«5000 мың адам қаза болған көтеріліс». Ирандағы аятолла режимі неге құламады?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Ирандағы жаппай наразылық кезінде 5000 адамның қаза тапқаны хабарланды. Репрессия күшейіп, елді 1979 жылдан бері басқарып келе жатқан аятолла билігі халықтық толқуларға АҚШ пен сыртқы күштерді айыптады. Үш аптаға созылған көтеріліс қайталануы мүмкін бе? Аятолла билігі неге құламады? АҚШ Иранға не себепті соққы жасамады? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Көтерілістен кейінгі мейітхана алды. Тегеран, Иран, 12 қаңтар  2026 жыл. Фото: Alfred Akasbashi / Sipa /  Scanpix / LETA

5000 мыңға жуық адам қаза болған

18 қаңтарда Reuters агенттігі Иран билігіндегі дереккөзіне сүйеніп, жаппай наразылық кезінде 5000-ға жуық адам қаза болғанын жазды (оның ішінде 500-і күштік құрылым қызметкерлері).

АҚШ-та орналасқан HRANA ұйымы қаза тапқандар саны 3308 адамға жеткенін, 4382 жағдай әлі тексеріліп жатқанын хабарлаған. Ұйым дерегінше, наразылық кезінде 24 мыңнан астам адам ұсталған.

Хоменеи мен Трамптың айтысы

17 қаңтарда Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хоменеи мәлімдеме жасап, көтеріліске АҚШ пен президент Дональд Трампты айыптады.

«Бүлікке АҚШ президенті Дональд Трамптың тікелей қатысы бар. Ол мәлімдеме жасап, бүлікшілерді қолдады. Біз өлімге, бүлік пен Иран халқына қарсы айтқан айыптарына кінәлі деп есептейміз», – деп мәлімдеген Хоменеи.

Аятолла Әли Хоменеи. Фото: IRANIAN LEADER PRESS OFFICE/Anadolu/picture alliance

Дәл осы күні Дональд Трамп Politico басылымына берген түсініктемесінде «Иранға жаңа басшылар іздейтін кез келді» деген.

«Ел басшысы ретінде оның [Хоменеидің] кінәсі неде? Ол елді күйретіп, бұрын-соңды болмаған дәрежеде күш қолданды», – деді Трамп.

Дональд Трамп Ирандағы көтеріліс өршіген тұста, наразыларды қолдап, Тегеран халыққа қарсы күш қолданатын болса, АҚШ көмекке келеді деген. Бірақ кейіннен АҚШ-тың Иранға әскери соққы жасамауын ресми Тегеранның 800 адамды дарға асу туралы райынан қайтуымен байланыстырған.

«Кеше шамамен 800 адамды дарға аспақ болған. Оны шегерді. Бұның үлкен әсері бар», – деген 16 қаңтарда Трамп.

Дональд Трамп (Фото: Samuel Corum / Getty Images)

Аятолла режимі неге құламады?

Иран бойынша сарапшы Жәнібек Көпжасар Иранда аятолла билігінің құламай аман қалуын АҚШ-тың араласпауымен байланыстырады. Оның сөзінше, Иранда он мыңдап көшеге шыққан халықты басқаратын, артынан ертіп алып кететін оппозициялық күштер жоқ. Сол себепті аятолла режимінің ауысуына сыртқы күштер ғана әсер ете алады.

«Бұл режим халықтың толқулардың салдарынан құламайды. Ол тек ғана АҚШ, яғни сыртқы күштер араласса ғана құлауы мүмкін. Сыртқы күштер араласқан жоқ. Сондықтан ол өз орнында қалды. Осыған дейінгі наразылықтарды қалай басып-жаншыды дәл солай тыныштандырды. Иран бірнеше миллион адам көшеге шыққаннан құлап қала салатын ішкі саяси жүйесі әлсіз мемлекет емес. Ислам сақшылары корпусы өте мықты. Олар жүйені сақтап қалды. Екіншіден, оппозициялық күштер жоқ Иранда. Елдің сыртында да ондай оппозициялық күштер жоқ. Олардың өзін Ирандағы халықтың аз ғана бөлігі қолдайды. АҚШ-тағы шахзада Реза Пехлевидің ұрандарына еріп, бүкіл халық соның айтқандарын істейді деу мүмкін емес», – дейді ол.

Реза Пехлеви. Фото : Thomas Padilla | AP 

Шахзаданың үндеуі, Таяу Шығыстың үрейі

Иранда халықтық толқулар басталған кезде АҚШ-та тұратын шахзада Реза Пехлеви үндеу жасап, халықты билікке жұмыла қарсылық білдіруге шақырған. Наразылықтар кезінде Иранның шах билігі тұсындағы бұрынғы туын көтеріп жүргендерде болған.

16 қаңтарда Реза Пехлеви Вашингтонда баспасөз мәслихатын өткізіп, АҚШ-ты шешуші қадамдар жасауға үндеген.

«Мен Иранға қайтып ораламын. Мен тұрақты билік алмасуын жасау үшін тиімді жағдайдамын. Бұл менің емес, оққа қарсы шыққан халықтың шешімі», – деген Реза Пехлеви.

Бұған дейін бірқатар батыс басылымдары Дональд Трампты Иранға қарсы әскери соққы жасамауға АҚШ-тың Таяу Шығыстағы одақтастары үндеді деп жазған. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы, Катар, Оман Иран мен АҚШ арасындағы әскери қақтығыс аймақ тұрақтылығына әскер етеді деп алаңдаушылық білдірген.

«Трамп болжауға келмейтін адам ғой. Ол айтуын айтты, бірақ оның да сарапшылары бар, кеңесшілері бар, солармен ақылдаса келе шабуыл жасамайтын болып шешкен болуы керек. Себебі былтыр Израильмен арада 12 күндік соғыс болды. Сол кезде Иран халқы осы режимнің маңайына шоғырланып, сыртқы күшке қарсы бірікті. Бұл Иран халқының сондай бір ерекшелігі деп айтуға болатын шығар. Иран халқы «режимді өзгерту бұл өзіміздің міндетіміз. Біздің ішкі мәселеміз» дейді. Оны Вашингтон біледі. Иран Ирак сияқты немесе Сирия сияқты аз ғана халық емес, 90 миллион халқы бар. Иран әскери жағынан Таяу Шығыста өте қуатты. Ол бірден АҚШ-тың әскери базаларын шабуылдауға көшер еді. Парсы шығанағындағы Ормуз бұғазын жауып тастауы мүмкін еді. Ол әлемдік мұнай нарығына қатты әсер етер еді», – дейді Жәнібек Көпжасар.

Бірақ аймақтағы тұрақтылық әлі де болса ушығып тұр. Fox News арнасының мәліметінше, АҚШ Таяу Шығысқа кем дегенде бір ұшақ тасымалдайтын кемесін жіберген.

Ирандағы наразылық. Фото: Ашық дереккөзден

Контекст

Ұзақ жылдан бері санкция астында отырған 90 миллион халқы бар Ирандағы наразылық 28 желтоқсанда Тегерандағы Үлкен базар деп аталатын сауда орталықтарының бірінен басталған. Көптеген дүкен иелері экономикадағы гиперинфляция мен бағаның күрт өсуіне қарсылық ретінде сауда орындарын жауып, көшеге шықты. Кейіннен оларға студенттер мен өзге де адамдар қосылды. Наразылыққа Тегераннан өзге Исфахан, Мешхед және өзге де қалалар қосылды. Көшеге шыққан халық елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына билікті кінәлады.

Иранда халықтық толқулардың басталуына ұлттық валютаның (риалдың) құнсыздануы мен инфляция себеп болған. 1 доллар рекордтық деңгейге жетіп, 1,4 миллион риал болған.

Наразылық 17 қаңтарда тынышталғандай болған. Бірақ мұндай хабарламаның рас-өтірігін тексеру қиын. Себебі Иран билігі ел аумағында интернетті толықтай өшірген.