Қазақмыс сатылады-мыс: қожайын ауыстырудың саяси-экономикалық мақсаты не?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

«Қазақмыс» корпорациясын сатуға қатысты ұзақ уақыт бойы құпия сақталып келген мәміле төңірегіндегі тұман сейіле бастады. Бұрынғы иесі де, сатып алған қазіргі иесі де алғаш рет пікір білдірді. Бұл мәміле туралы не білеміз? Ол екі тарапқа не үшін қажет? Стратегиялық маңызы бар бизнес қаншаға сатылды? Ulysmedia.kz талдап көрді.

Нақты дерексіз мәміле

«Қазақмыс» корпорациясының қожайыны ауысатыны ешкімге құпия емес еді. Bloomberg-тің алғашқы жарияланымынан кейін тараптардың ақпаратты теріске шығармауы жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын аңғартқан. Дегенмен сатушы Владимир Ким де, сатып алушы Нұрлан Артықбаев да күні бүгінге дейін жағдайды түсіндіруден бас тартып келген. Олардың орнына билік түсініктеме беруге мәжбүр болды. Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мемлекеттің тау-кен саласындағы ірі кәсіпорынның қожайыны ауысуына қарсы еместігін, бірақ процеске араласпайтынын аңғартты.

– Бұл жерде мемлекеттік жұмыс емес. Бір кәсіпкер екіншісімен келіседі. Біз оған «Сен дұрыс келіспей жатырсың дей алмаймыз. Екі компания бар, екі кәсіби, құзыретті адам бар», — деді Нағаспаев 2 желтоқсанда Астанада өткен брифингте.

Араға бір апта салып, «Қазақмыс» пен Qazaq Stroy тарапынан ресми мәлімдемелер шықты. Алайда қазіргі меншік иелері мәміленің бағасы мен мерзімі жөнінде ешқандай нақты ақпарат берген жоқ. Сатып алушы – Нұрлан Артықбаевтың Qazaq Stroy компаниясы алдын ала жасалған бағалауды келтірді, оның да күмәнді тұстары бар. Яғни мәміленің болатыны анық, бірақ оның қандай шарттармен екені әлі белгісіз.

Жалпы келісім

Сарапшылар мұншама ірі мәміленің жыл соңына дейін аяқталатынына күмәнмен қарайды. Ким мен Артықбаевтың мәлімдемелері әзірге аса сақ қимылдайтын кәсіпкерлердің әңгіменің шет жағасын шығарып қояйық деген сыңайдағы әрекеттеріндей көрінеді.

– Бұл – тараптардың мәмілені жасауға қатысты бастапқы келісімі. Қазір «Қазақмыс» та, Qazaq Stroy да нақты бағасын білмейді деп ойлаймын, — дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Оның айтуынша, келесі кезең сатып алынатын бизнестің кешенді аудиті. Ал бұл – алдын ала өткізіліп қойылмаса, бір сәтте аяқталатын процесс емес.

– Компанияны бағалау қажет: қанша өндіреді, қандай активтері бар, жеткізушілері кім, олардың қазіргі меншік иелерімен байланысы бар ма, нақты түсім мен табыс көлемі қандай, қор қанша уақытқа жетеді, мыс бағасына қатысты ұзақ мерзімді болжам жасау керек – бұл «Қазақмыстың» негізгі өнімінің бағасы. Бұған қоса, компанияның әлеуметтік міндеттемелерін де есепке алу қажет: Ұлытау облысы «Қазақмысқа» қатты тәуелді, онда дамыту қажет салалар көп. Бұрын кей істер дұрыс жүргізілмеген, оларды қайта қарау керек болады. Менің білуімше, соңғы жылдары «Қазақмыс» жергілікті бюджетке түсетін негізгі кіріс көзі болды, – дейді Расул Рысмамбетов.

Сарапшының бағалауынша, мәміленің жыл соңына дейін аяқталуы екіталай: жалпы келісімнен кейін мәміленің барлық параметрі бойынша егжей-тегжейлі келіссөздер бірнеше айға созылады, ал активтерді беру кезіндегі соңғы төлемдер тіпті бірнеше жылға дейін жалғасуы мүмкін. Мәміледе нюанстар тым көп, сондықтан асығыстық орынсыз.

«Қазақмысты» неге сату керек?

Аналитик Артур Шахназарянның айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясының сатылуы Қазақстандағы ірі активтердің қожайын ауыстыруы жөніндегі жалпы үрдіске сай келеді. Назарбаев кезеңінде қалыпты саналатын жағдай жаңа кезеңде өз күшін жойды. Қазіргі иелері тәуекелді азайтуға тырысса, жаңа әлеуетті қожайын бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік көріп отыр.

– Владимир Ким мен Эдуард Огай үшін бұл – тәуекелді төмендету және активтерді қайта бөлу. Мемлекеттің ірі тау-кен кәсіпорындарына назарын күшейтуі, салық даулары бұл активтен шығу мен басқа бағыттарға (мысалы, KAZ Minerals, «Банк RBK», «Қазфосфат») назар аударудың стратегиялық қадамы болуы мүмкін. Олардың қызмет ету жағдайы өзгерді. Бұрынғы президент кезіндегі ұзын арқан, кең тұсаудың тарыла бастауы олардың әл-ауқатына әсер етпеуі мүмкін емес еді, – дейді Артур Шахназарян.

Расул Рысмамбетов те «Қазақмыс» иелерінің қажығанын айтады. Жер қойнауын пайдалану күрделі сала, ал Ұлытау әлеуметтік тұрғыдан да күрделі өңір. Бұл ауыр жүкті басқа тарапқа тапсыратын уақыт келді. Ал мемлекет үшін мұндай мәміле стратегиялық активтердің тұрақтылығы мен басқарылуын қамтамасыз етеді. «Қазақмыс» шахталарындағы көптеген қайғылы оқиғалардан кейін ресми Астана кәсіпорынның басында әлеуметтік жауапкершілігі бар, экология талаптарын орындайтын, бюджетке тұрақты табыс түсіретін, офшорлық схемаларға бармайтын инвесторды көргісі келеді.

– «Қазақмыс» төңірегіндегі мәміле стратегиялық маңызы бар мыс секторында басқарылатын меншік құрылымын қалыптастыруға талпыныс. Мемлекет үшін экспорт пен шикізат қауіпсіздігінде шешуші рөл атқаратын компанияға бақылау мен болжамдылықты күшейту маңызды. Бұл белгілі бір деңгейде саяси шешім – ArcelorMittal жағдайына ұқсас, тек дағдарыссыз, негізгі активті алдын ала нығайту, — деп түсіндіреді экономист Әнуар Бақытханов.

Жалпы, ірі корпорацияның қожайыны ауысқанда өндірісті жаңғыртуға бағытталған ірі инвестициялар да қажет болады, бұл да мемлекеттің тау-кен-металлургия саласын дамыту жоспарына сай келеді.

Екінші «Арселор» ма?

Сарапшылар мәміленің саяси астары айқын екенін, оның Qarmet (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау») жағдайына ұқсайтынын айтады. Ол кезде билік бірнеше трагедия мен апаттан кейін меншік иесін ауыстыруды талап еткен. «Қазақмыс» та өндірістегі адам өлімімен аты шығып үлгерген, оған  соңғы жылдары болған ондаған қайғылы жағдайға жақында «Саяқ-3» шахтасында екі адамның, «Жомарт» кенішінде жеті адамның қаза табуы қосылды. Жалпы алғанда, «Қазақмыс» жобаларында қаза тапқан кеншілер саны қырықтан асты. Сондықтан белгілі бір «арселорлық» реңк бұл мәміледе бар екені сөзсіз. Бірақ сарапшылар елеулі айырмашылықтарды да атап өтеді.

– «АрселорМиттал Теміртау» мысалындағыдай, меншік иесі мәжбүрлі түрде ауыстырылып, кейін кәсіпорын мемлекетке өткенімен, «Қазақмыста» жағдай басқаша: актив бір жеке инвестордан екіншісіне беріледі, бірақ мемлекет бұл процесті айқын қолдап отыр. Бұл таза саяси шешім емес, саяси-экономикалық шешім, тұрақтылықты қамтамасыз ету мен инвестициялық міндеттемелерді орындауға бағытталған қадам, – дейді Артур Шахназарян.

Жаңа меншік иесі мемлекет тарапынан елеулі қолдауға сүйене алады. Ол бүгінде Qarmet-тің жаңа иесі сияқты бұрынғы қожайындардың қарызын өтеуге мәжбүр болмайды. Расул Рысмамбетов «Қазақмыс» бойынша мәмілені іске асыру кезінде «АрселорМиттал Теміртау» жағдайында анықталған қатерлерді ескеру қажет екенін айтады.

– Егер кәсіпорынды сатып алу кезінде қателік жіберілсе, біз артық қаржы шығындауымыз мүмкін. Басқаруда қателік болса, тұрақсыз аймаққа айналу қаупі бар. Айта кетейін, Сәтбаев қаласы кезінде Сирияға соғысқа кеткендер саны бойынша Қазақстанда көшбасшы болған. Сондықтан бұл – өте маңызды және өте күрделі жоба, –деп ескертеді Рысмамбетов.

Бизнес-империя құрып жүрген адам

Сатушы мен мемлекеттің мүдделері түсінікті, бірақ «Қазақмыс» Нұрлан Артықбаевқа не үшін қажет? Кәсіпкер жұртқа, ең алдымен, құрылыс-девелоперлік компания Qazaq Stroy-дың иесі ретінде белгілі, сондықтан сырттай қарағанда тау-кен саласы оның қызығушылық аймағына жатпайтын сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олай деу – үлкен қателік. Нұрлан Артықбаевтың «Қазақмысқа» назар аударуы егер оның тек құрылыс бизнесімен шектелмейтінін ескерсек түсінікті бола түседі. Соңғы бірнеше жылда ол активтерін әртараптандырып келеді, оның ішінде тау-кен-металлургия саласы да бар. 2024 жылы Qazaq Stroy өз құрылымдары арқылы Түркістан облысындағы күкірт қышқылы зауытының құрылтайшылары қатарына кірді (күкірт қышқылы, егер оның тек құрылыс бизнесімен шектелмейтінін ескерсек, уран өндірудің негізгі компоненті). 2023 жылдан бері Артықбаевтың бизнес-империясына АХҚО-да (МФЦА) тіркелген жеке компания Qazaq Kalium Ltd. да кіреді. Оның негізгі активі – Батыс Қазақстан облысындағы Сатымол калий кен орны. Инвестор онда тыңайтқыш өндіруге арналған кенді кешенді өңдейтін ірі кәсіпорын құруды жоспарлап отыр. 

– Стратегиялық тұрғыдан алғанда Qazaq Stroy «Қазақмысқа» жаңа тыныс берсе, бұл өте дұрыс шешім болар еді, әсіресе компания бұған дейін де калий кен орындарын сатып алғанын ескерсек. Біздің көз алдымызда холдинг қалыптасып келеді. Нұрлан Артықбаев құрылыс бизнесімен айналысса, енді жер қойнауын пайдалануға кірісті. Менің ойымша, Qazaq Stroy мұнымен тоқтап қалмайды және алға жылжи береді: жер қойнауын пайдаланудан түсетін кіріске талай нәрсе сатып алуға болады, – дейді Расул Рысмамбетов.

Былтыр Артықбаевтың «Қазақтелеком» акцияларының 8,1%-ын сатып алуы да оның Қазақстан билігінің сеніміне ие екенін және «Қазақмыстың» акционері болғанда саяси қолдауға арқа сүйей алатынын көрсетеді. Ірі жобаларды басқарудағы тәжірибесі, инвестициялық міндеттемелерді өз мойнына алуға дайын болуы және келіссөз жүргізудегі икемділігі Qazaq Stroy иесін стратегиялық маңызы бар кәсіпорынды сатып алуға лайық кандидаттардың біріне айналдырады.

– Артықбаев инвестор ретінде қарастырылып отыр, себебі ол технологиялық тұрғыдан заманауи және саяси тәуекел тудырмайды. Бұл – қазіргі экономикалық саясат логикасына сәйкес келеді. Алдағы уақытта «Қазақмыс» жұмысы түбегейлі өзгермейді, бірақ модернизация, ESG-талаптар, ашықтық бағыттары күшейе түседі, – деп түсіндіреді Әнуар Бақытханов.

Артур Шахназарян жаңа инвестордың елдегі ең ірі мыс өндірісіне 3 трлн теңгеден астам қаржы салуға дайын екенін атап өтеді. Бұл оның ұзақмерзімді жоспар құрып отырғанын көрсетеді. Нұрлан Артықбаев мысқа деген жаһандық сұраныстан тұрақты пайда түсіретініне анық сеніп отыр.

– Мысқа деген тұрақты сұраныс пен оның табыстылығы әлемдік нарықта артқандықтан, бұл металды «екінші мұнай» деп атай бастады, – дейді Артур Шахназарян.

OD Consulting басқарушы серіктесі Арман Батаев өзінің Finmentor.kz телеграм-каналында Нұрлан Артықбаевтың АХҚО (МФЦА) арқылы белсенді түрде компаниялар ашып жатқанын да атап өтті. Тағы бір қызық тұсы – Владимир Кимнің бизнес-империясына кіретін Kazakhmys Holding Limited жуырда дәл осы юрисдикцияда жаңа компания – KCC Copper Limited-ті тіркеді.

– Негізгі актив сатылар алдында холдингтің жеке құрылуы мәмілеге дайындық кезеңі деп қабылданады және құрылымды ҚНРДА арқылы жасаудың мүмкін екеніне нұсқайды, – деп жазады Арман Батаев.

Аналитиктің айтуынша, Артықбаевтың газ өндіру, калий тұздары, темір және титан-магний кендерін өндірумен айналысатын компаниялары да, сондай-ақ басқа салалардағы жобалары да ҚНРДА-да тіркелген. Жаңа инвестор қаржыны әрі мемлекеттен (мысалы, «Бәйтерек» холдингінен), әрі жеке банктерден тартуы мүмкін. Ал Qazaq Stroy иесі жаңа жобалардан түскен пайданы «Қазақмысты» дамытуға бағыттамақ.

«Қазақмыс» қанша тұрады?

Бұл жерде бір нәрсені нақтылап өткен жөн: әзірге «Қазақмыс» активтерінің шынайы құны мен мәміленің жалпы бағасын білмейміз. Алдын ала аталған сома – 3,85 млрд доллар. Qazaq Stroy бұл бағалауды тәуелсіз аудит қорытындысына сүйеніп келтірген. Алайда бұл сан шындыққа қаншалықты сәйкес келеді? Ол соңғы келісімде көрініс таба ма? 

– Егер әңгіме бақылаушы пакет туралы болса, 3,85 млрд доллар шынайы көрінеді. Компанияның қарыздық жүктемесін және алдағы экологиялық әрі инвестициялық міндеттемелердің ауқымын есепке алсақ, бұл – орынды баға, – дейді Әнуар Бақытханов.

Бірақ басқа сарапшылар «Қазақмыстың» нарықтық бағасын анықтау оңай емес екенін және қандай активтердің мәмілеге нақты кіретіні беймәлім екенін айтады. Сырттай қарағанда 3,85 млрд доллар сәл артықтау көрінеді.

– Бұл бағалау қайдан шыққанын білмеймін. Бірақ мәміленің шынайы құны 3,8 млрд доллардан әлдеқайда төмен болады деп ойлаймын, – дейді Расул Рысмамбетов.

Қазақстандық өнеркәсіп өкілдерінің бірі (аты-жөнін атамауды сұрады) бұл санға күмән келтіреді. Оның айтуынша, Ким мен Огайдың көмір активтері, ЖЭО-лары, жаңартылатын энергия саласындағы жобалары мәмілеге кірмейтін секілді. Ал оларды алып тастағанда активтердің шекті бағасы шамамен 2,7 млрд доллар болуы мүмкін. Бірақ қорытынды жасау ерте, өйткені қазіргі және болашақ «Қазақмыс» иелерінің нақты неге келіскені туралы ақпарат өте аз.

Бизнеспен «тыңайту»

Сарапшылардың көпшілігі меншік иесі ауысқаннан кейін «Қазақмыс» тиімділігі артып, компания әлеуметтік міндеттемелерге көбірек көңіл бөледі деп есептейді.

– «Қазақмыс» өңірді дамыту бойынша бұрынғыдан да көп әлеуметтік міндеттеме алуға мәжбүр болады. Өндірісті оңтайландыру қажет, кейбір ауылдардан тұрғындарды көшіру керек пе, соны анықтау керек. Мұның бәрі әкімдікпен бірлесіп жасалуы тиіс, – дейді Расул Рысмамбетов.

Артур Шахназарянның пікірінше, Нұрлан Артықбаев келгелі «Қазақмыстың» стратегиясы түбегейлі өзгермейді, бірақ бірқатар бағыттарда күшейеді. Qazaq Stroy-дың бизнесін дамыту жөніндегі жария мәлімдемесінде 2032 жылға қарай мыс өндірісін 500 мың тоннаға дейін арттыру жоспары көрсетілген. Мұндай мақсатқа жету үшін фабрикалардағы жабдықты жаңарту, шахталарды дамыту, гидрометаллургияны енгізу сияқты ауқымды инвестициялар қажет.

– Жаңа инвестициялық бағдарламаларды іске асыру үшін топ-менеджмент ауысуы мүмкін. Еңбек қауіпсіздігі мен экология бойынша билікпен тығыз жұмыс істеу күшейеді – бұл бұрынғы меншік иелеріне қысымның басты себептерінің бірі болған, – дейді Артур Шахназарян.

Ал Расул Рысмамбетов, керісінше, мәміле аяқталғаннан кейін «Қазақмыс» басқарушылары арасында үлкен өзгерістер болмайды деп есептейді.

– Qazaq Stroy «Қазақмыс» менеджментін сақтап қана қоймай, өңірдегі кен орындарын игеруге жаңа бағыт ұсына алатын жаңа басқарушыларды тартуы мүмкін. Бұл калий кен орындарымен байланысты болуы ықтимал. Qazaq Stroy мәмілеге келіскен калий кен орны өте жоғары маржиналы әрі тартымды. Оны игеруге шамамен бір миллиард доллар қажет, бірақ бүкіл әлемге тыңайтқыш керек, бұл өте табысты бизнес, – деп қорытындылайды сарапшы.