Қазақстанда 34 жасқа дейінгі жастардың 75%-ы эмоционалды шаршау мен күйзеліс сезінеді. Сарапшылар бұл құбылысты әлеуметтік желілердің ықпалы, тұрақсыз болашаққа қатысты алаңдаушылық және пандемиядан кейінгі әлеуметтік өзгерістермен байланыстырады.
Қазақстандағы жастардың психикалық жағдайы соңғы жылдары сарапшыларды алаңдатып отыр. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, ел психикалық денсаулық индексі бойынша 84 мемлекет ішінде 68-орында тұр. Бұл көрсеткіш негізінен 18–34 жас аралығындағы азаматтардың жағдайын сипаттайды.
Денсаулық сақтау саласындағы ең ірі халықаралық зерттеулердің бірі – STADA Health Report дерегіне сәйкес, Қазақстандағы 34 жасқа дейінгі жастардың шамамен 75 пайызы эмоционалды шаршау мен күйзеліс белгілерін сезінеді.
Психологтардың айтуынша, бұл тек жеке адамның мәселесі емес. Бұл – әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторлар тоғысқан күрделі құбылыс.
Пандемиядан кейінгі психологиялық өзгеріс
Nazarbayev University психологы Сымбат Абдрахманованың айтуынша, жастардың психологиялық жағдайы әсіресе COVID-19 пандемиясы кезінде күрт нашарлаған.
- COVID-19 пандемиясынан кейін эмоционалды күйзеліс бойынша көмекке келген жастар саны артты. Бұл әсіресе 13–29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жас ересектер арасында байқалады, – дейді ол.
Маманның пікірінше, пандемия кезеңінде жастар әлеуметтік оқшаулану, белгісіздік және өмір салтының өзгеруі сияқты бірнеше факторды қатар бастан өткерді.
Соның салдарынан көптеген жас үшін ұзаққа созылған стресс қалыпты жағдайға айналды.
Әлеуметтік желінің психологиялық қысымы
Психикалық денсаулықтың республикалық ғылыми-практикалық орталығының психиатр дәрігері Асанали Сушенов жастардың күйзелісіне әлеуметтік желілердің де әсері зор екенін айтады.
- Әлеуметтік желіде үнемі өзін басқалармен салыстыру жүреді. Соның салдарынан “мінсіз өмір” және “сәттіліктің сыртқы көрінісі” сияқты иллюзия қалыптасады. Көп жастар “мен әлі ештеңеге жетпедім” деген ойға келеді, – дейді ол.
Бұл құбылысты психологтар «әлеуметтік салыстыру эффектісі» деп атайды. Әлеуметтік желілерде адамдар көбіне өмірінің тек ең сәтті сәттерін көрсетеді. Ал көрермен сол көріністі толық шындық ретінде қабылдауы мүмкін.
Жастардың жеке тәжірибесі
24 жастағы MNU студенті Жайна Тұрарбекқызы әлеуметтік желілердің оған әртүрлі әсер ететінін айтады.
- Әлеуметтік желілер кейде демалу үшін керек. Бірақ кейде ол жердегі адамдардың жетістіктерін көргенде өзімді салыстырып, “мен уақытты бос өткізіп жатырмын” деген ой келеді. Сол кезде күйзеліс пайда болады, – дейді ол.
Психологтардың айтуынша, мұндай сезім көптеген жастарға таныс.
Демалыссыз өмір
Мамандар жастардың демалу мәдениетінің де өзгергенін айтады. Көп жағдайда бос уақыт әлеуметтік желі қараумен өтеді. Алайда психиатрлардың айтуынша, мұндай «демалыс» жүйке жүйесін қалпына келтірмейді. Керісінше, ақпараттың үздіксіз ағымы миды шаршатып, эмоционалды күйзелісті күшейтуі мүмкін.
Сонымен қатар, жастардың көпшілігі оқу мен жұмысты қатар алып жүреді. Қоғамдағы жоғары талаптар мен отбасылық қысым да психологиялық жүктемені арттырады.
Күйзеліс, шаршау және депрессия: айырмашылығы қандай?
Сарапшылардың айтуынша, көп жағдайда адамдар қарапайым шаршауды, эмоционалды күйзелісті және депрессияны шатастырып жатады.
Қарапайым шаршау – табиғи жағдай. Ол демалыс арқылы тез қалпына келеді.
Ал депрессия – психикалық ауытқу. Ол ұзаққа созылған төмен көңіл-күй, бұрын ұнатқан нәрселерге қызықпай қалу, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы сияқты белгілермен сипатталады.
Эмоционалды күйзеліс болса, көбіне ұзаққа созылған стресс нәтижесінде қалыптасады.
- Бұл жай ғана шаршау емес. Ұзақ уақыт бойы жиналған стресс мотивацияның төмендеуіне және ішкі бос сезімнің пайда болуына әкелуі мүмкін, – дейді психолог Абдрахманова.
Сарапшылардың айтуынша, уақытында назар аудармаса, мұндай күйзеліс кей жағдайда депрессия немесе мазасыздық сияқты күрделі психологиялық мәселелерге әкелуі мүмкін.
Күйзелістің алдын алу мүмкін бе?
Психологтардың айтуынша, эмоционалды күйзелісті азайту үшін бірнеше қарапайым, бірақ маңызды әдеттер қажет.
Психиатр Асанали Сушеновтың айтуынша, соңғы жылдары адамдар психикалық денсаулық мәселесіне бұрынғыдан ашық қарай бастады.
- Қазір адамдар психиатрға қаралудан қорықпай, көмек сұрай алатыны қуантады, – дейді ол.
Жаңа ұрпақтың психологиялық шындығы
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жастар бұрынғы буындарға қарағанда мүлде басқа әлеуметтік ортада өмір сүріп жатыр. Ақпарат ағынының жылдамдығы, әлеуметтік желілердегі бәсеке және болашаққа қатысты белгісіздік олардың психологиялық жағдайына тікелей әсер етеді.
Сондықтан мамандар жастардың психикалық денсаулығын жеке адамның әлсіздігі емес, қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде қарастыру қажет екенін айтады.
Авторы: Ақлима Болатқызы