Екі оттың ортасында: мұнай тасымалдау құбыры Қазақстанның осал тұсына айналды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Жақында Украинаның Новороссийскідегі Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) теңіз терминалына жасаған соққысы жай ғана әскери оқиға емес, Қазақстан үшін күрделі жағдай туғызған өткір геосаяси инцидентке айналды. Бұл шабуылдың кесірінен тіреуіш айлақ құрылғыларының бірі (ВПУ-2) зақымданды және соққының өзі Ресейдің әскери әлеуетіне емес, экспортталатын мұнайдың шамамен 80 пайызы өтетін Қазақстан экономикасының негізгі күре жолына бағытталғандай болды. Осы оқиғаның салдары қандай болуы мүмкін деген сұраққа Ulysmedia.kz жауап іздеп көрді.

Осал тұс

КҚК – халықаралық консорциум, сондықтан шабуыл тек қазақстандық емес, акционер болып отырған ірі трансұлттық компаниялар арқылы американдық және еуропалық мүдделерге де әсер етті. Бұл факт нысанның азаматтық әрі халықаралық мәртебесін айқындай түсіп, оның зақымдануын ерекше сезімтал етеді. Қазақстанның КҚК-ге тәуелділігі оның бір осал тұсы іспетті. Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты сияқты балама маршруттардың баяу дамуын ескерсек (ол жақын жылдары қазіргі көлемнің шамамен 20 пайызын ғана қабылдай алады), КҚК жұмысының тоқтауы немесе кідірісі тікелей миллиардтаған шығынға және ірі мұнай кен орындарындағы өндіріс тұрақтылығына қауіп төндіреді. Қазақстан соғысқа тікелей қатыспаса да, көрші ел аумағында болып жатқан жағдай оның қалтасына әсер етеді, сондықтан Ресейден өтетін КҚК-нің тілеуін тілеп, тақым қыспасқа болмайды.

«Қосалқы шығын»

Қазақстандағы реакция екі түрлі болды. Ресми тұлғалар мұндай әрекеттерге көз жұмып отыра беруге болмайтынын, екі ел арасындағы қатынасқа нұқсан келтіретінін атап, қарсылық білдірді. Бұл дипломатиялық ескертуге ұқсайды. Ал қоғамның бір бөлігі соғыс логикасын алға тартып, «соғыста барлық тәсіл орынды» деп, Украинаның тіршілік үшін күресіп жатқанын айтады. Өз кезегінде Украина бұл соққы қорғаныс операциясының бөлігі екенін және Қазақстанға бағытталмағанын мәлімдеп, Қазақстан Ресей аумағындағы инфрақұрылымды пайдаланып отырғандықтан, мұндай жағдайлар болуы мүмкін, амал жоқ, төзесің деп отыр.

Бірақ Қазақстан жанама түрде соғысқа тартылды ма? Ресми түрде – жоқ. Қазақстан қақтығысқа қатысты бейтарап позицияны сақтап келеді. Алайда маңызды активтері соғыстың кесірінен зардап шегіп жатса, ел шығынға ұшырайды. Оны кім жақтырсын?!

Ерекше жағдай

Бұл мәселеге қатысты пікірді АҚШ-та (Кливленд) тұратын саясаттану ғылымдарының PhD докторы Асхат Дүкенбаевтан сұрадық.

– Қазақстан экономикасы үшін тәуекел айқын: мұнай экспортының 80 пайызына дейінгі көлем КҚК арқылы өтеді, оған АҚШ пен ЕО да тәуелді. Сондықтан кез келген кідіріс тек Астанаға емес, еуропалық тұтынушыларға да әсер етеді. Бірақ Қазақстан «жанама түрде соғысқа араласты» деу дұрыс емес, өйткені инфрақұрылым Ресей аумағында орналасқан, транзит қауіпсіздігіне жауап беретін – Мәскеу. Қазақстан бұл эпизодта мүдделер қақтығысында қалды, бірақ қақтығыс тараптарының бірі ретінде емес, – дейді саясаттанушы.

Қам жасау

Оның сөзінше, Кремль бұл жағдайды Қазақстанға қысым көрсетуге немесе Қазақстан – Украина диалогын әлсіретуге пайдалануы мүмкін. Дегенмен Астана көпвекторлы саясат аясында сақтықпен бейтарап ұстанымын жалғастырып отыр. Ал салдарды азайту үшін Қазақстан екі міндетті шешуі тиіс.

– Біріншіден, барлық тараптан қазақстандық транзиттің әскери нысанаға айналмайтыны және Қазақстанның да, халықаралық әріптестердің де энергетикалық мүдделерін зақымдау ниеті жоқ екеніне нақты кепіл алу қажет. Екіншіден, экспорт бағыттарын әртараптандыруды жеделдетіп, тиісті инфрақұрылымды дамыту және ЕО мен АҚШ-пен үйлестіруді күшейту керек. Бұл Қазақстанның әзірге осал болып тұрған тұсын бекітеді, алда болуы мүмкін дағдарыстарда келіссөз жүргізудегі мүмкіндіктерін арттырады, – деп қорытындылады Дүкенбаев.

Екі оттың ортасында

КҚК құбырын пайдалану Қазақстанды соғысқа тікелей араласушы етпегенімен, оны Ресейге қарсы шабуылдарға жауап ретінде жасалатын соққылардың жанама нысанасына айналдырады. Бұл жағдайды екі әскери флот арасындағы қақтығыстың ортасына түсіп қалған, бірақ бейтарап туды көтеріп келе жатқан кемемен салыстыруға болады. Қысқа мерзімде бұл оқиға ақпараттық кеңістікте Ресейге тиімді болып отыр. Мәскеу мұны қарсы тараптың одақтастар мен бейтарап елдердің мүдделеріне соққы жасауы ретінде көрсетіп, Украинаның сенімді серіктес ретіндегі бейнесін әлсіретеді әрі Қазақстанның экспорт үшін ресейлік инфрақұрылымға тәуелділігін айқындайды. Соның салдарынан Астана мен Киев арасындағы дипломатиялық шиеленіс күшейіп, Қазақстанның Ресей агрессиясынан дистанция сақтауға бағытталған жалпы позициясына назар әлсіреуі мүмкін.

Әлсіз тұстар

Украиналық саяси шолушы Леонид Швец Ulysmedia.kz-ке берген түсіндірмесінде жағдайды былайша бағалайды.

– Украинаның КҚК -ға немесе Ресейдің мұнай инфрақұрылымы мен логистикасына қатысты әрекеттерін түсіну үшін алдымен оның орнына өзін қойып көру керек. Сені өлтіріп жатқанда, сен бар күшіңмен қарсылық көрсетіп жатырсың, ал көршілер «тәртібің дұрыс емес» деп ескерту жасайды, өйткені сенің айқайың олардың тыныштығын бұзып, агрессормен қалыпты бизнес жүргізуіне кедергі келтіреді. Барлығы жағдайға көз жұма қараған сайын құрбанның әрекеттері одан сайын үдеп, шұғыл бола түседі. Ресейдің мұнай саласы  агрессор үшін ең әлсіз тұстардың бірі және дәл осы бағыттағы соққылар шынымен сезіледі, – дейді шолушы.

Эскалация күшейіп келеді

Швецтің пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы соғыс біртіндеп халықаралық сипат алып, үшінші елдерге де қауіп төндіре бастады. Көптеген шетелдік компаниялар Ресейден кетсе, бір бөлігі этикалық себептермен, басым бөлігі соғыс пен бизнес климатының күрт нашарлауынан туындаған қауіптерді бағамдап кетіп қалды. КҚК -ның миноритарлық әріптестерімен бірге Қазақстан да осы өсіп келе жатқан тәуекелдерді сезініп отыр.

– Украина Қазақстанның күрделі жағдайын, Мәскеумен қақтығыстан қашу ниетін жақсы түсінеді. (…) Бірақ, керісінше, біз эскалацияның күшейгенін көріп отырмыз. Қазақстан билігі нақты жағдайдан шығатын амалдарды іздеуге мәжбүр болады. Астана қанша жерден үндеу жасаса да, ел үшін бөлек шарт жасау мүмкін емес, – дейді сарапшы.

Таразы басы

Central Asia Due Diligence (Лондон) ұйымының директоры, саясаттанушы Алишер Илхамов Ulysmedia.kz-ке жағдайды былай талдап берді.

– Украина дрондары мен ракеталары КҚК-ның Новороссийск портындағы терминалын нысанаға алғаннан кейін қандай нәтиже шықты? Бір жағынан, Қазақстан шынымен экономикалық зардап шекті, себебі оның мұнай экспортының басым бөлігі қауіпке ұшырады. Екінші жағынан, әңгіме Ресейдің агрессиясына ұшыраған тұтас ұлттың өмірі мен өлімі туралы болып отыр. Қазақстан бұл мұнайды Ресей аумағы арқылы экспорттайды. Украина үшін Новороссийск портына жасалған соққылар шешуші рөл атқарады, өйткені агрессордың соғысқа жұмсалатын табысын азайтады. Украина жауап қайтаруға мәжбүр, ал Ресейдің бүкіл аумағы әскери мақсат тұрғысынан заңды нысана. Тек тұрғын үйлер мен дипломатиялық нысандар ғана бұл тізімге кірмейді, – дейді ол.

Бизнес тәуекел

Илхамовтың айтуынша, Украина Ресейдің теңіз порттарына соққы жасап келе жатқанына біраз болды. Сондықтан Қазақстан билігі Ресей арқылы экспорт жасаудың тәуекелдерін әлдеқашан түсінуі керек еді.

– Екінші дүниежүзілік соғысты еске түсірсек, одақтастар, соның ішінде АҚШ пен КСРО да, Германия аумағындағы нысандарды бомбалағанда, үшінші елдердің экономикалық объектілеріне тиіп кету қаупіне онша мән берген жоқ. Қазір де осыған ұқсас жағдай болып жатыр, – дейді сарапшы.

Тек қазақ мұнайы ма?

Ол сондай-ақ басқа сарапшылар да көтеріп жүрген күмәнді мәселеге тоқталды.

– Ресей КҚК терминалын өз мұнайын экспорттау үшін пайдаланбады ма? Соңғы жылы Қазақстанның КҚК  арқылы мұнай тасымалының 17%-ға өсуі күдік тудырады. Соғыс жағдайында бұл шындыққа жанаспайтын дерек. Меніңше, Мәскеу Қазақстанды Ресей мұнайын да өзімен бірге тасымалдауға мәжбүрлеген. Себебі бұл – терминалды Украина соққыларынан «жасырын қорғаудың» жалғыз жолы. Қазақстанның Ресейге жартылай тәуелділігін ескерсек, басқаша болуы мүмкін емес, – дейді Илхамов.

Құбыр мәселесі

Соған қарамастан, сарапшы Қазақстан мен Украина арасында араздық күшейеді деп күтпейді, себебі бұл Астана үшін тиімсіз.

– Қазақстан басшылығы өз мұнайын Қытайға бағыттайтын мүмкіндікті қарастыруы керек. Қытайға баратын құбырдың жылдық қуаты 20 млн тоннаны құрайды, бірақ қазір оның тек шамамен бір миллионы ғана тасымалданады. Иә, қазақ мұнайы Ресейдің арзандатылған мұнайымен бәсекеге түседі. Бағаны төмендетуге тура келуі мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайда Қытай мен Үндістан санкциялық қысымға ұшыраған «Роснефть» пен «Лукойл» мұнайын шектеуде, сондықтан қазақ мұнайын қуана қабылдайды. Ал одан әрі бұл нарықтар арқылы әлемдік нарыққа шығуға да жол ашылады, – дейді саясаттанушы.

Тығырақтан шығу

Қазақстан мен Украина үшін бұл жағдайдан шығудың жолы – прагматизм мен дипломатиялық шеберлікті үйлестіру. Қазақстан үшін «тылдарды нығайту» маңызды:

Баламалы бағыттарды күшейту («Б» жоспары): Транскаспий халықаралық көлік бағыты және басқа да «Орта дәліз» жобаларын жеделдетіп, кеңейту қажет. Бұл бастапқыда көлем аз болса да, тәуелділікті төмендетудің жалғыз жолы.

Украина және Батыспен диалог: Астана КҚК  инфрақұрылымының бейтарап және азаматтық нысан екенін, оған жасалатын зиян Ресейді әлсіретпейтінін, тек Қазақстанның тұрақтылығына соққы болатынын айқын жеткізуі тиіс.

«Кесірім тиіп кетпесін»

Украина тарапынан да Астанаға нақты және жария кепілдіктер беру маңызды. Қазақстан нысана емес екені ашық айтылуы керек. Болашақ соққылар бейтарап елдер үшін маңызды инфрақұрылымға тимейтіндей жоспарлануы тиіс. КҚК-ны қысым көрсететін құралға айналдыру – халықаралық қолдауды әлсірететін тактикалық қателік.

КҚК-да болған соңғы оқиға Қазақстанның бейтараптық саясатына сынақ болып, Украина үшін әскери нысан мен азаматтық инфрақұрылымды ажырата білу қабілетіне емтихан іспетті. Қазіргі жағдайда екі елдің де мүддесі бір нүктеде тоғысады. Қазақстан экономикасының күре тамырына айналған мұнай тасу құбыры тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Ал әрі қарай тараптар қазіргі қатынасты сақтай ма, әлде жағдайға қарай уақытша «тоқтата тұра ма»? Қайткен күнде де бұл екі мемлекетке де тиімсіз, сондықтан мұндай таңдауға жол бермеу маңызды.