Қазақстан саясатында ерекше санатқа жататын адамдар бар. Олардың есімдері жылдар бойы жаңалықтар лентасынан түспейді: бір қызметке тағайындалады, лауазымы жоғарылайды, төмендейді – кейін қайтадан жоғары лауазымды қызметке келеді. Олар – жай ғана шенеуніктер емес, елдің басқарушы элитасы, тәжірибесі, еңбек өтілі, әлеуеті мен кадрлық резерві бар мамандар.
Бірақ күндердің бір күнінде олар ақпарат айдынынан ізім-ғайым жоғалады. Қызметінен түскен соң қайда жүргені, немен айналысатыны беймәлім. Әлде бұл кадрлардың ерекшелігі соншалық, оларды жұртқа көрсетуге де болмай ма? Немесе құпиялығы соншалық, «зейнетке шықтым» деген қарапайым сөздің өзі мемлекеттік жүйенің іргесін шайқалтып жіберуі мүмкін бе?
Ulysmedia.kz тілшісі бұрын лауазымды қызметтерде болған бірнеше саяси салмақты тұлғаға «қазір немен айналысып жүрсіз?» деген қарапайым сауал қойып, жауап алуға тырысты.
ҮНСІЗДІК
Жұрт аузынан түспейтін санаулы шенеуніктің жылдар бойы әкімдіктен министрлікке, министрліктен үкіметке көшіп жүргенін көргенде қойылатын «Неге жаңа тұлғалар жоқ?» деген сұраққа әдетте дайын жауап айтылады: «Олардың тәжірибесі мол, әлеуеті жоғары, олар – «таптырмас кадр».
Логика түсінікті: жоғары деңгейдегі басқарушыны тұшпара секілді конвейерде жасап шығара алмайсың. Оны өсіру, шыңдау, сақтау керек. Бірақ мұнда бір қызық қайшылық бар: сол «таптырмас кадр» қызметінен кеткен бойда ол туралы жұрт бірден ұмытады. Сұхбат бермейді, ресми хабарламаларда аты аталмайды. Тек «қызметінен босатылды» деген құрғақ тіркес – болды.
Әңгіме қатардағы маман туралы емес, күні кеше тұтас облыстарды, ел көлеміндегі салаларды басқарып, мемлекеттік саясаттың бағытын айқындаған адамдар туралы болып отыр. Қоғам олардың қайда кеткенін білуге құқылы. Ең болмаса қызығушылығын қанағаттандыру үшін.
СЕРІК ШӘПКЕНОВ: МАТЕМАТИКТЕН МҰНАЙЛЫ ӨҢІР БАСШЫСЫНА ДЕЙІН
Серік Жамбылұлы Шәпкеновтің қайда кеткенін сұрамас бұрын, оның қайдан шыққанын еске түсірген жөн.
Ол 1979 жылғы 29 шілдеде Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-математик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бір қарағанда, таза кабинетте отыратын мамандық сияқты. Бірақ еңбек жолын бастаған алғашқы жылдардан-ақ ол тып-тыныш аналитикалық бөлімге емес, туған облысының әкімдігіне қарасты құрылымдарға – қаржы, экономика, ауыл шаруашылығы салаларына барды.
Әрі қарай қызметі өсе берді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2012–2014 жылдары облыс әкімінің бірінші орынбасары, 2015–2016 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.
Ал 2016 жылы Шәпкенов Атырау қаласының әкімі болып тағайындалды. Оның үстіне, қала тарихындағы ең жас әкім атанды. 2018 жылы – Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2020 жылы – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейін министр болды. Ал 2022 жылы – Атырау облысының әкімі. Аудан әкімдігіндегі экономистен мұнайлы өңірдің басшысына дейінгі жолды жүріп өткен адамды қатардағы кадр дей алмаймыз.
2026 жылғы 17 шілдеде жұрт күтпеген шешім қабылданды. «Қызметінен босатылсын» деген жарлық шықты, Шәпкеновтің орнына Болат Ақшолақов келді. Бұл ауыс-түйістің ресми себебі айтылған жоқ.
Содан бері «ең жас» әрі болашағы зор басшының тағдыры туралы ақпарат жоқ. Жұрт арасында бірден «Астанада жүр, жаңа тағайындауды күтіп отыр» деген әңгіме тарады. Анық-қанығы белгісіз. Шәпкеновтің көмекшісі біздің хабарламаларымызға жауап бермеді.
Бәлкім, жаңа қызмет күтіп жүрген шығар. Бәлкім, демалып жүрген болар. Ешкімге түсініктеме беруді қажет деп санамайтын да шығар.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ: ОБЛЫС БАСҚАРҒАН ҚАРЖЫГЕР
Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиевтің де еңбек жолы кісі қызығарлық.
Ол 1976 жылғы 24 ақпанда Алматы облысының Қаратуруқ ауылында дүниеге келген. Білімі – экономист-қаржыгер, заңгер, сонымен қатар MBA дәрежесі бар. Бір қарағанда, классикалық «қаржы технократы».
inbusiness.kz
Шынында да, еңбек жолын қаржы құрылымдарында бастады. Кейін 2018–2021 жылдары Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетін басқарды, 2021–2022 жылдары қаржы вице-министрі және бірінші вице-министрі болды. Ел қаржысы туралы көп нәрсе білетін адам еді.
Ал 2022 жылғы маусымда – күрт бетбұрыс: Сұлтанғазиев Алматы облысының тізгінін алды. Оның үстіне бұл әкімшілік-аумақтық реформа өткеннен кейін болды, ал 2022 жылғы желтоқсанда ол қайта тағайындалды. Яғни өмір бойы қаржы саласында еңбек еткен адам бір сәтте елдегі ең күрделі әрі халқы ең тығыз орналасқан өңірлердің бірін басқаратын болды.
Оның облыс басқарған кезеңі тек әкімшілік жұмыстарымен емес, Талғардағы қайғылы оқиғалар және 2025 жылы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіруге қатысты дау секілді резонансты оқиғалармен де есте қалды. Сол кезде оның қарамағындағы бірқатар қызметкер қызметінен босатылды, бірақ әкім орнында қалды.
Алайда 2026 жылғы 4 қыркүйекте Президент жарлығымен Сұлтанғазиев қызметінен босатылды. Ресми себеп айтылған жоқ. Оның орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысы Шыңғыс Әрінов келді. Тағы да – үнсіздік. Сұлтанғазиевтің өзі сұрақтарға жауап бермейді. Ол жаңа тағайындауды күтіп отыр ма, әлде тасада қалуды жөн көрді ме – әзірге жұмбақ.
ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ: ДИПЛОМАТ, ӘКІМ, ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР, МИНИСТР…
Ермек Беделбайұлы Көшербаев – біздің тізімдегі ең «ысылған» тұлғалардың бірі деуге болады.
Ол 1965 жылғы 2 мамырда Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін және КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдаған. Бірнеше тіл біледі.
inform.kz
Оның еңбек жолы жоғары лауазымдардың тұтас бір шеруі іспетті: Сыртқы істер министрлігінде және басқа да құрылымдарда қызмет етті, 2020–2023 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды, 2023 жылғы маусымнан 2025 жылғы ақпанға дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды.
2025 жылғы ақпанда – қызмет бағыты күрт өзгерді: Көшербаев ШҚО әкімі қызметінен босатылып, премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте ол Тамара Дүйсенованы алмастырды. 2025 жылғы қыркүйекте – тағы бір өзгеріс: Сыртқы істер министрі болып тағайындалып, вице-премьер қызметінен босатылды.
2026 жылғы 2 қыркүйекте – кезекті жарлық. Жаңа үкімет құрамын жасақтауға байланысты Көшербаев Сыртқы істер министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Мұхтар Тілеуберді келді. Ел мүддесін халықаралық аренада қорғаған, тұтас бір облысты басқарған және вице-премьер болған адам қазір, шамасы, әлдебір дипломатиялық тұманның ішінде жүр. Ресми мәлімдеме жоқ, жаңа тағайындау да, түсініктеме де жоқ.
Ермек Беделбайұлына хабарласуға тырысқан әрекетіміз де нәтиже бермеді. Көп жылдық тәжірибесі енді елге қажет болмай қалды ма деген сұраққа да жауап ала алмадық.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ: ЕРЕЖЕНІ РАСТАЙТЫН ЕРЕКШЕЛІК
Экс-экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та жаңа үкімет құрамынан көрінбеді. Алайда ол біздің тізімдегі «таптырмас кадрлар» секілді саясаттан жоғалып кеткен жоқ.
bes.media
Ол 1961 жылғы 11 тамызда Алматы облысының Ұйғыр ауданында дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ ауыл шаруашылығы институты мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін тәмамдаған.
Оның бүкіл өмірі ауыл шаруашылығы мен экология саласымен байланысты: тиісті құрылымдарда жұмыс істеді, әр жылдары экология және ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметтерін атқарды, 2023 жылы Астана әкімінің кеңесшісі болды.
2023 жылғы қыркүйекте экология және табиғи ресурстар министрі болды. 2026 жылғы 3 қыркүйекте жаңа үкімет құрамының жасақталуына байланысты қызметінен босатылды. Оның орнына Әлібек Қуантыров келді.
Бірақ Нысанбаев әріптестері секілді ізім-ғайым жоғалып кеткен жоқ. Біраз уақыт өткен соң оның премьер-министрдің экология мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалғаны белгілі болды. Яғни басқару саласындағы тәжірибесі мен қабілетін кәдеге жарататын орын табылды. Тәжірибесі, білімі, еңбек өтілі – бәрі қажетке жарады.
Алайда Ерлан Нұралыұлы жаңа жұмысының жай-жапсарын көпшілікпен бөліскісі келмеді. Оған не себеп болғанын өзі ғана біледі.
Осы орайда заңды сұрақ туындайды: неге біреулерге жүйе ішінен орын табылады да, ал енді біреулер тасада қалуды жөн көреді? Әлде олардың тәжірибесі соншалықты қажетсіз болып қалды ма? Немесе өздері назар аударғысы келмей ме? Бәлкім, әзірге жария етуге болмайтын жаңа тағайындауды күтіп отырған шығар? Болжам көп. Жауап жоқ.
АҚПАРАТТЫҚ ВАКУУМ
Ресми ақпарат болмаған кезде «ұзынқұлақ» іске қосылады. Ал оның қиялы шексіз: бүгін жұрт бір әңгіме таратады, ертең басқа сөз желдей еседі. Бірде бұрынғы шенеунік «Астанада отырып, қоңырау күтуде» дейді, енді бірде «бизнеске кетті» деген сөз шығады, тағы бірде «біреуге қоғамдық негізде кеңес беріп жүр» деген болжам айтылады. Бұл жорамалдардың ешқайсысы расталған жоқ. Бірақ адам баласы бос кеңістікті әлденемен толтыруға бейім. Әсіресе күні кеше жұрттың көз алдында жүрген қоғамдық тұлғалар туралы сөз болғанда.
Отставкадан кейін бұрынғы шенеуніктің өмірінде жаңа бір кезең басталатындай әсер қалдырады – құпия, жабық, тіпті масондар секілді өз алдына бөлек әлем. Сырт көзге ол еркін. Бірақ шын мәнінде бейресми ережелерге байланғандай: көзге түспеу, пікір білдірмеу, артық әңгімеге себеп болмау. Бәлкім, бұл саяси мәдениеттің бір бөлігі шығар. Бәлкім, артық сұрақтан аулақ болудың жолы шығар. Бірақ сырттай қарағанда бұл оғаш көрінеді. Ақпарат ашықтығы мен әлеуметтік желілер дәуірінде үнсіздік ең шулы мәлімдемеге айналады.
ҚҰР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ЕМЕС
«Бұрынғы шенеуніктердің қазір немен айналысатынының қандай маңызы бар?» деген сұрақ қойылуы заңды. Біріншіден, бұл – ашықтық мәселесі. Егер адам жылдар бойы облысты немесе министрлікті басқарса, қоғам оның қайда кеткенін білуге құқылы. Ең болмаса кадрлық ауыс-түйіс жүйесінің түсінікті тәртіппен жұмыс істейтінін, «тұманға сіңіп кету» қағидатымен жүрмейтінін түсіну үшін.
Екіншіден, бұл – тиімділік мәселесі. Мемлекет басқарушы кадрларды даярлауға орасан зор ресурс жұмсайды. Оларды «таптырмас кадр» деп атайды, жауапты қызметтерді сеніп тапсырады. Бірақ отставкадан кейін олар ізім-ғайым жоғалса, аса құнды тәжірибені желге ұшырып жатқан жоқпыз ба деген сұрақ туады. Бәлкім, бұл адамдар сарапшылық кеңестерде, бизнесте, білім беру саласында, халықаралық жобаларда көпшілікке пайдасын тигізер еді. Бірақ оның орнына – үнсіздік.
Үшіншіден, бұл – сенім мәселесі. Шенеуніктер үнсіз кеткенде, ал ресми құрылымдар ешқандай түсініктеме бермегенде, қоғам ақпаратты өзі ойдан құрастыра бастайды. Ал болжам пайда болған жерде қауесет те, қастандық теориялары да, жалпы билікке деген сенімсіздік те пайда болады. Ақпараттық бос кеңістік – кез келген саяси жүйе үшін игілік емес.
ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?
Біз экс-шенеуніктердің әлденені жасырып отырғанын меңзеп отырған жоқпыз. Біз көпшіліктің сауалына әлі күнге дейін жауап берілмегенін айтпақпыз. Серік Шәпкенов, Марат Сұлтанғазиев, Ермек Көшербаев – бәлкім, бұл азаматтардың бәрі өз шаруасымен айналысып жүрген болар. Бәлкім, баспасөзбен сөйлесуді қажет деп санамайтын шығар. Бәлкім, жаңа тағайындауды күтіп, алдын ала ештеңе айтқысы келмейтін шығар. Бірақ бұл үнсіздік неғұрлым ұзаққа созылған сайын, жұрттың қызығушылығы да соғұрлым арта түседі.
Кім біледі, олар шаршаған да шығар. Үнемі орын ауыстырудан, қысымнан, бітпейтін түсініктеме беруден. Енді камера мен микрофонсыз, өздері үшін өмір сүргісі келетін болар. Бұл да – ықтимал нұсқалардың бірі.
Бірақ бұл жағдайда қарсы сұрақ туындайды: егер ақыр соңында олар өз өмірі туралы жай ғана айтып беруге де қақылы болмаса, оларды «таптырмас маман» деп атаудың қажеті қанша еді? Әлде «бірегейлік» – адам креслода отырған кезде ғана жұмыс істейтін әдемі қаптама ма?
Жауап жоқ. Үнсіздік. Және Қазақстан саясатында кейде мемлекеттік құпияны білгеннен гөрі, бұрынғы әкімнің қазір немен айналысып жүргенін анықтау қиын екенін түсінуден туған ирония ғана бар.
P.S. Егер осы материал кейіпкерлерінің бірі үнсіздікті бұзып, қазір немен айналысып жүргенін айтып беруді құп көрсе – біз әрдайым ашықпыз. Ақпарат кеңістігі үнсіздікке жол бермейді. Ал біздің кейбіреулерден айырмашылығымыз – күте білеміз.