Таланты үшін кешіруге бола ма? «Алтын домбыра» иегері айтыстан неге шеттетілді

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Айтыскер Мақсат Ақановтың Маңғыстау облысы, Шайыр ауылындағы айтыстағы видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Сахнадағы өзін ұстауы мен сөз саптауы көрермендердің назарын аударып, ақынның масаң күйде сахнаға шыққаны жайлы жарыса жазылды.

Мақсат Ақанов – айтысқа кездейсоқ келген ақын емес. Оның артында көп жылғы шығармашылық жолы, ел есінде қалған талай айтысы және 2023 жылы жеңіп алған «Алтын домбырасы» бар. Ulysmedia редакциясы бір адамның қателігін ғана емес, айтыскерге қойылатын талап пен жалпы бүгінгі айтыс өнерінің жағдайын саралады. 

ЖЕКЕ КӘСІПКЕРДІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ӨТКЕН АЙТЫС

Алдымен әлеуметтік желіде тараған Мақсат Ақановтың видеосына тоқталайық. Ақановтың сахнадағы әрекеті көрермендердің қызу пікірталасына себеп болғаны анық. Бірі ақынның мұндай күйде сахнаға шығуына кім жол бергенін сұраса, енді бірі айтыста отыратын әділқазы алқалары қалай рұқсат берген дегендей пікірлер жазып жатты. Ал енді бірі ақынның бір еркелігін кешірейік деп түсіністік танытуда.

Instagram: maksat_akhanov_official

Оқиғаның мән-жайын білу үшін Ulysmedia тілшісі айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы, ақын Аманжол Әлтаймен сөйлесті.

Оның айтуынша, Айтыс одағының ресми күнтізбесіне енбеген бұл шараны жергілікті тұрғындар жеке кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдастырған. Яғни ұйымдастыру жұмыстарына одақ қатыспаған әрі ол  жерде айтыста отыратын әділқазы алқалары болмаған. Бұл үлкен аста жиналған көрерменнің көңілін көтеруге арналған концерттік бағдарламаның бір бөлігі ғана болғанын жеткізді. 

«Нақты бұл айтыс Одақтың жоспарында болмаған, Шайыр ауылында болған айтыс жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен ұйымдастырылған. Біздің одақтың бұған дым қатысы жоқ. Өзім ұйымдастырған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беремін. Егер ол жерде әділқазы алқалары отырса, оны сол жерде-ақ тоқтатар еді. Жалпы, оны ондай күйде шығармас еді. Одақ Шайырдағы аста өткен кішігірім айтыстың басы-қасында болған жоқ. Тағы бір айтқым келетіні, Мақсаттың бір айтысы оның бүкіл айтыстағы ғұмырын, не адами болмысын сипаттай алмайды. Бұл оқиғаға қарап басқа да айтыскерлерді немесе жалпы айтыстың бүгінгі халін сипаттауға болмайды», – деді Аманжол Әлтай.

Instagram: amanzhol_altai

АҚЫН 6 АЙҒА АЙТЫСТАН ШЕТТЕТІЛДІ

Айтыскер Мақсат Ақановпен байланысқа шыға алмаған соң, Аманжол Әлтайдан одақ тарапынан ақынға қатысты қабылданған шешім мен оның бүгінгі халі туралы білдік.

«Одақ оны алты айға айтыстан шектеді. Бірақ бұл шектеу оны жазалау мақсатында емес, Мақсаттың өз-өзіне келіп алуына байланысты берілген уақыт. Мен онымен осы видео тарап кеткен соң хабарластым. Менің айтпағым, Мақсат өкініп отыр, өз қателігін түсініп қабырғасына батып жатыр», – деді Әлтай.

 «ТАЛАНТЫ ҮШІН КЕШІРЕР ЕДІМ»

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да айтыс кезінде әдепсіздік танытқан Ақановтың әрекетіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Шайырдағы жағдайды нақты зерттеп көрген жоқпын, дөрекі сөйлеп, тіл тигізген дегенді естідім. Жалпы айтарым, Мақсат –  талантты жігіт. Екінің бірі суырыпсалма ақын бола алмайды. Енді мен бәрінің атынан жауап бере алмаймын. Мақсат сахнада сынап не қалжыңмен болсын, біреуді қағытып сөйлеген болса, жеке өз басым кешірер едім. Сол бір таланты үшін мен оны кешірер едім. Қазақта сөз бар ғой, «Елім дейтін бала керек болса, балам дейтін ел бол» деп. Ал ағайынның пікіріне мен ештеңе дей алмаймын, әркімнің өз пікірі бар», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сонымен қатар, Қилыбай Ақановтың айтыстан алты айға шеттетілгеніне қатысты «Шауып бара жатқан тұлпарға мүмкіндік беру керек сияқты» деп қайырды.

АЙТЫСТЫҢ БҮГІНГІ ХАЛІ ҚАНДАЙ?

Айтыстың қазақ өнеріндегі орны ерек. Ұлт өнерінің бұл түрі 2015 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді. Бүгінде ол тек сахнада өтетін дәстүрлі өнер болып қалмай, әлеуметтік желілер мен телевизия арқылы жаңа аудиторияға шығып отыр. Бір ақынның шалыс басқан қадамы қатты талқыға түсуі айтысқа құлақ түрер жұртшылықтың бар екенін аңғартады. Оған қоса, жыл сайын «Алтын домбыра» секілді ірі додалар өтіп, жас ақындар да үлкен сахнаға келіп жатыр.

Аманжол Әлтайдан айтыстың қоғаммен бірге өзгеріп, жаңа заманның тілі мен формасына бейімделуі шарт па деп сұрадық. Ақынның айтуынша, бүгін де айтыс теледидарға оралып жатыр, оның мақсаты халыққа жақын болу.

«Айтыстың жағдайы жаман деп айта алмаймын. Қазір теледидарға айтыстың оралуымен қатар бірнеше жобаларды қатар орындап жатырмыз. Оқушылар мен студенттер арасында жыл сайын өтетін айтыс бар. Оған қоса жыл сайынғы өтетін «Алтын домбыра» айтысы тағы бар. Айтыс жастар мен ересектер арасында қатар дәріптеліп келеді. Сонымен қатара «Хабар» арнасында жекпе-жек айтыс өтіп жатыр. Ол жерде айтыстың кіл мықтылары қатысуда. Жалпы мен осы төрағалыққа келгелі айтыстың құндылығын артыруға тырысып келемін», – деп қортындылады ақын.

Автор: Перизат Жарылқасын