Саран: күнгей мен көлеңке немесе қайта түлеген шаһар тұрғындар көңілінен неге шықпай отыр?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қарағандыдан небәрі 25 шақырым жерде Саран деген қала бар. Күні кешеге дейін депрессиялық аймақ аталған Саран қаласын бүгінде жаңа индустрияландырудың флагманы деп атайды. Бұл жерде Еуропаға экспортталатын шиналар, елге қажетті автобустар және көрші елдер нарығына бағытталған теледидарлар шығарылады. Бірақ жаңа зауыттардың жарқыраған келбетінің ар жағында апатты үйлер, жылдар бойы созылған құрылыстар және пәтерлерінде бүрсең-бүрсең қағып отырған адамдар бар. Экономикалық серпіліс пен коммуналдық дағдарыс қалай қатар өмір сүріп жатыр? Осы сұраққа Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

СОРТАҢ ЖӘНЕ КӨМІР

Қалай «ғажайып» туралы айтуға кірісеміз, алдымен, бәрі неден басталғанын түсіну керек. Саран  Қазақстанның қақ ортасында, Қарағанды облысының территориясында орналасқан. Қала атауы қазақ тіліне «тұзды жер» деп аударылады. Бұл – осы өңірдің ландшафтын дәл сипаттайтын атау.

Жазда өсімдігі қурайтын, қыста жиі боран мен бұрқасын соғатын қыратты жазық жауын-шашынға аса бай емес. Бірақ Саранның тағдырын анықтаған басты байлық жердің астында. Ол – көмір. Дәл осы пайдалы қазба мен 1939 жылы геологтар тапқан құрылыс тастары, керамикалық саздар, құм-қиыршық қоспалар қала салуға себеп болған.  Алғашында бұл жерде барлаушы-кеншілердің шағын қонысы пайда болып, кейіннен шахтерлер қаласына айналған. Саран  аумағымен Қарагандинка атты шағын өзен ағып өтеді, көлемі шағын болғанымен, өңір үшін маңызды су артериясы.

ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ФЕНИКС

1939 жылғы геологиялық қоныстан индустриялық орталыққа дейінгі Саранның жолы бір көркем фильмге сұранып-ақ тұр. Ондаған жыл бойы қала тіршілігі көмір шахталарына тәуелді болды. Ал РТИ зауытының жанындағы заманауи шағын аудан  кеңестік кезеңнің шарықтау шағымен тұстас келді. Бірақ 90-жылдардағы дағдарыс Саранды 106 бос көпқабатты үйі бар елес қалаға айналдырды.

Жағдай 2021 жылдан бастап өзгермесе, осылай кете берер ме еді, кім білсін. Осыдан төрт жыл бұрын мұнда индустриялық аймақ құрылды. Қаланың жаңа өмірі басталды. Салық түсімі 4,5 есе өсті, мыңдаған адам жаңа жұмыс тапты. Енді бұл жерде тек көмір емес, жоғары технологиялық өнім шығарылады.

«Tengri Tyres» зауыты «Attar» маркасымен жүз мыңдаған шина өндіреді және Еуропа нарығына шықпақ. «QazTehna» ел ішіндегі автобустардың жартысына жуығын қамтамасыз етеді, «Silk Road Electronics» Қазақстан мен әлемдік брендтерге техника құрастырады.

Мұндай да болады екен-ау, реформа сәтті жүзеге асып, 2024 жылы Саран  ресми түрде моноқалалар тізімінен шығарылды. Бірақ осы табыстың артында әлдеқайда күрделі шындық тұр.

ӘКІМДЕР «ҚАРҒЫСЫ»

Саранды басқару кез келгеннің қолынан келетін іс емес. 1999 жылдан бері қызмет атқарған тоғыз әкімнің үшеуі қылмыстық іске қатысы бар деп, заң алдында жауап беруге мәжбүр болған.

Алғашқысы – 2003-2009 жылдары әкім болған Мейрам Смағұлов. 2012 жылы Қарағанды қаласы әкімі лауазымына дейін өскен ол 2014 жылы күйреді. Тергеу оның «ЮТЭКС» құрылыс компаниясын өз жеке үйін 5 миллион теңгеге тегін жөндеуге мәжбүрлегенін анықтады. 2015 жылы ол 3 жылға сотталды (кейін 2 жылға қысқарды).

Келесісі – 2010 жылдан қала басқарған Виктор Иванов. Оның құлауы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің құлауымен байланысты. Ол мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы бола тұра сапасыз салынған үйді қабылдап, 4 жылға сотталды (кейін амнистиямен босатылды).

Ең даулы іс – 2014-2017 жылдары қала әкімі болған, кейін энергетика вице-министрі атанған Анатолий Шкарупаның ісі. 2018 жылы Бас прокурор Қайрат Қожамжаров Сарандағы жылу есептегіштеріне бөлінген 215 млн теңгенің жымқырылғанын жариялады. Прокуратура Шкарупа бұл жобаның мағынасыз екенін білгенін, себебі орталық қазандық көпжылдық ұзақ құрылыс екенін айтты.

Шкарупаға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнді. Бірақ сот бәрін жоққа шығарды. 2021 жылдың қаңтарында судья Жанат Егембердиева оны толық ақтады. Тергеу шығынды да, ұрлау әдісін де дәлелдей алмаған, ал сараптама өрескел бұзушылықпен жасалған. Шкарупа, керісінше, Қожамжаровтың өзін «қинау» және іске «жалған дерек қосу» бойынша шағымдады.

ӨТКЕННІҢ ЕЛЕСІ

Сарандағы экономикалық ғажайыптың теріс жағын көру үшін жаңа зауыттар жолынан бір бұрылып, РТИ шағынауданына кіру жеткілікті. Сынған терезелері бар бос көпқабатты үйлер соның айғағы.

Саран жайлы әңгіменің кульминациясы – кез келген сәтте құлауы мүмкін апаттық жағдайдағы бесқабатты үйден кетуден бас тартқан 16 отбасының тарихы. 20 жыл бойы олар пәтерлерін «буржуйка» пешпен жылытып, шатырды өздері жөндеп келген. Билік оларға уақытша орталыққа көшуді ұсынады, бірақ тұрғындар:

–  Бізге пәтер берілгенше тиіспеңіздер. Әрине, құжаттары бар пәтер, – дейді.

Олардың жан айқайы – «экономикалық серпілістен» тыс қалғандардың үні.

12 ЖЫЛДЫҚ КҮТУ ЖӘНЕ… БІР КҮНДЕГІ СӘТСІЗДІК

РТИ –  созылмалы ауру болса, орталық қазандық тарихы –  қала жүйесінің жан жарасы. Тұрғындар 12 жыл бойы жаңа ЖЭО-ның іске қосылуын күтті. Құны да әжептеуір, 10 млрд теңгеден астам. Құрылысты жемқорлық жалмады: қаржы жоғалды, мердігерлер сотталды, вандалдар құрылыс материалдарын ұрлап әкетті. Тек 2024 жылдың күзінде ЖЭО іске қосылды. Онда да бір күнге.

Қуатқа толық шығуға әрекет жасалғанда апаттық автоматика іске қосылып, қазандықтар тоқтап қалды. Жылудың 80% осы нысаннан келуі тиіс қала жылусыз қалды.

Премьер-министр Олжас Бектенов кінәлілердің бәрі жауапқа тартылады деп жұдырығын түйгенімен, бір апта бойы үйлерінде тоңып отырған халық үшін бұл дөңайбат жұбаныш болмады.

БІР ТАМШЫ СУ ҮШІН КҮРЕС

Жылу үшін күреспен қатар, Саранда су үшін де соғыс жүріп жатыр. Мәселен, Дубовка ауылында орталық су жүйесінің тартылуы – тарихи оқиға. Өйткені мұнда елді мекен құрылғаннан бері су құбыры болмаған. Адамдар ондаған жыл бойы суды тасып жүрген.

Қазір қалада су жүйелері күрделі жөндеуден өтіп жатыр: 91,8 км құбырдың 50 км салынды, ұңғымалар қазылып, сорғы станциялары ауыстырылуда. Бірақ тұрғындар судың қысымы төмен деп шағымданады, ал кәріз жүйесінің тозуы 80%-ға жеткен.

Қала әкімі Дарын Бұлқайыр мәселе шешіледі десе, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев инфрақұрылымды жаңартуды басты міндет деп отыр.

Айқын нәрсе: дәл осы «жердегі» мәселелер шешілмей, Саранның индустриялық табыстары туралы айту әбестік саналар. Зауыттар шина мен теледидар шығара береді, бірақ үйлерде су мен жылу болмаса, қала шынымен өсіп-өркендемейді.

САРАН  ФЕНОМЕНІ

Сонымен Саран қандай қала? Шынымен қайта түлеген қала ма, әлде құны миллиард тұратын зауыттары бар елес қала ма? Екі жауап та дәл келеді.

Саран экономикасын серпілтіп, инвестиция тартатын орталыққа айнала алатынын дәлелдеді. Бірақ зауыттар ғана жетістікке жеткізбейді. Егер олардың сыртында қарапайым әлеуметтік және коммуналдық түйткілдер шешілмесе, адамдар нақты жылулықты сезінбесе, кез келген серпіліс әлсіз болып қалады.

Бүгінгі Саран –  жолайырықта тұрған қала. Ол ең қиын дүниені жасады, өзінің болашағына сендірді және көзқарасты өзгертті. Енді мұны тек инвесторлар алдында ғана емес, қала тұрғындары алдында да абыроймен қорғап шықса дейсің.

Оларға тек жұмыс емес, лайықты өмір сапасын жасай ала ма? Осы сұрақтың жауабы Саранның ғана емес, Қазақстандағы барлық бұрынғы моноқалалардың болашағын анықтайды.

Сәттілік саған, Саран!