Әліпті таяқ деп білмейтін тәліп немесе ауған қыздарының жан айқайы

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Тәліптер билікті басып алған соң Ауғанстанда қыздардың мектепте оқуына ресми түрде шектеу қойылды. Бұл ел қыздарға 6-сыныптан кейін оқуға ресми шектеу қойған жалғыз мемлекет. БҰҰ дерегінше, бір миллионнан астам қыз білім алу мүмкіндігінен айырылған, ал жоғары оқу орындары мен мектептер оларға төртінші жыл қатарынан жабық тұр. Ulysmedia.kz тілшісі осы тыйымдар кесірінен туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған 24 жастағы ауған қызы, медицина факультетінің бұрынғы студентімен сөйлесті. Оның тағдыры әп-сәтте өзгерген.

Тәліптер билікке келгенге дейінгі өмір

Тәліптер қайта оралғанға дейін Масуда Наим Заданың Кабулдағы тіршілігі өзге елдердегі құрбыларының өмірінен еш айырмашылығы жоқ еді. Ол болашаққа жоспар құрып, алдағы күнге үлкен үмітпен қарады. Медицина факультетінің төртінші курсында оқып жүрген. Оқуын тәмамдап, дәрігер болсам дейтін. Жанында отбасынан бастап достарына дейін, яғни сенім артар адамдарының бәрі бар еді. Еңбектің арқасында жарқын әрі тұрақты өмір сүретініне сенімді болатын. Алайда 2021 жылдың тамызында бәрі өзгерді. Масуда сол күнді ұмытпайды. Дәрісте отырған студенттердің телефондары бір мезетте шырылдай бастады. Арада аз уақыт өткенде аудиторияға университет қызметкері кіріп, діріл аралас дауыспен: «Тәліптер Кабулға кірді», – деген. Осы сәт Масуданың өмірін түбегейлі  өзгертті. 

Қарғыс атқыр сол күн

Жыл соңында тәліптер әйелдерге арналған барлық университеттің жұмысын тоқтатты. Осылайша Ауғанстан қыздарға білім алуға ресми түрде тыйым салынған жалғыз мемлекетке айналды. Әйелдерге 20-дан астам жаңа шектеу енгізілді: олардың жұмыс істеуіне, жалғыз жүруіне, саябақтар мен спорт залдарына баруына, тіпті сұлулық салондарында шаш қиюына да тыйым салынды. Бұл хабар Масуда үшін ауыр соққы болды.

– Сол күні жылаған жоқпын. Тек мең-зең болып, «неге? біз не істедік?» деген сұрақтарды қайта-қайта өзіме қоюмен болдым, – деп есіне алады ол.

Бас сауғалау

Масуданың отбасында ауыр үнсіздік орнады. Елде қалу – болашақтан бас тарту, ал кету бар дүниені артта қалдыру еді. Бірақ басқа амал да жоқ. 

– Ең қиыны елден кету емес. Келешекте туған жеріме қайта орала алмауым мүмкін екенін түсіну болды, – дейді ол.

Отбасы керек-жарағын жинап, бірнеше шабаданға сыйғызып, Түркияға ұшып кетті. Бейтаныс елде Масуда тіл білмеуден бастап құжат рәсімдеу, жалған уәделер, жалғыздық пен күйзеліс сияқты жаңа сын-қатерлерге тап болды.

– Күн сайын жастықта жатып жылайтынмын. «Мен сонша күрескен болашағым осы ма?» деп өзіме сұрақ қоя беретінмін, – дейді Масуда.

Жаңа елдегі алғашқы айлар

Түркия оны, ең алдымен, әйелдерге берілген еркіндігімен таңғалдырды. Оқу, жұмыс істеу, өз бетімен шешім қабылдау мүмкіндігі оған ертегі секілді көрінген. Бірақ білімін жалғастыру оңай болмады, құжаттарды растау бірнеше айға созылды. Қайда барса да: «мүмкін емес», «басынан баста», «көп қаражат керек» деген сөздерді естіп, еңсесі түсетін. Соған қарамастан, ол оқуын қайта жалғастырудың жолын тапты. Бүгінде ол Ауғанстандағыдай үрейде өмір сүрмейді.

– Мұнда оқ атылған үн естімейсің, есік тарс жабылып, «сен қызсың, саған болмайды» деп айтпайды. Бірақ миграцияның жарасы қалады. Кейде әлі күнге дейін қорқынышты түс көремін. Ешбір босқын өзін толық қауіпсіз сезіне алмайды, – дейді Масуда.

Тәліптер білімді әйелдерден неге қорқады

Ол қараңғылықтың мәңгі созылмайтынына сенеді. Ауғанстанда қалған таныстары қорқыныш пен жоқшылықтың ортасында өмір сүріп жатыр. Қыздар болашағын ойлайды, бірақ оны дауыстап айта алмайды. Себебі бүгінгі Ауғанстанда армандауға да тыйым салынған.

Неліктен тәліптер әйелдерден қорқады деген сұраққа ол бірден жауап берді:

– Өйткені білімді әйел – мықты қоғамның негізі. Білімді әйел ешқашан мойынсұнбайды. Ол еркін. Тәліптер еркін әйелден қорқады.

Қазір Масуда елге қайта орала алмайды. Себебі бұл оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Шетелде білім алып, дербестікке ұмтылған әйел билік үшін қауіпті саналады.

– Қайтып барсам, мүмкін ешқашан қайта шыға алмай қаламын, – дейді ол.

Дегенмен бір күні Ауғанстан өзгеріп, университеттер ашылып, әйелдер қайтадан оқып, мамандық алу мүмкіндігіне ие болса, Масуда туған жеріне оралуды армандайды.

– Ешкім отанын еркімен тастамайды. Біздің бүгін алыста жүргеніміз – амалсыздықтан. Отанды сағыну – босқын үшін ең ауыр сезім, – дейді ол.

Ауған қыздарына үндеу

Оның айтуынша, Ауғанстанда қалған қыздар қандай да бір білім алуға талпынуы тиіс. Себебі білім – еркіндіктің іргетасы. Сонымен қатар ол психологиялық қолдау, қауіпсіз баспана алу жолдары, шәкіртақылар мен халықаралық көмектің маңызын атап өтті.

– Арманы бар, бірақ оған жетуге мүмкіндігі жоқ қыз – әлемдегі ең осал әрі ең мықты көтерілісші, – дейді Масуда.

Әлем көмек бере ме?

Масуда халықаралық қауымдастықты ауған әйелдерінің тағдырына немқұрайлы қарамауға шақырады.

– Біз керемет бір ғажайып сұрап отырған жоқпыз. Бізге тек жалпыға ортақ адам құқықтарының сақталғаны керек. Ол – білім алу, еңбек ету, еркіндік және қауіпсіздік. Егер әлем үнсіз қалса, сол үнсіздік бізді жоқ қылуы мүмкін. Ауған әйелдерінің үнін жеткізіңіздер. Өйткені біздің үйде сөйлеуге рұқсат жоқ, – дейді Масуда.