Көк-Жайлауды игеру барысында туған дау жаңаша сипат алғандай. Шатқалда геодезистер жұмысқа кірісті, демек әлемдік курорт салу жоспары қалай болғанда да іске асады деген сөз. 2025 жылдың қыркүйегінде премьер-министр Бектенов «әлемдік деңгейдегі» Almaty Superski тау курортының мастер-жоспарын бекіткенде, бір қызығы, бәрі Президент Тоқаевтың Көк-Жайлауға құрылыс жүргізуге тыйым салғанын ұмытып кетті не елемеді. Жылдар бойы назардан тыс қалған мәселе «тау кластері» деген жаңа атаумен қайта шықты. Жоба авторлары «тау шаңғы курорты» деген сөзден қашып (себебі Тоқаев салуға қарсы болған) «күрделі тау нысандарын» саламыз деп отыр. Оның ішінде трассалар, көтергіштер, коммерциялық кешендер бар. Инфрақұрылымды бюджет есебінен тұрғызады, оператор – «Бәйтерек» холдингі, бастапқы құны – шамамен 2 млрд доллар. Бірақ мемлекетке бұл жоба нақты қаншаға түсетіні де, қандай нысан салынатыны да әлі түсініксіз. Экологтар мен белсенділер «нақты ақпарат жоқ» дейді, ал билік өкілдері заңды айналып өтіп, тауды кезең-кезеңімен игеруді көздегендей. Бұл мүмкін бе? Ulysmedia.kz анықтап көрді.
Жауап орнына үнсіздік
Бұл уақыт ішінде экологтар, белсенділер және алматылықтар Экология министрлігіне ондаған ресми хат жолдады. Бірақ барлығына әдепкідей "шығарып салма» жауап қайтарған.
- Қазіргі уақытта ресми экологиялық қорытынды беру мүмкін емес, себебі жоба құжаттары әлі әзірленіп жатыр және министрлікке түскен жоқ, – дейді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.
Бағалаудан қашу кімдерге тиімді?
Биология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының ғылыми директоры, ACBK қолданбалы биология орталығының басшысы Сергей Скляренко экологиялық апаттан қорқады.
- Қазір архитектуралық-қала құрылысы тұжырымдамасы (АҚТ) сияқты ауқымды жобаны бөлшектеп, ұсақ нысандарға бөліп жатыр. Әрқайсысына жеке баға беру жоспарланған. Әр нысан жеке қаралғанда зияны аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ Алматы таулары – біртұтас экожүйе. Бөлшектеп салынған нысандардың зияны қосылып, әлдеқайда қауіпті салдарға әкеледі. Сондықтан, ең алдымен, кешенді стратегиялық экологиялық бағалау қажет, – дейді эколог.
Сергей Скляренко да, басқа да белсенділер де бірнеше айдан бері осыны талап етіп келеді, бірақ шенеуніктер бағалау ТЭН (техникалық-экономикалық негіздеме) мен басқа құжаттар дайын болған соң ғана жүргізілетінін айтып отыр.
Экология ма, пайда ма?
Алматы әкімдігі, Экология және туризм министрліктерінің Ulysmedia.kz-ке берген жауабы бірдей, бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай экологиялық зиянды өлшеу үшін әлі ерте дегенді айтады.
Вице-министр Шәрбиев тек жалпылама жауап берді:
- АҚТ-ның басты міндеті – экологиялық тұрақтылықты сақтау. Туристер ағыны мен инфрақұрылымның өсуі экожүйеге ерекше қысым жасамауы керек.
Ал жобаның экономикалық табысы туралы сөз қозғағанда, мемлекеттік органдар өте белсенді.
- 2029 жылға дейін шетелдік туристер саны 700 мыңнан 1,7 миллионға өседі, туризм саласындағы жұмыс орындары 91,8 мыңнан 101,8 мыңға артады, салық түсімі 91,5 млрд теңгеден 117,3 млрд теңгеге жетеді. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашады, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді және Алматыны аймақтық туризм орталығы ретінде күшейтеді, – дейді Алматы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Төксеитова.
Мемлекет инфрақұрылымға 600 млрд теңгеден астам қаржы жұмсайды. Бұл ақша жол, инженерлік желілер және басқа да инфрақұрылымға кетеді. Ал аты аталмай отырған жеке инвесторлар қонақүйлер, мейрамханалар және курорттарды салады.
Бухгалтериядағы түсініксіз жайттар
Экологтар мен қала тұрғындары жобадағы міндеттерді бөлу тәсілін түсінбей отыр.
- Біз төлейтін салық есебінен ең күрделі әрі қымбат бөліктері салынады. Жолдар мен инженерлік жүйелер пайда әкелмейді, бірақ онсыз бизнес нысандарын тұрғызу мүмкін емес. Ал табыс табатын инвесторлар тек ақша әкелетін объектілерді салады. Бизнеске жағдай жасау үшін неге біз (салық) төлеуіміз керек? Оның үстіне экологиялық қауіп бар, – дейді Сергей Скляренко.
Белсенді Ажар Жандосова да осындай пікірде. «Бізге қалтасында бірнеше мың теңгесі бар қарапайым қазақстандықтар емес, күніне 300-400 доллар жұмсайтын туристер керек дегенді ашық айтты. Ал бізді «жұмыс орындары ашылады» деген уәдемен жұбатады. Қандай жұмыс? Даяшы? Шаңғы жабдығын тарататын қызметкер? Мұның бәрі аз жалақы алады», – дейді ол.
Жандосова болашақта төмен табысты алматылықтар тауға жолай алмай қалуы мүмкін деп алаңдайды. «Қазір біз демалыста тауға барып, табиғатта тынығып келеміз. Құрылыс басталған сәтте мұның бәрі қолжетімсіз болуы мүмкін» - дейді ол.
«Алматыда өмір сүрудің өзі қиындауы мүмкін»
Белсенді Елена Ерзакович мәселенің тағы бір қырын айтты.
- Мұздықтар азайып жатыр, соның салдарынан Үлкен Алматы өзенінің суы азаюда. Сол жерде қонақүйлер, кафе, курорт салынбақ. Олар суды қайдан алады? Сол өзеннен. Ал ондай жағдайда қалаға су жете ме?
Туристер ме, әлде барыс па?
Алматылықтарды ең қатты алаңдататыны – табиғаттың тағдыры.
- АҚТ-мен қатар «Бәйтерек» Көк-Жайлауды игеру жобасын да жүргізіп отыр. Осы екі жобаның шекарасы қайда? Қалай бірігеді? Экологиялық зиян неге кешенді бағаланбайды? Мұндай жабық жағдайда сенім жоғалады, – дейді Ерзақұлы.
Туризм басқармасы «қоғаммен кейін талқылаймыз» дейді. Берген жалғыз уәдесі – табиғатқа зиян келмейді-мыс.
- Жоба әзірлеу кезінде табиғи ландшафтты сақтап, экологиялық талаптар сақталады. Бұл Іле Алатауы табиғатына зиян келтірмей, курорт инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Ғалия Төксеитова.
Бірақ эколог Скляренко бұған сенбейді.
- Тау – дала емес. Бір кесілген тау баурайын қалпына келтіру мүмкін емес. Құрылыс көшкін қаупін күшейтеді, жел мен су эрозиясын арттырады. Флора мен фауна зардап шегеді, Қызыл кітаптағы жануарлар мекенін жоғалтады. Ал мұнда 20-дан астам сирек түр бар.
Мемлекет жануарлар зардап шекпейді деп отыр. Бірақ эколог басқаша ойлайды.
- Алматы маңында барыстың фототұзаққа түскені белгілі. Бұл жануарлар жоғарырақ аймақта да өмір сүреді. Ол жерде тек барыс пен аю ғана емес, басқа жануарлар да тіршілік етеді. Табиғат адаммен күресуі тиіс емес, - дейді.
«Жоба керек, бірақ ол қандай болуы керек?»
- Тау кластері керек. Өте керек. Бірақ ол табиғатты құрметтеу арқылы салынуы тиіс. Қазіргі тәсіл дұрыс емес, – дейді Скляренко.
Алайда шенеуніктер қоғамды әлі естімей отыр. Министрліктер «қазір жұмыс істеп тұрған курорттар толып кетті, оларды кеңейту қажет» деп жауап береді. Айтуларынша, турист бір сапарда бірнеше курортқа барғысы келеді.
Ал барыстың, судың, орманның тағдыры қалай болмақ? Ол туралы жақ ашпайды.
Ulysmedia.kz бұл сұрақтарға жауапты «Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы Рустам Карагойшиннен күтеді. Дәл осы адамға мемлекет мега-жобаны басқаруды тапсырды. Сондықтан қоғамға Almaty SuperSki жобасы қалай салынатынын, экология қалай қорғалатынын, ол Шымбұлақ пен Медеумен қалай бірігетінін тек Р.Қаркағойшин ғана түсіндіре алады.