Жаңа Конституция: 1 шілдеден бастап Қазақстанның саяси жүйесі қалай өзгереді?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Осылайша 1995 жылғы Ата Заңның қолданысы тоқтайды. Жаңа құжат мемлекеттік басқару құрылымын айтарлықтай өзгертеді: Парламенттің орнына Құрылтай пайда болады, вице-президент институты енгізіледі, ал президенттің бірқатар өкілеттіктері кеңейеді.

Жаңа Конституцияның қабылдануы елдің саяси жүйесін қайта құруға бағытталған ең ірі реформалардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Құжат тек мемлекеттік институттардың құрылымын ғана өзгертіп қоймай, билік тармақтарының өзара қатынасын да жаңаша анықтайды.

Сонымен бірге, құжатта азаматтардың құқықтары, сөз бостандығы, еңбек даулары және жеке деректерді қорғау сияқты бірқатар маңызды нормалар қайта қаралған.

Төменде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін елде нақты қандай өзгерістер болатынын талдаймыз.

Парламенттің орнына Құрылтай

1 шілдеден бастап Қазақстандағы екі палаталы Парламент өз өкілеттігін тоқтатады. Оның орнына жаңа заң шығарушы орган — Құрылтай құрылады.

Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы сайланады.

Бұл модель заң шығару процесін орталықтандыруы мүмкін. Себебі бұрынғы жүйеде Мәжіліс пен Сенат арасындағы тепе-теңдік белгілі бір деңгейде заң жобаларын қайта қарауға мүмкіндік беретін.

Вице-президент институты енгізіледі

Жаңа Конституция бойынша елде вице-президент лауазымы пайда болады.

Бұрынғы мемлекеттік кеңесші қызметі жойылады. Вице-президент президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді және қажет болған жағдайда мемлекет басшысының өкілеттігін уақытша атқара алады.

Бұл норма биліктің сабақтастығын қамтамасыз ету тетігі ретінде қарастырылып отыр.

Қазақстан Халық кеңесі конституциялық органға айналды

Бұрын конституциялық мәртебесі болмаған Ассамблеяның орнына Қазақстан Халық кеңесі құрылды.

Бұл орган 126 азаматтан тұрады және ел азаматтарының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік құрылым ретінде белгіленді.

Халық кеңесі:

– заң жобаларын ұсына алады
– референдум бастамасын көтере алады
– ұлттық бірлікке қатысты ұсыныстар әзірлей алады

Бұл институт азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалог алаңы ретінде қарастырылып отыр.

Президент өкілеттіктері кеңейді

Жаңа Конституция президенттің бірқатар кадрлық өкілеттіктерін күшейтеді.

Енді мемлекет басшысы:

– Бас прокурорды
– Конституциялық сот төрағасын
– Жоғарғы сот төрағасын
– Ұлттық банк басшысын
– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тікелей өзі тағайындай алады.

Сонымен қатар, Құрылтай президент ұсынған вице-президент, премьер-министр немесе спикер кандидатураларын қабылдамаса, президент Құрылтайды таратып, уақытша заң шығару құқығын өз қолына ала алады.

Бұл норма саяси жүйеде президенттік биліктің ықпалын арттыруы мүмкін.

Үкіметке сенімсіздік білдіру рәсімі жеңілдетілді

Жаңа Конституцияда «вотум недоверия» рәсімі де өзгертілді. Бұрын мұндай бастама депутаттардың үштен бірінің қолдауымен қаралатын. Енді бұл процедураны Құрылтай депутаттарының бестен бірі бастай алады. Сонымен қатар, егер бюджет есебі мақұлданбаса, сенімсіздік мәселесі автоматты түрде көтеріледі.

Президенттің құқықтық иммунитеті

Жаңа нормаларға сәйкес, президент қызмет барысында жасаған әрекеттері үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Бұл ереже экс-президенттерге де қатысты болады. Тек мемлекеттік сатқындық жағдайында ғана жауапкершілік қарастырылған.

Импичмент рәсімі өзгерді

Президентке импичмент жариялау тәртібі де жаңартылды. Бұрын бұл процедура бірнеше кезеңнен тұрса, енді оны Құрылтай жүргізеді. Импичмент бастамасы депутаттардың үштен бірінің қолдауымен көтеріледі, ал шешім қабылдау үшін депутаттардың төрттен үшінің дауысы қажет.

Азаматтардың құқықтарына қатысты өзгерістер

Жаңа Конституцияда қоғам өмірінің бірнеше маңызды саласына қатысты нормалар да өзгертілді. Сөз бостандығы жаңа шектеулермен бекітілді Сөз бостандығы Конституцияда сақталғанымен, енді оның қолданылу шектері нақты көрсетілді.

Олар:

– ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау
– қоғамның моральдық құндылықтары
– қоғамдық тәртіп
– азаматтардың денсаулығы

Адвокатура мен Омбудсмен мәртебесі күшейді

Адвокатура құқық қорғауды қолдайтын конституциялық институт ретінде бекітілді. Ал Омбудсмен жеке конституциялық бапқа енгізіліп, оның тәуелсіздігі арнайы норма арқылы қорғалды. Қамауға алынған адамның құқықтары Жаңа Конституция бойынша қамауға алынған адамға оның құқықтары мен қамау себептері міндетті түрде түсіндірілуі тиіс.

Сот санкциясынсыз қамау мерзімі заңмен белгіленген уақыттан аспауы керек.

Неке туралы анықтама енгізілді

Конституцияда алғаш рет некенің анықтамасы бекітілді. Енді неке ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы ретінде белгіленеді.

Білім және медицина

Жаңа Конституция бойынша:

– орта білім тегін
– медициналық көмек тегін деп белгіленді.

Ал жоғары білім «заңға сәйкес» беріледі. Бұрын ол конкурстық негізде тегін көрсетілетін.

Жеке деректерді қорғау

Конституцияда алғаш рет жеке деректерді қорғау туралы норма енгізілді. Бұл мессенджерлер, электронды пошта және цифрлық технологиялар арқылы берілетін ақпаратқа да қатысты.

Еңбек даулары мен ереуіл құқығы

«Забастовка» құқығы Конституция мәтінінен алынып тасталды. Енді бұл құқық заңдар арқылы реттеледі.

Түйін

Жаңа Конституция Қазақстанның саяси жүйесін айтарлықтай өзгертеді.

Бір жағынан, жаңа институттар пайда болады және азаматтардың кейбір құқықтары нақты бекітіледі. Екінші жағынан, президенттік биліктің рөлі күшейіп, заң шығару жүйесі қайта құрылып отыр.

Бұл өзгерістердің нақты саяси және әлеуметтік әсері Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы жылдары айқын көрінуі мүмкін.

Авторы: Ақлима Болатқызы