Қазақстанда тағы бірнеше әуежай сатылады. Қандай қауіп бар?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда жақын уақытта әуежайлар түгелге жуық жекенің қолына өтуі мүмкін, өйткені елдегі әуе айлақтарын жаппай сату жоспарланып отыр. Жекешелендірудің жай-жапсарын Ulysmedia.kz саралап көрді.

НЕШЕ ЛОТ ШЫҒАДЫ?

Мемлекеттік кәсіпорындарды бәсекелі ортаға беру тізімін үкімет өткен жылдың қарашасында бекіткен. Тізім Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлттық жекешелендіру кеңсесінің порталында жарияланып, оған алты өңірлік әуежай енгізілген. Сауданың басты шарты — инфрақұрылымға инвестиция салу және қызмет бағытын сақтау. Жалпы жекешелендіру жоспарында әуе айлақтарына қатысты сегіз лот бар. Алғаш қарағанда олардың екеуі қайталанатындай көрінеді, бірақ бұл қате емес. Әңгіме әуежайлардың құрылымындағы әртүрлі нысандар мен басқару шешімдері туралы. Нысандардың толық сипаттамасы Агенттік каталогында берілген. Онда әр әуежай бойынша жылжымайтын мүлік, жер телімдері, терминалдар мен ұшу-қону жолақтары туралы деректер көрсетілген. Әуежайлар облыс әкімдіктері немесе өңірлік мемлекеттік мекемелер меншігінде. 

ТІЗІМДЕ ҚАЙСЫСЫ БАР? 

2026 жылы мына әуежайларды саудаға шығару жоспарланған: 

  • Қызылордадағы «Қорқыт Ата» әуежайы;
  • «Шымкент» әуежайы; 
  • Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы (иесі: «АТМА-Атырау Әуежайы және тасымалдар» АҚ); 
  • Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай. 

Бұл төрт әуежай үшін «қызмет түрін алып тастау» форматы көрсетілген. Яғни, мемлекет, алдымен, кейбір функцияларды қысқартып, кейін оларды жеке секторға беруді көздейді. 2027 жылы Павлодар әуежайы мен Түркістан халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға беру жоспарланған.

ҚАЛАЙ САТЫЛАДЫ?

Айта кету керек, бұл әуежайларды сату бойынша алғашқы талпыныс емес. Мысалы, Шымкент әуежайын 2022 жылы 5,6 млрд теңгеге кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру жоспарланған, алайда конкурс өтпей қалды. Оның түрлі себебі бар. Мемлекеттік саясаттан бөлек, инвесторлар жекешелендіру шарттары мен құқықтық тетіктерге мән береді. Сонымен қатар активтің табыстылығы да маңызды. Мысалы, Түркістан әуежайы қарқынды дамып жатқанымен, жүктемесі әлі төмен әрі табыс табу мүмкіндігі шектеулі, себебі инфрақұрылым сұраныстан озып кеткен. Инвесторлар үшін түсініксіз нысандар қатарында Шымкент әуежайы мен Әлия Молдағұлова атындағы әуежай бар. Оларды беру моделі толық анықталмаған, актив көлемі де нақты емес. Ал Қызылорда әуежайын сату ықтималдығы жоғары,  мұнда мемлекет нысанды бірден сенімгерлік басқаруға береді. Атырауда операторлар (әуеайлақ пен терминал) нақты бөлінген, ал Павлодарда астанамен бәсекеге қарамастан, өңірлік хабқа айналу әлеуеті бар — қазір ұшу-қону жолағы мен инфрақұрылым жаңартылып жатыр.

ЕЛДЕ ҚАНША ӘУЕЖАЙ ҚАЛАДЫ? 

Қазақстанның азаматтық авиация дерегінше, елде 24 сертификатталған әуежай бар. Олардың бір бөлігі әлдеқашан жекенің қолына немесе сенімгерлік басқаруға өткен. Мысалы, Алматы әуежайы түркиялық TAV Airports холдингіне тиесілі; Шымкент пен Тараз (Әулие-Ата) — SCAT әуе компаниясының меншігінде; Қарағандыдағы «Сары-Арқа» әуежайының 60%-ы Тимур Турловқа (Turlov Private Holding арқылы), 35%-ы Ерлан Оспановқа тиесілі; Орал әуежайы («Мәншүк Мәметова» атындағы) «Ретранс» АҚ (49%), Дәулетхан Қилыбаев (49%) және «Орал менеджмент» ЖШС (2%) арасында бөлінген; Жезқазған әуежайы «Қазақмыс» корпорациясына қарайды. Астана әуежайы БАӘ-нің Terminals Holding компаниясына сенімгерлік басқаруға берілген, 2025 жылдың қаңтарында ол әкімдік балансына қайтарылып, қазір сол инвестормен жаңа келісім дайындалып жатыр. Ақтау әуежайы түркиялық ATM Grup (YDA Group) басқаруында, келісімшарт 2036 жылға дейін күшінде.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Қазір үкімет стратегиялық нысандарды жеке қолға беру бақылаусыз қалдыруға әкелуі мүмкін деген алаңдаушылыққа нақты жауап беріп отырған жоқ. Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бірқатар сарапшы мемлекет стратегиялық инфрақұрылымға бақылауды жоғалтуы мүмкін деп ашық ескертіп отыр. Мысалы, қаржыгер Расул Рысмамбетов әуежайларды «егемендік инфрақұрылымы» деп атайды, ал авиация саласының сарапшысы Денис Кривошеев ең кемі салдарын жан-жақты есептеуді ұсынады, яғни тарифтерден бастап логистикаға тәуелділікке дейін. Олардың басты сұрағы: қазіргі қаржылық мәселелерді шешеміз деп, мемлекет болашақта негізгі көлік тораптарын жеке ойыншыларға беріп қоймай ма?

Сонымен қатар көптеген елде әуежайларды жалға немесе басқаруға жеке операторларға беру әлемдік тәжірибеде бар. Бұл бюджетке түсетін салмақты азайтып, жеке инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жаңартуға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.