«1 кірпіш – 325 теңге»: Қазақстанда мешіт құрылысына ақша жинау неге көбейді?

Анар Лепесова
видеодан скриншот

Қазақстанда мешіт құрылысына ақша жинау көбейді. Желіні ашсаң, 325 теңге жіберсең – құлшылық үйінің пәлен кірпіші алынады, 1000 теңгеңді садақа қылсаң – түген кірпіші қаланады деген үндеулер жиі ұшырасады.

Мешіт құрылысының көбеюі шынымен құлшылық үйлеріне сұраныстың көбейгенін білдіре ме? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты сарапшыларға қойды.

МЕКТЕП ПЕН МЕШІТ ЕСЕБІ НЕГЕ ҚАТАР ЖҮРЕДІ?

Былтыр Алматыда үлкен мешіттің ашылуы болғанда желіде «Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда мектептерге қарағанда мешіттер көп салынды» деген дерек тарап, кең талқыланды. Желі қолданушыларының бірі егемендік алғаннан бері Қазақстандағы мектептер саны 751-ге азайып, ал мешіттер саны, керісінше, 2 842-ге көбейгенін жазды. Factcheck.kz бұл деректің шындыққа жақын екенін анықтады.  1991 жылы Қазақстанда  63 мешіт болса, 2024 жылы 2 888 болған. Яғни, 33 жылда 2 825 мешіт салынған.

Білім ошақтарының санына келсек, 1993 жылы елде 8 953 мектеп болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 7 964-ке дейін төмендеген. Яғни, тәуелсіздік жылдары мектеп саны 989-ға азайған. Оқу-ағарту министрлігі мектептер санының кемуін ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептердің саны қысқаруымен түсіндірді. Сондай-ақ, үкімет кәсіпкерліктің дамуы нәтижесінде жеке меншік мектептердің пайда болуы да мектеп статистикасына әсер еткенін айтады.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде бой көтеріп жатқан мешіттер мемлекет бюджетіне салынбағанын алға тартады. Мешіттерді негізінен жеке кәсіпкерлер немесе қоғамдық қорлар салады. Сондықтан олардың салынуында шектеу жоқ.

Бұдан бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты дін істер комитеті де мешіт құрылысына, оған қаржы бөлу ісіне үкімет араласпайтынын айтқан. Өйткені Конституцияда Қазақстанның зайырлы ел екені бекітілген.

БЫЛТЫР ҚАНША МЕШІТ САЛЫНДЫ?

ҚМДБ жылдық есебіне сүйенсек, былтырдың өзінде елде 61 жаңа мешіт ашылған. Ал қазіргі таңда 214 мешіттің құрылысы жүріп жатыр екен. Жалпы, бүгінде мүфтиятқа қарайтын 2945 мешіт бар. Соның ішінде 1 республикалық, 3 мегаполистік, 17 облыстық, 472 қалалық, 164 аудандық және 2289 ауылдық мешіт жұмыс істеп тұр.

Мүфтияттың есебі жарияланған күні ақпарат құралдары Оқу-ағарту министрлігінің жаңа мектептер құрылысы жайлы мәліметін қатар келтірді. Жұлдыз Сүлейменованың дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда жаңа 217 мектеп салынған. Олардың 84-і ауылда бой көтеріпті. Осылайша жаңа мектептер саны мешіттерге қарағанда 3,5 есе артық деп сүйіншіледі БАҚ.

30-ДАН АСТАМ МЕКТЕП ҚҰЛАҒАЛЫ ТҰР

Мектептер салынып жатқаны рас. Алайда сарапшылардың айтуынша, кей өңірлерде құрылыс қарқыны урбанизация мен демографиялық өсімді қуып жететін деңгейде емес. Айталық, Алматының халық тығыз қоныстанған аудандарындағы мемлекеттік мектептерде бір сыныпта 40 балаға дейін оқыту қалыпты үрдіске айналған. Өйткені жекеменшік мектепті барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Кептелістен көз ашпайтын қалада баланы үйден қашықтағы мектепке тасу да оңай шаруа емес. Сондықтан перзентін үш ауысымды мектепте оқытуға көндіккендер көп.

Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовтың дерегінше, елдегі 50-ден астам мектепте балалар үш ауысыммен оқып жүр. Ал 32 мектеп әлі күнге дейін апаттық жағдайда тұр. Президенттің кәсіпкерлерді мешіттің орнына әлеуметтік нысандар салуға шақырғаны сондықтан.

«Аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оларды түсінуге болады. Алайда, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық. Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз», – деген еді Тоқаев осыдан екі жыл бұрын Атырауда өткен Құрылтайда.

«МЕШІТ САЛАТЫНДАР МЕКТЕПТЕН ШЫҒАДЫ»

Желіде дінді қоғамға қарапайым тілмен түсіндіріп жүрген «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы да мектеп салу маңыздырақ екенін айтады.

 «Мектеп салайын ба? Мешіт салайын ба?» деген сұрақ болды. «Сіз қайсысын қолдайсыз?» деді. Мен «Мектеп сал» дедім. Бізге қазаққа оқыған бала керек. Әлемнің ең мықты мектептерін алып келу керек. Гарвард деңгейіндегі мектепті алып кел. Неге біздің балалар оқымасын? Оқысын! Ол жаққа бармай, Гарвардтың ұстаздары бізге келсін! Бізге таңғалып қарайтын болсын!», - деді имам.

Нұрлан Байжігітұлы зәулім мешіттердің ішіндегі қымбат бұйымдардан, асыл тастармен безендірілген аспашамдардан қайыр жоқ екенін еске салды.

«Хадистерде: «Ақырет жақындағанда адамдар бос мешіттермен мақтанады» делінген. Бос мешіттің ішінде адамдар болатын шығар. Бірақ жүрек бос болады. Олардың істері бос болады. Сол нәрселер көбейіп барады. Бізге мектеп салсын! Мешіт салатын жігіттер мектептен шығады. Тарыдай болып кірген баланы таудай қылып шығарады. Оқу орнын салыңыз! Жоғары оқу орнын, кәсіптік білім беретін орын салсын! «Сварщиктер» жоқ бізде! Техникалық мамандар жоқ. Атырауды су басқан кезде бізде гидротехника саласын жетік білетін маман жоқ екені белгілі болды», - дейді ол.

КІМДЕР УАҒЫЗ АЙТЫП ЖҮР?

Білім сарапшысы, белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлының пікірінше, мәселе мешіттердің көбеюінде емес. Мәселе – сол мешіттерге баратын халықтың құлағына не құйылып жатқанында.

«Ауылдағы мешіттерде кімдер имам болып отыр, қандай уағыз айтып отыр? Конституция бойынша дін мемлекеттен бөлінген жерде имамдарды дайындауға кім қаржы бөліп отыр, қандай идеологиямен оқытып жатыр? Оқыту бағдарламасы зайырлы елдің идеологиясына нұқсан келтірмей ме? Осыған назар аудару керек. Әлеуметтік желілерде туыстар бір-біріне үйлене берсе болады дегенді дәріптеп жүргендер, домбыраны, қазақтың салт-дәстүрлерін «харам» деушілер көбейді. Олар қандай «ұстаздардан» тәлім алып жүр? Зайырлы мемлекет дегеніміз дін өз бетімен дами береді деген сөз емес. Бәрі мемлекеттің қатаң бақылауында болуы керек», - дейді Ө.Шыныбекұлы.

МЕШІТТІҢ БӘРІ БАҚЫЛАУДА МА?

Дінтанушы Кеңшілік Тышханның айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында тіркелген мешіттердің бәріне уағыздың бірыңғай мәтіні жіберіледі.

«Сол мәтін шеңберінде ғана насихат айтылады. Бірақ өңірлердегі мешіттің бәрі бақыланып, барлық имамның аузы қадағаланып отыр деу қиын. Кейбір жерлерде имамдардың орнына басқа адамдар кіріп кетуі мүмкін. Кейбір этникалық топтар өз тілдерінде уағыз айтып жатуы мүмкін. Оның бәрін бақылауға діни басқарманың қауқары жете ме, жетпей ме – ол жағы белгісіз. Бірақ талпыныстары бар», - дейді маман.

Кеңшілік Тышхан қоғамда жиі көтерілетін «кәсіпкерлер неге мешіт емес, мектеп салмайды» деген дауға қатысты да пікір білдірді.

«Мектеп мемлекеттік мекеме болғандықтан оның бүкіл жауапкершілігі мемлекет мойнында. Әкімшілік ғимараттарын, емханаларды, Халыққа қызмет көрсету орталықтарын қалай салса, мектептер құрылысын да дәл солай жоспарлап, бюджетке енгізеді. Ал кәсіпкерлер мектеп салып берсе, ол мектептің құжаты қалай болады? Бизнес өкілдері салған көп мектептерде қазір құжат жоқ», - дейді ол.

ҚҰРЫЛЫСҚА НЕГЕ САДАҚА ЖИНАЛАДЫ?

Дінтанушы үлкен қалаларда мешіт құрылысының көбеюі халықтың сұранысына байланысты екенін айтады.

«Жұма намазға, Айт намазына барсаңыз, халық қыстың өзінде ішке сыймай, далада құлшылық етіп тұрады. Сол үшін мешіттердің салынуы да жоспарлы шара. Әкімшілік белгілеген жерде, жылына осынша мешіт бой көтереді деген есеп бойынша құрылыс жүргізіліп жатыр деп ойлаймын. Мәселен, 1,5 млн халқы бар Астанада 14-15 қана мешіт бар. Ал мектеп саны 200-ден асады. Жалпы, мектеп пен мешітті бір-біріне қарсы қою тенденциясы дінге қарсы шығып жүрген адамдардың ойлап тапқан дүниесі деп білем», - дейді Кеңшілік Тышхан

Маман соңғы уақытта жаназалардың көбі мешіттен шығарылып, асты мешітте беру үрдісі пайда болғандықтан, қоғамдық-әлеуметтік ұйым ретінде мешіт әр елді мекенде болуы тиіс деп есептейді.

«Ал мешіт құрылысына неге ақша жинай береді дегенге келсек, мемлекет діннен бөлек болғандықтан, бастамашыл топ халықтың сұранысы бойынша құрылысты бастайды, бірақ шамалары жетпеген соң көпшіліктен көмек сұрайды. Қаржы жетпеген соң құрылысы аяқсыз қалып жатқан мешіттер де аз емес. Қазір мешіттің салыну, ашылу қарқыны бұрынғыдай емес, бәсеңсіп қалған», - дейді дінтанушы.

«МЕШІТ ТЕ, МЕКТЕП ТЕ КЕРЕК»

Кеңшілік Тышхан қоғамға мешіт те, мектеп те керегін айтады. Өйткені халықтың рухани болмысы, өзін мұсылман санайтын қоғамның сұранысы бар.

«Намаз оқитын адамның да, оқымайтын адамның да құқығы ескерілуі тиіс. Өз қалталарынан ақша шығарып мешіт салатын, ол мешіттердің коммуналдық шығындарын өздері көтеретін кәсіпкерлерге «Сен неге мешіт саласың? Неге мектеп салмайсың?» деп кінә арту дұрыс емес. Мемлекет бюджетін шашау шығармай жұмсайтын болса, елімізде мектеп тапшылығы мәселесі мүлдем болмас еді. Мектепке бөлінген қаражат діттеген жерге жетпегендіктен туындап отыр бұл проблема. Әлеуметтанушылар қай өңірде өсім көп, қай өңірде орын аз екенін зерттесе, құрылыс жоспарлы түрде жүргізілсе, атқарушы билік өз жұмысын дұрыс атқарса, ешкім мешітке бекер шүйлікпес еді», - дейді маман.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Ulysmedia.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.