БҚО-да өрт сөндіру кезінде құтқарушы қаза болды

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқару кезінде өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі Миршат Халиуллин қаза тапты. Құтқарушы табиғи өртті сөндіру кезінде ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Отбасындағы жалғыз асыраушы

Қайғылы оқиға Жәнібек ауданында болған. Тау аудандық округіне қарасты «Татран» қыстағында қураған шөп өртенген. Өртпен күресуге өрт сөндіру жасағы жіберілген. Алайда оқиға орнына барған жас командир қаза тапты.

Өртті сөндіру кезінде Миршат Халиуллин ауыр жарақат алған. Әріптестері оны шұғыл түрде Жәнібек ауылының аудандық ауруханасына жеткізген. Алайда дәрігерлердің көрсеткен көмегіне қарамастан, құтқарушы көз жұмды.

Миршаттың қазасы оның жақындарының қабырғасын қайыстырды. Жас жігіт отбасының негізгі асыраушысы болған. Артында әкесі, інісі мен қарындасы қалды.

Ведомствоның ресми мәлімдемесі

БҚО төтенше жағдайлар департаменті қызметкердің кәсіби міндетін атқару кезінде қаза болғанын растады. Қазір оқиғаға қатысты тексеру басталған.

– Өртті сөндіру жұмыстарын жүргізу кезінде қызметтік міндетін атқарып жүрген қызметкер жарақат алды. Зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жеткізілді, алайда сол жерде қайтыс болды. Осы факті бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қаза болған қызметкердің отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетілді, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жәрдем берілді, – деп хабарлады БҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Тергеу органдары өртті сөндіру кезінде болған оқиғаның мән-жайын анықтап, қызметкердің өліміне әкеп соққан ауыр жарақаттардың нақты себебін анықтауға тиіс.