АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелді. Тараптар бір-біріне орындай алмайтын талаптар қойып отыр. Жақын аралықта қақтығыс қайта жалғасуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.
БІР–БІРІНЕ ҚАЙШЫ ТАЛАП
Иранның мемлекеттік Fars агенттігі АҚШ-тың Тегеранға қойған талаптар тізімін жариялады. Онда Вашингтон келіссөздердің екінші кезеңі өту үшін бес талап қойған. Олардың Иран аумағынан 400 келі байытылған уранды алып кету, осыдан былай ел аумағында тек бір ғана ядролық нысанның жұмыс істеуі сияқты талаптар бар.
Бұдан бөлек, АҚШ соғыс шығындарын өтеуден және Иран активтерінің бұғаттан шығарудан бас тартқан.
Иран билігі «осындай талаптар қою арқылы АҚШ соғыста жете алмаған мақсаттарына жетуді көздейді» деп бағалады. Иран билігі қаржыландыратын Mеhr агенттігі «келіссөздер тығырыққа тірелді» деп жазды. Тегеран талаптар орындалған күннің өзінде АҚШ пен Израильден төнетін қауіп сақтала береді деп есептейді.
Fars агенттігі бұған дейін Иран билігінің АҚШ-қа ұсынған талаптарын да жариялаған. Оның ішінде соғысты тоқтату, Иранға салынған санкцияларды алып тастау, мұздатылған активтерді бұғаттан шығару, соғыстан келген шығындарды өтеу және Иранның Ормұз бұғазындағы тәуелсіздігін мойындау талаптары бар.
Бұған дейін, 12 мамырда дәл осы Fars агенттігі аталмыш талаптар орындалмаса, Иран келіссөзге келмейтінін жазған.
СОҒЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ
The New York Times газетінің жазуынша, қазір АҚШ пен Израиль Иранға қарсы қайтадан соғыс бастау үшін қарқынды дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ықтимал операциялардың арасында Иранға АҚШ-тың арнайы жасағын жіберіп, байытылған уран жасырынған ядролық нысандарды табу нұсқасы айтылады.
«Шамамен бес мыңға жуық теңіз жаяу әскері мен элиталық 82-ші әуе-десант дивизиясының екі мыңға жуық сарбазы аймақта бұйрық күтіп тұр», – деп жазады The New York Times.
Егер бұл операция таңдалмаса, онда АҚШ пен Израиль Иранның әскери және энергетикалық нысандарын атқылауды одан әрі жалғастыру мүмкін.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы 28 ақпанда басталған. Әуе шабулы салдарынан аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан. Қазір билік басында отырған оның ұлы Мұжтаба Хаменеи жарақат алған. Тегеран қарымта жауап ретінде АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базалары мен Израильді атқылаған.
Сәуірде тараптар Пәкістанның арағайындығымен атысты уақытша тоқтату туралы келісімге келген. Бірақ осы уақыт аралығында қос тарап та ол келісімді бірнеше рет бұзған. 13 сәуірде АҚШ флоты Ормұз бұғазын бұғаттаған. Ал Иран дрондары арагідік Парсы шығанағы елдеріндегі нысандар мен кемелерді атқылап келеді.