Көп жағдайда кемінде 30% талап етіледі. Сондықтан мұндай соманы бірден төлеу барлығының қолынан келе бермейді.

Сонымен қатар, банк клиентке сатпас бұрын тұрғын үйді өзі толық сатып алады. Егер клиент кейін мәміледен бас тартса, банк шығынға ұшырауы мүмкін. Осы себепті қаржы ұйымы қарыз алушыларды мұқият тексеріп, төлем қабілетіне ерекше назар аударады.

Айта кету керек, халал ипотека тек мұсылмандарға ғана арналмаған. Талаптарға сай келген кез келген азамат, дініне қарамастан, оны рәсімдей алады.

- Наурыздан бастап елімізде банк туралы заң күшіне енді. Енді арнайы лицензия алудың, арнайы банк ашудың қажеті жоқ. Кез келген екінші деңгейлі банкте ислам банкингі терезелері ашылуы мүмкін. Қазақстанда бұған дейін шариғат талаптарына сай жұмыс істейтін жалғыз банк – Al Hilal Bank болса, енді оған Отбасы банк қосылады. Басқа да банктерде заңнамалық тұрғыдан кедергі жоқ. Олар да ислам ипотекасын бере бастауы мүмкін. Ислам ипотекасының негізгі шарттары базалық ставкаға байланысты болғандықтан, дәстүрлі ипотекаға қарағанда тиімді деп айтуға келмейді. Шариғат жолымен жүретін адамдар классикалық ипотеканы өсімі бар, харам деп ала алмайды. Сондықтан, ислам ипотекасы сол адамдарға арналған. Дәстүрлі ипотеканы нарықтан ысыра алмайды, онымен бәсекес те бола алмайды, - дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.