21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін Шымкент полиция департаментінің бүкіл басшылығы қызметінен босатылды. Ішкі істер министрлігі «салғырттық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Отставка мен іс қозғау мәселенің шешімі ме? Полицияның жұмысын құқық қорғаушылар қалай бағалайды? Ішкі істер министрлігіне түбегейлі реформа жасау қажет пе?
Шымкенттегі қанды оқиға
11 қаңтарда Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы аяусыз пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткені жөнінде ақпарат тарады. Кейіннен қылмысты жасады деген күдікпен 28 жастағы күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.
Қанды оқиғадан кейін марқұмның туыстары күдікті былтыр қазан айында Нұрайды еркінен тыс алып қашқанын, оған қыз да, ата-анасы да көнбей, полицияға шағымданғанын айтқан. Бірақ күдікті енді маңына жоламауға уәде бергеннен кейін Нұрай Серікбай кешірім берген. Алайда ол қыр соңынан қалмай қойған. Осыдан соң марқұмның туыстары тағы да полиция мен прокуратураға шағымданған. Бірақ құзырлы органдар әрекетсіздік танытқан. Осы ақпарат тарағаннан кейін әлеуметтік желіде «егер құзырлы органдар дер кезінде әрекет еткенде адам өлімі болмас еді» деген пікірлер көбейді.
Тоқаевтың тапсырмасы
20 қаңтарда Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрайдың өліміне байланысты пікір білдіріп, ішкі істер министріне Шымкент полициясының әрекетіне құқықтық баға беруге тапсырма бергенін айтты.
«Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан–лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры мұның арты адам өлімімен аяқталып отыр. Осыған байланысты ішкі істер министрлігіне, Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокуроратура да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Мұндай қатігездікке жол беруге болмайды», – деді Тоқаев.
Фото: Aqorda
Қызметінен кеткен шенділер мен іс
22 қаңтарда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шымкент полиция департаментінің бүкіл басшылығы қызметінен босатылғанын, ішкі істер министрлігі «салғырттық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
«Осы күні-ақ (президенттің тапсырмасы берілген күні) министрлік тәртіптік комиссия шеңберінде Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығын, оның орынбасарын, полиция басқармасының басшысын қызметтерінен босату, сондай-ақ жәбірленушінің өтініші бойынша қылмыстық іс қозғау шараларын қабылдамай, материалды номенклатуралық іске тіркеп қойған лауазымды тұлғаларды теріс негіздермен жұмыстан шығару туралы шешім қабылдады», – деді Әділов.
Депутат Мұрат Әбенов. Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің сөзінше, әйел құқығына, тұрмыстық-зорлық зомбылыққа қатысты заңдар қабылданған. Бірақ полиция бұл тұрғыда әрекетсіздік танытып отыр. Сол себепті полицияның жауапкершілігін қатаңдататын заң қажет. Ол іші істерді реформалауға да қарсы емеспін дейді.
«Қазір істі «салғырттық» бабымен ашып жатыр. Онің ең көп дегенде бес жылға дейін жауапкершілігі болуы мүмкін. Ал батыс елдерінде полиция шара қабылдамай, сол үшін адам қайтыс болған болса, бұл өте ауыр қылмыс болып саналады полиция тарапынан. Полицияны қайтыс болуына байланысты дәл сондай үлкен мерзімге айыпты деп есептейді. Қосымша, кездейсоқ, білмей қалған қылмыс есебінде емес, қасақана жасалған қылмыс есебінде саналуы керек. Біз қыз алып қашу бойынша он жыл [жазаға тартатындай] етіп жасадық. Сталкингті қылмыстық кодекске кіргіздік», – дейді ол.
Қайталана беретін шенділер отставкасы
Қоғамды дүр сілкіндірген резонансты оқиғадан кейін лауазымды полиция шенділерінің қызметінен босатылуы бұл ғана емес. Қазақстанда бұндай жағдайлар жиі қайталанады. 2024 жылы қазанда Талғар қаласында 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапқаннан кейін де облыстық және аудандық полиция басшылары қызметінен босатылған.
«Жүйені өзгерту керек»
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов мұның барлығы себеппен емес, салдармен күрес дейді. Ол жауапты адамдардың қызметінен босатылғаны дұрыс, бірақ жүйелі реформа жасалмай оң нәтиже болмайды деп есептейді.
«Полиция департаменті мен ішкі істер министрлігінде кадрларды ауыстыру жүйелік өзгерістерге алып келмейді. Әрине, президент полицияны тазартқысы келетін шығар. Өйткені көп жағдайда қылмыстық әрекеттерге полицияның өзінің қатысы бар болып жатады. Полицияның өзі көптеген заңбұзушылықтардың бастауында тұр. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа көз жұма қарау Қазақстан бойынша болып жатыр. Шымкенттегі жас қыздың өлімі де соның көрінісі. Оқиғаға тиісті реакция білдірмей, жағдайды өзгертуге жұмыс істемей отырған лауазымды полиция қызметкерлерін орнынан алған дұрыс. Бірақ бұл жерде лауазымды қызметкерлерді ғана емес, тұтас жүйені өзгерту керек», – дейді ол.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов
Сырт келбеті ауысқан полиция
Ішкі істерге жүйелі реформа қажет екендігі жөнінде бұған дейін де айтылған. 2018 жылы Алматының қақ ортасында спортшы Денис Тен ұрылар қолынан қаза тапқан соң елде ішкі істер жүйесін реформалау жөнінде талап күшейген.
Осыдан соң полицияны реформалау құқық қорғау органы қызметкерінің сырт келбетін өзгертуден басталды: патрульдік және учаскелік полицейдің, кейінірек кеңсе қызметкерінің киімі ауысты. Қызмет киімі қара көк түсті болуы керек деген жалғыз талап қойылды. ІІМ полиция қызметкерлерінің штаты қысқарып, қызметкердің білім деңгейін арттыруға байланысты да бірқатар өзгеріс енгізгенін хабарлады. Жоғары оқу орындарының саны 12-ден 5-ке дейін қысқарды деді.
2021 жылы 100 мың қазақстандыққа 369 полицейден келген. Сол кезде ІІМ үш мың қызметкерді босатуды жоспарлап отырғанын айтқан. Бұл көрсеткіш бойынша сол уақытта Қазақстан Бельгия (412) мен Францияның (340) ортасында болған. Оған дейін 100 мың қазақстандыққа 471 полицейден келетін. 2023 жылғы дерек бойынша, 100 мың қазақстандыққа 383 полицейден келген.
«Саакашвилидің реформасы керек»
Ғалым Ағелеуов косметикалық өзгеріспен шектелмеу қажет дейді. Сөзінше, ішкі істер саласына терең, жүйелік өзгеріс қажет. Ол үшін күштік құрылым қызметкерлерін жаппай жұмыстан босатып, жаңа кадрлар алу қажет.
«Саакашвилидің реформалары деңгейінде болуы тиіс. Жемқорлық, барлығы күштік құрылымдармен байланысты. Олар бір лауазымды қызметкерді екіншісімен алмастырады. Бірақ одан жүйелі өзгеріс бола ма? Бұл жерде жалпы реформа керек. [Күштік құрылым қызметкерлерін] жаппай жұмыстан босату керек. Қылмысты тіркеуде, тергеу органдарының жұмысында ашықтық болуы керек. Себебі қазір тергеуге қатысты мәселе өте көп. Адамдарды заңсыз соттап жатыр. Істі қолдан құрастырады. Ең бастысы осылар. Егер осымен күрес жүргізілсе, онда өте жақсы. Егер қоғамды дүр сілкіндірген оқиға кезіндегі бір реттік орын алмастырулар болса, онда ешқандай өзгеріс болмайды», – дейді Ғалым Ағелеуов.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов. Фото: Polisia.kz
«Заң мен тәртіп»
10 қаңтарда ішкі істер министрлігі 2025 жылғы жұмысын қорытындылап, «жүйелі профилактикалық және жедел жұмыстың арқасында былтыр елде қылмыс саны 6 мыңнан астам қылмысқа азайды. Әсіресе кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық және басқа да ауыр, аса ауыр қылмыстар бойынша айтарлықтай төмендеу байқалады» деп хабарлады.
«Өткен жыл мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту кезеңі болды. Осы бағытта министрлікте профилактика жылы жарияланып, бұл жасалып қойған құқық бұзушылықтарға ден қоюдан олардың алдын алуға басымдық беруге мүмкіндік берді. Жүйелі профилактика өз тиімділігін дәлелдеп, қылмыстың тұрақты түрде төмендеуіне септігін тигізуде», – деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов жиында.
«Полицияда заң жұмыс істемейді»
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина адамдар полициядан қорқатын деңгейге жетті дейді. Сөзінше, заң мүлде жұмыс істемейді. Полиция өзіне жүктелген міндеттермен емес, бұйрық негізінде қызмет атқарады.
«Қазір полицияда «ең бірінші заңды басшылыққа алып жұмыс істеу керексің» деген түсінік жоқ. Олар бұйрықты басшылыққа алады. Олардың тіпті кейбір жағдайларда құқықтық негізі болмайды. Ауызша айтылады. Қаңтар оқиғасын алып қарайық, ол уақытта қоғамға үлкен қауіп төніп тұрғанын әрбір адам түсінді. Жаппай тәртіпсіздік басталған кезде олар оны бақылауға алып, тоқтатуы керек болған еді. Оларға кетіңдер деген бұйрық келді. Олар ол бұйрықтың заңсыз екенін білді. Бірақ соған қарамастан кетіп қалды», – дейді құқық қорғаушы.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Фото: Ulysmedia (архив)
Төреғожина да ішкі істер жүйесіне түбегейлі реформа қажет деп есептейді.
«Адам құқығы бұзылып, біз ол жөнінде шағымдансақ ешқандай реакция болмайды. Реакция тек резонансты істерге ғана болады. Ал ІІМ, КУИС, тіпті прокуратура жүйесінің өзі азаматтармен дұрыс қарым-қатынаста емес. Азаматтар өзінің қорғансыз күйде екенін сезеді. Бұл қазір шынымен де үлкен мәселе болып отыр», – дейді Бақытжан Төреғожина.
Қазақстанда полиция жұмысына қатысты сын көп айтылады. Ол әсіресе 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін тіпті көбейген.