Қытай жұмысшыларының наразылығы: Мәскеу Пекинге қалай кіріптар болды?

Ulysmedia
ulysmedia.kz

Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің Қытайға тәуелділігі артқан тұстан, Хабаров аймағында жүздеген Қытай жұмысшылары наразылыққа шықты. БАҚ пен әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, олар еңбекақысын даулап, Ресей президенті Владимир Путин мен «Роснефть» басшысы Игорь Сечинге қайырылған, деп хабалайды Ulysmedia. 

ҚЫТАЙ ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

12 сәуірде Хабаров аймағындағы Комсомольск-на-Амуре қаласында «Петро-Хэхуа» компаниясының жұмысшылары жалақыларын ала алмай жүргендерін айтып, шеруге шықты. Олар қолдарына ұстап шыққан плакаттарда «Путин, көмектес!», «Сечин, көмектес!», «No моney» деген жазулар болды.

«Касаткин пишет» телеграм-арнасының жазуынша, наразы қытайлық жұмысшылармен қала мэрі Дмитрий Заплутаев кездескен. Оның ВКонтакте желісіндегі парақшасында жұмысшылармен жүргізілген келіссөздер туралы ақпарат жарияланған. Бірақ кейіннен жазба өшірілген. Көшеден митинг жасап өткен наразыларды полиция мен росгвардия қызметкерлері ұстамаған. 

Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Ресейдегі шектеу мен қамауларға меңзеп, «Қытай жұмысшыларының құқығы Ресей азаматтарының құқығынан да жоғары» деп жазып жатыр. Украинаға басып кіргелі Ресейде соғысқа қарсы болып, билікке сын айтқан ондаған мың адам сотталған.

Amnesty International құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 2022 жылдың өзінде 21 мың адам жауапқа тартылған. 2025 жылдың басында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар 1100-ден асқан, ал «дискредитация» бабымен әкімшілік жауапкершілікке 15–20 мыңнан астам адам іліккен.

ӘРІПТЕСТІКТЕН ТӘУЕЛДІЛІККЕ ДЕЙІН

Ресей Украинаға басып кіргелі бері халықаралық саясатта Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынас жиі талқыланып келеді. Кейбір сарапшылар бұл байланыстарды «әріптестік» деп бағаласа, енді бірі одан «жасырын экспансия» белгілерін көреді. Пекин үшін Мәскеу «кіші әріптес» рөлінде дейтіндер де бар. Бұл сөздердің негізі де жоқ емес.

Соғыс басталғанға дейін Ресейдің басты сауда әріптесі Еуроодақ болған. Бірақ санкциялардан кейін оның орнын Қытай алмастырды. Мәскеу Пекинмен әріптестікті күшейтті. Бірақ ол тең дәрежедегі әріптестік деп айту қиын. Ресей Қытайға жөнелтіп отырған экспортының 80 пайызы шикізат. Пекин Мәскеудің дайын өнімдерін сатып алып отырған жоқ. Салыстырмалы түрде алғанда, Еуростат есебінше, 2021 жылы Ресейдің Еуроодаққа жасаған экспортының 60 пайызы шикізат өнімдері болған.

2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда Қытай Ресей мұнайын арзан бағаға сатып алып, 20 пайыз аз қаржы төлеген.

Бұған қоса, Қытай экспортының шамамен үштен екі бөлігі жоғары технологиялық өнімдерден тұрады. Соғыс басталғанға дейін батыс автокөлік өндірушілері Ресей аумағында көлік құрастырумен айналысқан болса, Қытай жергілікті өндіріс орындарына инвестиция салмай, текдайын өнім жеткізіп жатыр.

«Автостат» зерттеу компаниясының деректерінше, Ресейдегі жеңіл автокөлік сатылымынарығының 50–60 пайызы Қытай брендтеріне тиесілі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қытай — Ресейның ең ірі сауда серіктесі болып қалып отыр. Ресей экспортының шамамен 27 пайызы, ал импортының 39 пайызы осы Қытайға тиесілі. Ал Қытайдың сыртқы саудасында Ресеймен арадағы алыс-беріс небәрі 4 пайызды құрайды.

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Кейінгі жылдары Қытайдың Орталық Азияға да экономикалық ықпалы артып келеді. Пекиннің аймаққа құйған инвестиция көлемі 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Мысалы, осыдан он жыл бұрын Қытай Орталық Азияға 19,6 миллиард доллар инвестиция құйса, 2025 жылдың ортасында бұл көрсеткіш 35,9 миллиард доллар болған. Ол инвестициясын негізінен үш елге құйып жатыр – Қазақстан (32 пайыз), Өзбекстан (30 пайыз) және Түркіменстан (27 пайыз).

Қазақстан Қытайдан тікелей 11,4 миллиард доллар инвестиция тартқан. Бұл көрсеткіш бойынша ол Орталық Азияда көш бастап тұр. 2022 жылдан бастап инвестиция көлемі бойынша екінші орынға Өзбекстан шықты. Мұнда Қытай инвестициясының көлемі күрт өсті. Оның көлемі 2016 жылы 300 миллион доллар болса, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 35 пайызға артып, 10,7 млрд долларға дейін жетті.

ҚЫТАЙ ҚАУІПІ МЕН ШЫҢЖАҢДАҒЫ АЗ ҰЛТТАР

Бірақ бұл инвестициялардың қауіпі де жоқ емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «егер Бішкек Пекин алдындағы қарызын уақытында қайтара алмаса, онда елдегі кейбір маңызды нысандар Қытайдың басқаруына берілуі мүмкін» екенін айтқан. 2018 жылы Тәжікстан қарыздың қайтарымы ретінде «Жоғарғы құмарық» алтын кен орнын Қытайға берген.

Қазақстан мен Қырғызстанда әр жылдары «Қытай экспанциясына қарсы» наразылық акциялары өткен. Аймақта Шыңжаңдағы аз ұлттар мәселесі де өте сезімтал тақырып.

Адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымының дерегінше, 2017-21 жылдар аралығында Шыңжаңда 540 мыңнан астам адам сотталған.

БҰҰ-ның 2018 жылғы есебінде Қытай үкіметі Шыңжаңда бір миллиондай ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және басқа да мұсылман адамдарды «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» жапқанын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Шыңжаңда аз ұлттардың құқығын аяқ асты ететін саясат жүріп жатыр деп Қытай билігін сынаған. Ресми Пекин бұл айыптауларды жоққа шығарып, оны «экстремизммен күрес», ал ұсталғандар қамалған лагерьлерді «кәсіпке баулитын орталық» деп атаған.

Қазақстан билігі мен елдегі мемлекеттік басылымдар Шыңжаңда қысым көрген қазақтар тақырыбын қозғамауға тырысады. Астана оны «Қытайдың ішкі ісі» деп атаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда «Неміс толқыны» арнасына берген сұхбатында «Шыңжаңда қазақ ұлтының өкілдері қысым көріп жатыр деген ақпараттың көбі шындыққа жанаспайды. Қазақстан геосаяси текетірестің ойын алаңына айналмауға тиіс»деген.