Зейнетақы жинағын инфляциядан қорғаудан бас тарту қаншалықты орынды – сарапшы пікірі

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік тоқтайды. Бұл өзгеріс зейнетақы жүйесіндегі маңызды реформалардың бірі болмақ.

Жаңа тәртіп бойынша мемлекет міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының номиналды көлемде сақталуына кепілдік береді. Алайда жинақтардың инфляция салдарынан құнсыздануына байланысты қосымша өтемақы механизмі жойылады.

Қаржыгер Венера Жаналина бұл шешімді мемлекеттік бюджетке түсетін ұзақ мерзімді міндеттемелерді азайту тұрғысынан түсіндіруге болатынын, алайда реформаны енгізу мерзімі мен салымшыларды қорғау мәселесі әлі де толық пысықталуы қажет екенін айтады.

Инфляциялық кепілдік қалай жұмыс істеді және не өзгереді?

Қолданыстағы жүйеде азамат зейнет жасына жеткен кезде оның нақты аударылған міндетті зейнетақы жарналары инфляция деңгейіне қарай қайта есептелетін. Егер жинақ көлемі осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық республикалық бюджет есебінен өтелетін.

Мемлекет азаматтың тек шотындағы қаражаттың сақталуына емес, оның сатып алу қабілетінің төмендемеуіне де кепілдік берді.

Сарапшының айтуынша, дәл осы механизм енді өзгермек.

– Мемлекет міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының номиналды мөлшерде сақталуына кепілдік беруді жалғастырады. Бірақ олардың инфляцияға қатысты сатып алу қабілетін қорғау тетігі болмайды. Бұл дегеніміз – азаматтың шотындағы қаражат саны сақталғанымен, ұзақ мерзімді кезеңде сол ақшаның нақты экономикалық құны төмендеуі мүмкін деген сөз, – дейді Венера Жаналина.

Оның пікірінше, зейнетақы жүйесінде «сақталу» ұғымын тек жинақ сомасының өзгермеуімен шектеуге болмайды. Себебі жиырма немесе отыз жылдан кейін инфляция әсерінен бүгінгі ақша көлемі бұрынғыдай құнды болмауы мүмкін.

Мемлекеттің инфляциялық кепілдікті қайта қарауына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Сарапшы атап өткендей, мұндай міндеттемелер бюджетке ұзақ мерзімді қаржылық жүктеме түсіреді. Оның нақты көлемін алдын ала болжау қиын, себебі ол инфляция деңгейіне, инвестициялық кірістілікке және өтемақы алуға құқығы бар азаматтардың санына байланысты өзгереді.

Алайда сарапшы мемлекеттік кепілдікті алып тастау туралы шешім қабылдау үшін тек бюджет шығынын азайту жеткіліксіз деп есептейді.

– Инфляциялық кепілдікті орындау мемлекет үшін белгілі бір шығындарды талап етті. Бірақ бұл шығындардың нақты көлемін бағалау үшін соңғы жылдардағы төлемдер, өтемақы алған азаматтардың саны, орташа төлем көлемі және болашақ міндеттемелердің актуарлық есебі қажет. Ашық деректерсіз реформаның қаншалықты негізді екенін толық бағалау қиын, – дейді қаржыгер.

Оның айтуынша, мемлекеттік кепілдік бюджет үшін міндеттеме болғанымен, екінші жағынан ол азаматтардың ұзақ мерзімді жинақтарын қорғауға арналған әлеуметтік механизм болды.

Инвестициялық басқару жүйесі жаңа тәуекелдерді талап етеді

2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) беру мүмкіндігі ұсынылды. Ал 2026 жылдан бастап ИПБ таңдау жаңа композиттік индекстерге негізделген жүйе арқылы жүзеге асады.

Бұл өзгерістер азаматтарға инвестициялық таңдау мүмкіндігін кеңейтеді. Бірақ сарапшының пікірінше, инвестициялық еркіндікпен бірге жаңа жауапкершілік те пайда болады.

– ИПБ жауапкершілігі мемлекеттік инфляциялық кепілдіктің толық баламасы емес. Басқарушы тек өз нәтижесі белгіленген композиттік индекстен төмен болған жағдайда ғана айырманы өтеуге міндетті. Ал нарық жалпы теріс нәтиже көрсетсе, басқарушы өз міндетін орындағанымен, салымшы жинақтарының нақты сатып алу қабілетін жоғалтуы мүмкін, – деп түсіндіреді Венера Жаналина.

Сарапшының айтуынша, әрбір азаматтың ұзақ мерзімді инвестициялық тәуекелдерді бағалап, стратегия таңдауға жеткілікті қаржылық білімі бола бермейді. Сондықтан жаңа модель қаржылық сауаттылықты арттыру және салымшыларды қорғау тетіктерімен қатар жүруі қажет.

Реформаға дейін қандай мәселелер шешілуі керек?

Венера Жаналинаның пікірінше, мемлекеттік кепілдікті алып тастамас бұрын бірнеше маңызды мәселе шешілуі керек.

Олардың қатарында мемлекеттік кепілдік бойынша төлемдер туралы толық статистиканы жариялау, инфляция мен инвестициялық табыстылықтың әртүрлі сценарийлері бойынша актуарлық болжам жасау, ИПБ жүйесінің тиімділігін тәуелсіз бағалау және салымшыларды қорғаудың қосымша механизмдерін енгізу бар.

Сарапшы әсіресе зейнет жасына жақындаған азаматтарға қатысты өтпелі кезең шаралары қажет екенін атап өтті.

– Жаңа инвестициялық модель өзінің тиімділігін уақыт арқылы дәлелдеуі керек. Оның нәтижесін бағалау үшін бірнеше жыл қажет. Ал мемлекеттік инфляциялық кепілдікті 2027 жылдан бастап тоқтату туралы шешім қабылданған кезде жаңа жүйе толыққанды сынақтан өтіп үлгермейді. Сондықтан қазіргі жағдайда инфляциядан қорғау механизмін алып тастау әлі де ерте қабылданған шешім сияқты көрінеді, – деп қорытындылады сарапшы.