Білім беру саласындағы жаңа реформаның кесірі қазірден-ақ сезіліп жатыр. Алматыдағы мектеп оқушыларының ата-аналарына үшінші тоқсаннан бастап күтпеген жерден Kundelik.kz қосымшасынан BilimClass қосымшасына шұғыл көшу жөнінде талап қойылды. Реформа авторларының айтуынша, жаңа платформа жақсырақ, ыңғайлырақ әрі қауіпсіз. Бірақ көптеген ата-ана Kundelik.kz-тің жыл соңына дейінгі ақылы нұсқасын сатып алып қойғанын және ақшасын жоғалтқысы келмейтінін айтқанда, мектеп әкімшіліктері оны ескермеген. Бұл қазақстандық мектептерде асығыс, жүйесіз әрі балалардың мүддесінен гөрі белгілі бір қаржылық ұйымдардың мүддесіне орай енгізіліп отырған бір ғана инновация емес. Ulysmedia.kz Қазақстандағы білім беру саласындағы ең даулы, ең қымбат әрі сәтсіз реформаларға шолу жасады.
Прогресс – ата-ана қалтасын қағу
Алматыдағы оқушылардың ата-аналары мәжбүрлі шараға қарсы онлайн-петиция жариялады. Олардың пікірінше, оқу жылының ортасында Kundelik.kz платформасынан BilimClass жүйесіне көшу бұрын қойылған бағалардың жоғалуына, құжаттардағы бейберекеттікке және білім сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Мұғалімдер қысқы демалыста жаңа жүйемен жұмыс істеуге үйретілді дегенімен, оны шынымен меңгергеніне ешкім кепіл бола алмайды. Кейбіреулер тіпті бес жылда «Күнделікпен» де толық жұмыс істей алмаған. Ал Оқу-ағарту министрлігі аймақтардағы бағалау жүйесін таңдау ведомство құзыретіне кірмейді деп мәлімдеді. Алматы қалалық білім басқармасы болса, жаңа платформа бұрынғысынан сенімді дейді.
– Бұл – толықтай Қазақстанда жасалған отандық өнім, мобильді қосымшасы тегін, серверлері ел аумағында орналасқан. Ол пайдаланушылардың деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді және ел заңнамасын толық сақтайды.
Қызығы сол, шамамен он жыл бұрын қазақстандықтарға Kundelik те дәл осылай таныстырылған еді. Ол ресейлік платформаның негізінде жасалғанымен, қазақстандық мамандар әзірледі, ал мемлекет оған бір тиын да жұмсамай, сапалы сервиске ие болды делінген. Бірақ тегін нұсқаның мүмкіндігі тым шектеулі болып, ата-аналар жыл сайын қымбаттап келе жатқан ақылы нұсқасын сатып алуға мәжбүр болды. Оның үстіне сайтта букмекерлік кеңселердің жарнамасы мен 18+ контент жиі шығып тұрды. Контрагенттерді тексеру сервистерінің дерегіне қарағанда, Kundelik.kz иелері ең табысты жылдары мектептер, оқушылар мен ата-аналар есебінен жылына 2,5 млрд теңгеге дейін табыс тапқан. Бұл платформаны бүкіл ел бойынша енгізуге нақты кім мүдделі болғаны белгісіз, алайда ол білім беру жүйесіне енгізілген 2016 жылы министр Ерлан Сағадиев-тұғын.
Жаңа оқулық – жаңа қаражат
Айтпақшы, Ерлан Сағадиев Қазақстан білім беру жүйесіндегі басты реформаторлардың бірі саналады. Оның негізгі реформасы – жаңа оқулықтар. Онда оқушыларға классикалық шығармаларды оқып қана қоймай, сол бойынша фильм көру, сондай-ақ танымал телешоулар арқылы «жақсы» мен «жаманды» талқылау ұсынылды. Мысалы, «Вечерний Ургант» бағдарламасын көру жөніндегі ұсыныс үлкен дау тудырды: ата-аналарды жаңашыл тәсіл ғана емес, қазақстандық балаларға ресейлік телешоулар неге керек деген сұрақ та алаңдатты. Ерлан Сағадиев сынға барынша төтеп берді, бірақ ең маңызды сұрақ – «жаңартылған» оқулықтарға Қазақстан қанша қаржы жұмсады» дегенге жауап бермеді. Ал мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың сауалдарына сүйенсек, бұл сома 2016 жылы – 6,2 млрд теңге, 2017 жылы – 24,1 млрд теңге, 2018 жылы – 28,6 млрд теңге болған. Барлығы – шамамен 59 млрд теңге.
Бұл Сағадиев енгізген жалғыз жаңалық емес. Ол жоғары оқу орындарына оқу ақысының мөлшерін өздері белгілеуге рұқсат берді. Университет ректорлары бұған қуанды, ал студенттердің ата-аналары нарық заңына мойынсұнып, оқу орнын қалтасына қарай таңдауға мәжбүр болды.
«Сабақтар ағылшынша өтеді» немесе шетелден алынған қарыз
Сағадиев кезеңінде Қазақстан тіпті Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚДБ) доллармен ірі несие алуға мәжбүр болды. 2018 жылы Мәжіліс Қазақстан үкіметі мен осы банк арасындағы 67 млн доллар көлеміндегі орта білімді жаңғырту жобасына арналған келісімді ратификациялады.
– Жобаның 67 пайызы 5 400 ауыл мектебін интерактивті құралдармен жабдықтауға бағытталады. Бұл цифрландыру аясында аса маңызды. 32,5 мың жиынтықтың жеткізілуі ауыл мектептерінің 60 пайызын компьютер, проектор және экранмен қамтамасыз етеді. Бұл видеодәрістер мен интерактивті сабақтарға қолжетімділікті арттырып, электронды журналдар мен күнделіктерді толтыруды жеңілдетеді, – деп түсіндірген еді сол кезде Сағадиев.
Жаңартылған бағдарлама аясында кей пәндерді мұғалімдер ағылшын тілінде оқытуы тиіс болды. Министрлік бұл үшін мұғалімдерге В2 деңгейін меңгеру жеткілікті деп сендірді. Алайда сыншылар Қазақстанда тіл деңгейін бағалау жүйесі бұрмаланғанын, ал үш айлық курстардың жеткіліксіз екенін айтты. Соған қарамастан, сол курстарға қомақты қаржы бөлінді: 2017 жылы – 11,5 млрд теңге, 2018 жылы – 8 млрд, 2019 жылы – 6,5 млрд теңге. Кейін бағдарлама жабылды да, ол туралы бәрі ұмытып кетті.
Цифрландыру мен үштілділік
Үштілділіктің бастамашысы Сағадиев емес. Қазақстан оқушылары қазақ, орыс және ағылшын тілін бірдей меңгеруі керек деген идеяны алғашқылардың бірі болып Бақытжан Жұмағұлов көтерді. Ол 2010-2013 жылдары білім саласын басқарды. Бұл идеяны Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, жүйені 2015 жылы енгізуді тапсырды, ал оны орындаған – Сағадиев.
Ал Жұмағұлов кезеңіндегі ең қымбат жоба – e-learning болды. Барлық мектеп интерактивті тақталармен, жаңа компьютерлермен жабдықталады деп уәде етілді. Бұған 35 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Алайда 2018 жылы Есеп комитеті бұл қаражат тиімсіз пайдаланылғанын, көптеген мектептерде заманауи сыныптар жоқ екенін, тіпті кейбірінде интернеттің өзі болмағанын анықтады.
Реформасыз министр жоқ
Қазақстанда білім саласын басқарған министрлердің бәрі салаға «реформа» жасады. Алайда кейбірі оқу сапасына, енді біреулері инфрақұрылымға көбірек мән берді. Мәселен, 2019-2022 жылдары министр болған, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдатты. Соның арқасында мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай өсті. Сонымен бірге ол құрылыс компанияларына мектеп салуға жол ашты. Бұған дейін құрылыс нормалары өзгертіліп, мектептерді тұрғын үйлердің алғашқы қабаттарында да ашуға рұқсат етілді. Мектептің жеке ауласы мен спорт алаңы болуы да міндетті емес, қаладағы саябақтар мен жалға алынған спорт нысандары жеткілікті саналды. Жобалық сыйымдылық 3 мың оқушыға дейін ұлғайтылды.
Нәтижесінде жеке құрылыс компаниялары мектеп салып, мемлекеттен шығынды өтеу үшін қаржы ала бастады. Аймағамбетов 2022 жылы қабылданған «Жайлы мектеп» жобасының негізгі авторларының бірі болды. 2023 жылы мектеп құрылысына бюджеттен 197,2 млрд теңге бөлінді, 2024 жылы – 820 млрд теңге, 2025 жылы да соған жуық қаржы қарастырылды. Сарапшылар бір мектепке жұмсалатын сома тым жоғары екенін және бұл жүйе балалардан гөрі ірі құрылыс компанияларына көбірек пайда әкелетінін айтып жүр. Ал Оқу-ағарту министрлігі әдеттегідей бұл мәселеге пікір білдірмей, мектеп салу мен жабдықтау өзге мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың құзырында екенін алға тартады.