Жапаров пен Ташиев тандемінің күйреуі. Қырғызстан билігінде не болып жатыр?

Есдәулет Қызырбекұлы
Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Президент пен парламент спикеріне жазылған ашық хат, отставка, ұстаулар мен биліктегі екі достың текетіресі. Кейінгі 35 жылда үш рет революция болған Қырғызстан билігінде не болып жатыр?

10 ақпанда Қырғызстан билігінде «екінші адам» саналатын Қамшыбек Ташиев отставкаға кетті. Президент Садыр Жапаров оны мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы және премьер-министрдің орынбасары қызметтерінен алып тастады.

Президенттің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов Ташиевтің қызметтен алынуы туралы журналистер сауалына жазбаша жауап беріп, Садыр Жапаров бұл шешімді «мемлекет мүддесі үшін, қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында алауыздыққа жол бермеу және бірлікті нығайту мақсатында» қабылдағанын жеткізді.

Германияда ем алып жатқан Қамшыбек Ташиевтің өзі президенттің бұл шешімін күтпеген жағдай деп бағалады. Оның мәлімдемесін оған жақын адам саналатын журналист Нұрғазы Анарқұлов Facebook желісінде жазды.

«Мен ауырып қалып, президенттің рұқсатымен Германияға келгенмін. Бұған дейін жасалған отаға байланысты тексеруден өтуім керек болды. Алайда кеше мені қызметтен босатты, бұл мен үшін күтпеген жағдай. Не болса да, президент шешімін орындауға міндеттіміз. Мемлекет, халық және президент алдында қызметтік міндетімді адал атқардым және оны мақтан тұтамын. Бар болғаны жеке құраммен қоштасуға мүмкіндік берілмегеніне өкініш білдіремін. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің әрбір қызметкеріне алғыс айтып, оларға сәттілік тілеймін. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық сақталуы үшін ешкім заңсыз әрекетке бармауы керек және біздің әрбір әрекетіміз заң аясында жасалуы қажет», – деді Қамшыбек Ташиев өз мәлімдемесінде.

Қырғызстанды бес жылдан бері басқарып келе жатқан Садыр Жапаров пен Қамшыбек Ташиевтің саяси тандеміне сызат түсті ме? Екі достың жолы неге екіге айырылды? деген сұрақтар ақпарат айдынында желдей есіп тұрған тұста министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Еділ Байсалов Ташиевті қызметінен босатуға 75 адамның үндеуі себеп болды деп жазды.

Еділ Байсалов саяси сахнадан кеткен кейбір адамдар Ташиевтің атын жамылып қоғамның билікке деген сенімін әлсіретуге тырысты деді. Сөзінше, осыдан кейін елде қос билік бар деген пікір қалыптасқан.

«Қоғамда қос билік бар. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу қажет. Қазіргі билік легитимді емес деген пікір тарай бастады. Бұл арандатушылар мен олардың амбициялары Садыр Жапаров пен Қамшыбек Ташиевтің арасында сына қағып, қоғам мен мемлекеттің бөліну қауіпін туғызды», – деп жазды ол Facebook желісінде.

Бұдан бөлек ол Қырғызстанда президент сайлауы уақытында, 2027 жылдың қаңтар айында өтетінін айтты.

Еділ Байсалов меңзеп отырған 75 адамның үндеуі 9 ақпанда жарияланған. Онда хат авторлары президент пен Жоғары Кеңес төрағасына қайырылып, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап еткен.

Хат авторлары ескі конституция мен жаңа конституциядағы президент мерзіміне байланысты талап қойған. Қазіргі президент Садыр Жапаров ескі конституция бойынша 2021 жылы қаңтарда 6 жыл мерзімге сайланған. Кейіннен конституцияның жаңа редакциясы қабылданған. Ол бойынша бір адам президент болып бес жылдан екі рет сайлануға құқылы.

«Құрметті, ел президенті және Жоғары Кеңес төрағасы біз сіздерге Қырғызстанда тез арада мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынамыз және үндейміз. Бұндай қадам қоғамдағы түсініспеушілік пен даудың, Конституциялық сотқа жүгінудің алдын алады», – деген хат авторлары.

Дау туғызған президент мерзіміне байланысты өтпелі ереже қабылданған. Ол бойынша Жапаровтың алты жылдық мерзімі бірінші мерзім ретінде есептеліп, оның қайта сайлануға құқығы бар деп көрсетілген. 

Даудан соң бірнеше ашық хат авторы қамауға алынды. Олардың ішінде бұрынғы парламент депутаты Құрманбек Диханбаев, бұрынғы ішкі істер вице-министрі Курсан Асанов, экс-вице-премьер Аалы Қарашаев та бар.

Бүгін, 12 ақпанда Жоғарғы Кеңес спикері Нұрлан Тургунбекұлы отсавкаға кететінін мәлімдеді. Ол Қамшыбек Ташиевтің жақын серіктерінің бірі ретінде аталады.

Депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Тургунбекұлы өзінің Түркияға іссапармен кеткен кезінде ел ішінде елеулі саяси өзгерістер болғанын, ешқандай адамға қызмет етпейтінін, ешқандай қысымсыз шешім қабылдағанын айтты. Бірақ президент Садыр Жапаровтың саяси бағытын қолдайтынын мәлімдеді.

«Мен екі адамға да, бір адамға да қызмет етпеймін, мен қырғыз халқына, парламентке және мемлекетке қызмет етемін. Сондықтан мені белгілі бір тұлғамен байланыстыру дұрыс емес. Бізде саяси мәдениет қалыптасуы тиіс. Ешбір жанжалсыз, түрлі алыпқашпа әңгімесіз бұл шешімді өз еркіммен қабылдап, Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметінен кетуді ұйғардым», – деді ол.

Садыр Жапаров пен Қамшыбек Ташиев билік басына 2020 жылғы төңкерістен кейін келген. Бірі президент, енді бірі ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы әрі вице-премьер болып сайланған.

Бірақ Жапаров пен Ташиевтің саяси тандемі бұдан ертеректе, 2005 жылы екеуі Жоғары Кеңеске депутат болып сайланған кезден басталған. Құрманбек Бакиевтің билігі тұсында Қамшыбек Ташиев төтенше жағдайлар министрі болса, Садыр Жапаров президенттің кеңесшісі қызметтерін атқарды.

2010 жылғы революциядан кейін Құрманбек Бакиев президенттіктен кеткен соң, елде парламенттік басқару жүйесін құру талпынысы болды. Дәл осы уақытта өткен парламент сайлауында Жапаров пен Ташиевтің «Атажұрт» партиясы Жоғары Кеңестегі орынның басым көпшілігіне ие болды.

Садыр Жапаров пен Қамшыбек Ташиев сол жылдары президент Алмазбек Атамбаев пен үкімет жұмысын сынап, оппозицияда болды. 2012 жылы «бидікті күшпен басып алмақ болды» деген айыппен бір жарым жылға сотталды. Бірақ жарты жылдан соң бостандыққа шықты. Кейіннен Жапаров «адамды кепілдікке алу» бабы бойынша айыпталып, 10 жылға сотталды. 2020 жылы өткен парламент сайлауынан кейін елде тағы да жаппай наразылық болды. Наразылар ақ үйді басып алып, түрмеден бірнеше саясаткер босатылды. Олардың қатарында Садыр Жапаров та болды. Сол уақытта алаңда Қамшыбек Ташиев жаңа президент болып Садыр Жапаров сайланады деп мәлімдеді.

Екі достың арасында текетірес жүріп жатқаны туралы бұған дейін де айтылған. Бірақ оның шарықтау шегі 75 саясаткердің президент пен Жоғарғы Кеңес спикеріне жазған хаты болды. Ташиев 2027 жылы өтетін президент сайлауына кандидатурасын ұсына ма, жоқ па белгісіз. Әзірге оның Германиядан Қырғызстанға қашан қайтып оралатыны туралы да ақпарат жоқ.