Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапарының алғашқы күні қатаң тәртіп, мүлгіген тыныштық және үтір-нүктесіне дейін мінсіз орындалған хаттамаға сай өтті. Мұнда мұның бәрі жай ғана сыртқы көрініс емес, саяси мәдениеттің ажырамас бөлігі. Жапония әлеммен дәл осы тілде сөйлеседі.
Императорлық сарай: тыныштықты сүйетін билік
Алғашқы барған жер — Токиодағы Императорлық сарай. Делегация келмей тұрып-ақ императорлық қауіпсіздік қызметі нақты шектеулерді белгілеп қойған: түсірілім тек кәсіби камералармен ғана жүргізіледі, ұялы телефон қолдануға тыйым салынған. Журналистер үшін өтуге болмайтын сызықтар сызылды. Бізге алдын ала ешқандай күбір-сыбыр, ешқандай шу болмауы тиіс, абсолютті тыныштық орнауы керектігін ескертті.
Жылдар бойғы жұмыс тәжірибемде түрлі күзет жүйелерін көрдім, алайда жапондық жүйе қаталдық, сабырлылық пен мінсіз өзін-өзі бақылаудың сирек үйлесімі. Мұнда күш көрсету жоқ, тек тәртіп бар. Кортеж сарай алдына келіп тоқтады. Көліктен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шықты. Кіреберісте оны Жапония императоры — әулет тарихындағы 126-шы император Нарухитоның өзі қарсы алды. Шынын айтсам, оның бейнесін мифологиялық кейіпкердей еңселі, зәулім тұлға ретінде елестеткен едім. Ал шындық басқаша болып шықты: бойы аласа, шағын денелі адам. Мен одан бір метр ғана жерде тұрдым, қателесу мүмкін емес еді. Осы визуалды контраст Тоқаевтың тұлғасын одан әрі айқындай түсті.
Қазақстан Президенті протоколға сай үш рет иіліп сәлем берді.
Мұндағы контекст аса маңызды: қарапайым жапондар императорды жылына бір-ақ рет 23 ақпанда, оның туған күнінде ғана, әрі алыстан көру мүмкіндігіне ие. Сондықтан мұндай кездесудің өзі ерекше деңгейдегі дипломатиялық месседж. Ресми бөлімнен кейін император Тоқаевты түскі асқа шақырды. Жапон тарапының өкілдері мұндай қабылдау форматының өте сирек қолданылатынын, бұл жолы оның тек Қазақстанға ғана көрсетілгенін атап өтті.
Президенттің жанында кімдер болды
Қазақстан делегациясының құрамында: Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерболат Досаев, сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары ӘселЖанасова, вице-премьер — цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев бар.
Әсел Жанасова қалғандарынан ерекше көзге түсті: ол эмоциясын жасырмай, күлімдеп тұрды. Бұл, еш әсірелеусіз, қара костюм киген ер адамдардан құралған қатаң композицияны жандандырып, оған адами өлшем мен сенім ұялатты. Журналистерді сарайдың ішіне кіргізген жоқ. Салтанатты рәсімнен кейін делегация ғибадатханаға бет алды, онда көп бөгелген жоқ. Досаев, Жанасова және Мадиев протоколды әбден зерттеген бе, әйтеуір тікесінен тік тұрды. Жанасова журналистерді байқап, күлімдеп амандасты. Ал Көшербаев, керісінше, айналасындағы детальдарға қызыға қарап, суретке түсіріп жүрді, осынау тарихи сәтті зердесіне тоқып жатқандай әсер қалдырды.
Жапониядағы қазақстандықтар: хаттамадан тыс әңгіме
Келесі нүкте Жапониядағы қазақстандық диаспора өкілдерімен кездесу болды. Ресми дерекке сәйкес, бұл елде шамамен 600 Қазақстан азаматы тұрады. Алғашында қысқа, хаттамалық формат күтілгенімен, кездесу созылып кетті. Президент мұқият тыңдап, сұрақтарын қойып, пікірін білдірді.
Әңгіме алдын ала белгіленген сценарий шеңберінен шығып кетті. Кездесуге қатысушылармен тілдесуге мүмкіндік туды. Олардың ашықтығы мен ана тілінде еркін сөйлеуі таңғалдырды. Барлығы дерлік қазақ тілінде сөйледі. Президент пен диаспора арасындағы әңгіме де түгелдей қазақ тілінде өтті. Сұхбаттасқандардың арасында хирург, стоматолог, геолог бар. Әртүрлі сала өкілдері болғанымен, оларды алыста жүрсе де сақталған ортақ мәдени әрі тілдік болмыс біріктіріп тұрды.
Кешкі уақыт: Жапония үкіметі және еркін дипломатия
Токиода кеш түскен кезде делегация күннің негізгі саяси кездесуіне — Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөздерге бет алды. Ол бұл қызметтегі алғашқы әйел, либералды саяси қанаттың өкілі.
Бұл жолы да Жапония таңғалдырды. Кіреберісте тек бейдждер тексерілді. Құжат сұралмады, телефондар алынған жоқ. Үкімет ғимаратына делегация ұйымдасқан түрде, ақырын жүріп жетті. Делегация құрамына министрлер, квазимемлекеттік сектор басшылары, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев және өзге де лауазымды тұлғалар қосылды. Залға Тоқаев пен Такаичи кірген сәтте мемлекеттік гимн шырқалды.
Премьер-министр Президентті кіреберісте жеке өзі қарсы алды.
Ресми бөлімнен кейін толық форматтағы екіжақты келіссөздер өтті. Жапон журналистері орталық орындарға жайғасты. Санаэ Такаичи Жапония Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын ашық айтты.
Саясат, сандар және ұзақмерзімді есеп
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан делегациясын құрметпен қарсы алғаны үшін премьер-министрге алғыс айтып, бұл сапардың екі ел арасындағы қарым-қатынаста маңызды кезең екенін атап өтті.
Қазақстан Жапонияны Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктес ретінде қарастыратынын жеткізді. Келіссөздер барысында мына бағыттар талқыланды:
• сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық,
• көлік пен логистика,
• энергетика,
• цифрландыру,
• мәдени-гуманитарлық байланыстар.
Кездесу қорытындысы бойынша 14 құжатқа қол қойылды, ал сапар аясында жалпы саны 40-тан астам келісім жасалуы жоспарланып отыр. Коммерциялық уағдаластықтардың жалпы құны 3,7 млрд доллардан асады. Президент 2024 жылы «Орталық Азия + Жапония» форматын ұсынғанын еске салды. Кейін бұл үлгі өзге өңірлік диалогтар үшін де негізге айналды.
Алғашқы күннің әсері
Бұл күн тек дипломатия туралы болған жоқ.
Ол — саяси мәдениеттер айырмашылығы, тыныштыққа құрмет, мүлтіксіз протокол және биліктің қатаң, бірақ әділетті болуы жайында еді. Қазақстан Қытай, Ресей, АҚШ пен Еуропа арасында тепе-теңдік сақтауға тырысып отырған күрделі геосаяси кезеңде Жапониямен стратегиялық диалогты күшейту ойластырылған әрі салмақты қадам болып көрінеді.
Санкциялық қысым, өңірлік қақтығыстар мен экономикалық құбылмалылық кезеңінде бұл сапар эмоцияға берілмей, асығыссыз, дипломатияны кезең-кезеңімен құрып келе жатқан Қазақстанға айқын белгі бергендей әсер қалдырды. Бұл күні Жапония көмек сұраған тарап емес, керісінше, Қазақстанға өзі серіктес ретінде келгендей әсер қалдырды. Дипломатия өнері деген осындай болуы керек. Ал одан әрі не боларын сапар барысында көре жатармыз.