Төзімнің де шегі бар: КҚК айналасындағы арандатуларға Қазақстан қалай жауап беруі керек?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

13 қаңтарда Қара теңіздегі «Каспий құбыр консорциумы» (КҚК) терминалына Қазақстан мұнайын тиеу үшін бара жатқан екі танкерге (алдын ала мәлімет бойынша, украин дрондары тарапынан) шабуыл жасалды. Бұл – соңғы үш айда Қазақстан экономикасының негізі саналатын мұнай экспортына жасалған екінші ірі соққы. Сыртқы істер министрлігі бұған қатты алаңдаушылық білдірді, дегенмен алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайтынына дипломаттар уәде бере ала ма? Ulysmedia.kz осы сауалға жауап іздеп көрді.

Неге үнсіз?

КҚК-ға дрондармен жасалған алғашқы шабуылдан кейін кейбір қазақстандық сарапшылар дипломатиялық шаралардың нәтижесіз екенін ашық айтып, Украинаға қарсы санкциялар енгізуге шақырған болатын. Қазір екі ел арасын жалғайтын сөздер емес, арандататын сөздер көбірек айтылуда. Әсіресе соңғы кезде Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынастың салқындағаны байқалады (мәселен, Украина президенті Владимир Зеленский Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтаған мемлекет басшыларының тізіміне енбеді). Дегенмен саясаттанушылар асығыс шешім қабылдамауға кеңес береді. Соңғы шабуылдың қаншалықты мақсатты болғанын және оны кім жасағанын қазір нақты айту қиын. Қазақстан өз экономикалық мүдделерін қорғауы тиіс, бірақ қосымша тәуекелдерге ұрындыратын асығыстық пен кейін өкіндіруі мүмкін қадамдардан аулақ болғаны жөн.

– Кім не десе де, қазір диалог пен келіссөздің уақыты келген сияқты. Қазақстан экспорты төңірегінде белгілі бір деңгейде дағдарыс қалыптасып жатыр деуге болады. Бірақ дүрбелеңге негізделген шешімдер мәселені шешпейді, керісінше ушықтырады. 2025-2026 жылдарға арналған әлемдік күн тәртібі осыны көрсетіп отыр. Қазір диалогқа сенім аз болғанымен, Қазақстан ымыралы жолды таңдаған соң, соны әрі қарай ұстану керек, –дейді саясаттанушы Эдуард Полетаев.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те алдымен қазіргі жағдайдың астарын ашып, Қара теңіздегі кемелерге соққы жасағандардың кім екенін анықтау қажет деп санайды.

– Қазақстанның ұлттық компаниясына тиесілі танкерлерге кім және не үшін соққы берді – соны тергеу керек. Басқаны көздеп, қателесіп тиді ме? Қарапайым офицерлер саяси басшылықпен келіспей әрекет етті ме? Әлде Қазақстанның мұнай экспорттау мүмкіндігін әдейі нысанаға алды ма? – дейді саясаттанушы.

Сарапшының айтуынша, егер біреу Қазақстанды әдейі арандатуға және өзге біреудің қақтығысына тартуға тырысса, бұған жол беруге болмайды. Астана мұндай әрекеттерді ұмытпайды және кейін тиісті жауап қайтарады.

Мүдделер тоғысы

Қазақстан СІМ-інің бірқатар еуропалық елдердің елшілерімен және америкалық серіктестермен шұғыл кеңестер өткізгенін атап өтуі бекер емес. Себебі шабуылға ұшыраған танкерлердің бірі Chevron компаниясы арқылы жалға алынған. Ал қазақстандық кен орындарынан өндірілген мұнайдың бір бөлігі Еуропаға жөнелтіледі, ол өз кезегінде Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан мұнайына мүдделі делдалдарсыз Киевпен әңгіме біржақты болмақ. Ал егер ЕО-ға тұрақты шикізат жеткізу украин мүдделерімен, мысалы, қару-жарақ жеткізу немесе соғыстан кейінгі қалпына келтіруді қаржыландырумен байланыстырылса, КҚК нысандарына соққы беру Киев әскері үшін тиімсіз болуы мүмкін. Мұндай ұстанымды Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да қолдайды. Оның пікірінше, ортақ шетелдік серіктестер Украинаға кіммен соғысып жатқанын, ал кімді қозғамау керегін түсіндіруі тиіс.

– КҚК-ның ірі акционерлерінің бірі – Chevron. Украина АҚШ қолдауына қатты тәуелді екенін білеміз. Ал Chevron - әлемдегі ықпалды компаниялардың бірі. Сондықтан АҚШ пен өзге серіктестеріміз Украинаға қысым жасап, өз мақсаттарын дұрыс таңдауға ықпал етуі керек деп ойлаймын, – дейді Айдос Сарым.

Қазақстан үшін жеткізілімді басқа бағыттарға бұрудың айтарлықтай жолы жоқ: соңғы уақытқа дейін КҚК-дан өзге баламалар сұранысқа ие болмады, қазір де ол бағыттардағы тасымал көлемі әлдеқайда аз. Сонымен қатар КҚК тек Қазақстанға ғана тиесілі жоба емес, ол халықаралық консорциум. Оның басқа да шетелдік акционерлері бар, ал Қара теңізде геосаяси мүдделердің күрделі тоғысы қалыптасқан. Сондықтан жағдай өте күрделі әрі тәуекелдерді мұқият бағалауды қажет етеді.

– Қарулы қақтығыстар кезінде зымырандар нысанаға әрдайым дәл тимейді. Әрине, ең бастысы, Каспий де, Қара теңіз де соғыс алаңына айналмаса екен. Өйткені онда Орталық Азия елдері, Оңтүстік Кавказ, Түркия және Шығыс Еуропа мемлекеттерінің мүдделері түйіскен. Сондықтан Қазақстан бұл мәселені көтеруі керек, – деп атап өтті Эдуард Полетаев.

Сыртқы қауіп, ішкі тәуекел

КҚК-ға жасалған шабуылдардың экономикалық салдары Қазақстанның ішкі саясатына қалай әсер етуі мүмкін деген сұрақ та бар. Ұлттық экономиканың мұнай экспортына қатты тәуелді екенін ескерсек, бюджет кірісінің азаюы көп ұзамай қаржылық мәселенің шеңберінен шығып, әлеуметтік-саяси проблемаға айналуы ықтимал. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдилдинов тіпті батыл болжам жасады: оның айтуынша, КҚК-ға шабуылдар аясында биліктің Конституциялық реформа мен кезектен тыс парламент сайлауын жедел өткізуге ұмтылысы басқа қырынан көріне бастайды. Әсіресе Ақордада жағдайдың әрі қарай дамуына қатысты белгілі бір аналитика бар деп болжасақ.

– Теңіз кен орнындағы мұнай өндірудің 50%-ға қысқаруы Қазақстанның №1 салық төлеушісінің (2024 жылы 6,5 млрд доллар) желтоқсан – қаңтар айларында бюджет пен Ұлттық қорға аударатын төлемдерін айтарлықтай азайтады. Бұл тек Теңізге ғана емес, барлық мұнай өндіруші компанияларға қатысты. Демек, бюджет пен теңге бағамына қатысты жағдай күрделене түседі, ал ұзақ мерзімді салдары ковидтен де ауыр соққы болуы мүмкін, - деп болжайды Олжас Байдилдинов.

Яғни сөз толыққанды дағдарыс, тіпті ықтимал төтенше жағдай туралы да болуы мүмкін. Қазақстан КҚК нысандарын қорғау үшін Ресей аумағына әскер жіберуі мүмкін бе, бұл жағы белгісіз. Алайда бұл мәселені ҰҚШҰ деңгейінде көтеруге Астананың мүмкіндігі бар.

Қорғаныс қоры сарқылды

Ең үлкен түйткіл – Қазақстан экономикасының жаңа соққыларға қаншалықты төзімді екені. Танкерлерге шабуыл қазақстандық мұнай саласы қарашадағы КҚК инфрақұрылымына жасалған дрон соққысынан әлі ес жия қоймаған тұста болды. Сол кезден бері мұнай экспорты екі есеге жуық қысқарып, ірі кен орындарында өндіру көлемі күрт төмендеді. Өндірілген шикізатты сыртқа шығару қиындап, қоймалар толып қалған. Енді кез келген жаңа оқиға экономикаға қосымша қысым түсіреді. Ал егер танкерлер үшін де қазақстандық мұнайды тасымалдау қауіпті бола бастаса, бұл бүкіл жеткізу тізбегін қатерге тігеді. КҚК арқылы әлемдік мұнай нарығының шамамен 1%-ы өтетінін де ұмытпау керек. Бұл тәуекелдерді басқа елдер, соның ішінде ОПЕК+ картелінің мүшелері де түсінеді. Қазақстан осыны пайдаланып, халықаралық саясатқа ең болмағанда белгілі бір деңгейде ақылға қонымды ұстанымды қайтара алады.

– Ең бастысы, Қазақстан өз ұлттық мүдделерінің сақталуын талап етуі керек. Мұнай экспорты бюджетіміздің негізгі кіріс көзі, жоспарларымыз да үлкен еді. КҚК акционерлерімен байланыстан бөлек, басқа да халықаралық алаңдар бар, мысалы, ақпанда ОПЕК отырысы өтеді. Сол жерде де бұл мәселені көтеруге болады. Қазақстан бюджетті толықтыру үшін өз мүддесін батылырақ қорғауы тиіс. Қазір КҚК-ға айтарлықтай балама жоқ кезде барды сақтап қалу үшін күресу керек, – деп түйіндейді Эдуард Полетаев.

КҚК туралы тағы не білу керек

Бұған дейін біз «Каспий құбыр консорциумы» Қазақстан экономикасы үшін неліктен маңызды екенін, неге осы жылдар ішінде оған балама жол жасалмай келгенін және АҚШ не себепті бұл жағдайға араласқысы келмейтінін жан-жақты түсіндірген едік.