Күншығыстан күнбатысқа дейін: Әлемде АҚШ-тың қанша әскери базасы бар?

Есдәулет Қызырбекұлы
ЖИ/Ulysmedia

АҚШ Германиядағы әскерінің бір бөлігін алып кететін болды. Пентагон бұндай қадамға президент Дональд Трамп пен кацлер Фридрих Мерцтің қарым-қатынасы ушыққаннан кейін барып отыр. АҚШ-тың әлемде қанша әскери базасы бар? Олар қандай маңызға ие? Германиядағы базалардың өзгелерден қандай айырмашылығы бар? Ulysmedia.kz тілшісі зертеп көрді.

ГЕРМАНИЯ ЖӘНЕ ЕУРОПА

2 мамырда Пентагон басшысы Пит Хегсет бір жыл ішінде Германия аумағынан 5 мың сарбазды шығару туралы бұйрық берді.

«Біздің болжамымыз бойынша, әскерді шығару алты ай, бір жыл ішінде аяқталады», – деді Пентагонның ресми өкілі Шон Парнелл. Оның сөзінше,  бұндай шешім Еуропадағы АҚШ қарулы күштері толықтай тексерістен өткеннен кейін қабылданған.

Бірақ бұған дейін Германия канцлері Фридрих Мерц Ирандағы қақтығысқа байланысты Вашингтонды сынға алып, Ақ үйдің соғысқа байланысты нақты стратегиясы жоқ деген. АҚШ президенті Дональд Трамп Фридрих Мерцты «Тегеранның ядролық бағдарламасын қолдап отыр» деп айыптаған.

2025 жылдың желтоқсанындағы дерек бойынша, АҚШ-тың Еуропадағы әскери базаларында тұрақты түрде 68 000 сарбазы болған. Оның 36 400-і Германияда орналасқан. Ел аумағында Пентагонның шамамен 20-ға жуық әскери базасы бар. Солардың бірі – Рамштайн әуе базасы. Ол АҚШ-тың Еуропадағы ең ірі әуе күштерінің штаб пәтері.

1989 жылы Берлин қабырғасы құлағанға дейін Германия аумағында АҚШ-тың 250 мың әскері орналасқан.

Global Look Press

Германиядан өзге АҚШ-тың НАТО аясында Ұлыбритания, Польша, Италия, Испания, Белгия елдерінде әскери базалары бар. Бұдан өзге, Латвия, Литва, Эстония елдерінде әуе базалары мен әскери полигондары бар. Пентагонның Норвегия мен Исландияда да әуе базалары бар.

Кейінгі уақыттары дау болған Гренландия аумағында АҚШ-тың Питуффик ғарыш базасы бар. Оны Пентагон Дания және НАТО-мен бірлесіп басқарады.

АҚШ НАТО аясында Түркия аумағындағы әуе базаларында пайдаланады. Ол Анкарамен арадағы келісім арқылы жүзеге асады.

ЖАПОНИЯ

АҚШ-тың ең көп әскери контингенті орналасқан елдердің көшін Жапония бастап тұр. Мұнда Пентагонның 14 әскери базасы мен тұрақты түрде 53 мың сарбаз орналасқан. Олардың ішінде ең ірісі – Окинава аралындағы Кадена әуе базасы мен Йокосукадағы әскери теңіз базасы. Бұл жерде АҚШ-тың 7-ші әскери теңіз флотының штаб пәтері орналасқан.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Оңтүстік Корея аумағында АҚШ-тың 28 500 әскери контингенті орналасқан. Пентагонның ең ірі әскери базасы Пхентхэк қаласындағы Кэмп Хамфрис базасы. Бұл жерде АҚШ-тың 8-ші армиясы мен БҰҰ басшылығы орналасқан. Бұдан өзге ел аумағында әуе базалары мен құрлық әскерінің базалары бар.

АВСТРАЛИЯ ЖӘНЕ ФИЛИППИН

Австралия мен Филиппинде АҚШ-тың жеке дара әскери базалары жоқ. Бірақ екі жақтық келісім негізінде әуе және әскери базаларды, қоймалар мен порттарды бірлесіп пайдаланады.

Австралиядағы ең танымал әскери нысандардың бірі – Алис-Спрингстегі барлау орталығы. Оны АҚШ пен Австралия бірлесіп басқарады. Бұл база радиоэлектроникалық барлау және тыңшы спутниктерді басқарумен айналысады.

АҚШ қарулы күштері Австралия аумағындағы Дарвин, Стерлинг сияқты базалар мен Гарольд Элт байланыс станцияларын да пайдаланады.  

Осы сияқты Филиппин аумағында да Пентагон 9 әскери нысанды пайдалану құқығына ие. Оның ішінде әскери теңіз базасынан бастап, әуежай, сынақ алаңдары мен логистикалық нысандар бар.

Футенма әуе базасы. Фото: Carl Court / Getty Images

ТАЯУ ШЫҒЫС

АҚШ-тың Таяу Шығыс елдерінде де әскери базалары бар. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Бахрейн, БАӘ, Ирак және Иорданияда елдерінде әскери базалары орналасқан.

КАТАР

Әл-Удейд әуе базасы Доха қаласының жанында орналасқан. Ол батыста Египеттен бастап шығыста Қазақстанға дейінгі аймақтағы АҚШ-тың әскери операцияларын басқарады. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі базаларының бірі. Мұнда 10 мыңдай әскери қызметкер бар.

БАХРЕЙН

Бұл жерде АҚШ әскери теңіз күшінің бесінші флотының штаб-пәтері орналасқан. Оның міндетіне Парсы шығанағын, Қызыл теңізді, Араб теңізі мен Үнді мұхитының бір бөлігін бақылау кіреді.

КУВЕЙТ

Мұнда АҚШ армиясының орталық басқару штабының Арифджан лагері орналасқан. Иран шекарасына жақын Әли-әл-Сәлем әуе базасы да Пентагонға тиесілі. Ал Бюринг лагері 2003 жылы Ирактағы соғыс кезінде құрылған. Бұл АҚШ-тың Ирак пен Сирияға кіргізілген әскерилерінің бірінші тоқтайтын нүктесі болған.

Capt. Robyn Haake/Global Look Press

БАӘ

Абу-Даби қаласының оңтүстігінде орналасқан Әл-Дафра әуе базасын АҚШ пен БАӘ әуе күштері бірлесіп пайдаланады. Бұл базаны АҚШ «Ислам мемлекеті» террорлық тобына қарсы миссияға және Таяу Шығыстағы барлау операциясына қолданады.

Дубайдың Жебел-Әли порты ресми түрде әскери база саналмаса да, АҚШ-тың әскери және ұшақ таситын кемелері осында тоқтайды. АҚШ теңіз әскері Таяу Шығысқа осы порт арқылы кіреді.

ИРАК

Ирактың Анбар провинциясының батысындағы Айн-әл-Асад әуе базасында АҚШ әскерилері бар. Ақ үйдің мәліметінше, бұл әскерилер Ирактың қауіпсіздік күштеріне көмектесіп, НАТО миссиясына үлес қосады. 2020 жылы АҚШ Иран генералы Касем Сүлеймениді өлтіргенде Тегеран Ирактағы осы базаға ракетамен соққы жасаған болатын.

САУД АРАБИЯСЫ

Ақ үйдің 2024 жылғы есебі бойынша,  Сауд Арабиясында АҚШ-тың 2321 сарбазы бар. Бұл әскерилер АҚШ-тың әскери ұшақтарын әуе шабуылдарынан қорғаумен айналысады. Олардың бір бөлігі Эр-Риядтан 60 шақырым жердегі Сұлтан ханзада әуе базасында орналасқан. АҚШ-тың әуе қорғанысы құрылғыларын басқарады.

ИОРДАНИЯ

Иорданиядағы Муваффак-әл-Салти әуе базасында АҚШ әскерінің орталық басқару бөлімінің 332-ші әуе экспедиция қанаты орналасқан. Бұл бөлімше Түркия, Израиль, Иордания, Ливан, Палестина, Сириядағы миссияларға араласады.

АФРИКА

Африка құрлығында АҚШ-тың жалғыз ғана әскери базасы бар. Ол – Джибутиде орналасқан Кэмп Лемонье базасы. Бұл база АҚШ қарулы күштерінің аймақтағы негізгі тірегі болып саналады.

КУБА

Мұнда да АҚШ әскери теңіз күштерінің жалғыз ғана Гуантанамо базасы бар. Ол 1903 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бұл база АҚШ-тың шетелдегі ең көне әскери базасы саналады. Куба билігі АҚШ бұл жерді заңсыз иемденіп отыр деп есептейді және аумақты кері қайтаруды талап етіп келеді. Бірақ АҚШ оны шексіз өз бақылауына алған.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, АҚШ-тың әлемнің 49 елінде 128 әскери базасы бар.