Мәжілісте Үкімет мүшелері өңірлерге барған депутаттардың сауалдары бойынша мемлекеттік органдардың жұмысы жайлы есеп беріп, биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін таныстырды. Биік мінберден коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ЖІӨ өсімі 4,1% болғаны туралы «жан тебірентіп, жүрек елжірететін» мәліметтер айтылды. Алайда депутаттар бұған аса сене қойған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Экономика өсіп жатыр»: құжынаған цифрлар мен жауапсыз сұрақтар
Вице-премьер Алмас Бозымбаев баяндамасында ел экономикасының өсімі, әлеуметтік төлемдердің индексациясы, өңірлердегі медициналық нысандар құрылысы, сондай-ақ тұрғын үй саясаты туралы айтты. Оның айтуынша, биыл 14,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл былтырмен салыстырғанда 4,5% артық. Сонымен қатар энергетика мен ТКШ-ны модернизациялау бойынша ұлттық жоба іске қосылып, оған 13 трлн теңге инвестиция тартылмақ.
Алайда депутаттар сұрақ қоя бастаған кезде, «әдемі картинаның» ар жағынан ұсқынсыз бейнелер шыға бастады.
«Бюрократиялық, мағынасыз жауап»
Алғашқылардың бірі болып сын айтқан – Қазақстан Халық партиясы атынан депутат Магеррам Магеррамов болды. Ол өңірлерде балаларға арналған толыққанды оңалту орталықтарының жоқтығын атап өтіп, бұл Астана мен Алматыға көшуге мәжбүрлейтін басты себептердің бірі екенін жеткізді.
Депутат мәселені көтеріп қана қоймай, министрліктен келген жауаптың сапасыздығына назар аударды:
«Фракциямыз жіберген сауалға нақты шаралар көрсетілген жоспардың орнына, Астана халқының саны мен медициналық орталықтар туралы статистика жолданған. Бұл – бюрократиялық, мағынасыз жауаптар», – деді Магеррамов.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені халыққа жолдауында көтергенін еске салып, мәселені шешудің нақты жоспары бар ма деп сұрады.
Бозымбаев нақты мерзімді атай алмады:
«Жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы екі жылда Қостанай мен Ақтауда ұлттық реабилитация орталығының филиалдарын ашу жоспарланған. Астанада орталық бар, себебі онда үздік мамандар мен технологиялар шоғырланған», – деп түсіндірді вице-премьер.
Жылда қайталанатын мәселе: тегін дәрі-дәрмек жоқ
ХСДП депутаты Асхат Рахымжанов денсаулық саласындағы тағы бір өзекті мәселе – жыл сайын қайталанатын тегін дәрілердің тапшылығы жайлы көтерді.
«Бұл проблема бұрыннан бар. Дәрі жыл сайын кешігеді. Біз тамызда ШҚО-ның Глубокое ауданында болдық. Сол кезде тұрғындар әлі күнге дейін мемлекет беретін тегін дәріні алмағанын айтты», — деді депутат.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мұндай мәселенің барын мойындады, бірақ 2025 жылы жағдай өзгеретінін айтты.
Министрдің сөзінше, биыл СК «Фармация» 20,6 млрд теңге көлеміндегі міндетті төлемнен босатылып, сол арқылы тұрақты дәрілік қор құрылған. Келесі жылы тегін дәрілерді қаржыландыру 346 млрд теңгеге дейін өседі.
«2025 жылы алғаш рет үкімет қаулысымен СК «Фармация» 20,6 млрд теңге сомасындағы міндетті төлемнен босатылды. Бүгінде қор құрылды», – деп мәлімдеді министр.
Денсаулық сақтау: тарифтер шығындарды жаппай отыр
Әрі қарай депутат Павел Казанцев медицинадағы тарифтік саясат мәселесін көтерді.
– Жазғы кездесулердің қорытындысы бойынша сайлаушылардың көпшілігі медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау жүйесіндегі тарифтік саясатты қайта қарау қажеттігі жөнінде үкіметке сауал жолдады. Нақты шығындарды жабу және көрсетілетін көмектің сапасын қамтамасыз ету ескерілуі тиіс. Бұл салада жинақталған алшақтықтар мен шиеленістер көп. Бұдан, сөзсіз, барлығы зардап шегеді, – деді ол.
Министр Ақмарал Әлназарова былтыр перзентхана қызметтерінің тарифтері 23 млрд теңгеге көтерілгенін, бұл, оның айтуынша, кредиторлық берешекті жабуға көмектескенін айтты. 2026 жылы 200 медициналық қызмет түрінің тарифтерін қайта қарауға 103 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Инфекциялық қызмет бойынша тарифтер екі есе, абдоминалдық хирургия бойынша 40% -ға өседі. Бірақ мәселе медициналық ұйымдардың жылдар бойы қарызға батуы мен осыған дейін «жыртық жамап» келгені, – деді Әлназарова.
ТКШ: ақша бар, шешім жоқ
Депутаттар үкіметті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша да сұрақпен қыспаққа алды. 2025 жылы жүргізілген ғарыштық мониторинг 3432 жаңа заңсыз қоқыс үйіндісін анықтаған. Теориялық тұрғыда әкімдіктер қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын ұйымдастыруға толық өкілеттікке ие, бірақ іс жүзінде бұл сала қараусыз жатыр. Депутаттардың бірі: «жергілікті бюджет мүмкіндігі шектеулі және кадр тапшылығы жағдайында мұндай тәсіл мәселені шешпейді», – деп атап өтті.
– Қатты тұрмыстық қалдықтар нысандарын рәсімдеу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, экологиялық және санитарлық сараптамадан өту, көптеген келісімдер мен рұқсаттарды алу қажет. Бұл процесс қымбат, ұзақ әрі күрделі, – деді депутат Мұқаш Ескендіров.
Экология вице-министрі Жомарт Әлиев: «барлығы бақылауда» деп жауап берді. Оның айтуынша, 117 қоқыс таситын көлікті сатып алуға арналған тоғыз жоба мақұлданған, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарға ТҚҚ шығарумен айналысуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілген.
Бизнеске тұсау болған Салық кодексі
«Ақ жол» фракциясының өкілі Азат Перуашев үкіметті формалды жауаптар мен бизнестің мәселелерін елемегені үшін сынға алды.
– Біз бірнеше ауданнан жауап алдық, олар шағын кәсіпкерлер үшін жаңа кодекс жағдайында арнайы салық режимін төмендетуден бас тартқан. Неліктен үкімет кәсіпкерлікті қолдаудан шет қалды? Жалпы бизнеске қолдау көрсету бұл мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты емес пе? – деп ашуланды депутат.
Депутат Елнұр Бейсенбаев президенттің араласуынан кейін ғана жаңа Салық кодексінің нормалары тоқтатылғанын еске салды.
– Үкімет парламенттің ескертуін елемеді, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз деп уәде берді. Бірақ жағдай ушықты. Тек мемлекет басшысының араласуынан кейін ғана нормалардың бір бөлігін тоқтату мүмкін болды. Үкімет өз қателіктерін тағы да президент шешімінің артына жасырып отыр, – деді депутат.
Фракциялар бірікті
Әртүрлі фракция өкілдерінің үні бір жерден шықты. Айтуларынша, үкімет жауаптары формалды, мәселелер бүркемеленіп, азаматтардың нақты қажеттіліктері ескерілмей отыр.
– Үкімет формалды жауап беруді жалғастыра берсе және көтерілген мәселелердің мәніне үңілмесе, біз мемлекет басшысы қойған мақсаттарға жете алмаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Халық партиясы фракциясы мәселелердің шешілу тәсілін ескере отырып, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі төмен болуы мүмкін деп есептейді, – деді Магеррам Магеррамов.
ХСДП фракциясының өкілі Асхат Рахымжанов та әріптесінің сөзіне қосылатынын айтты. Үкімет жауаптары бюрократиялық формализмнің өте ауыр деңгейін, жауапкершілікті басқаға ысыруды және жүйелі мәселелерді шешуге саяси ерік-жігердің жоқтығын көрсетіп отыр деді. Мәжіліс фракциялары үкіметтен формалды жауаптарды тоқтатуды, қаржымен қамтамасыз етілген нақты жоспарларды, қысқа мерзімді шешімдерді, әлеуметтік нормаларды қайта қарауды, бюджет қаражатын ашық пайдалануды және мәселелерді шынайы түрде шешуді талап етті.