Мүдделер тоғысқанда: Тоқaевтың Пәкістанға мемлекеттік сапарынан не күтуге болады?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Осы сапар аясында қандай мәселелер қаралуы мүмкін, қандай сұрақтар талқыланады және екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихы қандай? Ulysmedia.kz саралап көрді.

Тарихқа көз жүгіртейік

Пәкістан 1947 жылы 14 тамызда Британдық Үндістаннан бөлініп шығып, Батыс және Шығыс Пәкістаннан тұратын доминион ретінде құрылды. Кейін 1971 жылы азаттық соғыс пен үшінші үнді-пәкістан қақтығысы нәтижесінде Бангладеш (бұрынғы Шығыс Пәкістан) Пәкістаннан бөлініп шықты. Шығыс Пәкістан (қазіргі Бангладеш) 1947-1971 жылдар аралығында біртұтас Пәкістан құрамында болды. Қызықты дерек: «Пәкістан» атауы парсы-урду тіліндегі «pak» – «таза» және «-стан» – «ел» деген сөздерден құралған, яғни тура мағынасында – «таза адамдар елі». Сонымен қатар бұл атау аймақтардың (Пенджаб, Ауғания/Солтүстік-Батыс шекара аймағы, Кашмир, Синд, Белуджистан) бас әріптерінен жасалған акроним ретінде де ойластырылған. Идеология мен лингвистика дәл осылай тоғысқан жағдай сирек кездеседі.

Егемендікті алғашқылардың бірі болып мойындады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Исламабадқа жасаған бұл сапарының айрықша мәні бар деуге болады. Дипломатияда мұндай даталар кездейсоқ таңдалмайды: бұл – жай протоколдық сапар емес, Орталық және Оңтүстік Азия арасында берік экономикалық байланыс орнатуға бағытталған қадам. Пәкістан Қазақстанның егемендігін алғашқылардың бірі болып мойындаған ел. Бұл 1991 жылғы 20 желтоқсанда, тәуелсіздік жарияланғаннан небәрі төрт күн өткен соң болды. Ал дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 24 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаевтың Пәкістанға алғашқы сапары кезінде ресми түрде орнады.

Жоғары деңгейдегі кездесулер хронологиясы

  • 1992 және 2003 жылдары – Қазақстанның тұңғыш президентінің Пәкістанға ресми сапарлары.
  • 1995 және 2011 жылдары – Пәкістан премьер-министрлерінің Қазақстанға сапарлары (Беназир Бхутто мен Юсуф Реза Гилани).
  • 2015 жыл – Пәкістан Ислам Республикасының премьері Наваз Шарифтің Астанаға сапары.
  • 2022-2024 жылдары – ШЫҰ мен АӨСШК алаңдарында өткен бірқатар кездесулер.

Бұл кездесулер барысында Шахбаз Шариф пен Қасым-Жомарт Тоқаевты қоса алғанда, көшбасшылар қазіргі толық форматтағы мемлекеттік сапарға негіз қалады.

Алғаш рет емес

Бұл Тоқаевтың Пәкістанға алғашқы сапары емес. 1999 жылы Сыртқы істер министрі қызметінде жүргенде Қасым-Жомарт Кемелұлы Исламабадқа жұмыс сапарымен барған. Ол кезде Пәкістандағы Қазақстан елшілігінде оның туған бауыры Бақытбек Шабарбаев кеңесші болып жұмыс істеген. Сол кезде де, қазіргідей, туыстық байланысқа қатысты мүдделер қақтығысына аса мән берілмеген секілді. Дегенмен Президенттің бауыры дипломатиялық мансабын төменгі сатыдан бастап, барлық иерархиялық деңгейлерден өткенін атап өткен жөн. Яғни атташеден бастап Пәкістандағы елшіге дейін. Әрі ол әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін жағдай, өйткені елшілік қызметін 12 жыл бойы, яғни 2006 жылдан 2018 жылға дейін атқарған санаулы елшілердің бірі.

Тәліптермен байланыс

Сол жылы Тоқаев Исламабадта посткеңестік кеңістіктегі «Талибан» өкілімен алғашқы кездесулердің бірін өткізді. Ол қозғалыс басшылығының өкілі мулла Амир Хан Муттакимен жүздесті. Қызығы, 25 жылдан астам уақыт бұрын Тоқаевпен сөйлескен Муттаки бүгінде Кабулдағы талибтер үкіметінде сыртқы істер министрі қызметін атқарып отыр. Бұл кездесу Қазақстан дипломатиясының тарихындағы маңызды эпизодтардың бірі саналады, өйткені ол аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Талибанмен» тікелей диалог орнатуға жасалған алғашқы талпыныстардың бірі болды. Бұл жайт Тоқаевтың прагматизміне мысал ретінде жиі айтылады. 1990-жылдардың соңында, «Талибан» халықаралық оқшаулауда болған кезеңнің өзінде, Қазақстан олардың ниетін түсініп, өзінің оңтүстік шекараларын қорғау үшін таразы басын тең ұстап, дипломатиялық шеберлік танытты. 

Амбиция мен шынайылық 

Аймақ картасын тірі ағзаға теңесек, Қазақстан – оның жүрегі, ал Пәкістан – мұхитқа шығатын кең қақпа. Алайда ондаған жыл бойы бұл екі «мүше» тұрақсыз Ауғанстан мен күрделі таулы рельефтен тұратын «тромбпен» бөлініп келді. Екі ел арасындағы қатынастар әрдайым сыпайы болғанымен, белгілі бір дистанция сақталды. Бұрынғы сапарлардың басты ерекшелігі – декларативті сипатта болуы: «бауырластық» туралы меморандумдарға көптеп қол қойылғанымен, нақты тауар керуендері жолда тұрып қалды. Соған қарамастан, Астана мен Исламабад арасында ашық саяси қақтығыстар болған емес. Дегенмен бейресми «үйлеспеушіліктер» орын алды. Қазақстан Үндістанмен қарым-қатынасты әрдайым жоғары бағалап келді, бұл Пәкістан тарапында Оңтүстік Азия стратегиясында өзін «екінші қатарда» сезінуге себеп болуы мүмкін. 1990 және 2000 жылдары Қазақстан Пәкістанды Ауғанстандағы радикалды қозғалыстарға ықпалы тұрғысынан сақтықпен қабылдады. Бұл жағдай визасыз режим мен терең интеграцияға көзге көрінбейтін кедергі жасады.

Тоғысқан мүдделер

Қазақстан үшін Пәкістан – Үнді мұхитына ең қысқа жол. Гвадар мен Карачи порттары – қазақстандық астық, мұнай мен металдардың әлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік беретін «терезе». Яғни солтүстік немесе батыс бағыттарға ғана тәуелді болмайды. Ал Пәкістан үшін Қазақстан – энергетикалық қойма әрі Еуразияға шығатын мүмкіндік. Пәкістанға CPEC (Қытай–Пәкістан экономикалық дәлізі) жобасын іске асыру үшін ресурстар мен Орталық Азиядағы тұрақты серіктес ауадай қажет. Қазақстан Пәкістанды энергетикалық ресурстар қоры мен Еуразиядағы транзиттік хаб ретінде қызықтырады, ал Пәкістан Қазақстанға Орталық Азия нарықтарына жол ашуды және экстремизмге қарсы бірлескен қауіпсіздік шараларын ұсынады. Екі мемлекет те ШЫҰ, ИЫҰ және ЭКО секілді ұйымдар аясында аймақтық бейбітшілік пен экономикалық интеграцияны қолдап келеді. Пәкістан үшін Қазақстан – энергетикалық тәуелсіздік пен IT және білім саласындағы инвестицияларға жол; Қазақстан үшін Пәкістан – Оңтүстік Азияға ашылатын қақпа, сауда көлемін $1-2 млрд-қа дейін жеткізу әлеуеті бар серіктес.

«Ұйқыдағы алып» метафорасы

Тоқаевтың қазіргі сапарын транзиттегі «ұйқыдағы алыпты» ояту әрекеті деуге болады. Ұзақ уақыт бойы логистика біздің әлсіз тұсымыз болып келді: Гиндукуш таулары арқылы жүк тасымалдау әлемнің жартысын айналып өтуден де қымбатқа түсті. Қызығы, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тікелей қашықтық шамамен 1190 шақырым, яғни Алматы мен Астана арасы секілді. Бірақ екі ел арасындағы әуе қатынасы көбіне бір ұшақ рейсімен шешілмейді, ауысып міну арқылы 10-11 сағатқа созылады, ал автокөлікпен Исламабадқа жету үшін шамамен 2500 шақырым жол жүру керек. Осы реттелмеген логистика сауда-экономикалық қатынастардың тұрақты дамуына кедергі келтіріп отыр.

Құрғақ сандар

Дегенмен бұл қатынастардың әлеуеті зор. Қошда бар деректерге жүгінсек, 2025 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 2024 жылмен салыстырғанда екі еседен астам өсті. 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында өзара сауда көлемі $101,3 млн-ға жетті. Ал жеті айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш $89,6 млн болып, өткен жылдың осы кезеңінен 2,5 есе жоғары болды.

  • Қазақстан экспорт: ауыл шаруашылығы өнімдері (кептірілген бұршақ тұқымдастар, зығыр тұқымы, қарақұмық, сұлы).
  • Қазақстанға импорт: Пәкістаннан тоқыма өнімдері, жеміс-жидек және өзге тауарлар жеткізіледі.

Тараптар өзара сауда көлемін жылына $1 млрд-қа дейін арттыруды көздеп отыр.

Сапардан не күтеміз?

Тоқаевтың бұл сапары мемлекеттік мәртебеге ие, ал дипломатиялық иерархияда бұл – сенімнің ең жоғары деңгейі. Логистикада серпіліс күтіледі: трансауған дәлізі бойынша нақты шешімдер талқылануы мүмкін. Егер Астана мен Исламабад осы бағыттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетігін тапса, сауда айналымы қазіргі $90-100 млн деңгейінен миллиардтаған көрсеткішке жетуі ықтимал. Тоқаев Қазақстан министрлерінен құралған ірі делегациямен бірге президент Зардари және премьер-министр Шахбаз Шарифпен кездесіп, бизнес-форумда сөз сөйлейді. Сондай-ақ құны $7 млрд болатын, Пәкістанды Ауғанстан, Түрікменстан және Қазақстанмен Чаман арқылы жалғайтын теміржол жобасына қатысты келісімдерге қол қойылуы мүмкін. Бұл пойыз жолына арқа сүйейтін Жібек жолының жаңа тармағы іспетті. Сауда көлемін $1 млрд-қа жеткізу, логистика, IT салаларында және мәдени қарым-қатынаста ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ аймақтық тұрақтылық мәселелерін талқылау күтіледі. Бұл сапар Еуразия жаңа одақтар іздеген кезеңде стратегиялық әріптестікті нығайтуға серпін беруі мүмкін.

Қандастар мәселесі

Ресми кездесулерден тыс, Пәкістанда жүрген қазақтардың мәселесі де қозғалуы мүмкін. Жарты жыл бұрын БАҚ-та Ауғанстаннан талиб режимінен қашып, Пәкістанға барған 300-ден астам этникалық қазақтың жағдайы туралы жазылған еді. Олар Қазақстан билігінен көмек сұрап, Исламабадтың заңсыз мигранттарды депортациялау туралы шешіміне алаңдаушылық білдірген. Қазақтар өздерін Қазақстанға – тарихи отанына қайтаруды сұрап, Ауғанстанға кері жіберілсе, өмірлеріне қауіп төнетінін айтқан. Қазірдің өзінде Пәкістанның Карачи қаласында жүздеген этникалық қазақ тұрып жатыр. Ол кезде Пәкістан билігі келген қазақтарға босқын мәртебесін берген. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл мәселе түбегейлі шешілді деу қиын.

Далалар мен таулар

Қорытындылай айтқанда, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қатынастар жай дипломатия ғана емес, шығыстық бейнелеу тілімен айтсақ, сан алуан реңкі бар бірліктің аллегориясы. Мұнда далалар мен таулар болашақтағы өркендеудің үйлесімді көрінісіне айналады. Тоқаевтың бұл сапары екі керуеннің бір арнаға тоғысатын бетбұрыс сәті болуы мүмкін. Бұл – Қазақстанның Еуразиядағы «құрлықтық көпір» ретіндегі мәртебесін түбегейлі бекітіп, «Шығыс-Батыс» бағыттарына қоса «Солтүстік-Оңтүстік» векторын күшейтуге арналған қадам.