«Ұнаған шығар» – депутат «Аманаттан» «Әділетке» кеткендер жайлы

Ulysmedia
фото: әлеуметтік желіден

Қазақстан саясатында жаңа тартыс басталды. Қоғамда қызу талқыланып жатқан «Әділет» партиясының «Аманатқа» бәсекелес бола ала ма деген сауалға Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов жауап беріп, жаңа саяси ұйымның мүмкіндігіне баға берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЙ ПАРТИЯНЫҢ РЕСУРСЫ КӨП?

Қазақстанда жаңадан құрылған «Әділет» партиясы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, оның елдегі ең ірі саяси ұйымдардың бірі «Аманат» партиясына бәсекелес бола ала ма деген сауал жиі көтерілуде. Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов өз пікірін білдірді.

Депутаттың айтуынша, қазіргі жағдайда «Әділеттің» «Аманатпен» тең деңгейде саяси бәсекеге түсуі қиын. «Аманаттың» басты артықшылығы оның қалыптасқан құрылымы мен кадрлық ресурсында.

– Бәсекелес бола алмайды. Себебі «Аманаттың»  кадрлық ресурсы бар. «Аманат»  Астанадан бастап барлық облыс, аудан, ауыл бөлімшелеріне жететін партия. Сондықтан оның инфрақұрылымдық жағынан, саяси науқандарға қатысқан кадрлық жағынан да басып оза алмайды. Бірақ екеуін бәсекелес санаудың қажеті жоқ. Әрқайсының партия құруға құқығы бар. Қалғанын уақыт көрсетеді. «Аманаттың» өз бағдарламасы, ұстанған бағыты бар. Өздеріңіз білесіздер. Менің ойымша, екеуінің жолы екі басқа, – деді депутат.

Оның пікірінше, «Аманат» ұзақ жылдар бойы қалыптасқан саяси жүйесі мен аймақтардағы кең құрылымының арқасында басымдыққа ие.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙДЫҢ КЕЛУІ

«Әділет» партиясының төрағалығына Айбек Дәдебайдың келуі де қоғам назарын аударды. Бұған дейін Президент әкімшілігін басқарған тәжірибелі саясаткердің жаңа партия тізгінін ұстауы оның ықпалын күшейтеді деген пікірлер айтылуда.

Бұл мәселеге қатысты Жанарбек Әшімжанов та ойын ашық жеткізді.

– Әлімсақтан партияның басшылығына тәжірибесі бар, қалыптасқан адамның келуі дұрыс. Бірақ «Аманаттың» жолы да, жөні де басқа, – деді ол.

Саясаттанушылардың пікірінше, тәжірибелі кадрдың келуі партияның аппараттық және саяси салмағын арттырғанымен, оны бірден ірі саяси күшке айналдыра алмайды.

«ӘДІЛЕТКЕ» КЕТКЕНДЕР ЖАЙЛЫ

Соңғы уақытта «Аманат» партиясынан «Әділетке» ауысып жатқан азаматтар туралы ақпараттар да талқыланып жатыр. Бұл сұраққа қатысты депутат партия ауыстыруды әр адамның жеке таңдауы деп бағалады.

– Партия ауыстыру әр адамның жеке құқығы. Қалғысы келсе қалады. Оларға «Әділеттің» бағыт, бағдарламасы ұнаған шығар. Маған «Әділеттен» ұсыныс түскен жоқ. Мен «Аманатпен» жұмыс істеймін”, — деді Мәжіліс депутаты.

Осылайша, депутат жаңа партияның құрылуын қалыпты саяси процесс ретінде бағалағанымен, «Аманаттың» қазіргі саяси салмағы мен ұйымдастыру мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

КОНТЕКСТ

Саяси сарапшылардың пікірінше, жаңа партияның басты сынағы – қоғам сеніміне ие болу мен нақты саяси ұстанымын көрсету. Қазіргі таңда «Әділет» өзін реформаларды қолдайтын, бірақ «оппозициялық күш» ретінде емес, өзгерістерді жүзеге асыруға қатысатын саяси ұйым ретінде таныстырып отыр.

Айта кету керек, құрылтай съезіне 931 делегат қатысып, партияны құру туралы шешімді бірауыздан қолдады. 

Съезде Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Бұрын Президент әкімшілігін басқарған Дәдебайдың партия тізгінін қолға алуы жаңа ұйымның саяси салмағына қатысты талқылауды күшейтті.

Сондай-ақ съезде 30 адамнан тұратын саяси кеңес құрамы таныстырылды. Оның құрамына:

  • «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин,
  • бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева,
  • кәсіпкер Андрей Лаврентьев,
  • «Әділ сөз» қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманкұлова және өзге де танымал тұлғалар енді.

Партия құрылымы бойынша негізгі басқару органдары ретінде съезд, саяси кеңес, бюро және төраға белгіленді.